Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
«Жасыл көзін жылы жапты»

Blogs

11.05.2018
6738

«Жасыл көзін жылы жапты»

Қыстырғышпен мұрнын түзетті

         Тәмпіш танау танысымды кездестіріп қалдым. Сол бәз-баяғы зуылдаған қалпы. Тек ғана мұрны, бұрынғы мұрнынан сәл өзгерек. Тәмпіш болса, тәмпіш болсын, өзінің «туа бітті» танауы тым тәуір еді. Ал мына мұрын... Маған ыңғайсыздау болып, күлкілі көрінді. Сасқанымнан «өзіннің мұрнын қайда» деппін.  

         – Қазір, шүкір, қалтанда қаржы болса, қалаған нәрсеңді жасауға болады. Бет - әлпетімді ылғи мұрным бұзып тұрушы еді. Жақсы болды, мұрыннан құтылдым. Достарымнан пұшық мұрынды қыр мұрынға айналдыру үшін ота жасатуға және түрлі пішіндегі қыстырғыштарды қолдануға болатынын  естідім. О баста ота жасатудан жүрексіндім де оны қоя салдым. Оған бауырларым да қарсылық танытты. Сондықтан жеңілдеуін, яғни қыстырғыштарды пайдалануды қолға алдым. Ең әуелі, қиындау болды. Мұрнымның үсті қызарып, қатпарланып кетті. Қыстырғышпен күнде сағаттап қыстырып қойғандықтан, тыныс алуым да нашарлай бастады. Бірақ «қалай да сұлу болам» деген ішкі ойым алға жетеледі. Нәтижесінде қыр мұрынды қызға айналдым.

         Ата-анамның әлі күнге дейін денсаулығыма алаңдайтыны рас. Алайда, өз келбетіңе көңілін толмай ма, олай болса еш нәрседен қорықпай, мүмкіндікті пайдалану қажет. Өзім солай жасадым. Маған өзгенің «неге мұрныңды бүлірдің, қазір ауырғаны білінбегенімен, келешекте денсаулығың сыр береді» деген секілді пікірлері маңызды емес. Мен үшін ешкім алаңдамай-ақ қойсын, -деп жауап берді.

         Денсаулығын ойлап қайғырып тұрған танысым жоқ. «Су жаңа мұрынды» сипалап жөніне кетті.

«Жасыл көзін жылы жапты»

Жап-жасыл, сары, көк көздер (әртүрлі түсті линза) һәм найзадай кірпігі бар қыздарды, яки үлкен апайларды  көре - көре  көз үйренді. Яғни, жасанды түрлі - түсті көз, жасанды кірпік – бұларды қазіргі уақытта жас-кәрісі қолданып жүр. Оған беттері де, еттері де үйренген сықылды.

         Тым жақсы қап - қара көзінен «шаршаған» Жадыра есімді 20 жасар келіншек  келін болып түскенде жасанды жасыл көз қондырып алыпты. Соны байқаған қайын інісі «Жеңгемнің көзі біздің үйдегі мысықтың көзінен аумайды. Екеуінің де көздері жап-жасыл болып жанып тұрады» деген екен. Осы сөзден қысылса керек, Жадыра жасыл көзден «құтылыпты» әйтеуір.

         – Жалпы, өзім үнемі өзгеріп тұрғанды қалаймын. Әрі еліктегішпін. Бір нәрсеге қызықтым ба, соны қалай да алғым келіп тұрады. Мәселен, жасанды жасыл көзді таққым келді де сатып алдым. Ол жұртшылықтың назарын өзіме аударту емес, тек өзім қалағанымнан жасадым. Жолдасым да қарсы болған жоқ. Тек қайын інім жасанды көздің зиянын және қазақ қыздарына жараспайтынын айтқанда ғана жоламауға бекіндім, - дейді жасыл көзді «жылы жапқан» Жадыра.

         Ал жасанды кірпікті қондырам деп, өзінің табиғи кірпігінен айырылып қалған Сабина есімді қыздың сыры қандай?

         – Жасанды кірпікті жалғап алып, әп-әдемі болып жүрген құрбыларымды көріп, мен де неге жасатпасқа деген ой келді.  Содан өзімнің кірпігім кішкентай болғандықтан, жасанды кірпік қондыртып алдым. Жалғап алу бағасы салондарда қымбат болғандықтан, танысым арқылы үйден жасаттым. Бұл кезде менің бірінші рет жасатуым еді. Содан соң үшінші рет қондырғаным, екі жұмадан кейін түсіп қалды.  Түскенде де, ұятқа қалдым. Өзімнің табиғи кірпіктерім де сыпырылып қалған. Көпке дейін ұялып жүрдім. Енді қазір дәріханадан май алып өз кірпігімді өсірумен әлекпін.

