Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Жезде

Blogs

12.08.2019
7230

Жезде

   

Атам қазақ айтпақшы «орда бұзатын» уақытқа таяп қалыппын. Осы уақыт арасында өз басым жезделерімнің көп қамқорлығын көріппін. Әлі де бір ренжіген кезім болған емес.

       

Әке-шешем байғұстар, «осы қыз өссін, көзі ашық, көкірегі ояу болсын» деп мені бастауыш мектептен кейін қалаға әкемнің екінші әпкесінің қолына берген еді. Менің әкем үйдің ең кенжесі, еркесі. Алдында үш әпкесі, төрт ағасы және бір қарындасы бар. Әке-шешемнің маған қарауға қайдан шамалары келсін. Үйде сексенге келген адуынды атамыз бар. Жарықтық, атам бұзық еді. Сүйегі асыл атамның алдынан кесе көлденең ешкім өтпеуші еді. Баяғының кемпірлері үйге кірмес бұрын көше алдынан бір сәлем салып, өздерінің жастары біраз жасқа келіп қалса да атамның алдында тағы бір иіліп сәлем салатын. Шешемнің бағатын осы шалы бар, қорады сауытын биелері мен сиырлары бар, одан бөлек менің артымнен ілескен бауырларым және жауапкершілігі мол жұмысы бар. Әкем де үй шаруасынан ұзап шыға алмайды. Бала кезімізде шешеміз астымызға орындық қойып береді де, күбіні алдыңа қояды.

 

- Ал, енді жүзге дейін сана ,-деп бұйырады.

     

Содан бір, екі, үш деп бастап санауды да күбі пісуден үйренген шығармын. Шешем биені екі сағат сайын барып сауып келеді, сөйтіп оның сүтін баптап қымыз қылады. Тәтті қымыз алу үшін, біле білген жанға күбіні ыстаудың да өз заңдылықтары бар. Шіркін, атам жарықтық қаласы бар, даласы бар бәрін шақырып, осы сүтті, айран, май, қымыздан бәріне беріп отырушы еді. Ешкім де оған бөтен болып саналмайтын. Біздің үйде бар болсын, жоқ болсын барын жетім-жесірлерден аямайтын. Тағы бір ерекшелігі, маған қалаға барған сайын кітап әкеп беретұғын. Үлкен қызы мұғалім, кейінгісі сатушы болып жұмыс жасайды. Қыздарының үйіне барғанда, ұнатқан заты болса, «менің қызыма» деп алып кетеді екен. Бойымдағы кітапқа деген сүйіспеншілігімді осылай атам оятты. Кітапты ашып алып, не жазулы екен деген ой мазалайтын. Кеңес кезінде мектепке жеті жасқа толтырып алушы еді ғой. Мен осындай қызығушылықтан алты жасымда мектепке бардым. Алғаш рет, әкемнің жеңгесі жас та болса мен «апа» деймін, сол апам шешімнің пісіріп берген тортын алып, мектепке алып барды. Басында үлкендер жағы аса мән бермеді. Бір- екі күн барып, қойып кетер деп ойлаған болу керек, шамасы. Кейін матадан сумка тігіп берді. Менің кластан қалмай оқып жүргенімді көріп, атам «PUMA» деген жазуы бар өзімнен үлкен қызыл сөмке әкеп берді. Осылай қызыл сөмкенің арқасында қызықты бастауыш мектепті аяқтадым.

     

Содан мені бір күні ойламаған жерден бар киім-кешегіммен қалаға әкеп тастады. Біздің ауылдағы мектебіміз алақандай еді. Бір сыныпта алты-жеті бала отырамыз. Ал, қаланың мектептері үлкен, бір сыныптың өзінде отыз бала. Білім жағынан қиналмадым десе де болады, қайта қазақ тілінен сыныптастарым дүбәра болатын. Диктант жазған сайын апайдың алдына өтпес бұрын, бәрі маған тізіліп тексертіп отыратын. Өздері қазақ бола тұра, қазақ елінде тұра неге бәрі орысша сөйлейді  екен деп ойлайтынмын. Кейін келе орталықтағы мектепке ауыстым, мұнда да балалар өзара орысша сөйлесетін. Қазір бар, жоғын қайдам «анкета» толтыратынбыз, оны да орысша толтырамыз. Және де ең қиналғаным да осы орыс тілі болды. Орыс тіліндегі кітаптарды мәнерлей оқып, мен де кейін сыныптастарыммен өзара орысша сөйлесетінмін. Қазір сол сыныптастарым әлі де сол орыс шатыс күйлерінде қалған ғой.

     

Таңертең сабаққа барғанда дала қараңғы болады. Мектеп пен үйдің арасы біраз жер. Мені мектепке таситын – жездем баяғы. Осы жездем ана әлемге ерте кетті. Қазір көзі тірі болғанда жасы алпысқа таяп қалар еді. Үнемі жарқырап жүретін, бір қабақ шытқанын көрмейтінмін. Өз қызымен бірдей көріп, еркелетіп отыратын. Менің мектептегі бар жиналысым, сабағым, күнделігім осы кісінің мойнында ед. Қазір ойласам, кімде кім біреудің баласына осылай қарар ма еді?

     

Бірақ, кейін бір тоқырау заман басталып, свет жоқ, пәтерлерде жылу болмай, жезделер қала сыртына көшіп кетті. Үлкендердің қалауымен мен әкемнің ең үлкен әпкесінің қолына келдім. Әпкеміз өте қатал, сұсты кісі еді. Ұрысқанның өзінде сай-сүйегіңнен өткізіп айтады. Қалай көзіңнен жас шығып отқанын байқамай қаласың. Сірә, жаныстың қыздары бұзық болады-ау, шамасы. Мұнда да араша түсетін үлкен жездеміз. Бұл кісі де балажан өзі, қашан да «айналайын» деп айналып отқанын көресің. Сабақтан соң қарным ашып үйге келгенде, әрдайым жездем тамақ жасап қоятын.

       

Демалыс күндері ауылға барамын. Туған жердің, туған ауылыңның қандай ыстық екенін бәрі білсе ғой. Ауылға келгенде тіпті, желінің өзі бетіңнен аймалап, сүйіп жатқандай болады ғой. Бәз біреулер ыс сасып кеттім деп, мұрындарын шүйіреді ғой. Оның өзі француз әтірлерінен де ерекше иіс қой. Бара сала, атамның қойнына кіріп кетем, соған қарағанда денесі ірі болғаны ғой. Әке-шешемді де сағынам ғой, бірақ білдірмеймін. Өзім ес білгелі атамның бөлмесінде екінші төсекте жататынмын. Міндетті түрде ет асылады және қашан барсаңда біздің үйден адам үзілмейтін. Атам төрде  жайғасып отырады да, бәрімізге асылған еттің құйрығынан асатады. Ауылда осылай кішігірім той өтеді. Ал, қазіргі таңда себептен себепсіз ешкім бір-бірінің үйіне кірмейді ғой. Ауылдан қайтарда кеткім келмей, қинала қайтатынмын.

     

Айтпақшы, біздің ауылдың да өз тарихы бар. Мен айтып отырған бастауыш мектепте неге аз ғана бала оқиды дерсіз? Кеңес өкіметі тұсында бәрін тұрақтандырып, біріктіріп бір көше жасаймыз дегенде, біздің ауылдың қариялары өз жерімізді тастамаймыз, көшпейміз деп қарсылық танытыпты. Содан ауыл өз орнында қалып қояды. Орналасқан жерлерінде төбелер болыпты, олардың төбесі ағарып жатқандықтан «Ақтөбе» ауылы атанып кетіпті. Міне, сол ауыл аталас, туыстас бір ғана көше жаныстардан құралған. Арасында бес-алты үй жаңабай, төре кездесетін шығар, сірә. Сол ауылды тастап, қайтадан қалаға оқуға келдім. Бұл жолы үйреншікті үйден әкемнің қарындасының қолына келдім. Оқуға түсіп, студент атанған уақытым еді. Бұл жездемнің үйінде де бір артық сөзі жоқ еш қиналмастан тұрып едім. Мұнда да бір-екі жыл тұрып, кейін айналайын әкемнен, бар жиған терген жылқысын сатып, маған қаладан бір бөлмелі пәтер алып берді. Әкемнің «егер де өз күшіңмен оқуға түсіп жатсаң, бір пәтер әперемін» деген уәдесі бар еді. Сол уәдесінде тұрды.

       

Бүгінгі күнде әке-шешем айтқандай көзім ашық, көкірегім ояу  болуыма осы жезделерімнің алар орны бөлек. Бірі мені мектепке тасып, бірі сабақтан қарны ашып келеді –ау деп, тамағымды жасап бар қамқорлықтарын төкті. Бізде «әкенің жақындығы жездедей» демеуші ме еді. Осы жезделерім өз әкемдей болды. Ол кіслерді де бір көрмесем сағынып тұрамын. Тек бір жездем ертерек кетті. Жаның жаннатта болсын, алтын жездем...


Share:      
Leave a comment: