WBK тұжырымдамасы бойынша Қытайда өткен ережесіз жекпе-жектен халықаралық чемпионаттың финалына жолдама алған қос қазақ - қазақстандық Айбек Нұрсейіт пен қытай қазағы Ғабит Тұрсынбек бір-біріне жұдырық жұмсамағаны үшін төрешілерден ескерту алып, жарыстан шығарылды. Дегенмен екеуінің мәрттігі мен бауырмалдығы әлеуметтік желіде үлкен резонанс туғызып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ақын, аудармашы, әдебиеттанушы Жүкел Хамай қос батырға жыр арнап, ел жүрегін одан әрі елжіретті. "Әдебиет порталы" осы үрдісті жандандырып, қазақтың барша ақындарына "Қазақтың бірлігін ту еткен батырлар!" атты жыр бәйге жариялайды! Айбек пен Ғабиттің ерлігіне арналған жыр додасына қатысамын деушілер өлеңдерін порталдың электронды поштасына (аdebiportal@gmail.com) жібере алады. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында бәйге қорытындысы шығарылып, ең үздік үш өлеңге арнайы сыйлықтар беріледі.
Бұл игі іске қолдау көрсетіп, демеушілік жасаймыз деген қалталы азаматтар болса, портал әкімшілігіне хабарласуға болады.
ҚОС БӨРІ
Алашының абыройын көтеріп,
Ақылы бәсіреге бармай,
Атқа қонған көненің баһадүрлеріндей
Қас жауына ғана жұмсар кектерін
Көкіректеріне сақтап қалғанын!
Қаумалаған
Қалыңның ырқына көнбей,
қасарысып.
Қазағының байрағы
Қандай биікте болмағын,
қастарына танытып.
"ҚАЗАҚ" деген намыстың
Өрде болатынын
көрсетіп,
Алты құрлыққа әйгілеп,
Айдарынан жел есіп,
Аттар қадамын шегеріп,
Аманатты жерімді
Аспандатып тастағанын,
АЙНАЛАЙЫН, ҚҰЛЫНДАРЫМ!
Қарсы ұрса,
Қалың Ел - Қазағының
Қаған тағы тайып кетердей,
Қандасының қабырғасынан ұрса,
Қара аспан төңкеріліп,
Көк байрағы құлап кетердей,
ҰЛАНДАРЫМ!
Жүкел ХАМАЙ