Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
ESSAY
Жазушы Дінәш Нұрмұхамбет

Blogs

16.04.2019
5457

Жазушы Дінәш Нұрмұхамбет

Жазушы Дінәш Нұрмұхамбет

 

Менің алғашқы кітабым ауылда қалай қабылданғанын айттым. Енді екінші кітап шығарда ойландым. Бірақ жас кездің аты жас кез. Оралуды жұрт қалай қабылдар екен деп қобалжыдым. Менің табиғатымда өз еңбегімді насихаттау жоқ. Бұған қалай үйренсем екен. Кітап шықты. Алғашқы 50 данасын кітап дүкеніне өткіздім. Ондағы ойым сұраныс болар ма деген ой. Нарықтық экономика қара базарға берілген. Ол туралы да әңгімелер қостым. Дүкеннен кітаптың алғашқы елу данасы тез өтіп кетті. Бағасын өзім 50 тиыннан қойып, есепшіден 2500 теңге алғаным бар. Бұдан соң баға өзгерді де дүкенге жеке адамнан кітап алынбасын деген сөз шықты. Сонымен кітап үйіліп жатты да оны шығарғаныма өкініп жүрдім. Оқимын деген адамға былай бердім. 
         

 

Басқа жазушылар не істейді деп байқасам таныстарына беріп сатқызып, әркім білгенін істеп жатқан сияқты. Газетке жарнамалап, мақтатып мақалалар жазып жатады. Жас болса 38 -ге келді мен туралы баспасөзде бір мақала жоқ. Тіпті мұндай адам дүниеде жоқ сияқты. Енді шындап ойландым. Оқыған адам өзі жазбаса менің біреуге жаз деп айтуым ақылға сыймайтын шаруа сияқты көрінді. Сөйтіп жүргенде қасымда жүрген жазушы Дінаш Нұрмұхамбет бір күні,–Келіс сенің кітабыңды оқыдым. Маған ұнады. Сен осы Жайсаңбек Молдағалииев деген жазушыны білесің бе?–деді. Бөгелместен,
     

–Иә, білем. «Торғай толғауы» деген романы бар,–дедім.   

     

–Бәле, ол бер жағы ғой, сен әңгімелерін оқыдың ба?–деді. Менің үнсіз қалғанымды көріп, –Оқы мен саған әкеп берейін,–деді. Бірер күннен соң 350 беттей мұқабасы көк, қалың кітапты ұсына берді. 
       

–Оқы, бұл қызық кітап,–деді. Әлгі кітапты алған бетте қызыға оқып, тез тауысып тастадым. Оқыдым да Дінәштің жазушыларды дәл бағалайтынына таң қалдым. Шынында Жайсаңбек ағаның әңгімелеріне менің жазғанымның кей жері ұқсайтын еді. Мен Дінәш ағаға шынымды айттым,–еш жерде аталмай, кітабым туралы насихат жасаудың жөнін білмей жүргенімді айтып ем.
       

–Жылпос, пысық болу керек,–деп көзін сығырайтып сылқ-сылқ күлді.
       

–Менің ойымда бірдеңе бар,–деді сосын.  

 

Мен – Сіздің ойыңызда не бар?–деп сұрамадым. Дәкеңнің ойында не бар екенін кейін білдім. Менің кітабым туралы жақсылап пікір жазып, дикторға өзіне ұнаған бір әңгімені оқытып, маған айтпай эфирден беріп жіберіпті. Оны ауылдағы бір туыстан естідім,–Дәке, сіз мен туралы жазып эфирге берген соң неге айтпадыңыз, не жазғаныңызды тыңдайтын едім ғой десем.
       

–Ай, соны қайтесің. Саған білдірмей сюрприз жасайын дегенім ғой,--деп қарап тұр. 
       

Радиодан берілген әлгі әңгімені ауылға қарай машинамен келе жатып үш адам тыңдайды. Орта тұсына келгенде бұлақ басына жантайып, қымыз ішіп отырып тыңдайды. Ертеңінде маған звондағаны сол екен. Дінаш аға мұнымен тоқтаған жоқ жазушылар Одағына мүшелікке өтуге кепілдеме берді. Оның екеуін Сайын аға мен Тұрсын Жұртбай жазды. Тағы кімге барсам деп отыр едім. Дәкең,– Ой, мен жазып берейін, сені танығаныма бірталай, кітабың келіп тұр. Оқыдым, қазір-ақ дайын қыламын,–деді. Айтқанындай бірер сағатта жақсы етіп шығармаларымды талдап, кепілдемені дайын қылды. Мен Дінаш ағаның жұмысты тез істейтін алғырлығын, ашық мінезді ақкөңілдігі ерекше бағалайтын едім. Бірақ маған ол кісінің көңілі түсіп көмек көрсеткені арамызды жақындата түсті. Жұмысқа бірге келіп, кейде бірге қайтып жүрдік. Әйгілі 6 толлейбус бір шаршамайды. Бір күні пысықтығым ұстап,–Аға өткендегі мені эфирге шығарғаныңызды жуайық,–десем –қойшы соны,–деп қашқалақ салады.  
        

–Аға, бұл мен үшін расында үлкен шаруа болып тұр,– деймін болмай.
       

–Сен Келіс, қызықсың, –дейді –эфирден күнде шығып жүр емессің бе, енді келіп оны жуып жүрсек ел күлмей ме?–дейді. 
        

–Ой күле берсін. Елдің бізде несі бар. Жуайық,–деймін. –Күнде жуып жүргендер  де бар ғой. 
        

–Мен ішпеймін ғой,–деді Дәкең. Мен оған сендім. Тағы бірде троллейбустан түскен бойда,–Жүр үйге,–деді. Бірдеңе айтайын деді ме деп ілесіп келем үнсіз. Үйге келіп, шешініп отырған соң, мол денесін қозғап екі кішкене стаканға ақаңды шүпілдетіп құя бастады. Жеңгей салған тамақ, ащы капустамен ақаңның ашуын басып қойып әңгімеге кірістік.
        

–Кейде өстіп қоймаса болмайды,–дейді–біздің жұмыс қиын ғой. Бұл сенің кітабыңды жуғанымыз болсын. Әне күні шақырғанда бармағаныма ренжіме...
           

Бүгінде Дінәш аға да арамызда жоқ. Таугүл жаққа барсам, көшенің бұрышынан,–Ой, Келіс қал қалай,–деп Дінаш аға шыға келетіндей болады да тұрады.
                                                                                                        

24.05.2015

 


Share:      
Leave a comment: