Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Жастық шақ

Blogs

11.01.2021
4666

Жастық шақ

Тонға оранып, диванда ұйықтап жатқан Бәтиді жеңгесі жұлқып оятты. Тәтті ұйқыдан көзін аша алмай жатып, кешке Диқанды ертіп қыздарға бармақ уәдесі ойына түсті де орынынан ширақ тұрып керіліп, созылып киіне бастады. Спорт жейдесін шешіп, ақ көйлегін, үтіктеулі шалбарын киді. Ақшасын түгендеп қара шалбардың қалтасын қарады. Орнында екен.

        

Кеше спорт алаңында ұзақ күн футбол ойнаған, содан ба денесі ауырып тағы да жаттығуды тілегендей. Бұл өзі бидай өңді, көзі көкшілдеу, оймақ ауызды, денесі ортадан жоғары, мығым жігіт еді. Жүргенде екі аяғына тас байлап алғандай теңселе қозғалып, мығым денесін қозғалтуға ерінгендей тік жүреді. Әншілігі, ештеңеге қарамай, айлап сауық құрып жүріп алатын серілігі бар. Бәтиді, әсіресе, қыздар жағы ұнатады. Әншілігі, қалтасында барын аямай шашатын мырзалығы ұнайды. Оның үстіне ішімдегіні тап деп отырмай бірден араласып кететін ашық, әзілқой. Домбыра, гитарада құйқылжыта ойнап, әуелетіп ән салғанда төрт құбыласы тең адамдай таңды-таңға ұрып жүре береді.

        

Жуынайын деп ауыз үйге шықса, Диқан мұны тосып әлі есік аузында тұр екен. Бәти:

        

– Әй неғып тұрсың, кірсеңші бері, – деді.

        

Осыны тосып отырғандай Бәтидің жеңгесі ас үйден дауыстап тамаққа шақырды. Бет-аузы су-су Бәти сүртініп жатып: “Жоқ асығыспыз. Қыздар тосып отыр. Солардың тамағын ішеміз. Олардың өздері де, тамағы да тәтті, –деп қуланып Диқанға көзін қысып қойды.

        

– Күнде-күнде өстіп салпаңдап жүрмей үйленіп алмайсыңдар ма? – деп жеңгесі күндегі ренішін айтып еді. Бәти сөз дарымайтын әдетімен жүре таңдап, әзілдеп құтылды. Жеңгесі Бәтиге батып ұрса да алмайды, алып барса шағынып ағасына айтады. Ағасы қайтеді, жұмысбасты адам жақсылап бір сыбап қоя береді. Кейде қуып та жібереді, оған қыңып жатқан Бәти жоқ, қайда жүргені белгісіз екі-үш күннен кейін түк болмағандай кіріп-шығып малға қараған боп тағы осы үйде жүреді. Жетпіске келген әкелері ғана көзі сығырайып: Әлгі Бәти бір жаққа кеткен бе, – деп іздеп жүргені.

        

– Қайда кетуші еді жүрген шығар, – дейді келіні жақтырмай.

        

– Гитараңды ұмытпа – деп есіне салды Диқан. Бәти жылы киінді. Күндіз қар аралас жаңбыр жауған. Бағана інілерімен біраз отын бұтап келіп, құлаған беті болатын. Айнаға қарап еді бетінің алды біртүрлі болып ісіп, күлтеленіп қапты. Далада қараңғы түсіпті, қарашаның суық желі дүрілдетіп соғып тұр. Шығар есікті сарт еткізіп жел ұрды. Аула жаңғырып, анадайда жатқан сабалақ төбет орнынан тұрып, бұрышты айналды. Тон киген Диқан тоқтап тұрып темекі тұтатты.

        

– Қыздар магнитафон ала кел, – деген, жүр біздікіне соғайық , – деді.

        

– Кеше қалай болды? – деді Бәти құмарланып.

        

– Ұнамаса да әйтеуір бос жүргенге қарағанда тәуір ғой, – деді Диқан жабырқағаны белгісіз, күлгені белгісіз.

        

– Әй, менікі тіпті тәкәппар-ау. Бос боп шықты бәрі. Бірақ “пойдет” уақытша, – Бәти нығыздана түсті.

        

Бұлар келіп есік қаққанда, үйдегі екі қыз қуана қарсы алды. Пеш үстінде тамақ істеулі тұр екен, үй жылы, бөлмелері кең, төбесі биік. Еденде, қабырғада кілемдер, залда бір жағы тұтастай алған “стенка”, пүлішке малынған креслолар бар. Стол жасап жүрген Ғазиза қаланың қызы, оқу бітіргені таяуда ғана, осында есепші боп қызметке келген. Дәмештің әке-шешесі малда болған соң уақытша келісіп екеуі оңаша үйде тұрып жатыр. Еркек пішіндес, дене бітімі кесек Дәмеш мектепте бірге оқыса да мына екі жігіт бірі серілікпен, бірі оқумен жүріп, мұны әдейі елемей келгендей. Енді, міне екі-үш күннен бері араларынан қыл өтпейтін тату дос боп кетті. Бұрын ішкіш, жүргіш деп менсінбейтін Бәти бүгін өзгеше бір қызық адам боп қыздардың іші-бауырына кіріп, күлдіріп, қаладан шампан, торт әкеліп сұрқай күндерін той қылуда. Бір-екі рет тойға да апарды. Ғазизамен арасы тіпті еркін. Қызды кейде балаша еркелетеді.

