Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
GENIALOGY
Түнгі сарын - Қанат қақты

Blogs

10.04.2019
13333

Түнгі сарын - Қанат қақты

Түнгі сарын - Қанат қақты

 

М.Әуезов драматургиясында айрықша орын алатын, жазушы шығармашылығындағы шоқтығы биік туындылардың бірі – оның «Түнгі сарын» трагедиясы. Бұл шығарма кеңестік кезеңде, 1934-жылы жазылғанымен тарихи тақырыпты қозғайтын туындылардың ішінде өміршең тереңдігімен, көркемдік қуатымен, жасаған образдарының кесектігімен, оқиғасының молдығымен ерекшеленеді.

 

Мұнда кеңестік дәуір әдебиетінің таныс сүрлеуі, кейбір таптаурын жолы көлеңке түсіре алмаған. Жазушы қаламы мейлінше шынайы ойдан шыққан шалқар шабытпен қазақ ауылындағы ұлт азаттық көтерілісінің ойламаған жерден туып өрістеуі арқылы сол уақыттың бүкіл ел басқару ісіндегі шенеуніктер мен іс басында жүрген патшалық кеңсе адамдарының  халыққа қарсы жасаған  әділетсіз  әрекеттерін ашып берген.

 

Жазылу мәнері жағынан «Түнгі сарын» пьесасы жазушының кеңестік тақырыптарды қозғайтын шығармаларына мүлде ұқсамайды. Сыншылдық сарыны, алуан түрлі адам мінездерін кесек сомдауы, көркемдік белгілері жағынан бұл драма кеңестік дәуірге дейін жазылып, сол уақытта ескілік өмірді қозғағаны үшін тыйым салынған «Еңлік-Кебек», Қарагөз», «Бәйбіше-тоқал» сияқты трагедиялардың заңды жалғасы еді. Ол дәуірде бұлай салыстыру мүмкін болмаса да көрермен қауым, өнер сүйер көпшілік «Түнгі сарын» пьесасын қуана қабылдады. 

 

Театр сахнасында басты рольдерді ойнаған белгілі өнер адамдарынан бастап бұл шығарма туралы белгілі қаламгерлер, сыншылар, баспасөз өкілдері мерзімді басылым беттерінде құнды пікірлер білдірді. Пьеса көп ұзамай орыс тіліне аударылып, орыс тілді көрермендер үшін  театр сахнасына шығарылды. Жалпы сол дәуірдегі қазақ драматургиясына жаңа леп, тың серпін алып келген бұл шығарма туралы кейінгі әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдар да көптеген зерттеу мақалалар жазып, оның жазушы шығармашылығындағы, қазақ драматургиясындағы орны ерекше туынды екенін атап өткен.

 

Қазақ драматургиясын тың өріспен байытып, оның бұдан кейінгі мүмкіндіктеріне тың жаңалықтар қосқан  драманың оқырманды қызықтыруы мен оған деген  жұрт назар аударатын жаңа еңбектер драманың сахналық қойылымдарына байланысты әлі де жалғасып келеді. Кезінде бұл шығарма ны аудармашы К.А.Давыдовский «Зарница» деген атпен аударып, сол бойынша режиссер Ю.Л.Рутковскийдің жетекшілігімен сахнаға шығарылғаны белгілі. Қазақ тұрмысы мен өткен тарихтан көпшілікке мол мәлімет беретін шығарманың орыс көрермендеріне жетуі сол кез үшін қуанарлық жетістік саналғанымен жалпы аудармада түпнұсқадағы сөздердің, халық тұрмысының мән-мағнасын түсінбей оның мазмұнын ауытқушылық, кей тұстарды түсінбей бұрмалаушылық, қиындық тудырған жерлерін аттап кетушілік сияқты кемшіліктер орын алған.

 

Бұл туралы осы аудармаға жазған ғылыми түсініктемеде ғалым Т.Әкім бірқатар мысалдар келтіреді. Аударма үзінділері сол уақытта бірнеше орталық газет беттерінде, журналдар мен топтама жинақтарды жарық көргенін атап өтеді. Кейін пьесаны А.Пантиелев те аударып, бұл аударма да бірқатар басылым беттерінде жарық көреді.

 

Онда да пьесаның біраз жері қысқартылып кетеді, кей тұстарда қазақ тілінің ерекшеліктерін білмеуден  туған ақаулар орын алады. Бұл аудармашылардың шығарманы аударып шығуына қаламгердің өз көмегі де аз тимеген тәрізді. Көп жеріне түзетулер жасау арқылы олардың жұмысына араласып отырған қаламгер өзі де пьесаны бір вариант етіп аударып шығады. Аударма М.Әуезовтің елу томдық академиялық басылымының 13-томында басылған. ( 374-б,Алматы, «Жібек жолы», 2004.) Аударманың қолжазбасы 127-бумада сақталған. (73-155-бб)

 

Пьесаның орыс тіліне аударғандағы көлемі 85 бет. Қазақ тіліндегі мәтін көлемі 72 бет екені белгілі. Демек жазушы аудармаға пьесаның алғашқы «Қанат қақты» деп аталған нұсқасын алғанға ұқсайды. Оның кітапқа жарияланған көлемі 90 беттен асады. Әрбір суреткердің шығармашылық шеберханасы өзінше күрделі болатыны белгілі. Онымен бірге әйгілі қаламгердің ең таңдаулы шығармасының қалай туып, қандай жолдардан өтіп, қалай жазылып шыққаны,  қалай сұрыпталып жөнделгені аса бағалы драмалық туындының жазушы қаламының ақ қағаз бетінде қаншалықты сарыла ұзақ күндер мен түндер сарыла еңбек еткенін айғақтайды.

 

Пьесаның аудармасына көңіл бөлген уақытта жазушы оның алғашқы нұсқасын бұрынғыдан жетілдіре келіп «Қанат қақты» деген атын да ауыстырып «Түнгі сарын» деп өзгертеді. Екі нұсқаның арасындағы жиырма бетке жуық көлемдегі айырмада әлі де көптеген өңдеу, көркемдеп редакциялау, артық жерлерді қысқартып оның орнына сол аралықтардың қысқарғанын білдірмейтіндей сөйлемдермен жақындастыру, кейбір диалогтарды тұтастай қайта жазып жетілдіре түсу сияқты сан қилы түзетулерді орын-орнымен жүргізген.

 

Сырттай алғанда екі нұсқаның арасында пәлендей өзгешелік, үлкен қосымшалар жоқ болып көрінгенімен  жазушының «Түнгі сарынды» жазып шығуына алғашқы нұсқаның көмегі зор болған дейміз. Пьеса екінші нұсқада алғашқы жолғыдан ауытқымаған, керісінше ондаға артық-ауыс жерлерінен арылып, бұрынғыдан шыңдала түсіп, өңделіп, қайта қаралып шыққан. Мұнда кей жеріндегі бірер сөйлемді қысқартудан бастап, тұтастай беттерді, эпизодтарды алып тастауға дейінгі өңдеу тәсілдері бар.

 

«Түнгі сарындағы»  Жүзтайлақ  «Қанат қақтыда» Бибіш  боп алынады. Басқа кейіпкерлердің барлығы да өз есімдерімен беріліп, олардың іс-әрекеттерінің бұрынғы суретіне жаңадай  қосымшалар жасалмаған. Пьесаның алғашқы бетіндегі Мөржанның сөзін қысқартумен автор бірінші түзетуін жасаған.

 

«М ө р ж а н. Жеңеше-ай, қолыңда өспеппем? Бөтен санар деп ойламап ем.

Б и б і ш. Бөтендігім қайсы?

М ө р ж а н. Туған апамдай боларсыз деп ем...

Б и бі ш. Адырағал. Апаң қызық көрме, жастық дәурен сүрме деймекен?» (101-б, 18-т) – осы жолдарда айлакер әйел Бибіш пен оның қызметшісі Мөржанның арасы ашылған сәттегі көріністің бір сәті қысқартылған. Егер бұл сөйлем қысқартылмаса қожайынның сөзіне мойын бұра қоймаған қайсар қыздың бейнесі тым жұмсақ болып көрінер еді де, келешектегі оның бейнесін жасаудағы бұдан арғы жерлерге кедергі келтіріп көрініп тұрар еді. Жазушы осы жұмсақ көрінген тұсты алып тастап, әңгіме арқауын қатаң сөздермен ширықтыра түседі.

 

Бибіш-Жүзтайлақ пен Мөржан арасы пьесада бір жүйе. Олардың арасын байланыстырып тұрған Жантаспен арадағы қатынасы үшін айлакер Бибіш қызғаныштан Мөржанды қайнысы Нұрқанға ермек етіп бермек. Бұл желідегі мақсат пьесаның соңына дейін жалғасады. Нұрқан Мөржанның соңынан Жұмажанды аттандырады. Жантастың  қалыңдығын қолға көндіру үшін жүргізілген айла-амалдардың төңірегінде айтылған бірталай сөздер пьесаның әр тұсында кездесіп отырады.

 

Осындай диалогтың  бірер беті 105-бетте қысқартылады. Пьеса соңындағы көріністе Мөржан артынан қалмай қолға түсірмек боп жүрген туысы Жұмажаннан қашып, Нұрқан, Бибіштермен жауаптаса жүріп, қарсы жақтың айтқанына бас имей биік тастан құлап өледі. Бұл жерде де біраз сөздер түзетіліп, сәл қысқартыла айтылады. Оның жас жанын өлімге қиған әрекетінде сезім күшінен гөрі әлеуметтік ортаға деген ішкі қарсылық  әсері басымдау көрінеді. Сондықтан «Абай» трагедиясындағы Ажар, «Қарагөздегі» Қарагөз сезімдеріне қарағанда ол сүйіспеншілік сезімінің биігіне шыққан толыққанды кейіпкерден гөрі әлеуметтік ортаның кемсітушілігіне ұшырап өз теңіне қосылуды көксеген қазақ қызының бейнесіне жақындайды.

 

Пьесадағы енді біраз толықтырулар мен түзетулер Майқан, Бибіш, Қыдыш, Кәкең бастаған  ел басқарушы, іс басында жүрген адамдардың іс-әрекеті, қарым-қатынасына орай айтылған сөздер мен өзара диалогтерінің  жөнделуіне байланысты болып келеді. Бұл турасындағы ең үлкен түзету аталған топтың облыстық қаладағы үй ішінде ояз Казанцевті, адвокат Кәрімді сыйлап, күтіп отырғандағы сәті «Қанат қақтыда»  екі бетке жуық  көрсетіледі. Ондағы  көп сыйласым, жағымпазданушы сөздер, бір-бірін мақтап кемеліне келе жайқалып отырып карта ойнау үстінде қонақ күту сияқты көп бояулар «Түнгі сарында» алынып қалған. Оның орнына  мөлшердегі сыпайыгершілік, жақсы сыйласым, өзара сенім сияқты арақатынас тым шамадағыдан асырылмай тиісінше ғана суреттеледі. Мұндай қысқарту пьесаның екінші актісінің бастапқы көрінісінде орын алған.

 

Сондай-ақ бірінші актідегі екінші сурет көрінісіндегі  болыстың үйіндегі Адвокат Кәрімді сыйлы қонақ қылып күтетін жердегі сөздердің  көпшілігі, ел жайы айтылатын, әлеуметтік мәселелер сөз болатын тұстары қысқартылып, оның орнына сыйлы қонақтар арасында болатын, керек адамдарға айтылатын мазмұнды әңгіме өз ырғағымен жүретіндей етіп түзетілген.
Бибіш-Жүзтайлақ бейнесі қазақ әдебиетіндегі әйелдер қатарына қосылған жаңаша тұлға есебінде көп сөз етіліп келе жатқаны мәлім. Ал оның күйеуі Майқан туралы айтылғанда ол үнемі Жүзтайлақтың көлеңкесіндегі солғын адам күйінде қалып отыратындай. Шын мәнісіне келсек Жүзтайлақтың осындай дәрежеге жеткізіп оның айла-әрекетімен айналасының бәрін шырмап отырған Майқан екені белгілі. Ол пьесада көп сөйлеп, іс тетігіне жармасып, әрекет етіп жүрген адам емес сияқты, бірақ ол айналасына өзі үшін шешім қабылдап, елдің дымын шығармай ұстап тұруға мұрындық болатын адамдарды жиып алғанын байқау қиын емес.
 

Майқан туралы айтқанда әдеттегі айтыла беретін озбыр болыс, жемқор әкім, ірі қимылды басшы көз алдыға келе қоймайды. Өйткені ол өзі үнемі тасада жүреді. Оған қарағанда Қыдыш пен Нұрқан барлық сойқанды ойлап таба қоюшы, айла-әрекетке жетік болып келеді. Солардың әрекетімен, бөтеннің қолдары арқылы Майқан бүкіл қызмет, ел ішіндегі келелі мәселелерді шешіп отыр.

 

Ол ешбір мәселеге бас ауыртып, оның жауапкершілігін иығына алатын жан емес, тіпті әйелі Жүзтайлақтың да осы жолда ештеңеден тайынбайтын айлакерлігін қызметі үшін пайдалануға таңдап алған ба дерсің. Осының бәрінде де белгілі бір жасырын есеп, мән-мағына, қажеттілік, балталасаң бұзылмайтын тұтастық жиылып келіп болыс ауылына мызғымас болып орнығып алғандай.

 

Майқанның ештеңені өзінің ыңғайына қарай бұрмайтыны сырт көзге білініп тұрғандай, ол кез келген уақытта елдің сөзін тыңдаған болып солардың айтқаны болсын деуге әзір адам, бірақ соның артынша-ақ оның сөздерін қасындағылар бұрып әкетіп өздерінше жасауға кеңес бергенде, болыс судан ақ сүттен таза адам болып көріне береді.

 

Оны тіпті кіршіксіз сәби деп те қалуға болады. Ол әйелі Жүзтайлақтың аярлығы мен өзін алдап жүрген екіжүзділігін білмей жүр деуге болмайды. Ол туралы пьесада мүлде ешбір дерек те жоқ. Бірақ бір елдің болысының осынша шырмауық арасында жүргенінде қасындағылардың  Жүзтайлақ әрекеттері туралы құпияны сыбырлап, не ашық жеткізбеуіне тоқалдың айлакерлігі, дер кезінде жалтарып отыратын қулығы себепкер десек те  осы жерде Майқан бейнесін ашатын тағы да бір тосын штрихтар болса деген қосымша пікір сөзсіз оянады.

 

Драматург Майқан бейнесін осы үнсіздігі, өз ортасында отырып бәрін керегінше билікке тиімді етіп істейтін  амалы күшті ел билеуші адам ретінде шынайы сомдағанына көз жеткіземіз. Тіпті жазушы оны осылай етіп шығарайыншы деп арнайы күш салып образ ретінде қарастырып, ерекше мінез-құлық, қасиет иесі қылып әуреленбесе де осы қалпында Майқан бейнесі ел билеушінің классикалык типі десе де болады.

 

Драматург Майқан мен оның төңірегіндегілерді бірде болыс үйінде, бірде ел ортасындағы қарбаласта, бірде қонақ күту, ояз бастығын қарсы алу үстінде көрсетсе де барлық ортада ол өз дегенін жүргізе алатын салмақты адам. Оның қасындағы інісі Нұрқан, адвокат Кәрім, Қыдыш, мұғалім Сапа, пысық жігіт Жүніс бәрі де өзінің мінез-құлқы, болмыс-бітіміне сәйкес сомдалып шыққан бейнелер.

 

Осылардың ішінде мұғалім Сапа мен адвокат Кәрімді бейнесін жасауға жазушы бірталай түзету енгізіп, олардың пьесаның әр тұсындағы сөздеріне көптеген  өңдеулер арқылы аталмыш кейіпкерлердің ішкі дүниесіндегі құбылыстарға көп үңілген. Бұл екеуі де осындай терең зерттеу нәтижесінде біржақты адам емес керек кезінде қателерін түзете білетін, кейде біреудің сөзіне сеніп қалып адасса да таза қалпын сақтай алатын шынайы болмысы бар адамдар болып пьесадағы жанды образдардың қатарынаан орын алады.

 

Пьесадағы қимылы батым, әрдайым қай уақытта қандай әрекет жасауға дағдыланып алған айлакер адам Қыдыш. Ояз әскерін бастап әкеліп елді тәртіпке келтіру деген желеумен қырғынға ұшыратушы, жалтақой, батылсыз Майқанға дем беріп оны көпшіліктің мүддесін ойлаудан бұрып әкетіп жүргендердің бірі осы. Оның нағыз бет бейнесі пьесаның соңғы жағындағы ел басына күн туған ауыр кезеңде ашыла түседі. Халыққа қарсы отаршыл жүйе әскерінің барлық озбырлық әрекетін бастап келіп, соны іске асыруға мұрындық болуынан оның ештеңеден тайынбайтын  ел мүддесіне қарсы, кім күшті болса соның қимылын қостай кететін  екіжүзділігі барынша ашық көрінеді.

 

Осы айналада қолында онша билігі жоқ азғана ғана рулы елге басшылықтан дәмесі бар адам – Жүніс. Пьесада бастан-аяқ  тек өзіне ыңғайлы тұстарды, керекке жарап кетіп кімнің болса да сойылын соғып мәртебе табуды ойлайды. Жүзтайлақ сияқты адамдардың назарына іліну бақытына ие болу үшін әлі жеткеннің, орайы келгеннің біразын алдап бағады.

 

Алғашында  болыс ауылында жігітшілікпен жүріп кейіннен көтерілісшілерге қосылып, олар туралы болыс ауылына хабар жіберіп тұрады. Мұның да өз көздегені бар ішкі астарына қулық тұнған, анау-мынауға ашыла бермейтін тұлға. Мұғалім мен Мөржанның сезіктеніп қалуынан қорыққан Жүністің сасқалақтап әр қияға бұлтаңдап сөйлеуі, соңынан істің мәнін білісімен өз орнына келе қоюы, Тәнеке, Жантастарды соңғы уақытқа дейін тастап кетпейтін болып серттесуі оның қалтырысы мол айлакерлігінен хабар береді. Оның осы сәттердегі жан құбылысындағы кейбір мезеттерді көрсеткенде  жазушы кей тұста оны артық сөйлетіп алып, кей жерде шектен тыс жалпылдап іш қоймасын бірдіріп ала жаздап тұрған жерлерін біршама қысқартып жөндеп жіберген.

 

Пьесадағы баласы үшін күйінді болып қосақ арасында бірге жүрген Жантастың шешесі Ділдә кемпірдің мінез-құлқында пәлендей назар аударатындай  ештеңе болмағанымен  жазушы осы болыс үйінің қарапайым күтушісі арқылы пьеса арқауына бірталай әлеуметтік жүк сыйғызып жіберген. Ділдә кемпір біресе баламды құтқара көр деп болыстың айналасына жалтақтап, олардың сөзіне еріп бірде баласына теріс бата беріп, енді біразда  Жүзтайлақтың екіжүзділігін Сапаға бірер ауыз сөзбен жеткізіп жіберіп жүреді. Осы амалдардың бәрінде де ол басында еркі жоқ, не істесе де басқалардың ырқымен істейтін, бірақ өз ісіне адал тура көңіліндегісін айтатын қылығымен көрініп жатады. Оған Жүзтайлақтың жер қып ұрсатын, артынан жалынып қалмаған сәтте Нұрқан, Қыдыш сияқтылардың табалап айтатын сөздерінде кейбір тұстар жұмсартылып сәл қысқарған.

 

Шығармадағы оқиғаны бастаушы, басты тұлғаның бірі болса да көп көріне бермейтін, тек керек жерінде ғана бір-екі рет пьесаның басында, ортасында, кейін соңғы оққа ұшатын сәтінде көрінетін кейіпкерлер – Жантас пен Тәнеке. Бұған қоса аз сөзді, сөйлеген сөздері нығыз, қысқа, сөзден гөрі әрекетке бейім адамдар ояз Казанцев пен Майқан. Қыдыштың сөздерінен үнемі іс-қимылды тілеп тұратын әсіре әрекетшілдік байқалып тұрады. Олардың  пьесадағы сөздері бұйрық райлы сөздермен, әмірлі тілмен жеткізіліп отырады.

 

Пьесадағы Майқаннан кейінгі орында тұрған соның ізбасары, оның інісі Нұрқан. Оны көтерісшілердің жазасынан Жүзтайлақ Сапаға жалынып сұрап сол арқылы алып қалады. Бұл да пьесаның шын шиеленіске бет алған тұсы. Бірақ бұл құтылумен Нұрқан енді түзу жолға түспейді, керісінше көтерілісшілерді басып-жаншуға бар ынтасымен кірісіп, ең соңында Жантасты атып өлтіреді. Оның пьесаның бірінші актісіндегі қызға қырындап жүрген көңілді кезі, Жұмажанды Мөржанның соңынан аттандырып салғандағы айлалы кезі мен ағасы Майқанның болыстық міндетін атқарудағы қызметіне жасаған көмегі өзінің мүмкіндік аясынан асып кетіп, ол бұған басқаларды да қосып жіберіп, ешбір айладан тайынбай әрекет етеді.

 

Осындай қимыл үстіндегі күрделі адамның диалогтері, басқалармен сөйлесіп, әркіммен тіл табысып жүруі пьесада небір сырлы диалогтермен беріледі. Пьесаның алғашқы нұсқасындағы жібі сәл бостау, байдың болпаш інісі дәрежесіндегі Нұрқанның ширап, басты тұлғаға айналу жолында жазушы оның сөздерін көп жөндеп үнемі жетілдіріп отырады. Бұдан біз пьесадағы ешбір образдың еңбексіз, олардың бейнесін сомдауда жазушының ізденісінсіз оңай нәрсенің өздігінен туа қалмағанын, көп іздену, жетілдіру барысында талай образдың шыңдалып өскенін, жетер жеріне жетіп тоқтағанын көреміз.

 

«Түнгі сарын» драмасындағы барлық көркемдік жетістік жазушының көп еңбектенуінің, алғашқы нұсқаны жетілдіруінің, осы жолдағы қаламгердің қажымай-талмай ізденуінің жемісі. Пьесаны бастар алдында оған жоспар құрып, он бес беттей етіп мазмұнның ұзын-ырғасын қағазға түсіріп әңгімелеп шығуының түпкі мәні, барлық ынтасы көркем шығарманы жоғарғы талап деңгейіне жеткізуге деген  ойдан туындап жатады. Алғашқы нұсқасы жазылған соң оны қайта өңдеп ұзақ-сонар түзетулер мен қосымшалар жазуы, көп жерлерін әлі де жетілдіріп қайта жазып шығуы бұл шығарманың бір күнде шабыт жетегінде  азғана уақытта дүниеге келе қалмағандығын, қайта көп еңбекпен, ауыр бейнетпен келгенін дәлелдейді. Бұл жолда жазушының өз талантын аямай, бар уақыты мен күшін шығарманың көркемдік шырайын жетілдіруге, шығармашылық кемелділікке  жетуге жұмсаған еңбекқорлығын көреміз.


Share:      
Leave a comment: