Blogs
САНСЫЗ САУАЛДАР
Байғұт - әйел заты түгілі ер адам көрсе: көзі тоймастай, келісті жігіт. Жаратушы оған келбет пен бойды аямай-ақ берген сынды. Өзінің топ бала ішінде дара, жоғары білім алып, артынша бір әдемі жерде бой жеткен көрікті қызға үйленіп, бақуатты тұрмысқа қол жеткізгені расында сүйсінерлік жәйт .
... Байғұт туралы әңгіме аяқ-асты көтерілді. Берік деген бірге өскен жігіттің үйінде қонақта отырғанда, оның туыстары тарапынан соңғы кезде ел арасына танылып, бас көтеріп жүрген осы інісі хақында сөз қозғадым.
- Байғұт бауырың игі іс атқарыпты! Ауылға мешіт салып, халықты
имандылыққа баулу амалын жасағаны аса құптарлық екен!
- Соның атын атамай-ақ қойшы! – Берік бұлқан-талқан болып, дастарқан
басынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Мен не дерімді білмей, өзіме ел жағынан қарындас боп келетін оның әйеліне аңырайа қарадым.
- Аға, бұлардың аралары суысып кеткеніне біраз болды. Өлім-жітім
болмаса өзге уақытта хабарласпайды да...
- Анау бір жылдары көргем Байғұтты, ат үсті ғана. Жалпылдаған жаман
жігіт еместей көрінген-ді.
- Сондайы сондай ғой. Ар жағындағы зымы жаман! Кімге тартқаны
белгісіз? Мен оларға келін боп түскенде өзім шомылдыратын қара сирақ бала болатын. Сонда елден ерекшеленіп жүретін. Біз мәз-мәйрам боп жатсақ, ол есіктен сығалап, бөтен адамдай қуанышымызға еш араласпайтын. Көздерінен қызғаныш оты шапшып, жауығып қарап тұратын-ды.
- Қойшы, жап жас бала емес пе?!
- Мен де солай ойлайтынмын. Кейін байқадым, оның сараң,
көреалмаушылыққа толы көрдей қараңғы көкірегін. Тек, өзімде ғана болса деген өзімшілдігі - өсе келе анық байқалды.
- Шынымды айтсам оны жақсы көретінмін! Үйіне бара қалғанда
құлтыраңдап алдымнан сол ғана бірінші шығатын. Қолымдағы тиын-сыйынды ұстата салатынмын. Ол да мәз, мен де мәз!
- Аға, соның бәрін ол айламен істейді екен. Мектеп бітірген жылы ауылға
студенттік құрылыс отряды келе қалды. Мен оларға аспазшы болдым. Топты инстөттің прөректіры бастап келген екен. Біздің үйге жатты. Сөз арасында ол: - Биыл оқуға түсем деген балалар бар ма? –деп сұрады. Берік екеуміз бірауыздан осы Байғұтты атадық. Сәтін беріп, сол күзде қайным студент атанды. Әлгі прөректірдың соғымын ұл оқу бітіргенше біз қамдап отырдық. Жақсы оқыды. Жақсы жұмысқа тұрды. Жақсы жерден келін түсірді. Артымнан ерген алғыр інім деп Берік ештеңесін аяған жоқ. Мен де Байғұтқа: «өзіңе жасаған жақсылығымызды біздің балаларымыза жаса» деп аманаттадым...
Сырттан кіріп келе жатқан Беріктің аяқ дабысы шықты. Екеуміз ауызды жия қойдық. Ары қарай бұл әңгімені қозғамадық. Отағасына ұнамайтын сөзді қоздатқаннан қайбір әбүйір табарсың... Содан қоңырсалқын қабақта шәй ішісіп, тарастық. Бірақ Байғұт туралы ой аракідік қаперіме сарт ете қалғанда, бір қайран сезімге батам да қалам. Ет туыстары одан неге терістеп, нашар пікір танытты екен деген сауал көкейімді тескілеп жүрді.
Күндердің бір күні Берікке жақындығы бар бір досқа жолыға кеттім. Ары-бергі естеліктер арасында одан осы Байғұт туралы сұрадым. Ол сауалды жақтырмаған пішін танытып, талайдан бері көрмегенін айтты. Бірақ көзін жалтарып, кібіртіктегеніне қарағанда - жұмарланған бір түйіншектің бар екенін іштей аңғардым.
Ақыры сөз арасында Байғұт жайындағы сырдың да тиегі ағытылды. Байғұт үйленген соң қалаға орнығады. Қайынжұрты жағы әуселелі адамдар болған көрінеді. Бірақ оның құйқалы жұмысқа тұруына өзінің Беріктен кейінгі ағасы Еріктің қол ұшы себеп болады. Ерік ауылдың атын республикаға дейін шығарып жүрген волейболдан атпал спортшы болатын-ды. Бір жоғары қызметтегі азамат та - ол ойнайтын облыстық құрама команданың мүшесі боп шығады. Қысқасы, Байғұтқа ықпалды азаматтың көмегі тиіп, жайлы жұмысқа ілігеді. Бастапқы бірер жыл өсу кезеңінде Байғұт тарапынан ешқандай бөгде мінез аңғарылмайды. Келе-келе ауылға бару сирексіп, келген-кеткен ағайын-жұрағаттарға баяғыша мейірім сарқылып, салқынқабақ көлеңке береді.
Қоғамның болмысы өзгеріп, жаңа бір сатыға аяқ басқан өліара сәтінде Байғұт та қол қусырып отырмай, ірілі-ұсақ «жыртқыштар» қатарында іліккенің бәрін шәйнамай жұтып, құрсағын біраз қампайтып үлгірді. Осы тоқтық оның шынайы мінез-құлқын оятты. Жалпы, қалтаңда жүз теңгең болса – он теңгеде құн қалмайды ғой. Сол сияқты ол не бір шалқыған, шәнигендер арасына енген сайын, кешегі өзі шыққан ортасы аласарып, оларға деген сый-құрмет те сұйыла бастады. Кейде тіпті: оларды не үшін сыйлауым керек, тек құдайдың маған оларды туыс етіп жабыстырғаны үшін ғана ма деген асылы ой да қылаңдады. Келешек немере-шөбелеріне әулет тектілігі өзінен ғана бастау алатынын өсиеттеуді мақсат ете бастады.
Жеңгесінің айтқан аманаты есіне түссе: сондай кептің өз басынан өткеніне намыстанатынды шығарды. Ол ағайын-туыстарынан көрген игі амалдарды шарапат деп санамай, бұны кемсіткен, қорлау деп бағалады. Әр ойлаған сайын оның бойынан өшпенділік тұтанып, өзіне титтей жақсылық жасағандардың барлығына кек пайда болды. Себебі, Байғұт кезінде олардың алдында өзін жығынды болған тәрізді сезінді. Және өле-өлгенше олар өз жақсылықтарымен Байғұтты мұқатып, бетіне салық етіп өтетініне күмәнсіз сенді.
Қазіргі аралас-құраластары кілең бір тектіліктің иесіндей, ата-бабалары сұлтан, би, бай, сопы, қажы әйетуір, қарадан шыққан ешкімі жоқ. Осындай ақсүйектер ортасында Байғұт үрім-бұтағында бетке ұстар ешкімі болмағанына қатты қапаланды. Сол алакеуім уақытта қалталы жігіттер әлдебір себептермен ауылдарына мешіт салуды қауырт қолға алған-ды. Шынын айту керек, солардың біразы ұры-қарылықпен айналысқан қарақшылар да еді. Әрине, Байғұтты олардың қатарына таңу күпірлік болар. Дегенмен сол тұстағы қазына мүлкін аяусыз талан-таражға салғандардың маңында жүргенін құдайдан қалай жасырарсың. Мүмкін осы қиянатты қаракеті желеу болды ма әлде өз ортасынан қалмай, кейбіреулер секілді ерекшеленуді қалады ма, ақыры туған ауылына мешіт тұрғызды. Оған арыдан қазғанда еміс-еміс дерегі шығатын бір атасын сопы атандырып, «Жүсіп сопы» мешіті деп қақ маңдайға өргізіп, жаздыртты.
Пендешілік қалушы ма еді. Дүрілдетіп той өткізілді. Астына ел-жұрты ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Сол жұмыстың көлемдісін «асарлатып» ауыл жігіттері жасап тастаған-ды. Олардың бірі еленіп, бір ұмыт қалысты. Дүбір суыған соң, сыбыр шықты. «Байғұт өз ақшасына емес, шетелдік бір банктің қаржысына салыпты, бұл мешітті!», «Бәсе, ол сараң неме соқыр тиынын далаға тастай қоймас!»...
... Аяқ-асты ауылды суық хабар осып өтті. Байғұттың туыстарына емес, сондағы көлденең көк атты санатындағы біреуге. «Әйелім ұзақ аурудан соң қайтыс болды. Өзім деген жігіттерге айт. Тек, менің туыстарыма хабар берме!» деп қоңырау шалыпты. Берік, Ерігі және әйелдері бұны естіп бұлқан-талқан болады.
- Мына еселаңның басы кеткен бе?!
- Рас-ау, құда-құдағилардан ұят емес пе?!
- Келіннің әруағынан ұят қой, бармасақ! Барамыз!
- Қарашы, құдайға да жақсы адам керек!
- Е немене, оның орнына Байғұтты неге алмады деп отсың ба?!
- Жуастығын пайдаланып, жүрегін езе-езе көрге тыққан өзі!
- Қойыңдар, беталбат сөзді! Баратын болсақ, жиналайық...
Қазақы салт-дәстүрге орай Байғұттың туыстары артынып-тартынып жетті. Азалы үйдің есік алды әдетте қара-құрым ел болушы еді, мына үйдің сықпыты оған ұқсамайды. Биік қорғанның алдында бір-жар автокөлік қана қалқияды. Абыр-сабыр жүріс шамалы. Оймақтай есігі ғана саңлаулап ашық тұр. Аула іші де бос көрінді. Соноу түкпірінде бір-жар адамның қарасы шалынды. Ата салты бойынша дауыстап кіру міндет екенін жас балаға дейін жетік біледі ғой, қазақ жұрты. Бұлар ұрлыққа кіргендей аяқтарын жым-жым басып, саңлаудан сығалай аттады. Таяқ ұстап тұрған ешкім көрінбеген соң, не де болса үй ішінде шығар деп ентелей берді. Ат шаптырым ауланың бір қылтасында атан түйедей қара жип тұр екен. Соның маңында сипаланып жүрген біреу байқалды. Таяп келіп, Байғұттың өзі екенін таныған туыстары құшағын жая «Берекем-ай!» деп оған лап берді. Анау қос қолын көтеріп:
- Жыламаңдар! – деп кері шегінді. – Жылдан аса төсек тартып жатты.
Бұның өлетініне әбден көзім жетіп, көңілім мүлдем суып кетті!
- Астапыралла!? – деп Берік жағасын ұстады. – Сені иман жолына түсті
деп кім айтады?! Мына сұмдығыңды бізден басқа ешкім естімесін! Құдалар келді ме?
- Талып жатыр...
- Менің саған айтарым, мына қара мәшинеңді тас-талқан етпей тұрғанда
қолыңа таяқ алып, келген елмен көрісіп, ботадай боздайсың! Естияр балаларыңды қасыңа тұрғыз. Таяқ ұстап, анамай деп шырқырап тұрсын! Осының істемесең итше тепкілеп өлтіріп, қатыныңмен бірге қоса көмем!!!
... Иә, өзім тілеп алған Байғұт туралы әңгіменің сыйқы осындай болды. Соноу ерте шақтағы құлтыраңдап жүрген кішкентай Байғұттың сүйкімді кескіні көз алдыма келді. Әлденеге, оны сол жас кезінде қыршын кеткен обалдай сезіндім. Алуан түске бөленген мына жалғанның қарасын ғана таңдағаны несі екен деп қайран болам.
Адамға имандылық Жаратушының ғана лебімен қонатын сирек қасиет пе деп те аңтарылам. Адамзат қоғамдасып өмір сүргелі шартты, шартсыз қағидалар қалыптастырып, соны арқау етіп, жер бетінен жойылмаудың амалын үздіксіз жасап келе жатыр-ау... Соның бірі: ата-баба салт-дәстүрі, дін және тағы басқа ілімдер... Менің түсінбейтінім, осы аталған сенім-нанымдардың бір де бірі адамды жамандыққа азғырмайды екен. Солай бола тұра азғындық қайдан шығады деген сауал еріксіз селік еткізеді.
Пенде - нәпсі мен боқдүниенің құлы болса, адам затына лайыққа: құдіреттен сана атты сәуле дарып, ол - жеке басына ғана емес, жалпыға бірдей жауапкершілікті түйсінген тұлға болар деген жорамалға келдім...
Қазақ жұрты арасындағы аса қадірлі: «Ол, мұсылман!» деген теңеу еді. Сол қысқа ғана мінездеме барша қауымның есігін ашатын құдірет болатын-ды. Сырт-сипатың, көлігің, атақ-мансап, байлығың арқылы жете алмайтын ұлы құрметті саудалап, сатып алу мүмкін емес. Оған тек, иман-тегің жарасса ғана ие бола алады екенсің ғой деп, ойымды қорытындыладым...