Blogs
ЖАНЫМ, МЫҢТЕҢГЕМ!
Кейде ешкімге тіс жарып айтуға болмайтын ішкі сырларың болады ғой. Соның бірі, менің тұлымды-тұлымсыз қарадомалақтарымның анасы - жан жарыма қатысты болып тұр. Неде болса соноу әлімсақтан бірақ қозғайын. Әйелімнің есімін Мыңтеңге деп әке-шешесі өздерінің әжелерінің құрметіне ырымдап қойған сыңайлы. О жарықтықтың кезінде мың теңгеге бір үйір жылқы келетін көрінеді. Тіпті, арыны қазбай-ақ, бертіндегі біздің жастық заманымызда бұндай ақша екі қыздың «қалың малына» жарады емес пе.
Сонымен қойшы, көрші ауылда үш дос тұрыпты. Үшеуі де бір кезде үйленіп, үшеуінің де әйелдері бір күнде босанып, үшеуі де қыз тауыпты. Бұлар бұрын да сөз байласып жүреді екен, балаларының аттарын бірдей-ғып қоялық деп. Бұнысы - олардың ойларынша мәңгілік достықтарының айғағы. Сөйтіп, дүниеге үш Мыңтеңге келіп, ақыры осы әңгіме ел арасына да тарап кетеді. Қыздар бой жетіп, жұбы жазылмайтын шоқ гүлге айналып, талай жігіттің көз құрты болып, өзек талдырады.
Біз де үш дос едік. Жастық шағымыз еш таусылмастай және өмір-бақи жұбымыз жазылмастай көрініп жүретінбіз. Қисынын шебер Аллам өзі-ақ келтіреді екен. Сөйтсек, сылаңдаған әлгі үш сұлу осы үшеуміз үшін туыпты-мыс!
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан басталды» демекші, біздің кесел «кеңестің» құлауынан басталды. Соған дейін қолымыздағы ақшаның құны да болып, онымызды бір де сом, бір де теңге деп жүре беруші едік қой. Ақыры, о байқұстан да қадір кеткен күнді көрдік. Дүниеге қуанышымызды қойнымызға сидырмай төл теңгеміз келді. Елмен бірге қуанып, қуанышқа жұбанып тәй-тәй басып жүріп жаттық. Ол кезде қырықтың қырқасына шыққан қылшылдаған шағымыз. Жөушендіге бой бермейміз. Алар талай асуымыз әлі алда көрінетін-ді. Ұмытпасам, сол теңге шыққаннан көп кешікпей әйелдерімізге қыңқыл-сыңқыл жабысты. Бастапқыда мән бермедік. Өмірі көтерілмеген қан қысымдары жоғарылап, алқынтпасаң қаға қоймайтын жүректері қаққылап, жоқ жерден үшеуі келісіп алғандай қатар құлайтынды шығарды. Бақсы мен балгер де, дәрежелі дәрігер де не емін, не себебін таба алмай дал болды.
Өстіп күндер өтіп жатты. Әйтеуір, біржола өліп қалмаған соң олардың талмаларына біз де үйрендік, тала-тала олардың да еті үйреніп кеткен сияқты. Бір күні достарымның бірі келіп: - Мен, бұл үшеуінің неғып қол ұстаса омақаса құлап жүрген себебін білдім. Неше жыл бойы зерттеуімнің қорытындысы: олардың денсаулығы теңге мен доллардың ара қатынасына байланысты екен. Олар ауырған күндер мен теңге құбылған мезгіл дөп келеді. Яғни, әке-шешелері қыздарының аттарын қойғанда олардың келешегіне кеселі тиеді деп болжамаған. – деп білгірсігені.
Мектепте шала-пұла оқып, аннан-мұннан көзі шалған деректерді өзі ойлап тапқандай пәлсапаланып жүретін құрдастың бұл сөзіне құлақ аспадым. Соныма әлі күнге өкінемін. Қазақтың той-томалағы біткенбе. Дүйім жұрттың басы қосылған бір үлкен тойдың реті келді. Іштен де, сырттан да «мені танисың ба» дегендер бас қосты. Әйелдер ауыздарын, біз қос қолымызды ала жүгірісіп, біраз жасастық-ау. Сонда әлгі досым өз әйелін біреулерге: - Менің жұбайым. Есімі Доллархан! – деп таныстырғанын құлағым шалып қалды. Ішімді бір ыстық пышақ осып өткендей болды. Мына көкеңнің келіншегі неғып аяқ-асты құлыпырып кетті десем, себебі осы екен-ау!? Бәсе, баяғыдай емес, тұрмыстары да жайнап сала берген-ді. Астарында жеке-жеке көлік, балалары да не ішем, не киемін демейді...
Әйелім топ ішінде жайтаңдап өте көңілді жүрген. Танысып-білісіп жатырмыз. Үшінші достың әйелі Еурахан атанып кетіпті. Олардың да сықпыттары тәуір. Тұрмыстарының түзу екені көзіңді байлап қойса да бадырайып тұр. Аттарын өзгертіп танысып жүрген құрбыларының қылықтарын менің әйелім әзілге сайып, еш мән берер емес. Кезек өзіне келгенде: - Мыңтеңге! – деп алаңсыз алақанын созды. Танысуға таңсық болып тұрған әлгі антұрған қолын алмай: - Курс бойынша құныңызды білесіз бе!? – деп тыжырына теріс айналды.
Ана екі құрбысы әзіл-қылжаққа сайып, жуып-шайғанның орнына: - Әр нәрсе құнына қарай орта таңдауы керек! – деп сырттарын көрсеткені. Күйеулері де жымысқы күлкілерін жасыра алмай, солардың соңынан ере барды.
Арамызға осы жәйттен соң сына түсіп, шәй ішісуден қалдық. Олар өздері сияқты кәсіп-нәсіптің маңындағылармен ауыз жаласса, біз де торыға бермей, көптен араласудың реті келмей жүрген қоңыржай жоралардың төрінен орын таптық.
Кейін Еурохан күйеуін сүйреп, бала-шағасымен қалаға көшті. Еститініміз «тек шетелде ғана дем алады екен» деген қауесет. Әйтеуір бар болсын. Кім де болса кешегі көз көрген өздерім еді ғой.
Доллархан отбасымен ауылда. Дүкеннен дүкен туғызып, кәдеуілгі «тұтынушылар одағын» құрды. Бұл да Құдайдың берген бір бағы болар. Не де болса ұзағынан сүйіндірсін деп, ренішті болсақ та іштей тілектеспіз. Елдің аңдығаны біздің бір ауыз адасқан қаңқу сөзіміз. «Кеше ғана бір-бірінсіз жүре алмайтын егіз қозылар бүгін есік ашысудан қалыпты!».
Аштан өліп жатқан ешкім жоқ. Бала-шағам аман болсын! Оқимын деген оқуын олар да оқып жатыр. Уыстап ақша ұстамасам да қысылсақ сатар малым бар. Әйелдің де денсаулығы сақайып, жұмысынан бір күн қалған жоқ. Енді, әне-міне дегенше зейнетке де жетер күн алыс емес. Оған іліксек те жамбасымыз ойылғанша жата беретін біз емеспіз, тағы бір далбас жасармыз.
...Бәрі бір түннің ішінде астаң-кестең болды. Осының алдында әйелім: - Жаман түс көріп жүрмін, жүрегім бір нәрсені сезеді! – деп қыңқылдай беретін-ді. «Түс түлкінің қиы» қайдағы-жайдағыны айтпашы! – деп жұбататынмын.
Ол білген екен, бірдемені... Ауруханадан бірақ шықты. Дәрігерлер дертіне ем іздеп әлек. Селкілдеп-қалшылдап, екі-үш күннен соң есін жиды. Беті бері қараған соң, үйге алып кеттім. Балалардың да көздері атыздай. Осыдан төрт-бес жыл бұрын да өстіп, жалп ете түскен. Ол жолы себебін білмесек, енді маған бәрі де аян. Бұның бәріне ырымдап қойған есімі кінәлі. Құлан таза айығып кетуі үшін әйелдің атын жедел өзгерту қажет деп шешіп, ойымды айттым.
- Әй, алаңғасарым-ай, жоқтан-өзге ырымға сеніп жүрген! Атымды
өзгерткенде қай елдің ақшасын таңдамақсың? Тәуірінің бәрін ана екеуі алып алды. Рублхан демекпісің!?
Қосылып кеп күлмейсің бе:
- Алтыным-ау, сасқан үйрек артымен сүңгидінің кері ғой, менікі!
- Тіпті расымен менің науқасым осы атыма байланысты болып тұрса да
өзгертер ниетім жоқ! Ел-жұрттан, әке-шешем мен анау әжеміздің әруақтарынан ұят емес пе! Рас, «ақшада құн болмай кетті, мың теңгеге түк келмейді» деген сөздерді күнде ести беру маған да оңай дейсің бе, жүрегіме біздей қадалады!
...Әй, сабаз қарағым-ай, бәрін іштей біліп, тек сыр бермей жүреді екенсің ғой! Тұрмыстың тауқыметі аздай, енді теңгенің тауқыметі саған түскен соң не дейін?! Атыңды ауыстырып, бұл дерттен құтылайық дегенге айтып тұрған уәжің анау. Бала кезіңде «шпион ұстайтын барлаушы болсам, соғысқа қатыссам - кеудеммен пулеметтің аузын жабатын батыр болсам» деп армандағаныңды білемін. Бәріміз де солай тәрбиелендік. Сондай ерлік істейтінімізге кәміл сендік. Бірақ, жеме-жеме келгенде соны жасай алдық па? Айтып тұрған кеңесімнің түрі анау... Өзін құрбан етуден тайынбаған жаным, Мыңтеңгем! Япырай, осы төл теңгеміз де менің асылым сияқты қайсар, қажырлы қасиетке ие болып жатса, дүние де түзелер. Менің Мыңтеңгем де айығар. Өстіп, өз басыңа түскенде ғана ойға шомып, ақшамен бағаланбайтын құндылықтардың болатындығына қайран қаласың.