Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
ESSAY
Сандық түбіндегі куәлік- атадан қалған тұяқ

Blogs

19.10.2018
6201

Сандық түбіндегі куәлік- атадан қалған тұяқ

Қайтпас жаққа кеткен енесінің сандығын қарап отырған Гүлзада өз көзіне өзі сене алмай, қарап қалды. Қайта-қайта оқиды. Андрей Қасенғалиұлы деп тұр.  Артында тұяғы да қалмады деп жүрген көкелерінің ұлы болыпты ғой. 

- Соғыста қаза тапты деген атамыздың баласы болыпты. Апамыз оны неге ешкімге көрсетпеген? Неге сонша жасырды?  Бұл бала қазір үлкен кісі болды ғой, қайда екен? - деп Гүлзада сандық түбінен табылған сарғайған куәлікті аударып-төңкеріп қарай берді. – Біздің атамыздың өзі ол кезде 12-13 жастағы бала болған. Енеміз өзінің енесінен қалғанды сандығында сақтаған ғой. Басқа ештеңе білмеген соң, бізге көрсетпеген болар,-деп бір қойды.

  Қасенғали Әлекенов- Гүлзаданың қайын атасы Бақытжанның ағасы. Небәрі 28 жасында соғыста ерлікпен қаза тапты, артында тұяғы да қалмады деп жүрген. Енді міне, күтпеген жаңалық. Ол кісінің  1941 жылы 10 ақпанда туылған ұлы бар деп куәлікте жазылып тұр.  Гүлзада ауылға барып, көз көргендерден сұрай бастайды. Көрші тұрған Раушан әжей Қасенғалидің Балзия деген келіншегі болғанын, оның ұл туғанын растады. 1942 жылы Қасенғалиден қара қағаз келгенде, енесінің бермеймін дегеніне қарамай, ұлын алып, төркін жағына кетіп қалған екен. 60 жылдан кейін Гүлзаданың анықтай алғаны тек осы болды. Басқа ешқандай дерек жоқ. Сандық түбінен куәлік табылып, немере аталарының жалғыз тұяғының барлығын білгелі Әлекеновтерден маза кетеді. Қайткенде оны табу керек! Қанша дегенмен қаны бір туысқан.

Қасеннің інісі Бақытжанның  баласының әйелі, Әлекеновтердің келіні Гүлзада мектепте жұмыс жасап жүріп, архивтерге сұраныс жіберіп,  Қасен атадан қалған тұяқты іздеумен болды. Сөйтіп жүргенде  15 жыл өтеді.

Бір күні Байғанин ауданындағы  Қазақтелеком мекемесінде Андрей деген кісінің жұмыс жасағаны туралы біледі. Анасының аты-Балзия. Тек туған жылы келмейді. 2 жасқа кіші.

  • Телефонын алып, хабарласып едім, ол кісі тыңдағысы да келмеді. Тұтқаны қоя салды. Артынан ойланды ма екен, кездесейік деп өзі хабарласты. Уақытты белгіледік. Тек тірі көрісу бізге бұйырмаған екен. Жүрек талмасынан қайтыс болып кетеді. Артынан білдік, оның анасы төркініне келген соң, бір жылдан кейін күйеуге шыққан екен. Баланы соның атына жазып, басқа куәлік алыпты,-дейді Гүлзада. –  Көп жылдар бойы әкеміздің ағасы,   атамыздың Сталинград шайқасына қатысқанын айғақтайтын деректер мен  құжаттарды Ресейден сұраумен болдық. Ресей мен Ақтөбе мұрағаттарынан  50-ден астам  төлқұжаттар топтамасы мен 3 фотосуретін таптым. Ақтөбе облысындағы сол кездегі аудан орталығы болған Темір қаласында «Кедей» газетінде типографияда, артынан  «Социалистік Майдан» газетінің жауапты редакторы, Партия мүшесі, депутат болғанын, соғысқа дейін соғыс кезінде де, елді ойлап,  халыққа, соғыста қызыл әскерлерге  жүргізген саяси жұмыстарын, соғыстағы ерліктерін айғақтайтын құжаттарға да  қол жеткіздік, -дейді Гүлзада.

Қасық қаны қалғанша соғысқан

Қасенғали Әлекенов туралы дерек іздеумен жүріп Гүлзада ол кісінің  қолынан өткен аудандық газеттің тігіндісін түгел оқып шығады. 1942 жылғы санында  Қасенғали Әлекенов бастаған жеті жауынгер Мырзабеков, Тыныбеков, Каналин, Бірмағамбетова, Ақантілеуов, Шұлқаев пен  Жылқыбеков қол қойған ашық хат жарияланыпты.

Ұлы Отан Соғысы кезінде 1942 жылы 19 шілде айында Ашық хатта: «Отан үшін соғыста жан аямай күресе отырып, Германия фашистерінің қанқұмар жауыздарды совет елінің жерінен қуып шығып олардың күлін көкке ұшырамыз, сөйтіп Отан үшін қасық қанымыз қалғанша күресеміз. Біздің ісіміз әділ, жаудың талқаны шығарылады... жауға қарсы мейрімсіздікпен күресеміз» дей отырып, жерлестерін «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранымен еңбек етуге шақырады.   Қол қойғандар:

                                      Әлекенов Қасенғали (03.10.1914ж.-27.11.1942ж.)

                                      Мырзабеков Кәрім  (1917ж.- белгісіз )

                                      Қаналин Қалтөре (1913ж.-15.01.1943ж.)

                                      Шұлқаев Ирәлі (1907ж.- 11.10.1943ж.)

                                      Жылқыбеков Сағи и (1914ж.-24.09.1942ж.)

                                       Тыныбеков (белгісіз)

                                       Бірмағамбетов (белгісіз)

                                       Ақантілеуов (белгісіз)

       Бұлардың  «белгісіз» болу себебін Ресей  Подольск мұрағат мамандары:

      Басшылық (командный или офицерский состав) құрамында  болмаған жаяу қызыләскерлер туралы көп мәліметтер мұрағатта сақталмаған. Енді олардың туыстары табылған жағдайда, немесе облыстағы бір мектеп ұжымы қолға алып,  рәсімделген құжаттары негізінде қосымшалар енгізу мүмкін болады депті. Басқа да қол жетімді құжаттарға қарасақ, соғыс кезінде барлық жауынгерлер ай сайын жалақыларын  алған бойда,  елде қалған ата-аналарына, балаларына жіберіп отырған (ең төменгі жалақы -17 рубль) .

Бұл жеті қызыл әскердің тек екеуін ғана ғаламтор арқылы анықтадық . Олар- Қаналин Қалтөре ( Каналин Калтуре) 1913 жылы туылған, 1943 ж. қайтыс болған және Шулкаев Ирали 1907 жылғы 1943 жылы қайтыс болған.  Осындай жалынды патриоттық хат жолдаған қызыл әскерлердің тума-туыстары  неге іздемейді екен деймін,- дейді Гүлзада Әлекенова.

Бағаланбай елеусіз қалды

      Бұл ашық хатта жазылғандай, Әлекенов Қасенғали бастаған ақтөбелік жауынгерлер қасық қандары қалғанша жауға қарсы тұрыпты. Бұны еш дәлелдеуді қажет етпейтін лауазымды адамдардың қолдары және мөрі басылған, жетпіс жыл бойы Москва облысы Подольскінің  мұрағатында сақталған құжаттардан көреміз. Бригада командирі Н.А.Колошин Әлекеновтің  ерлігін былайша қысқаша баяндаған: «Баррикада  поселкесін жаудан азат етуде 124 –атқыштар бригадасы құрамына 2 взводты біріктіріп, жауынгерлермен  үнемі алдыңғы шепте болып, Қ.  Әлекенов жаудың  2 автомашинасын,  5 от ошағын, 60-қа жуық  жау әскерінің күлін көкке ұшырып,  көзін жойды. Берілген тапсырмаларын орындауда Қ. Әлекенов қарамағындағы орыс ұлтынан басқа ұлттардан жасақталған жауынгермен  жауға қарсы ерліктер қөрсетті» делінген. 25.11.1942 ж. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталсын деген бұйрық шыққан.  Сол ұрыста Әлекенов Қасенғали 23 қараша күні жараланып құлайды. Көкірегін, сол қолын, оң аяғын шұрқ тескен ауыр жарақатпен  далада 2 күн  жатып қалады.  Оны 27-сі күні госпитальге әкелгенде, жарақаты асқынып, кеткен екен. Сол күні көз жұмады. Оны басқалармен бірге көме салады. Аттарын да жазбаған. 

-Тек 2007 жылы Сталинград қаласын қорғаған шайқаста мерт болған  қазақ солдаттарының  сүйектерін басқа Заплавное ( Волгоград қаласынан 70 -км ) орталығына  қайта жерлеген екен. Ондағы үлкен Мрамор тасқа жүздеген жауынгерлер аттары жазылған. Тек сол  мрамор тастардан  бірде- бір қазақ жауынгерінің аты оқи алмадық. Олардың аты-жөндерін жазбаған. Отан қорғаған аталарымыздың басына барып, топырақ салып, Құран бағыштау мүмкін болмай, жер болып, етегіміз жасқа толып  қайттық. Намысымызға тиді.  Батыр аталарымызға бір сүйем жер бұйырмады, не аттарына мемориалдық тақтайшаларда  орын табылмапты.   Ресейдегі  жергілікті Әкімшілік пен Әскери бөлімшелері де  еш шарасыз екенін мойындап отыр,-дейді Гүлзада Әлекенова. -Елім деп, жерім деп Отан үшін отқа түскен 28 жастағы  Әлекенов Қасенғалидың  төгілген қаны 70 жыл бойы  сұраусыз, бағаланбай қалған.

                 

Қасенғали Әлекенов  1914 жылы туған. 1932 жылы Темірдегі 7 кластық  орыс мектебінде оқиды. Қызыл Ордадағы медициналық курсты тәмамдайды.  Көзі ашық, сауатты болған соң  аудандық «Кедей,  кейіннен « Социалистік майдан» деп аталған газетте  журналист, жауапты редактор болады. 1932 жылдан комсомол мүшесі.  1940 жылы партия мүшелігіне өтеді.   Ауданның саяси-қоғамдық өміріне  белсене араласады. 1938 жылы Темір аудандық  депутаты болып сайланады. 1941 жылы өз еркімен соғысқа аттанады.  Сталинград шайқасының атақты 124 - атқыштар бригадасының 1-ші ротасы (1/124 ) орыс ұлтынан басқа да ұлттардан  және 282 полк ( НКВД) жасақталған рота командир орынбасары,  политжетекші болады. Әлекенов Қасенғали (Алекенов Касенгали) ерлікпен қаза болған.

                         Бабалар ерлігіне тағзым ету – біздің міндетіміз

 Гүлзада Әлекенова мұрағаттағы басқа да құжаттардан қазақтардан құрылған 124- атқыштар бригада офицерлері мен жауынгерлерінің Сталинград қаласына қарасты басқа да жұмысшы поселкелерін  жеті ай бойы тоқтаусыз ауыр шайқаста асқан ерлік пен батырлық танытқанын өз көзімен оқыған.  Командирлердің күнделікті жоғарыға жолдаған баяндамаларында олардың Отан алдындағы берген антын абыроймен орындағаны,  осы бригада екі мәрте жаудың қоршауынан еш су-тамақсыз, оқ-дәрісіз қолдан жанар май құйылған жарылғыштар  жасап «Өліспей беріспейміз!» деп  жеңіп шыққаны баяндалған. Осы ерліктері үшін  124-і атқыштар бригадасы Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған.    

         Армияның бас қолбасшысы генерал Чуйков В.И.: «...жаудың  5 минут уақыт аралығында екі рет қатарлап ұшқан авиациясынан түскен  жүздеген мың бомба, снарядтар жарылысынан  ағып жатқан  Еділ өзенінің суы  қайнап жатқандай болды, ал жердің беті  өрттен, кеңістікке көтерілген қара түтін мен шаңнан күннің көзі тұтылып, көрінбей кетті ....» деген.

         Мұндай қанды шайқаста аман қалу, кім қандай жағдайда болғанын анықтау, төгілген қан мен шашылған сүйектер кімдікі екенін, жарақат алғандар немесе қайтыс болғандардың санын анықтау мүмкін емес еді. Сондықтан да осы күнге дейін осы жайттар бізге беймәлім.      

  •    Сталинград шайқасында қаза болған аталарымыздың бәрін батыр деп санау,  ерліктеріне тағзым ету – біздің міндетіміз.  Аталарымыздың ортақ Отанымыз үшін төккен қандарын ескеріп, бүгінде жат жерде  шашылған сүйектерін жинауымыз керек.  Бұл тек әрбір от басының ғана мәселесі емес, бұл мемлекетіміздің мәселесі деп қарап, ел басқарушы азаматтарымыздың  парызы деп ойлаймын,- дейді Гүлзада Әлекенова батырдың туыстары атынан. Сондай-ақ олар ең құрымаса қаладағы Ә. Молдағұлова даңғылындағы  Мәңгілік алау артындағы қызыл 4 каскад гранитке  Отан соғысында Сталинградты қорғаған, жеңіске жетелеген  ержүрек қазақ батырларының аттары алтын әріптермен (тат баспайтын мыстан) жазылса деп сұрайды.

          


Share:      
Leave a comment: