One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Special project
Шапағат Әбдірұлы

Шапағат Әбдірұлы


Шапағат Әбдірұлы 1994 жылы Киелі Іле топырағында дүниеге келген. Қазіргі таңда Жамбыл облысы, Тараз қаласы, М.Х.Дулати атындағы Тараз  Мемлекеттік университеттің «Журналистика» мамандығы бойынша білім алуда.

 

Көктемсіз көктеген бозғалдақ

 Жарықтан жаралған жанға арнау

 

Сен кеткесін тағдырыңа таң налып,
Қалды артыңда туған жер мен Ән,Халық.
Таңға жуық құсқа айналып ұшыпты,
Тас түрменің есігінен қанды әріп.
деп ұрпағың аңыз қылды бір ғасыр,
Еркіндіктің « Перзенті »деп Таңжарық .
Өткен-кеткен тағзым етер таңқалып,
Хан тәңір боп қалдың тәке мәңгі алып.



Бәрі қалды, тай боп ойнап өскен бел,
Атыңды атап,кіндігіңді кескен жер .
Еһ дүние ай маңдайың тар ежелден,
Бәрі жалған…

                     түскен сағым ,

                                    ескен жел .
Ақындарға емессіңдер жанашыр,
Ақындарға емессіңдер  дос сендер…
Жесір жеңгем деп жылайды ыңылдап,
«Тор төбелге жем кетеді қос шеңгел…»
Соңғы ақынын жерлеп келіп дүние-ай,
Сеттік көгін соғым қылды көшпенді ел…



Тәкем емес қазағымның нары өлді,
Тәкем емес қара өлеңнің ханы өлді .
Қырында ұйықтап жатсадағы қылыштың,
Өле-өлгенше сүйіп өтті жаны елді.
Ол өлгенмен пенде біткен білген жоқ,
Өлтірмесін өлеңменен   ән   ерді.
Қабіріне қарап тұрып тәкемнің,
Ақымақтар соны білсін ал енді…
Ақындарды соттай алмас бұл әлем,
Ақын сотқа берсе берер әлемді.



Тас тұрмені қабылдаған тағдыр деп,
Қалмасын деп күзетіпті ол ар кірлеп.
Сен кеткесін тас балқыпты қайғыдан,
Қайыңның да қабығынан ән бүрлеп .
Күнесіңді гүлге көмді кестелі,
Көз жасыңның әр моншағы жаңбыр боп.



Уақыт ақтап алатынын түбі бір,
Түсетінін қаралы елге ұлы нұр.
Күтіп ұзақ көз жұмдың ба күрсініп,
Барлығына сендіңбе  іздер  тірі құл .
Жыр жазғанда саусағынан саулаған,
Таңжарықтың қаны шығар бұл іңір.



Ұлтым үшін отқа кетсін жанып тән,
деп ұмтылдың болмады оны жан ұққан.
Ғасырдан соң таң боп атқан халыққа,
Жаралған жан сен ғанасың жарықтан.



Шүкір бүгін қанаты бос бүркітпін,
Көлеңкеммен талай жауды үркіттім.
Қазақ Тәуелсіз ел болды оянып,
Дауысынан саған атқан мылтықтың.

 

*Сеттіккөк-Таңжарық мінген Ат

                        

  Түйсіну

 

Білмеймін күз ол ма, жыл мен бе?
Кімдікі көзімде жүрген от?
Сен неге кезіктің жүргенде,
Өз тәнім өзіме түрме боп.



Жанымды арыңа бөледім,
Тап-таза тұруын тілеп мен.
Мендегі махаббат көлемін,
Сендегі өлшедім жүрекпен.



Қателігің болсада ол сенің,
Кешірім сұрадым алдымен.
Ғаламның кеңдігін өлшедім,
Анамның мен жатқан қарнымен.



Өлшеусіз не қалды көрсет жүр,
Өлшедім бәрін де кеш ұқтым.
Көріңнің тарлығын өлшеп біл,
Ішімен есейткен бесіктің .


Мен енді түсіндім ақылдым,
Барлығын өлшедім арға сап.
Болашақ ойнайды ақынның,
Көзінің жасынан шар жасап …

 

***  ***  ***   ***

                

Бозғалдақ

 

Барлығын ,орманның ,жотаның,
Кезіп қайда келдің? О ,тәнім…
«Туған жер» деп ән сап шегіртке,
«Туған жер» деп айтты тоты әнін.
Ал менің тағдырым бір басқа,
Туған жерім емес отаным.
Бозғалдақ гүл көрдім оянған,
Үнінен боздаған ботаның.



Боздайды дүние, боздар бақ,
Өзінің тамырын өзі қарғап…
Елей ме, мендегі мұңды құдай ?
Естір ме, мендегі сөзді аруақ ?!.
Қалтамда бір уыс топырақ,
Иісі мұрнымды тозды алдап.
Ал содан...

 

белгісіз бір тамыр есінеп,
Керілген гүлдері көзді арбап.
Көзімнің жасымен жайқалар,
Көктемсіз көктеген бозғалдақ…

             

Leave a comment:
Captcha