        

Бүгінгі столды Дәмеш жасап, еті мол қуырдақ әкелді. Дастарқанда сары май, тоңазыған ет, өрік-мейіз, тәттінің не түрлері жайнап тұр.

        

– Шайға отырыңдар, – деді Дәмеш көзі күлімдеп. Альбом көріп отырған Диқанға Дәмештің бойында да бір жақсы көрерлік қасиет бар сияқтанып көңілденіп езу тартты.

        

– Бәрі бар, бірақ бірдеңе жетпей тұр, – деді Бәти.

        

– Неге әкелмедіңдер, – деді Ғазиза. Осы сөзді күткендей екі жігіт бір-біріне қарап мәз боп күлді де ала келген бөтелкелерін шығарып столға қойды. Дәмеш сыңғырлаған бокалдарды әкелді. Бәти шарап құйылған бокалдарды таратып, алақанын ысқылап шабыттанып сөз сөйледі.

        

– Құрметті қыз-жігіттер, осы тосты біздің әдемі қыздар үшін ішейік. Бұлар болмаса біз кімбіз, Диқан айтшы? Достығымыз үшін!

        

Отырыс тағы да қызықтана, қыза бастады. Келесі тостар қыздардың сұлулығы үшін, махаббат үшін ішілді. Екі қыз сәл бөгеліп қалып, сақтанып, шарапқа еріндерін тигізіп, жартылай ғана ішсе де беттері қызарып, албырай бастады. Жігіттер не айтса да көңілді, қызықты, тіпті бәрі орынды боп көрінеді. Шайға қанып алып Бәти адам жүрегін тебірентерлік ән бастады. Бос тыңдап отыруға шыдай алмай бәрі қосылды. Сәл бөгеліп тағы бастағанда сәл үнсіздік орнайды. Суып қалған тамақтарды қайта қыздырып, біраздан соң тағы шай ішілді. Әңгіме арасында өткендегі той, Ғазизаға қырындап жүрген бір оқыған жігіт туралы айтылды.

        

Жігіт қыдырайық дейді екен. Келбетті, оқыған жігіттен кім қашсын. Ғазиза шығады. Екеуі түнде үнсіз көше қыдырады. Тұйық, үнемі бірдеңе ойлап жүретін кінәмшіл жігіт жанында жүру Ғазизаға тірі азап еді. Келесі келгенде қыз шықпайды. Бірақ жігіт тыйылудың орнына ізіне түсіп “үйленейіктен” басқа ештеңе айтпайды.

        

Ауыл арасында сыйлы жігіттің мұндай оралымсыздығына Ғазиза таң болады.

        

– Онымен қоймай мені сыртымнан иемденгісі келеді, – деп күлді қыз.

        

– Ұнататын болар, – деді Диқан.

        

– Ұнатса айтпай ма көлеңкеге ұқсамай. Жігерсіз ғой! – деді Бәти.

        

– Мүмкін шын сүйетін шығар, – деді Дәмеш оқыс бірдеңе ойлап тапқандай.

        

– Сүйсе мен сияқты айтпай ма сүйем деп, – Бәти Ғазизаны еркелетіп бетінен сүйді. Дастарқан жинап болған соң Бәти Ғазизаны алып бөлектеніп кетті. Диқан жалғыз қалып, ас үйде ыдыс-аяқ жуып жүрген Дәмешті тосты. Диванда отырып қалғып кеткен екен, оянса Дәмеш төргі үйде төсек сап жүр. Мұны оятпай шамды сөндіріп ұйықтауға жатты. Қайтайық дейтін Бәти жоқ, киініп кетіп қалуға ұялды. Киімін шешіп ұйықтайын десе, салулы төсек жоқ. Дәмештің төсегіне келіп, сипалап қолынан ұстады. Алақаны ып-ыстық екен, мұның қолдарын қысып қойды. Не айтарын білмей қысылып:

        

– Мен қайда жатам? – деді.

        

Қыз сыңғырлап күлді де: – Теуіп-теуіп ойылмаған жерге жатасың, –деді. Қыз күлкісі ұйқылы-ояу сезімін қытықтағандай, оятып баурап тартқандай болды. Денесін бір ысып, бір суытқан дегбірсіз діріл биледі.

