Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
Ұмытшақтығым-ай осы

Blogs

27.11.2017
5957

Ұмытшақтығым-ай осы

Осы менің ұмытшақтығым-ай! Басқаның басына бермесін.Ұмытшақтығым емес пе, қонаққа жалаңбас барып, құндыз құлақшын киіп қайтатыным бар. Кейде ескі етігім де жаңарып келеді.

Бірде балық аулауға бара қалғанмын. Тапжылмай бір сағат, есінеп екі сағат отырдым. Түк түспеген соң шелегі толыңқыраған көршіммен қош айтысып үйге қайттым. Есікті ашқан бетте әйелімнің жүзі шырайланып, мейірімі төгіліп жүре берді. Дәл бір егіз ұл тапқандай мәз-мейрам. Сөйтсем, бұл ұмытшақтықты қойсаңшы, өз шелегімді көлге қарап балық аулап отырған, жаңағы  көршімнің  шелегімен  айырбастап  әкетіппін.

Ұмытшақтық бала кезден жабысқан пәле екенін білемін. Өйткені, ойнап жүріп жанымдағы балалардың ойыншықтарын өзімдікі екен деп алып кететін болыппын. Бақырып жылаған баласын жетектеген шешелері мұндайда біздің үйге бірі кіріп, енді бірі шығып жататыны бар-тын.

Осы ұмытшақтықтың кесірінен жақында тірі масқара бола жаздадым. Жалақы алғанбыз. Бедіміст дегенге қол қоймай кетіппін. Кәссір келіншек: «Ақшаңызды алыңыз» деп сызылып тұр. Айлығымды алдында ғана алып кеткенімді басбух айтып есімізге түсірмегенде, осы ұмытшақтықтың кесірінен  «аперист» атана  жаздадым. Қайта  жаманаттан  Құдай  сақтады.

Осы ұмытшақтықтың кесірін талай көрдім. Бірақ, жақсы жағы да бар ма деймін. Үйдің іші үлде мен бүлдеге толды. Көрші-қолаңның бәрі менің ұмытшақтығымды біліп алған,  үйге қарай келе жатқанымды көрсе болды қағып жатқан кілемдерін, жайюлы тұрған кірлерін үйлеріне қарай ала қашады. Аула да тап-таза болып қалады.

Осы ұмытшақтықтаң арылам деп бармаған дәрігер, қаралмаған емші қалған жоқ. Біреуі егіп емдесе, енді бірі қамшымен сабап емдеді. Бір емі болсашы, нанбасаңыз үйге келіп көріңіз, дәрігердің құрал-саймандары мен емшінің қамшысын көріп, бәлкім, сенерсіз.

Имандай шыным сол, ұмытшақпын. Егер қонаққа барғанда баскиіміңізді немесе судай жаңа етігіңізді киіп кетсем айыпқа бұйыра көрменіз, ағайын.


Share:      
Leave a comment: