Blogs
Жылулық иісі
Көктем. Көкте күн күлімдеп жылы шуағын шашып тұр. Қыс шырмауынан енді босаған қала жаңа кейіпке ене бастаған. Көшедегі ағаш бұталары бүр жарып, ауа тазарып, жаңа бір тіршілік оянған. Қала адамдары бұл өзгерісті көзбен көрсе де, көңілмен мəн бермейді. Қаладағы барша тіршілік иесі қандай күн, қандай заман, қандай жағдай болса да, əрдайым өлместің қамына асығады. Адамдар жұмысына асықса, күшіктер мен мысықтар бір күндік асы мен панасына асық. Осындай асығыс, қарбалас тіршілікте бір мезет тоқтап, бір-бірімен амандасып, хəл сұрауға мұрша жоқ. Бір-бірінің жан-дүниесіне үңілмей, көрсе де көрмегендей, таныса да танымағандай кейіппен өтіп кетуге құмар.
Қала көшелерінде антына берік сақшылардай қаз-қатар тізіліп көпқабатты үйлер тұр. Үйдің қарсы алдында, тау-тау болып үйілген тұрмыстық қоқыс маңындағы алаңда бірнеше бала ойнап жүр. Арасында түр сұлпаты сүйкімді, көкшіл көзді, қоңырқай шашы жүгірген сайын желпілдеп кішкентай Самат да жүр. Ол бұл ойынды жақсы білгендіктен, өзін ойын төресі сезініп, мəз-мейрам, шат көңілде. Ойында ештеңе жоқ, ойын баласы іштей: бұл бақытты сəті мəңгіге жалғасса екен, ойын аяқталмаса екен деп тілейді. Қасындағы əрбір баланы көзден таса қылмай, ойынға үйіріп жүр. Бір сəт, ойын алаңына қарама-қарсы орналасқан көпқабатты үйдің терезесінен, ананың баласын түскі асқа шақырған үні естілді. Саматтың оң жағында тұрған досы үйіне қарай жүгіре кетті. Бір ойыншы кетіп қалса да, ойын жалғасын тапты. Сəлден соң екінші баланы одан үшінші баланы шақыртып ақыры ойын тоқтап қалды. Самат алаңда жалғыз өзі тұр. Ол көпқабатты үйдің терезелеріне көз жүгіртіп, əрбір үйден шыққын дəмді тамақ иісіне танауын тосып тұр. Дəмді тамақ иістері балаға əр үйдің жылулығын сезіндірді. Самат кенеттен, есіне бірдеңе түскендей, ойын алаңының артындағы, өз үйіне қарай жүгіріп кетті. Ентігіп, асығыс есікті ашып, үйге кіріп келді. Үйде ешкім жоқ. Күн сəулесі түспеген алакөлеңкелі ас үй. Стол үстінде жұмыстағы əкесі жазып қалдырған хат пен суып қалған тамақ тұр. Самат тамақтың бетін ашты да, ойланып тұрып қалды. Алдында тұрған ас бақытты күндердің жарқын сəттерін есіне түсірді. Дəл осы тамақты, анасы қазан-ошақтың маңында ыңылдап, əндетіп жасап жүруші еді. Самат бұл сəтті қаншалықты жиі есіне алса да, уақыт өткен сайын бала санасындағы анасының бейнесі көмескіленіп, ұмыт болып бара жатқандай. Осы бір жылы сəттің қайта оралмасын түсінген кішкентай Самат, тамақтың бетін тарс еткізіп қайта жапты. Үйден жүгіріп шығып, алаңға қайта келді. Ол көпқабатты үйден шыққан жылулық иісі мен күлімдеп тұрған күн жылылығына бетін тосып, аспанға қарап тұра берді…
Авторы: Бүлдірген Ерболатқызы