 

 

*   *   *

 

        

Әрдайым көңілді жүретін Бәтидің ойсыздығы бірер айдан соң Ғазизаны ыза қылатын болды. Тойға барса бұрынғыдай сыпайы ғана Ғазизаның қасында отырып ән салу жоқ, қызып алып, шығарып салуды ұмытып, қайтатын кезде жоғалып кететінді шығарды. Ертеңінде кешірім сұрайтын шығар десе, түк болмаған кісідей ыржалақтап күле береді. Үйреншікті әзілдерін айтып үйіре жөнеледі. Ауыл жігіттері Бәти иеленген соң батпады ма, сырың белгілі болды деді ме, Ғазизаны маңайлауды қойған. Ғазиза жұмыстан келген соң үйге сыймайды. Ырду-дырдумен өмір болса өтіп барады. Сенген Бәтидің не ойы бары белгісіз. Үйлену туралы ойы жоқ, болса айтпайды. Бәлкім ол ой бір күн болмаса, бір күн келер, Ғазиза ұзақ тосты. Бәти бұрынғысынша қалай базар қылып келсе, сол сияқты базар қылып ән айтып, көңілін аулап, құмарын басып, үн-түнсіз кетіп жүрді. Үйлену жайлы сөз бастауға қызды намыс жібермеді. Сөйтіп Бәти десе жалындап тұратын Ғазиза біртіндеп суынып салқын тартты.

        

Бүгін Ғазиза үйде жалғыз. Дәмеш қалаға кеткен. Түсте Бәти жолығып, қалаға тойға барайық деген. Әнші адамға жұрттың бәрі құмар, машинамен келіп, өздері алып кетпек екен. Ертең таң ата әкеп салмақ. Ғазиза ойлана келе Бәтиге сенбеді, ешкімді танымайтын жат біреудің үйіне тастап, бұрынғыша жоғалып кетсе бұл қайда бармақ, қалай қайтпақ. Үйде жалғыз, көңілсіз отыру да бір қайғы. Ермек ететін телевизор да бұзылып қалған, күндегісінше жалғыз отырып өрмек тоқуға зауқы соқпады. Қорадан орта шелек көмір әкеп, сулап пешке салды. Беті-қолын жуып келіп, айнаға қарады. Айнаға қарап еді, өзіне-өзі сүйкімді боп көрінді. Ғазиза көп боянатын. Онысы бойындағы табиғат берген жылылық, нәзіктікті бұзатынын жаңа көргендей. “Осы менен Бәти неге салқындап безіп жүр” деп ойлады. Ақымақ дейін десе тағы қыймайды. Дәмеш ыза боп: – Ойсыз емес пе сенің Бәтиің, – дегенде ештеңе айта алмай қызарақтап қалғаны бар. Сонда ойлы боп не істеулері керек. Жеңіс тәрізді жұртқа алыстан, жанына дарытпай суық қарау керек пе? Әлде ойлы адамдар суық көрінгенмен бәрін біліп, алыстан ойлап отыра ма екен? Әйтеуір кейінгі кезде Жеңісті сағынатын болды. Шіркін, оған тіл бітіп ойындағысын айтар болса ғой! Тықыр білініп, ішке үстіне жаңа тон, басына құндыз бөрік келген Бәти кірді.

        

– Кеттік киін, – деді ай-шайға қаратпай.

        

Бұрын жүгіре жөнелетін Ғазиза қайтер екен дегендей.

        

– Мен бармаймын, – деді. Бәти бұрынғысынша жалынар, сүйем деп ант етер, жылы-жылы сөйлеп, көңіліндегі кірбіңдерді сейілтер деген. Бірақ олай болмады.

        

– Неге бармайсың? Дәмеш бір жаққа кеткен бе? Бос отырғанша көңіл көтеріп қайтсаңшы, Ғазиза.

        

– Жо-жоқ . Ренжіме Бәти! Үйді иен тастай алмаймын.

        

– Қаласаң мен қалайын сенің қасыңда.

        

– Ой, жоқ. Жолыңнан қалма.

        

– Көңілсізсің ғой өзі, – деді Бәти құшақтамақ боп.

        

– Несіне көңілденем, – деді Ғазиза ұнжырғасы түсіп. Қолынан ұстамақ болған жігітті тежеп тоқтатты. Көңілсіз бір үнсіздік орнағанда алданышпен өткен өміріне деген бір өкініш өзегін жалап-жалап өтті. “Япырау, осындай адамға қалай сеніп жүргем” деп ойлады. Көзіне ащы жас іркілді.

        

Айтар сөзі бітіп, дағдарып қалған қыз көз жасы таусылғандай.

        

– Жарайды қайт, – деді. – Енді келуші болма, бәрі осымен бітсін. Бәти ештеңе айтпастан басы салбырап есіктен шығып бара жатты.

        

Сұлу, такаппар Ғазиза тағы да жалғыз қалды. Көз алдына момын, көнбіс кім айтса да жарайды деп күліп тұратын завхоз жігіт елестеді, сосын алыстан, биіктен қарап тұратын Жеңіс елестеді. Шамды сөндіріп қараңғы бөлмеде жалғыз отырып, Бәтимен өткізген қысқа да тату дәуренін есіне алады. Далада жаңа жауған қардың ұйқы-тұйқы қылып, ышқына соққан күздің суық желі ұлып соқты. Ғазизаға осы күзбен өмірдің тұтастай бір кезеңі аяқталғандай көрінді.   


Share:      
Leave a comment: