Blogs
Сатылған сана
– Алпамы-ы-с, ау Алпамы-ы-ыс.
– Ата! – кібіртіктеген кірпіктерін әрең ашқанда еріндері икемге әрең келіп, «ата» деді. «Ата». Ол не сөз? «Ата» деген не? Мағынасын біле алмады. Қиналған жанын қоярға жер таппай, түсін еске түсіруге тырысты. Селдір сақалды сары шал бұған мейірлене қарайды. Ал, бұл... Бұл әлі бала секілді... Бала... Түс емес, сағыныш секілді...
«Ата» деді бұл тағы күбірлеген еріндерін әрең икемге келтіріп.
«Ата». Ол не? Не деген сөз? «Ата» дегенде көз алдында бағанағы сары шал тұра қалды. Ата! Иә, иә, ол ата! Ата!
Тілі жаңа шыққан баладай іштей «ата» деген сөзді қайқа-қайта қайталады. Көз алдына атасы мен бес жастағы бала қайта келді. Еміс-еміс есіне түсе бастағандай. Бес жасар бала – өзі емес пе? Бәрін ұмытып қалыпты ғой. Бұл атасынан кеткенде небәрі бес жаста еді ғой.
Маңдайынан құшырлана бір иіскеп, кемсеңдеп жылап қалған шал «ата» екен ғой. Сол, сол!
* * *
Бұл атасынан кеткенде небәрі бес жаста еді. Оң мен солын танып та үлгермеген. Әйтеуір, сол жолы атасы мен әжесі қалаға, бұлардың үйлеріне келген, жылда әкесі екеуі ауылға баратын. Бұл жолы олар келіпті. Мұның қуанғанын көрсең. Ал, шешесі мүлде қуанбаған сияқты. Қайта бар киімін жинап бала Алпамысты қолынан сүйреді де кете барды. Әкесі шығарып салуға ғана жараған. Атасы маңдайынан иіскей кемсеңдеп, әжесі көз жасын орамалының ұшына түйіп қала берген.
Содан кейін мұның өмірінде балалық деген мүлде болған емес. Өмірін түске дейін мектепте, түстен кейін шешесімен бірге биологиялық басқа өткізетін. Биологиялық бақ – кәдімгі бақ емес. Онда өсімдіктер де топырақта өспейді.
Анасы мұны Саша дейтін. Қазақтығын ұмыттырған да осы, анасы.
– Әкеме барамын, - дейтін алғашқы жылдары.
– Болашағы жоқ бейшара әкеңді қайтесің? - дейтін анасы.
– Сен оқуың керек! Оқы, үйрен. Сен ғалым болуың керек. Үлкен ғалым...
Үлкен ғалым деген бұл үшін Ұлы адам деген сөз еді. Үлкен ғалым болу жолында ештеңеден аянған жоқ.
Мектепті алтынмен бітірді. Қолына алғаш құжат алды. Сонымен бірге мүлде басқа адамға айналып шыға келді. Алпамыс емес енді, Александр. Қазақ та емес.
Ес білгелі зерттеу бағынан шықпаған бала өмір жолын да зерттеуге арнады. Жұқпалы аурулардың жайылуына қатысты саламен шұғылданды. Ең алғаш вирусты адамның қолдан жасайтынын да ол осы жерден көрді. Өмірді, табиғат, күн, аспан дегенді ұмытты. Күні де, түні де ғылымға қызмет етті. Адамзатқа қарсы ғылымға.
Ол кезде Кеңес Одағы өзінде биологиялық қару ұстамайтынын айтып әлемге уәде берген еді. Бірақ, Алпамыс-Александр сияқтылар еңбегін аямады. Астыртын...
* * *
Ол Одақтың биологиялық қару жасайтын саусақпен санаулы мамандарының бірі болды.
Мәскеу «Дүниежүзілік Биологиялық қарулар жайындағы Конвенциясына» қол қойғанымен де биологиялық қару жасау жалғаса берді. Алпамыс-Александр тынымсыз еңбек етті. Жоқ, еңбегі еш кетпеді. Әлемді шулатқан жаңа оба тапты. Оның қаруының табиғатта кездесетін оба вирусынан дозасы төрт есеге асып кетті. Одақ бойынша биологиялық қару жасайтын нөмірі бірінші тұлғаға айналды. Кеңес Одағы мұның «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» болды. Үлкен ғалым болды. Үлкен ғалым. Ұлы адам...
Ұлы адамның өмірі төрт қабырға мен шыны приборлардың арасында өтіп жатты. Бұл тапқан жаңа оба қолданыста болған жоқ. Тек... сол күнгі оқыс қателік талай жазықсыз адамды шейіт етті.
Әдеттегідей түніменгі эксперименттен соң таңертеңгісін кештеу келген. Келе кешегі жұмысынан нәтиже шығаруға кіріскен. Әлден уақытта қауіпсіздік сигналы шыңғырып қоя берсін. Дүние астан-кестең болып кеткендей. Сөйтсе... О, апат!
– Реактор! Реактор істен шықты! – деді әлдебір ғалым.
– Не?!
– Қалайша?
– Қайсы?
– Жаңа обаны сақтайтын реактор істен шығыпты. Сақ болыңдар! Сақтаныңыздар!
Бұларға ештеңе етпес. Арнайы киім киген. Ал, адамдар...
Бәрі кеш еді. Улы вирус аспанға көтеріліп кетті.
Александр алғаш сонда вирусты адам денесінде сынап көрді. О, тоба, адамнан асқан вирус өсіретін құрал болсашы... Өзі «жоқ» деп санайтын құдайдың құдіреттілігіне сол кезде алғаш таң қалған.
Оның алдында жас та сұлу қыз жатты. Әзірге уланудың бірінші сатысы. Алдын алып, вирусты уақытша тоқтатуға болады. Бірақ, кейін бәрібір өлмей ме? Өледі... Олай болса бүгін өлді не, кейін өлді не?..
Жас денедегі вирустың өсіп жетілуі... Эксперимент өткізу керек.
Қыз «құдай» деген сөзді көп айтты. Өлгісі келмейтіні анық.
– О, Құдай, өлгім келмейді. Құдай үшін, мені емдеңізші доктор, - дейді бұл әр бір ине сұққан сайын.
– Әрине, емдеуге тырысамыз.
– Сіз неге менен қан ала бересіз? Күніне бірнеше рет.
– Бұл зерттеу үшін қажет.
– Күннен күнге жағдайым нашарлап барады. Сезіп келем, іш-бауырым іріп бара жатқандай, доктор. – Қыздың жанары жасқа толды. – Осылай өліп кете беремін бе? О, құдайым-ау...
– Сіз неге «құдай, құдай» дей бересіз? Құдай жоқ! Ол сізді естімейді.
Бұл қызға мысқылдай күлді. Іштей құдай дегеннің өзі екенін ойлады. Иә, осында жүрген ғалымдар емес пе, құдай деген. Міне, ажалды өз қолдарымен жасап, қанша мың адамды қырып тастап отыр.
– Құдай бар. Тек біз оны жанымыз қиналған сәтте ғана мойындаймыз, – деді қыз зертхананың төбесіне ұзақ тесіле қарап.
«Құдай» деп сайрап жатқан қыз тағы бір аптада мүлде әлсіреді. – Доктор... маған шоқынуға... көмектесіңізші... қолдарым... – деді соңғы рет әрең қинала. Бұл шошып кеткен. Адам-прибордың тек саусақтарының ұшы ғана әрең қимылдады.
Қыз тілден қалды. Алдымен құлағынан қанды ірің аға бастады. Теріледі күйгендей үлбіреп, жыртыла бастады.
Барлық ғалымдар шыны сыртынан эксперимент нәтижесін бақылап тұрды. Қыз өлді. Тек көзі ғана өлмеген. Ашық еді. Әлден соң жан кіргендей секіріп түсіп, домалап кетті.
* * *
Алып империяның іргетасы ыдырап, қабырғасы қақырады. Ондағы барлық нәрсе енді ақшаға сатыла бастады. Бәрі. Кезек зерттеу институтына жеткендей. Жоқ, бәлкім сатылудың өзі ең бірінші осы жерден басталған шығар. Талай ғалымдардың еңбегінің жемісі саудаға түсті. Биологиялық соғысқа жасақталған жүздеген тонна вирус құралдарының қайда кеткенін ешкім де білмей қалды. Бірақ, бұл білетін. Туған баласындай болған «іштен шыққан шұбар жыланының» қайда кетіп жатқанын білді бұл.
Үлкен адамдар да сатыла бастады. АҚШ-қа, Германияға, Англияға сатылды кейбірі. Ал, кейбірінің бағасы мүлде аспандады. Көп ақша аударып Ирак алды. Солтүстік Корея асты.
Алпамыс-Александр бала күндегідей тағы да орнын қимай жүрген. Бала күнінде Алпамысты қимай біраз жүрді. Александр болды. Үйренді. Енді Александрды қимайды. Сол себепті қаңырап қалған зерттеу институты орналасқан жертөлеге жиі барады.
Бүгін де әдеттегідей жылы мекеніне соққан. Қайтарда көлігіне отырды. Бұлар арнайы қалашықтан шыға бере ізіне екі көлік түскендей. Бұл іштей сезді. Қастандық ойлаған біреулер болар деп түйді. Қауіпсіздік түймешесін басып үлгерді. Мұның көлігін қысып жол шетіне шығарған. Арнайы қорғаушылар да келіп жетті. Күдікті қос көлікті ұстап әкетті. Кейіннен естіді, мұны ұрлап алып кетпек болған бір елдің арнайы қарақшылары екен. Одан кейін Ирак та ұрламақ болған. О, Тоба, тағы да сақтады. Кім? Құдай ма? Белгісіз. Құдайға сенбейтін. «Құдай жоқ» деп ойлайтын. Себебі? Себебі көп.
– Мысалы, – дейтін ішінен өз сұрағына өзі жауап беруге тырысып. – Мысалы, – мен өзім тапқан вирустарды жер бетіне шашып жіберейінші, бүкіл адамзат қырылып қалады. Ал, Құдай осы апаттан пендесін құтқарып қала ала ма? Жоқ! Құтқара алмайды. Яғни, құдай деген мен! Мен секілді мықтылар!
Александр Америкаға жол алды. Мұны онда Алекс деп атады. Өмірін тағы да биологиялық қару жасауға, оны сынауға арнады. Күні зымырандардың басына вирусты қанды құюмен өтетін.
Алайда, құдай бар екен. Талай өзі секілді «Ұлы адамдар» көз алдында эксперимент секілді көз жұмды. Сол себепті сақтық шарасын мықтап қолданатын. Себебі, жараланса болды, ендігі жерде ғалымға адам деп емес, тек қана эксперимент ретінде қарайтын. Сақ еді. Бірақ...
Қызығушылық дегенді қойсайшы. Құмарлық сияқты. Сол күні соңғы сынақ еді. Сәтті шықса тағы да бүкіл әлемді өзіне табындырады. Бүгінде дүние жүзі өзіне құлақ түріп отырған кезде бәрі сәтті болуға тиіс.
Марбург вирусының Эболаға әсерін зерттеп жатқан. Кенет саусағына ине кірш ете қалды.
– О, жо-о-қ! Жоқ!
Жан жағында анталаған әріптестері сырттай қамығып тұрғандай болғанымен, жанарларынан жылт-жылт еткен қуанышты көрді бұл.
– О, Құдай, – деді іштей. Құдай жоқ дейтін. Бар екен. Қиналғанда ғана сезеді екенсің. Үш күннен соң көздері қанталай бастады. Жаны қиналып барады. Бұдан әрі уақыт өткізуге болмасын іші сезеді. Қолы дірілдеп «НsP1» дәрілік сұйығына ине шаншыды. Өзіне салмақ болған. Зерттеу институтына эксперимент болмай жатып, жанын ертерек тыныштандырмақ болған.
Енді тамырына апара бергені сол, әлдекім білегінен шап беріп ұстай қалды. Гай екен.
– Алекс, саған не болды?
– Гай, өлуге мұрсат берші...
– Бәрібір өлесің. Осыншама жыл өзің ғылымға қызмет еттің. Енді қаның да қызмет етсін, өлме.
– Өтінемін, Гай жібер. Тезірек өлейінші, жаным қиналып барады.
– Жоқ, Алекс. Сен өлмейсің. Сенің қаныңда өсіп жатқан вирус ғылым үшін өте қажет. Ал, сен өліп кетсең біз сені сағынатын боламыз. Сол үшін қаныңды естелікке тастап кетші, Алекс.
Гай қарқылдай күлді. Мұның қолындағы инені жұлып алды.
– Жоқ, Алекс, сен олай етпейсің. Енді біз сені зерттейміз. Эбола вирусының адамға әсері... Сенің қаныңдағы вирустарды алып, зымырандардың басына толтырамыз. Сен сонда мүлде өлмейсің. Сен биологиялық қаруға айналасың. Қалай ұнай ма?
Алекс дәрменсіз жерге отыра кетті. Сол күні-ақ оны вакуумға таңды.
Онан кейінгі он күні тіпті аянышты өтті. Ішкі ағзасының бірі еріп, бірі іріп бара жатқанын өзі сезіп жатты. Терісі күлбілтеленіп ісіп, іріңді жараға айналып жатты. Ғалымдар мұның вирусын алып, өзі секілді зымырандардың басына құя бастады.
* * *
– Ата...
Оның үні жалынышты шықты. Және оны өзінен басқа ешкім естімеді.
– Ата, - деді санасында. Баяғыда, ең алғаш тілі шыққанда осылай өз ана тілінде «ата» деген. Енді міне, ажал аузында жатып, тілін кәлимаға келтірген адамдай өз ана тілінде «ата» деді. Бірақ, оның не мағына беретінін түсіне алған жоқ. Тек қиналған жанын тыныштандыратын сол «ата» дегенде көз алдына келетін сары шал секілді. Сол шалға жетуге асықты. «Ата» деп іштей қайталай берді.