Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Тұрғын атаның тақиясы

Blogs

01.11.2020
4807

Тұрғын атаның тақиясы

Ауылдың пошымы кісі танымастай өзгерді. Алдымен жарқырап жаңа мектеп түсті. Іші тап-тұйнақтай, едені жылтыр, есік-терезесі желімнен. Кісі кірсе шыққысыз. Өкімет шошайтып емхана салды. Көше-көшенің бәрін асфальттап, екі жиегін жаяу жүргенге деп тас жол етіп қойды. Әр үйдің есігінің алдына газ барды. Адамдар ауласының сыртын дуалмен бикітетті, темірден қақпа қойды. Жұртта бас-басына жеңіл мәшине.
 
 
Тұрғын ақсақалға бұл көрініс ұнамаушы еді. Ал оның ұлы Жарылқап қатардан қалмай көше жақтың дуалын биіктетіп, ескі үй мен қора-қопсыны бұзғысы келетін. Әкесі оған ырық бермегесін іштен тынып жүретін.
 
 
– Әй, балам-ай. Жылтыратып, жаңартқанда не қасиет бар дейсің. Адамдардың пейілі де жаңарып кетеді одан. Пейілі жаңарған адамда бұрынғы қасиеттен не қалсын. Ауылдың мына тұрқы түк те қызық емес. Қарап отырып құлазисың да қоясың. Іші-сырты айнадай зәулім мектепте оқыған баладан ауыл деген сезім алыстайды. Көше де тас, есіктерінің алды да тас, айналаның бәрі қыш қорған. Ел араласудан қалды, жұрттың түсі суып барады, – деп отыратын. Тұрғын ақсақал шықшытты келген тығыншықтай шегіркөз адам болды.
 
 
Әкесінің осынысын Жарылқап қабылдай алмайтын. Ол үйді сүріп тастап жаңасын салдырғысы келетін де тұратын. Соны істесем ешкімнен ұялмаймын, жүзім жарқын боламын деп ойлайтын.
 
 
Әкесі қорада мал ұстаушы еді.
 
 
Бұйрашаш Жарылқапты адам болсын деп заңгерлікке оқытқан. Әупіріммен оқуды бітірген дағы дипломды әкесіне берген. Ал өзі отыз жылдан бері ауыл мен аудан орталығына жеке мәшинесімен адам тасып нәпаха табатын. Ауыл оны кірекеш атаған. «Рахат. Адам болса жүресің, болмаса өзің сияқты кірекештермен карта ойнайсың. Қызметтің керегі не жалақыға телміріп, қағаз жазып. Адам тасып қолға ақша ұстағанға не жетсін» деп ойлайтын. Жарылқаптың бар арман-мұраты – жаңа үй мен жаңа мәшине болатын. Әйелі Салиқа мен балалары оны қоштайтын. Ал әкесіне ұлының мұнысы ұнамаған. Қызмет істесе дейтін. Үй мен мәшиненің өмірлік мақсат болғаны несі деп өкінуші еді.
 
 
Тұрғын ақсақал ауылдың шаңы шығып, азан-қазан болып жататынын сағынатын еді. «Жұрттың қиқы-жиқы шарбақтарының іші жайқалған бау-бақша еді-ау. Кемпірім марқұм кешкі апақ-сапақ уақытты жақсы көретін. Өрістен жамырап қой түседі, мен сиырды айдап келемін. Адамдар бір-біріне ыстық болушы еді, арқа-жарқа ел едік-ау. Жұрттың бәрі совхозда істейді ол уақытта. Қазір мен сияқты бірлі-жарым адам болмаса, ешкім үйде мал ұстамайды. Етті де, нанды да аудан орталығындағы базардан тасып жейді. Малды шындап ұстайтындар кәсіп етіп, қорасын сыртқа әкеткен. Нан демекші, нан жабатын үй жоқ. Бұрынғы тандырлар мүжіліп, кесегі жерге түсіп таусылды. Мына жаңарған ауылда не қызық бар? Жұрттың есі-дерті қала, базар-ошар. Одан бір шекелері шылқып жатса мақұл ғой. Иттен сүйек қарыз, баратын жері банк болды. Той істесе де банк, сауда қылса да, мәшине алса да, үй салса да банк. Аулалары от басып, сарғайып жатады. Баяғы жайқалған жасыл тіршіліктің бірі жоқ. Ауылдық кеңесті бұзып, орнына сұсты етіп әкімшіліктің жаңа ғимаратын салды. Кіруге қорқады жұрт. Ел биік дуал менен темір қақпаны сән қылып алды. Ешкім ешкімді көрмейді, білмейді», – деп отыратын ақсақал.
 
 
... Кемпірі кеткелі оншақты жылдан бері қолдағы ұл мен келіннің қас-қабағына қарап мүсәпірдің күйін кешкен Тұрғын ақсақал күндердің күнінде шөгіп, малына қарауға шамасы келмей қалған. Немерелерін жұмсайтын болған. Малының қарасын үзбей, арасында сойып немесе сатып, ұлының отбасына қолғабыс жасайтын. Немерелерінің алды жігіт болып келін әкелген. Оның тойы мен құдалығына деп бір жылқысын сатып берген. Кірекештің тапқаны не болады, күндегісі күнде жоқ.
 
 
Күннен-күнге халі нашарлаған Тұрғын ақсақал ауданның орталығында тұратын інісі Ештайды шақыртқан.
 
 
– Көке, жайша шақырдыңыз ба? Есенбісіз? – деп сөйлей кірген інісі ағасының халін көріп іркіліп қалған. Көзі шүңірейіп, шөгіп қалған қарияға тесіле қараған. Көптен ат ізін салмай, хабар білмей кеткен еді.
 
 
Інісі Ештай мен ұлы Жарылқап тыңдап отырды. Тұрғын ақсақал сөйлеп жатты.
 
 
– Бойымнан қайрат кетті. Көпке бармаспын. Балаларда не бар дейсің. Анау Шымкенттегі үлкен ұлда дым жоқ. Мұғалім болып күнін зорға көріп жүр. Аудан орталығындағы базарда шылым-пылым сататын күші ұлдан қайран жоқ, құдайаманат жүрген адам. Қорадағы малға қарауға шамам жетер емес. Қасқа дөнен тұра тұрсын. Оны жаназама сойыңдар. Қара құнан мен екі тананы сатыңдар. Өлімтігіме деп жиған малым өздеріңе аманат. Сақтап жүрген мынау төрт жүз мың теңгем де бар. Жеті күндігіме, қырық күндік асыма жаратыңдар. Жылдық асым жан нәсіп. Ештай, сен осыған бас бол. Ал анау он бес қойды немерелер бағып-қақсын. Керектеріне жарар. Кемпірімнің жанынан жай алып қойғанымды білесіңдер, сол жерге қоярсыңдар. Балам, бауырларыңмен ынтымақ қыл, ағайынға жақын жүр.
 
 
Үнсіздік орнап, інісі мен ұлы төбелерінен жай түскендей аңтарылып отырған. Сәлден кейін інісі Ештай:
 
 
– Көке-ау, қайдағыны айттыңыз-ау. Әлі-ақ тәуір болып кетесіз, – деген көзі бақырайып.
 
 
– Әке, дәрігер әкелейін. Жазылып кетесіз ғой, – деп орнынан ұшып түрегелген ұлы.
 
 
– Жоқ, балам. Дәрігерді қой. Өзім біліп отырмын. Еш уайым қылмаңдар. Шайтан емес шығармын, менің де күнім бітуге таяды. Сексеннен өттім, шүкір. Қиналмай, алаңдамай жөнеп кетсін десеңдер жаңағы айтқанды істеңдер, – деген қария.
 
 
... Қария екі жетідей жатты. Келіні Салиқа жолай қойған жоқ, ұлы мен немерелері қарады. Беті бері қарамады. Алжып, адам танымай, сандырақтауға көшті.
 
 
Содан бірер күн өте Тұрғын ақсақал дүние салды.
 
 
Ештай мен Жарылқап сатқан мал әжептеуір ақша болып, жетісі мен қырқына жартысына жетеғабылы ғана жаратылды. Малдан артқан ақша бар, марқұмның қалдырған төрт жүз мыңы бар, ағайын-жекжаттың берген пәтеоқыры бар, Жарылқап бір жарым миллион теңгелі болды. Буып, сандықтың түбіне салған. Әйелі екеуі ғана біледі.
 
 
Ештай ұялы телефонмен байланысып, қарызға бес жүз мың теңге сұрады. «Жеңешеңнің дүкеніндегі тауарын көбейтіңкіреп берейін деп едім, саудасы көтерілмей жүр», – дейді. Жарылқап қиналыңқырап: «Ойланып көрейін, үй-үшіммен ақылдасайын», – деп екіұшты жауап қатты.
 
 
Салиқаға айтып еді, ол шоршып түсті. Дөңгеленген денесін оңды-солды шайқап, екі қолын ербеңдете көзі шатынап:
 
 
– О несі ей? Бермейміз ақшаны! Аулақ жүрсын! Темір қақпаны жаңалаймыз, дуалды көтереміз дегенің қайда? – деп шыжбаңдап кетті.
 
 
Жарылқап үндемеді, өзінің де бергісі жоқ. Ештайға телефон соқпады. Үш күннен кейін Ештайдың өзі хабарласып:
 
 
– Әй, өткендегі не болды? – деп сұраған. Жарылқап:
 
 
– Көке, ренжімеңіз... Бере алмайтын болдық. Ақшаны жарататын нәрселеріміз бар еді... – деп міңгірледі. Ештай тістеніп: «Адам емес екенсің иттің баласы! Қызметімді ақтамадың» дегісі келді де іркіліп қалды.
 
 
– Ее, мейлі. Келіннен аса алмайтын ынжық екенсің де. Аман бол, – деді де қоя салды. Ал Ештайдың әйелі Салиқаға телефон соқты:
 
 
– Әй, болып-толып қалдым деп ісініп отырсың ба? Несиеге сұрадық қой. Саудадан қайтарар едік. Бере салсаң нең кетті?
 
 
– Жоқ, бермеймін. Қашан саудаңыз жүріп, қашан қайтарғаныңызша күте алмаймын. Менің де жарататын жерім бар.
 
 
– Ее, атаң кетіп желпініп қапсың ғой. Көрермін қай жерге дейін баратыныңды.
 
 
– Қайда барсаңыз онда барыңыз. Бізден ақша сұрамай жайыңызға жүріңіз!
 
 
– Ойыбоой, тілің ұзарыпты ғой, тілің кесілгір! Ие, ата-енеңнің әруағы ұрғыр қаншық! Есігіме келуші болма!
 
 
Осындай әңгімеден кейін Салиқа нілдей бұзылды. Күйеуінің туыстарына деген ыза-кек кернеді кеудесін. Марқұмның қаладағы үлкен ұлы әкемнің көзі деп естелікке тақиясын сұраған. Осыны құлағы шалған Салиқа атасының тақиясын көз көрмес бір жерге тығып тастады. Жарылқап оны іздеп таппағасын әйелінен сұраған.
 
 
– Әкеңнің тақиясын бағып жүріп пе едім! Ағаң не қылмақшы оны, басына киіп жүрмек пе? Білмеймін қайда екенін, – деп
теріс бұрылды. Сөйтті дағы қаладағы абысынына телефон соқты:
 
 
– Әй, қайнаға атамның тақиясын сұрапты. Тозып кеткен тақияны қайтпек? Дендерің сау ма өзі? Жоқ тақия. Қоқысқа салып өртеп жібердім! Сүйдеп сәлем айт байыңа! – деп долданды. Абысыны сабырлы әйел.
 
 
– Қайдан білейін. Әкемнің көзі деп сақтамақ екен. Өртеп нең бар? Балаларыңа сақтамадың ба? – деген. Салиқа одан бетер ызыланып:
 
 
– Күн жеп, сарғайып кеткен тақияны не қылады балаларым? Ал сенің байыңа тақияны бар болса да бермеймін. Әкесі өлгенде қосқан түгі жоқ, ұятсыз екен. Әкесінің тақиясынан садаға кетсін! – деп кілт тоқтады. Не дер екен деп жауап күткені. Абысыны үн-түнсіз телефонын басып өшіре қойды.
 
 
Тұрғын ақсақалдың кіші ұлы аудан орталығында пәтер жалдап тұрады, екі балалы. Келіншегі екеуі базардың сөресінде шылым, сағыз, балалардың тәтті-пәттісі, насыбай деген сияқты майда-шүйдені алып сатып күнелтеді. Әкесінің қырқы өткеннен кейін ағасы Жарылқапты ақша дәметіп жағалаған. Арзан үйіргелік жер кезіккен екен, соны алғысы келетінін айтқан. Жарылқап бергісі келіп, әйеліне сөз салды. Ал әйелі болса:
 
 
– Жоқ! Әрі жүрсін! Бізде де бала-шаға бар. Бермеймін! – деп кесіп айтты.
 
 
Жарылқап осының бәріне көніп, іштен тынды. Ақшаны өзі де ешкімге бергісі жоқ еді. Әйелінің мұнысы дұрыс болғанын іштей ойлады. Сөйтіп, үйінің көше жақ қабырғасына жапсарлап екі бөлме қосуға кірісті. Үлкен мал қораның піскен қышы жарамды екен, сонымен үйдің қабырғасы тұрды. Қолдағы ақшаны Салиқа едәуір кемітіп қойған еді. Өзіне алтыннан алқа, жүзік, үстіне қаракүзеннің терісінен тігілген қымбат тон алған. Баласына «Айфон» деген телефон мен компьютер әперген. Содан қалған ақша тек үйдің ағашына ғана жетті.
 
 
Енді Жарылқап Каспийбанкке барды. Мәшинесін кепілге қойып, үш миллион теңге несие рәсімдеді. Соған үйінің төбесін жапты, есік-терезе алды, темір қақпаны жаңалады, есігінің алдын бетондады және көше жақ дуалды биіктеді. Жиһаз жаңартуға да жетті. Кірекеш әріптестері оны қолпаштап, мақтады. Жарылқаптың өкінгені – мәшинесін жаңалауға шамасы келмеді.
 
 
Сырттан қарағанда марқұм Тұрғын ақсақалдың үй-жайы биік қоршау ішіндегі адам танымастай сұп-сұр қамалға айналды. Аулада мал қора жоқ, бау-бақша да қалмаған.
 
 
Аталарының немерелеріне қалдырған он бес қойы банк несиесінің ай сайынғы өтеміне шетінен кетіп таусылды. Несиені өтеу әлі де жалғасуы керек. Қысылтаяң енді келді. Кірекештің тапқаны жетпейді. Құдай қолдағанда жас келіні балабақшаға жұмысқа тұрып, соның айлығы ай сайын банк несиесін өтеуге жарап тұр. Баладан қайран жоқ, «Айфонымен» көше кезгеннен басқа бітірері болмады.
 
 
Аталарының жылдық асын өткізерде тағы да бір дүркін жанжал болды. Мал жоқ, қаражат жоқ.
 
 
– Туыстарыңа айт, ақша қоссын? Ағаң мен ініңе салық сал! – деп Салиқа күйеуінің алдында топалаң шығарды.
 
 
Ештай әйелі екеуі келген. Сазарып, құйған шайды әзер жұта отырып әбден табалады.
 
 
– Жеткен жерлерің осы болса қайтесіңдер енді. Көгермеді деген осы, – деді Ештай. – Сендерге садақа бергелі келдік. Ағам жақсы адам еді. Тәрбиесін алмаған екенсіңдер.
 
 
– Бізге күндерің түсіп отырсыңдар. Әлі көресілерің алда, – деді оның әйелі. Екеуі тез жиналып, дастарханның шетіне жиырма мың теңгеліктен екеуін тастап кетті. Салиқа ызаға булықты. Қарсы сөз айта алмай тұншыға отырып ақшаны алды. Ішінен «Әлі көрсетермін сендерге» дейді.
 
 
Жақын туыстардың арасынан төрт-бес адам атағандарын әкеп беріп кетті. Ал Жарылқаптың қаладағы ағасы мен аудан орталығындағы інісі банктен несие алып, екеуі жүз елу мың теңге әкелді. Жарылқаптың өзі кірекеш танысынан қарызға алпыс мың теңге алды. Өстіп, әйелінің табандауымен дуанашылық қалғандай болып қаражат жинады. Жылқы соймаса да екі қой сойып, жылдық асты әйтеуір өткізді.
 
 
Өмір осылай өтіп жатыр. Жарылқаптың үйіне қарай адам аяғы сиреді. Ағайын-туыспен ара суып қалған. Айналдырған үш бауыр өкпелесіп, араласпай кетті. Ілуде бір, той-жиын болса ғана бір-біріне елден ұятты деп өлгеннің күнінен барады. Бұрынғыдай шүйіркелесу жоқ. Сұп-сұр болып барысып, сұп-сұр болып қайтысады.
 
 
Жарқын қасиеттің бәрін марқұм Тұрғын ақсақал өзімен бірге ала кеткендей... Ал тозығы жеткен тақиясы үйдің шатыры астында шаң мен топыраққа басылып, өрмекшінің өрмегіне оратылып жатыр.
 
 
Жылдар бірінен соң бірі жылжып жатса да Тұрғын ата мен зайыбының басына әлі ескерткіш белгі қойылған жоқ.

Share:      
Leave a comment: