Ыбырай жолы – ұлт болашағы
Қазақ даласында білімнің шамын алғаш жаққан ұлы тұлға – Ыбырай Алтынсарин. Ол үшін білім – жай ғана оқу емес, ұлттың ертеңін айқындайтын ең басты күш, халықты алға жетелейтін рухани тірек болды. Сол себепті де оның есімі қазақ тарихында ағартушылықтың алтын арқауы ретінде мәңгі сақталды.
1864 жылы киелі Торғай топырағында Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларына арналған тұңғыш мектептің іргесін қалады. Бұл – қазақ қоғамы үшін үлкен тарихи серпіліс, рухани жаңғырудың бастау нүктесі болды. Сол кезеңде білім беру жүйесі шектеулі болса, Ыбырай енгізген зайырлы білім бағыты жаңа дәуірдің есігін ашты. Балалар тек діни сауатпен шектелмей, оқу, жазу, есептеу, өмірлік дағдыларды меңгерді.
Ұлы ағартушының басты мақсаты – қараңғылықты жеңіп, надандықтың пердесін түріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу еді. Ол осы жолда тек ұстаз болып қана қоймай, оқу құралдарын да жазды. «Қазақ хрестоматиясы» – қазақ баласының ана тілінде білім алуына жол ашқан алғашқы оқулықтардың бірі ретінде тарихта қалды.
Бүгінде киелі Торғайдағы сол алғашқы мектеп – жай ғана білім ордасы емес, ұлт рухының нышаны,қазақ білімінің қара шаңырағы. Бұл қасиетті мекеннен талай арманшыл, елге қызмет етуді мақсат еткен азаматтар түлеп ұшты. Ол – тарих, ол – тағылым, ол – ұлттың ояну дәуірінің бастауы.
Мен үшін бұл мектеп – жай ғана оқу орны емес, өмірлік бағыт берген киелі қара шаңырақ. Мен – осы білім ордасының түлегімін. Қазір 11-сынып оқушысымын, «Алтын белгіге» үміткермін. Осындай тарихы терең мектепте оқу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл орта мені тек білімге емес, биік мақсаттарға жетеледі.
Мен өзімді осы ұлы жолдың жалғастырушысы ретінде сезінемін. Қазақ мектебінің қара шаңырағында оқу – мен үшін мақтаныш пен рухани күштің қайнар көзі.
Алдағы арманым – қазақ мектептерінің қара шаңырағынан түлеп ұшып, журналистиканың қара шаңырағына айналған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қанат қағып, елдің сөзін сөйлейтін білікті журналист болу.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтқандай, сөз өнері – қоғам айнасы. Осы ұлы ұстанымды негізге ала отырып, менің де мақсатым – журналистика саласын таңдап, халыққа шындықты жеткізетін, ел үнін еститін кәсіби маман болу.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні демекші,Ыбырай салған сара жол білімнің мәңгілік шамшырағы болып, ұлттың болашағына бағыт беретін темірқазық. «Білімдіге дүние жарық» – осы ақиқат бүгін де, ертең де өз құнын жоғалтпайды.
Ғалымжан Аружан Серікқызы
Қостанай облысы, Жангелдин ауданы Торғай ауылы