         Жалпы, кірпік жалғатқан көп қыздарда да осындай күйге тап болады. Десек те, олар мен секілді «табиғи кірпігім түсіп қалды» деп жария қылмайды. Өйткені, ұялады. Ал мен кірпік жалғап жүргендерге қай нәрсе болмасын, жасандының аты жасанды екенін айтып жүрмін. Бәрібір өзіннің табиғи сұлулығына ешнәрсе жетпейтініне көзім жетті,- деген Сабина сұлу болып көрінгісі келетін  ханымдарды мұндай әрекеттен сақтандырады.

         Сабина солай десе, Мейрамгүл былай дейді.

         – Осы жұрт айта береді екен. Әркімнің өз еркі емес пе? Мұрын ба, кірпік пе, шаш па, тіпті еріндерін өзгертеді ме, жұрттың қандай шаруасы бар. Өздерінің мұндай істерді жасатуға батылдары бармайды да, сосын келіп біздерді көре алмайды. Бірнеше жыл болды, ешқандай зиянын көргенім жоқ. Жұмысқа баратын мезгілде, қас - кірпігімді бояп  уақыт алып әурленбеймін –дейді.

         Дейтұрғанмен, шариғатымызда жапсырылған жасанды кірпікпен жүруге болады ма? Бұл хақында қалалық мешіттің наиб имамы Ерлан Кенжин не айтар екен?

– Егер де аса бір үлкен қажеттілік болмайтын болса, онда ол нәрсеге біздің шариғатамыз қарсы. Жасанды кірпік қондыру – адамның табиғи жаратылысын, өзінің асыл болмысын өзгерту болғандықтан, ол нәрсені жасауға болмайды. Тіпті, әдемі болып көріну үшін қас жұлдырту, кірпік жапсыру деген қате көзқарас бар. Жалпы, адам баласы қалай жаратылды, сол қалпында қалуы керек. Еш нәрсе өзгертпей  солай жүргені дұрыс. Жасанды кірпік, тырнақ жапсыру, еріндерін үлкейтуге бомайды, яғни көзбояушылық, алдаушылыққа жатады. Ал біздің ислам дінінде алдау – үлкен күнә, - деп түсіндірді.

         Хош, сонымен, жоғарыдағы мәселенің мәнісін қалалық емхананың көз дәрігері  қалай тарқатады?       

– Әрине, жасанды кірпік жапсыру зиян. Жапсырып алған кірпіктері түсіп қалып, көздері қызарып келген қыздар да болды. Бұл нәрсені желіммен жапсырады екен. Бұл үлкен қателік. Көздің қарашығы өте нәзік. Оған желім тиіп кетсе, кері әсерін беріп ғана қоймай, мүлдем көрмей қалуы мүмкін. Сондай-ақ көздің мүйізгек қабығы зардап шегеді. Оның үстіне жапсырған кірпікпен қоса, табиғи кірпік бәрібір қайтадан қалпына келіп өсіп шыға алмайды. Сайып келгенде, мөлдіреп тұрған көз жанарынан, табиғи кірпіктен де айрылып қаласыз. Сондықтан да жасандылыққа әуес болмағаны абзал.

         Сұхбат барысында қаламыздағы бірқатар сұлулық салондарына бас сұққан едік. Жасанды кірпік қондырудың ең қарапайым, әрі арзан түрі 3000-3500 теңгеден басталады. Ал жаңадан шығып жатырған 3D-ның әңгімесі өз алдына бір төбе. Оның бағасы шарықтап тұр. Жасанды кірпік қондыру кең етек алған уақытта біздің «ханымдар» 3000 місе тұтпай, «3D қалай болады екен» деп қымбатқа шауып әлек. Желге ұшқан қайран қаржы-ау!

         Түйін: – Бес саусақ бірдей емес. Әркімнің өз пікірі бар. Ендеше, оқырман, аталмыш тақырып аясында өзіңіз ой елегінен өткізіп, екшелеп көріңіз. Сіз не дейсіз?

Самал ЖАМЕТ

 

        

 


Share:      
Leave a comment: