Blogs
Ұлттың мәңгүрттенуі қолдан жасалып отыр
~~ Ұлттың мәңгүрттенуі қолдан жасалып отыр
немесе қағазбасты мұғалім шәкіртін қалай жоғалтты?
«Қағазбасты мұғалім» тіркесі санамызға сіңіп кеткені сонша, оны жиі айтуды әдетке айналдырдық. Алайда сүйексіңді «әдеттің» кейін кесірлі кесапатқа жеткізер батпандай зиянын біле тұра қасақана білмеген болып, момақан, жайбарақат күй кешіп келеміз.«Қағазбастылық қасіреті» деп анда-санда бір тамағына пышақ тақалғанда барып тұяқ серпитін қой сияқтымыз. Қасіретке әр күніміздің әрбір сәті «қызмет етіп жатыр.» Соңғы бес жылда мұғалім мәртебесіне, жалақысына шағым жасауға шамасы жетпей, «қағазбастылық қыспағынан құтылар күн бар ма екен?» деп көктен құтқарушы періштені күткендей емексумен келеді.
Ұлт қасіретіне-ұрпақтың мәңгүрттенуіне айналар бұл зұлмат әбден шегіне жетті. Бұл жолы мұғалімдер қағаздың қыспағында емес, «тепкісінде» қалды. Қағаздар тиісінше толмаса, мұғалім байғұстың «таяқ жейтіні» өз-өзінен түсінікті ғой. Ал мұғалім қай кезде ел болашағы-балаларымызды баптап, ұлтжанды, «Мәңгілік Ел» идеясымен барынша сусындаған саналы ұрпақ тәрбиелей алады? Оны ойламақ түгіл, оның сіңбіруге мұршасы қалмады. Тәмамдалған оқу жылында жаппай жүргізілмесе де, қайсыбір мектептерде орын алған қағазбастылықтың әуресінен бір ғана мысал келтірейік. Оқу жылы әдеттегідей дәстүрлі сынып журналымен басталған болатын. Оқу жылының екінші тоқсанына қарай кенеттен электронды журнал деген мәселе шықты. Мұғалім оны жаңашылдықтың бір белгісіндей көріп, бас ие қабылдады (ұстаздың қабылдамасқа шарасы бар ма?). «Күнделік.кз» сайтына кіріп, тіркелу арқылы толтырылатын бұл электронды журнал дәстүрлі қағаз журналмен қатар жүргізілді әрі екеуі өзара сәйкес келу шарттылығы болды. Бұл бір журналды келесі бір форматқа көшіру сияқты сарсаңға айналды. Онсыз да уақыты сабақ беруге тым қысқа ұстаз қағазбастылыққа көміле түсті. Жасыратыны жоқ, оқушы қағаздың тасасында қалған тәлімгердің ыстық ықыласына одан сайын зар болды. Оқу жылы бойы осы үрдіс сақталып келді. «Адам үш күннен кейін тозаққа да үйренетін» болса, оның ішінде мұғалімдер қауымы үш сағаттан соң көндігіп кететін тәрізді. Бұға берсе, сұға береді дегізіп жүргенде, тағы бір ши шықты. Кейбір мектептер сынып журналының Excel бағдарламасымен жасалуы тиіс тағы бір түріне тап келді.Сонымен, сынып журналы кезекті рет көшірілуге «ұсынылды.» Бұл орайда да үш журналдың өзара толыққанды дәлдігі басты назарға алынды.Тура оқу жылының соңында тап келген бұл тәлкекке мұғалім «бұйрықтың қаттылығынан, жанның тәттілігінен» шыдап берді. Бірақ ең сорақысы- бір журналды айны-қатесіз үш рет көшірумен әлекке түскен мұғалім ол журналдарды сәйкестендіре алса да, көп қағаз қаттауға зая кеткен алтын уақытының дөңгелегін кері жүргізе алмайтыны анық еді. Осыдан кейін жүгенсіз жеткіншек, қылықсыз қыз, ұятсыз ұл қайдан шығады деп далбасалап, жиын өткізіп, кино түсіріп, рейтингісі жоғары болар жаңалықтар легін топырлатамыз. «Оқи алмайтын оқушы болмайды, оқыта алмайтын мұғалім болады» деп бар айыпты бір ғана тұлғаға аудара саламыз. Ал осы тұста оқыта алатын мұғалімдерге де топырақ шашқандай боламыз. Қағаз құшақтап жүрсе де, ұлт келешегі үшін жанын аямай жанталасып жүрген көпшілік ұстаздардың бұл еңбегін ерлік десе болар. Олар өз ықтиярларымен осы бір мамандықты өмірлеріне серік еткен еді, алайда еріктерінен тыс «қағаз кеміргішке» айналды. Мұғалімдерді сарсаңға салған қағазбастылық қашан ұлт қасіретін көзімізге шұқып тұрып көрсетер екен деп күтіп жүрміз бе? Әлде «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген түріміз бе? Ал қазақ атам «ауруын жасырған өледі» демеп пе еді? Біздің отандық білім беру жүйесінің басты ауруы-қағазбастылықта болып отыр. Осы діңге түскен ауруды жасыра-жасыра, өлермен халге жеттік қой. Оны өзіміз біле тұра, кімнен, не үшін жасырамыз? Бір журналды үш түрге түсіріп көшіргенде, оқушы патриот болып кетті ме? Жоқ! Жаңашыл мұғалім болудың негізгі қағидасы компьютерлік бағдарламармен өрнек салып, уақытын өлтіру ме? Жоқ! Мұғалімнің бар уақыты оқушыда болуы тиіс еді. Бірақ бұл абыройлы міндетті атқаруға мұғалімнің қағаз толтырудан қолы босамайды. Мұғалімді қағаз кеміргіш еткен бұл жүйе сонда ұлт келешегін кімге айналдырып отыр? Жауабын ойлаудың өзі қорқынышты. Кейін өкініштің ащы запыранын жұтып, «үнсіз» жыламас үшін, ұстазды көшіру құралына айналдырмай, оны керексіз көп қағазға байландырмай, күлім келешек иелерін тәрбиелеп шығаруына мұрсат беру ауадан бетер қажет!
Айзат Рақыш