Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Ұрлық

Blogs

17.02.2020
5292

Ұрлық

(әңгіме)

 

– Бүгін тіпті кеш келдің ғой. Жеңгем наурыз көжеге шақырып еді.

 

– Күйеу баласы ішсін десе, алыс жер емес, бір кесе беріп жебермей ме? – Есен ет тұрып қалған тісін шұқылап, жамбастай жатты.

 

– Апа шүт биш-ш, – деген баласына сүт құйып беріп отырған Бибі күйеуінің жүзіне қарады. Жанарында айтсам ба, айтпасам ба деген екіұшты ой тұр.

 

– Мына баланы айтамын, жасы бестен асып, алтыға бара жатыр. Тілі әлі анық емес... – деді сөзінің артын жұтып.

 

Есен әйеліне қарады.

 

– Өткенде доқтырға апарып ең ғой.

 

– Ауданға сілтейді. Логопед деген маманға көрсет дейді.

 

– Әй қойшы, – деді Есен әдетінше тағы да жамбастай түсіп төбеге қарап. – Менің де тілім кеш шыққан. Әкесіне тартқан да.

 

Бибі бұдан кейін сөзге келген жоқ. Есен қаламады ма оны ешқашан көндіре алмасын біледі. Аналық жүрегі баласының ертеңін ойлап сыздап тұрса да іштей тынып дастархан жинауға кірісті.

 

– Ал, жиналыңдар, – деді Есен есіне әлдене түскендей орнынан ұшып тұрып.

 

– Тыныштық па?

 

– Тыныштық. Жеңгеңнің көжесін ішіп қайтпаймыз ба?

 

– Былай болсын, – деді Есен көлік ішінде келіншегіне күле қарап. Жеңгеңнің көжесін ішіп болған соң сен оларды әңгімеге айналдырып отырасың. Мен бір қойын алып үйге әкеліп тастайын.

 

Бибі шошып кетті.

 

– Денің сау ма? Неге?

 

– Балаңның тілі шықсын десең солай істеуге тура келеді. Қалғанын  кейін түсініп жатарсың.

 

– Сенің де шығармайтының жоқ.

 

Бибі ештеңе түсінген жоқ. Дегенмен жанарында бір үрейдің ұялағаны анық.

 

Бұлар барғанда күтіп отырғандай-ақ қайын жұртының қақпасы тез ашылды. Жеңгесі әдетінше алдымен шайын, кейін наурыз көжесін алып келді.

 

– Әй, жеңеше-ай, қолың бал ғой сенің. Мына қайын сіңліңе де осылай дәмді етіп тамақ пісіруді үйретсейші, – деді әзіл-шынын араластыра қалжыңдап.

 

– Көңіл үшін айтып отырғаның ғой. Әйтпесе, қайын сіңлімнің қолы менің тамағымнан да шырын шығар сен үшін, – деді жеңгесі де әзілдей күліп.

 

Көже ішіліп болған соң әңгімеге көшті.

 

– Сендер әңгімелесіп отыра тұрыңдар, мен барып бензин алып келейін, – деген Есен жылдам шығып кетті. Ештеңеден сезіктенбеген аға-жеңгесі мұның тілі шала баласының сөзін қызықтап әлек.

 

Ұйытқытып кетіп, ұйытқытып келген Есен «ал, біз кетейік» деді асығып.

 

– Тағы кішкене отырғандарыңда болар еді, – деп бәйек болып жатыр жеңгесі.

 

– Рахмет отырдық. Көжеңіз дәмді болған екен. Ертең түсте біздің үйге тамаққа өтіңіздер, – деді кетіп бара жатып.

 

– Не істедің? – деп сұрады сәл ұзаған соң-ақ Бибі.

 

– Үйге апарып қойдым. Ертең ертемен сойып, қазанға салайық. Түске үлкен кісілерді де айтып жіберейін.

 

– Неге олай етіп жатқаныңды түсінсем бұйырмасын. Біреудің малын ұрлап құран оқытқаны несі?..

 

– Ертең түсінесің.

 

Осымен сөз бітті. Ертеңіне ағасы бар сырын ішіне бүгіп үнсіз келді. Жеңгесі болса әдетінше самбырлай кірді.

 

– Әй, жұрт тынышта не қылған ұры десейші, кеше түнде қойымызды ұрлап кетіпті. Тағы ішіндегі ең семізін алып кеткенін айтсаңшы, – деп күйіп-пісіп отыр.

 

– Ештеңе етпейді. Алса, бөтен алмаған шығар, – деді ағасы.

 

– Дұрыс айтасыз, – деді Есенде сөзді іліп әкетіп. – Марқұм әжем тоқсаннан асып көз жұмды. Ол кісі өте ақкөңіл, әрі жомарт жан болатын.

 

– Е, Зиба кемпірді білеміз ғой, – десті отырған жұрт бас шұлғып.

 

– Баламыз, қой бағып жүріп ойынға алданып кетеміз, – деді Есен сөзді алыстан орағытып. – Сөйтіп, кейде бірлі-жарым қойымызды жоғалтып аламыз. Әкем ұрысып, іздеуге аттанбақ болса, әжем марқұм үнемі «қой балам, кетсе бөтенге кетпеген шығар, осы ауылдың адамы ғой» дейтін. Сонда деймін, ізін іздеп, соңын қумасақ та ертеңіне немесе үш-төрт күн өткен соң әлгі адамдардың өздері қорамызға айдап әкеліп беретін.

 

– Ия, ала жіптен аттамау да үлкен сын ғой, – десті отырғандар.

 

– Менің тілім кеш шыққан екен. Мектепке барғанымда да дұрыс сөйлей алмайды екенмін, – деп сөзін жалғады Есен. – Мұғалімдер мектепке алмаймыз деген көрінеді. Сонда әжем әкемді ұрлыққа жібергені әлі есімде.

 

«Ұрлыққа» деген сөзді есітіп, дастарханның басында отырғанның бәрі Есенге қарап қалыпты.

 

– Мына баланы мектепке алмаймыз дейді. Доқтырға көрсету керек, – деген әкеме әжем,

 

– Доқтырыңды қой, одан да мұның нағашысын қонаққа шақырып кел. Қайтарыңда бір қойын ұрлап кел, өздері білмесін, – деген екен. Содан әкем әрең дегенде әжемнің айтқанына көніп, әйтеуір нағашымшың қойын ұрлап келгені әлі есімде. Сол қойды сойып, көтенішегімен мені қылқындырған сияқты ырымын жасаған-тын. Әжем марқұм үнемі сол қызықты айтып отыратын. Нені меңзеп отырғанымды түсініп отырған боларсыз, аға? – деді Есен әңгімесін аяқтап қайынағасына күле қарап.

 

– Ия, – деді қайынағасы да күліп, – өзімның де ішім сезіп еді.

 

– Е, – десті отырғандар.

 

– Ем болсын, онда таңнан бері ойбайлап жүргенім ұят болған екен ғой, – деді жеңгесі ұялып.

 

– Ия, ия. Нағашысының малының көтенішегімен қылқындыратын ырымы болушы еді, дұрыс, дұрыс, – деді Төлен ақсақал сөзге қосылып.

 

– Оны білдірмей ұрлау керек дейді ғой.

 

– Бұрынғылардың ырымы қырын кетпеген ғой.

 

– Олар да өмірден алған ғой. Уақыт сүзгісінен өтіп, әбден сұрыпталып бізге жеткен жәдігерлер ғой.

 

– Қане, сол баланы әкеліңдер таңдай берейін. Сөйлемек былай тұсын, таңдайы тақылдаған шешен болсын, – деп бас мүжіп отырған қаба сақал қария Есеннің баласын алдырып алдына отырғызды.

 

– Ал, айналайын Есен мына Ұлыстың Ұлы күнінде өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып отырсың. Жетпіс жыл бодан боламыз деп санамыз уланып, талайымыздан айырылып қалдық. Бұрынғыларды көрген, өнегесін алған біздің өзіміз ата-бабадан қалған дәстүрді сендерге бере алмай келеміз. Ескінің сарқыншағы деп есімізді ұмыттық. Естілігімізден айырылдық. Біле-білгенге ата-бабаларымыздың әрбір сөзі бір мектеп екен.  Оны біз дұрыс түсінбеппіз. Ал, бүгін келіп жастар бұзылды деп бүгінгі ұрпақты кінәлаймыз. Қарап отырсам біздің өзіміз оларға мектеп бола алмаппыз. Міне, сенің әженнің мектебін көріп отырмыз. Тіпті, сол кезде бес-алтыдағы бала болсаң да есіңде қалыпты. Сол қазақылықты есімізге салып отырсың. Марқұм Зиба кемпір бір аунап қалған шығар. Ал, бізді ертең немерелеріміз не деп еске алады екен деп ойлап отырмын қазір. Пенсиемізді алғанда әперген балмұздағымызбен еске ала ма? Әй, қайдам?... – Төлен ақсақал тебірене сөйлей жөнелді.

 

Жағалай отырған шал-кемпір түгел үнсіз бас изесті.


Share:      
Leave a comment: