Blogs
Хабиба
Хабиба
(Хабиба Елебекованың «Ғасыр қасіреті» атты сценарийінің желісімен жазылған 2 актілі пьеса)
Қатысушылар:
Хабиба (Елебекова) – театр актрисасы, ғасыр қасіретін көзімен көрген 100 жастағы кейуана.
Әруақ – Хабиба апаның мұңдастары, елес
Күсен – байшыкеш, шолақ белсенді
Сапбас – Күсеннің қарамағындағы есерсоқ жалшы
Қарақбай – қылмыскер ретінде жазықсыз ұсталған адам, Хабибаның әкесі
Қыз бала (Хазина) – Хабибаның 19-20 жастардағы кезі
- акт
Уақиға театр сахнасында өтеді. Шымылдық ашыла бастайды. Қараңғы бөлменің жан-жағына пілте шамдар қойылған. Жоғарыда ай тұр. Төбеден түскен жарықпен бірге ілесіп, үстіне ақ кебін жамылған Хабиба апа ортаға қарай сүйретіле жақындайды. Алыстан қобыз сарыны естіліп тұр. Арғы жағында әруақтар, қобыз тартқан кейуана шал, баласын құшақтап отырған аналар т.б. жүр. Хабиба апа екі қолын көкке жайып, айға қарап, дұға оқып сыбырлай бетін сипап, қалшылдай келіп, тізерлеп отыра кетеді.
Хабиба: - Ей, қасиетті әулиелер! Мен сендердің әруақтарыңмен тілдескім келеді. Ей, қасиетті қара шаңырақ! Есіңде ме, бір кезде осы қасиетті қара шаңыраққа 17 жасымда келіп едім ғой. Өзіңмен бірге жасастым, жасасып қана қойғам жоқ, бүкіл ғасырдың тарихын арқалап келдім. Ғасырдың талай қасіретті күндерін де басымнан өткердім. Енді сол ғасыр соңында не көрдім, не білдім, соны түгел айтқым келеді.
Әруақ: - Ия, дұрыс ойлапсың, айт, айтқаның жақсы. Өткен өмірді білмей кейінгі ұрпақ өркендей алмайды. Театр белестерін де, ғасыр қасіретін де қалдырмай айт! Шындығын айт! Кәне, баста!
Хабиба: - Мен 1916 жылы туыппын. Әкем сауатты, санасы мол, адамгершілік парасаты жеткілікті жан екен. Ел оны құрмет тұтып, «жақсы аға», деп атап кетіпті. Әкем мені бала күнімнен бетімнен қақпай, еркелетіп еркін өсірді. Жас кезімнен әдебиетті сүюге, өнерді сүюге жетеледі. «Ешкімге тәуелді болмай, өз бойыңдағы барыңа сен», деп үйретті. Бұл менің бала кезімдегі аз ғана бақытты шағым еді.
Әруақ: - Содан кейін не болды?
Хабиба: - Қазақ еліне жақсылық пен жамандық кезек келіп отыру дағдыға айналғандай еді. Жері шұрайлы, шөбі құнарлы, өрісі малға толы, қонысы елге толы, мамыражай тіршілік етіп жатқан кез еді ғой. Кенет Кеңес өкіметі орнады. Жаңа Заң шықты. Елді колхоздастыру, малды ортаға салу, әлді шаруалардың көзін құрту – бұлардың негізгі мақсаты болатын. Ауыл белсенділері шаш ал десе, бас алып, жазықсыз адамдарға ойдан неше түрлі бәле жауып, қырғидай тиді. Кім аяусыз безбүйрек болса, соның сөзі сөз, айтқаны заң болды. Ол кезде аудан басшылары да осы тектес болды. Әлді шаруаларға адам естімеген, ойдан шығарған салықтар салды.
Кел, қазақ кедейі, ұйымдас жалшымен,
Байларды, молданы, қойдай қу қамшымен! – деп өлеңдетіп жүріп, «байшыкеш» деп ат қойып алған адамдарды ұрып-соғып, ойларына келгенін істейтін. Иә, олар безбүйрек болды! Безбүйрек!
(Хабиба апа сүйретіліп кетіп бара жатады. Перде жабылып, екінші перде ашылады. Сахнаға Күсен шығады.).
2 – акт
(Сахнадағы экранға «1930-1932 жылдар аралығындағы оқиға», деп жазылады).
Күсен: - Әй, Сапбас, нағып жүрсің мәңгіріп?! Тісің барда шайнап қал! Баспайсың ба тақымға, додаға түскен көкпардай! Ес жиғызбай жұлмайсың ба түтелеп!
Сапбас: - Ағатай, айтқан сөздеріңізді түсінбей қалдым! Маған біреуді әкел дедіңіз бе? Кімнен бастайын?
Күсен: - Өзің-ақ білмейсің бе, маубасым, ауды алдымен кімге құрарын?! Үлкен шортан ауға түссе, қалдары түк емес! Ұқтың ба?
Сапбас: - Ұқтым, ұқтым. А, Шортан? Шортанды қалай ұстаймын? Ағатай, мен балық ұстай алмаймын. Қинамаңызшы мені. Онан да өзім сияқты кісіге жұмсаңызшы мені.
Күсен: - Түсінігіңе болайын, жануарым!
Сапбас: - Ой, ағатай, қойыңыз. Мен жануар емеспін. «Ей, осы жануар деп кімді айтушы еді, ә?» Ә, таптым, атты айтады. Ағатай, мен ат бола алмаймын. Мен бастық болмай-ақ қояйын, босатыңызшы осы қызметтен. Басқа біреуді қойыңызшы, ағатай!
Күсен: - Ой, мәукіл бас бейшара! Жануар емес, адамсың! Бар әкел алдыма Қарақбайды! Үлкен шортан деп соны айтам! Ұқтың ба?!
Сапбас: - Ұқтым, ұқтым, ойбай-ау, барлық ел оны «жақсы аға», деп құрмет тұтады ғой. Жазықсыз адамды қалай сүйрелеймін? Батылым бармайды, ағатай. Басқа біреуді жіберсеңіз қайтеді?
Күсен: - Доғар былшылды! «Жазық-мазық» дегенді қайдан шығарып тұсың? Ойдан шығарып жаба салмайсың ба жаланы?! Таста бейшаралық мінезді. Оларға аяушылық болмасын! Мін, кәпірістан қайратқа! Жаныңның барында қазір айдап кел!
Сапбас: - Қазір, ағатай, әкелем бәлемді, аямаймын! Бірақ мені кәпір бол демеңізші. Кәпірі құрысын, ол жаман ғой. (Бұлар кетеді. Сахнаға Қарақбай, Сапбас шығады. Қарақбайдың жанында жас қыз бала (Хазина) бар).
Сапбас: - Бас аяғыңды!
Қарақбай: - Оу, Сапбас мырза! Бұныңыз не жорық? Қайда алып бара жатырсың мені? Мен не істедім сендерге?!
Сапбас: - Ә, бәлем! Білмейсің бе? Білмейсің! Үкіметтің жаңадан шығарған жарлығын! Бас аяғыңды, бас, бас!
(Сахнаға Күсен шығады).
Қарақбай: - Ей, Күсен! Бұл қай жолсыздық?! Мені еріксіз айдап әкелетіндей не қылмыс істедім? Жазығымды айтып өлтірсеңші?
Күсен: - Немене, жазығыңды білмейсің бе? Салған салықты неге төлемейсің?
Қарақбай: - Бар нәрсе болса бір сәрі, жоқты қайдан тап дейсің? Халықта бір түйір астық жоқ, ел етпен қоректеніп жүргенін өзің жақсы білесің. Тіпті, бидайды былай қоялық, малдың тұяғын, сүйегін, итті салық қып салдың. Малдың тұяғын сыпырып шешіп алатын ол кебіс емес қой. Әлде, сен білетін шығарсың? Үйрет қалай алатынын. Ал сүйекті қайдан табам? Итті қайдан табамыз? Әлде адамша түсінбейтін ит мінезді адамды салу керек болса, онда сені салу керек қой!
Күсен: - Доғар, былшылды! Табасың! Табаныңның астынан қазсаң да табасың! Сүйекті таба алмасаң, өз сүйегіңді сал!
Қарақбай: - Менің сүйегім сенің жауыздық дертіңе ем болатынын білемін. Ол арманыңа да жетерсің!
Күсен: - Тоқтат сөзіңді! Ей, Сапбас, мынаны тез апарып абақтыға жап! Салған салықты төлемегені, үкіметке қарсы шыққаны үшін мұның орны абақты! (Әкесінің жанында еріп келе жатқан жас қыз Күсеннің аяғына жығылып, жылайды).
Қыз бала: - Ағатай-ай, әкеме тимеңізші! Мені әкемнен айыра көрмеңізші?!
Қарақбай: - Тұр, балам! Жығылма аяғына! Қасиетті сөзіңді бұндайларға қор қылма! Сөз тыңдау үшін адамда адамгерлілік болуы керек. Ондай қасиеттен жұрдай адамға, сенің көз жасың – күлкі, өлімің – ойын болып көрінеді. Бұндайларға жалынушы болма!
Күсен: - Ей, Сапбас, әкет тезірек, көз алдыма сүйел қылмай! (кетеді)
Сапбас: - Жүр тез! Аттар даяр тұр.
Қарақбай: - Үй ішіммен бақұлдаспаймын ба?
Сапбас: - Үйіңнен жаңа шықтың ғой. Қызың қасыңда тұр.
Қарақбай: - Иә, солай... Сендердің айтқандарың заң болып тұр ғой. Солай-ақ болсын. Кішкене тұра тұр. Баламмен қоштасайын. Қарағым, еркетайым! Хазинашым! Әкеден қалар дүниелік мұра, мұра болмайтынын көріп отырсың. Рухани мұра қалдыра алдым ба, жоқ па, оны өмір көрсетер. Ендігі саған айтарым, адам өмірінде талай қиыншылық кездеседі, балам. Мынау өмірде ол ауыртпашылық тым жақын тұрғанын сезем. Сондай панасыз қалғандай күн болса, өзіңе-өзің сүйеу бол... Өзіңе-өзің ақылшы бол...Өзіңді-өзің түзу жолға сал! Менің ең соңғы сөзім де осы болар... Балапаным, мықты бол! Қош болыңдар, ел-жұртым!
Жүген-құрық тимеген асаудай, еркін өскен ел едің. Енді міне, басыңа ноқта түсті. Қалған күнің не болар? Тек бір Алла жар болып ақырын түзесін. Қайран елім, ел ағасының қатарына көтеріп, аялап ардақ тұтып едіңдер. Сол сенімдеріңді ақтай алдым ба, жоқ па? Шама-шарқым келгенше әділ болуға тырысып едім. Ағаттық істегенім болса кешіңдер! Сендермен де бақұлдасқаным осы болар... Қош болыңдар! (Қарақбайды Сапбастар сүйреп әкетеді).
Әруақ: - Иә, солай болған-ды. Оның ар жағында қандай күйге ұшырадың?
Хабиба: Біздің басымызға қасіретті күн туды. Ата қоныс жерімізді, туып-өскен ауылымызды, басымыздағы үйімізді тастап, күн көрістің қамымен бет-бетімізге қаңғырып кеттік. Әкемді абақтыда бір жыл ұстап, Гурьевке жер аударды. Бұл 30 жыл болатын. Мен бұл кезде ағайынымыз Әшірбек ағайдың үйінде тұратынмын. Елдің халі нашарлай берді. Шыдамы таусылағн халық көтеріліс жасады. Бұл көтеріліс әр жерден бас көтерді. Көтерілісті жою үшін Шуфин деген баскесерді елге шығарды. Ол көтеріліске қатыспаған жас жігіттерді отрядына қосып алды. Бармаймын деуге шамасы жоқ ел амалсыздан қосылса керек. Шуфин деген: «қазақтарға аяушылық жасамаңдар, алдарыңнан үріп шыққан ит болсын, бала болсын, әйел болсын шеттерінен ата беріңдер!», деп бұйрық берді. «Қазақпыз!», деп шырылдағандарына қарамастан, қазақ жігіттеріне бірін-бірі қырғызып қойды. Бұйрықты орындамағандарды жазаға тартты. Бұл оқиға қазақ жігіттерінің жүректерінде тайға таңба басқандай қалып қойды. Жас балаларды атпағаны үшін намысшыл қазақ жігіттерінің өздерін атып тастады. Әйелдер алақанын жайып жіберіп, теріс бата берді. Қан қақсап отырып, баласы үшін зарлап жылаған заман болды. Қарсы тұруға шамасы жоқтар бет-бетімен жан сауғалап, қаша бастады. Кейбіреулері басқа елге де өтіп кетіп жатты. Ақыры 31 жылдан басталып, 32-жылғы қырғын аштыққа тап болдық. Көз көріп құлақ естімеген сұмдық жағдайлар басымнан өтті. Топалаң тиген қойдай әр жерде домалап өліп жатқан адамдар. Тірілерге бұл көріністің жаңалығы жоқ. Еті үйреніп кеткен. Е-ей, жасаған-ау, қазақ халқының ешкімге істеген өктемдігі жоқ, қиянаты жоқ, малын бағып, барына қанағат етіп, тиыш жатқан ел емес пе еді? Осынша қырғынға неге ұшырады?
Әруақ: - Иә, солай. Кейде халық тым жуастықтан да зардап шегеді. Сен өз жайыңды айтшы.
Хабиба: - Өз жайым ба? Ел көшкенде көзі ашылмаған жас күшік енесіне ере алмай жұртта қалмаушы ма еді? Менің халім дәл сондай болды. Неден нәр аларымды білмеген, кімге сүйенерімді білмей, үміт сәулем бұлыңғыр кез болатын. Сол ауыр күндердің бірінде... Әкең өліпті деген хабар жетті. Жан даусым шықты да қалшидым да қалдым. Орыстың «Кемерова» деген қаласында тұрған екі шешем, Рымбай деген жалғыз бауырым, Дәлилә деген апам бәрі де, төртеуі де өліпті. Жаңаарқа ауданында тұратын Харира дейтін апам, күйеуімен екеуі де аштан өліпті. Елдегі Күләнда деген үлкен апам екі баласымен аштан қырылыпты. Өрттен қалған жалғыз талшыбықтай мен ғана қалдым. Құдайға, «Мені құзғындардың жемтігі қылмай, алшы»,- деп зарлап жыладым. Бақытсыз басым кімді паналарын білмеді. Бір ауыз ақтық сөздерін ести алмағаныма өкіндім. Топырақ та сала алмадым. Қайсысының қандай күйде қалғанын да білмедім. Әлі де айтуға ауызым бармайды. Қасірет басқан түнекте қала бердім. Бұл менің ғана басымдағы жағдай емес, мыңдаған адамдардың басынан өткізген қорлықпен уландырған зұлмат заман. Мен осыны көрдім. 31 мамыр 1931-1932 жылдардағы аштан қырылғандар мен жазықсыз жапа шеккендер, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп қаулы қабылдағанын естіген күні есім кете жыладым. Ең болмаса бүкіл халық аза тұтып, қасіретті еске алатындарына тәуба еттім. Міне, балалық шағымда, ғасырдың алғашқы жылдарындағы замана тарихының ең ауыртпалық жылдарын осылай өткіздім. Ей, айналайын әруақтар, ендігі өмірім өздеріңе аян ғой!
Әруақ: - Иә, аян! Мен сенің өміріңді жақсы білем Хабиба!
Хабиба: - 1935 жылы Қарқаралыға келіп, осыдан бір жыл бұрын ашылған театрда істеп жүрдім. Біз алғаш «Біржан-Сараны» қойдық. Біржан болып Иса ақын ойнады. Біржанның асқан дауылпаз әншілігін, дарынды сазгерлігін, серпінді тәкаппарлығын өте көрікті ғып көрсетті. Ойымызды тез арада дайындап қоятын болғандықтан, Біржанның өлең шумақтарын жаттай алмағанына Иса қарап жатпайтын. Әрі қарай шумақтарын өз ойынан шығарып, жалғастыра беретін. Исаның өлеңі ме, Біржандікі ме айыра алмай қалатынбыз. Шіркін, Иса да асқан ақын ғой! Сол жерден Жүсіпбектің етегінен ұстап, 1935 жылы жаңа өмірге жол тарттым. Тамыз айының сегізінде Алматыға келіп, осы қара шаңыраққа мүше болдым. Бұл 1935 жылғы қыркүйектің бірі болатын. Театрдың құрылғанына 9 жыл болса да, едәуір өсіп кеткен еді. Осы өсудің айғағындай 1936 жылы Қазақ көркемөнері мен көркем әдебиетінің Мәскеуде өтетін онкүндігіне екі айдай дайындалып, мамырдың бас шенінде жолға шықтық. Бұл онкүндік, әсіресе өнер адамдары үшін үлкен сын еді. Үлкен табыспен елге оралдық. Бірақ, қуанышымыз қайдан жалғассын?! Қазақ халқының маңдайына қайғы мен қасіреттің алмасып келіп отыруы жазылса керек. Тағы да қасіретті күнге тап болдық. 1937 жылдан бастап, халқымыздың бетке ұстар азаматтарын, біртуар бірегейлерін, жанға өлшер жампоздарын баудай түсіріп, түрмеге жапты. Ақыры қырғынға ұшыратты. Халық қанын сорып алып алып, сүйегін қалдырғандай қаусап қалды. Жәутеңдеген жетім баладай күй кешті. Халықтың рухани халі бұрынғыдан да жаман болды. Өз баласын туған әкесіне қарсы жаулық істеуге дайындаған саясатты бастан өткіздік. Аңдамай сөйлеген бір ауыз сөздері үшін атылып кетіп жатты. Еркіндік деген атымен ұмытылды. Бас жібін ұстап алып жетелеген малдай қалай жетелесе де қарсылық көрсетпей жүре беретін болды. Тұтқындағы азаматтардың әйелдеріне дейін айдап апарып ауыр қара жұмысқа салды. Осындай күндер өтіп жатқанда 1941 жылғы Ұлы Отан соғысы басталды. Қасірет үстіне қасірет қосылды. Ел сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Соғыс жүріп жатқан жерлерден күйзелген әртүрлі ұлттардан тұратын мыңдаған отбасы келді. Өздері әлсіреп отырса да, қазақ оларды құшақ жая қарсы алды. Бұл біздің ежелгі бауырмалдық дәстүр еді.
Әруақ: - Осындай ауырпалық басып тұрғанда, өнердің, театрдың хәлі не болады соны айтшы?
Хабиба: - Соғыс жылдарында театрдың жайы айтарлықтай ілгерілеп кеткен еді. Бір ғажабы осындай қиыншылықта, түлкіқұрсақ болып жүргендеріне қарамай, көрермендер театрға үзбей келіп тұратын. Тіпті, студенттер өздерінің өздеріне берілген 600 грамм нанын сатып, соның ақшасына билет алып келетін. Сол кезде халық театрды киелі, әруақты үйдей бағалаушы еді. Өнерге деген халықтың ықыласы өнерпаздарды қанаттандырып жіберді. Майдан шебіне барып, тікелей рухани күш-жігер беріп, концерттер қойып келетінбіз. Эх, небір заман өтті ғой басымыздан!
Әруақ: - Басыңнан өткен қызықты сәттерді де баяндамайсың ба, Хабиба?!
Хабиба: - Ә, иә, бірде сөйтіп ел аралап жүріп, Мұхтар Әуезов пен Сапарғали Бегалинді де көзіммен көрдім. Мұхаң Абай атамыздың жайлауларын аралап көрмекке әдейі атпен шықса керек. Қызығына батып, бәрін аралап жүрем деп, кеш болып қалғанын байқамай қалса керек. Қараңғы түсіп кеткен соң, атқосшылары жол сорабынан адасып, ақыры Мұхаң далаға қоныпты. Ертеңмен аттанып келе жатса, ән шырқап күздік егіп жүрген біздің ауылдың әйелдеріне жолығып, қызу еңбекті ән салып істеп жүргендеріне таң қалыпты. Сүйсіне сөйлескенде, колхозшылар түндегі өткен кеші, ерекше қуаныш тойдай болғанын, орталықтан Жүсіпбек бастаған әнші, биші, күйшілер келіп қажып жүргеде ауыртпалықты сыпырып тастағандай әсер еткенін айтысыпты. Соны естіген Мұхаңдар Жүсіпбектер кетпей тұрғанда орнынан баспақ болып, жеделдетіп келіпті. «Сендер бізді аяңдар, біз далада түнеп шықтық. Бүгін тағы қалыңдар», деп көндіріпті. Сөйтіп тұрғанда Мырза шоқының батыс жақ иығынан шыққан өртті көреді. Мұхаң бастаған қырмандағылар түгел атқа қонып, өртті сөндіруге кіріседі. «Өртті сөндіруге әртістер мен жазушылар да келіпті!» десіп жүр жұрт. Өртті сөндіріп болған соң, Мұзаң келіп өрт сөндірісіп жатса, бүгін жасамағанда тойды қашан жасаймыз? Алла жазса соғыс та жеңіспен аяқталады деп, бір ақсарбастарын құрбандыққа шалып тойлаған болатын. Соғыс та жеңіспен аяқталды. Қазақ өнері шетелді де тамсандыра бастады.
Әруақ: - Е, тілдеріңнен сол шетелге барамыз деп айырылған екенсіңдер ғой!
Хабиба: - Иә, 80 жылдан бастап қазақтың ұлттық тілі қолданудан қала бастады. Қазақ тілі қоғамдық тілден сыртқары қалды. Қазақ тіліндегі мектептер жабылуға айналды. Ана тіліміз тек отбасында ғана сөйленетін болды. Өз мүмкіндігімізді өзіміз иеленуден қалдық. Республикадағы шығып жатқан жаңа кендерден өндірілетін миллиардтаған ақшадан, жарытымды ақшаға да ие бола алмады. Әдебиет, мәдениет саласындағы ұлттық тамырдан айырылып тонын айналдыра бастады. Республика басшылары қарсы тұра алмай, сол ізбен кетуге мәжбүр болды. Ақыры Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Дінмұхаммед Қонаевті ілезде орнынан алып, орнына Колбинді қойды. Осыған байланысты, республика жастары желтоқсанның 16-күні жаппай ереуілге шықты. Бұл қозғалысты жою үшін арнайы құрылған солдаттар шақырылды. Қолдарына қысқа сапты күрек. Қатты ағаштан істелген қолшоқпары бар солдаттар кездескен адамды ұрып жығып жандары рахаттанып жүр. Еркіндік аңсаған елді қара мейіздей езді. Суға тоғытқан қойдай сүмірейтіп, үсітіп өлтірді. Жел айдаған қаңбақтай, өлі-тірісіне қарамастан домалатты. Өрт сөндіретін машинадан екпінді сумен атқылап, тұншықтырды. Қыздардың шашынан сүйреп, жатырынан теуіп, езді. Өмірі бала көтерместей етті. Аяқ киімдерін шешіп алып, машинаға тықты. Қала сыртына апарып шұңқырға төгіп жатты. Жалаңаяқ жүре алмай, сол жерде үсіп өлді. Қашқандарын итпен қуып, талатып өлтірді. Құтқарам деген қазақтың намысты жігіттерін күрекпен ұрып өлтірді. Мұнан өткен сорлылық бола ма? Ойымызды қашан айта алатын күнге жетеміз деді жастар. Сол кездегі жастардың бастамасы, әбден шегіне жетіп, жарылғалы тұрған елгдің еркіндігіне жол ашты. Тірі өліктей табанда тапталғандарға жан бітірді. Санасы бар азаматтардың намысы көтерілді. 1989 жылы Олжас Сүлейменовтің басшылық етуімен Невада-Семей қозғалысы болды. Осыдан кейін бостандық аңсаған ұйымдар көбейді. Осындай толқынды қозғалыстар ақыры әкеп мыңдаған жылдар армандған еркіндікке, егеменді ел болуға жеткізді. Барлық ғаламды жаратушы Алла ғасырлар бойы біздің құлдықта, қорлықта, тіпті ұлттық атымыз жойылып кете жаздағанымызды аяп, ешқандай қиындықсыз Тәуелсіздікке жеткізді!
Әруақ: - Дұрыс айтасың, Құран кәрімнің Нафл сүресінің 10 аятында, «жәрдем тек Алладан ғана келеді!» делінген.
Хабиба: - Ал, 1991 жылы ел басқару тізгінін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа азаматтық, адалдық, әділдік сеніммен тапсырдық. Ей, әруақты ағаларым! Сендер көре алмаған азаттықты мен көріп келдім. Енді қазақ деген елді білмейтін ел жоқ. Елбасымыз өзін де, елін де дүниежүзіне танытты. Бұған кеуде кере қалай мақтанбайсың?! Бұрын ауызға алуға қорқатын ислам дініміздің бұл жылдары өрісі кеңейді. Мұсылмандық дін жолы адалдыққа, әділдікке, бауырмалдыққа, тазалыққа апаратын жол. Тіпті, өзгеше бір әсем поэзиялық үнді құран оқылғанда мейірлене тыңдамайсың ба? Ислам діні – түпсіз мұхит, сарқылмас кен! Сарыарқаның төсінен жаңа елорда – Астанамыз салынды. Күн санап өсіп келеді ол да! Осы байлықты жеке адам ғана емес, барлық жекелеген адамдар, кейінгі ұрпақ көрсін деп бата бере келдім! Тілді де, дінді де жетілдіріп, жемқорлық атаулымен күресіп жатыр ел бұл күні. Ей, жаратушы Алла! Тартқан азабымыз аз емес еді ғой. Құран кәрімдегі Шарих сүресінің 6-аятында: «Әрбір ауыртпалықтың бір жеңілдігі болады», демеп пе еді? Халқымды сол жеңілдікке жеткізе гөр!
Әруақтар: - Әмин!
Хабиба: - Халық үшін жанын ортаға салып, елмен бірге күліп, елмен бірге күйінетін, намысты, ұлтжанды азаматтарды көбейте гөр!
Әруақтар: - Әмин! Әмин!
Хабиба: - О, мейірімді, Алла! Ел бастап отырған еріме, бастаған ісін абыроймен орындап шығуы үшін, зор денсаулық, ұзақ өмір бере гөр! Елді ондай зұлматты көрсете көрме, Алла! Ар тілегім, бар тілегім, зар тілегім жасаған! Тілегімді қабыл ет!
Әруақтар: - Әмин!
(Ортаға қатысушылардың барлығы шығып, отыра қалып, қолдарын жайып, Құдайдан тілек тілейді. Бекболат Тілеухановтың «Елім менің аңсаған» деген дауысы қобыз үніне ілесіп естіледі. Музыка күшейе түседі. )
СОҢЫ
Автордан: 2005 жылдары Хабиба апамызбен сұхбаттаса барғанымда, осындай бір сан ғасырдың қасіретін өз көзімен көргендер аз ғой, шіркін, сахнаға қойылса, кейінгі ұрпаққа қандай сабақ болар еді! Мен барлығын айтып кеттім. «Менің бір жазғаным бар еді, соны жазып шығарсаңшы», деп, жазғанын ұсынып, аманаттап еді. Сол тілегі бойынша жазып, өздеріңізге ұсынуды жөн көрдім. Оқиға Хабиба апамыздың өзі жазған «Ғасыр қасіреті атты» сценарийінің желісі бойынша өрбітілген. .