One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

18.11.2015 1261

“Дәмелі”

Author: Ө.Қанахин
Retelling: Рымғали Нұрғалиұлы

Өтебай Қанахин 1923 жылы 17 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты Тәуіл дейтін жерде туған.

Жастайынан жетім қалған оны туыстары 1932 жылы балалар үйіне тапсырған. 1940 жылдары Ақтөбедегі педагогтік курсты бітірген соң, сондағы оқытушылар институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне сырттай оқуға түсіп, біраз туып-өскен ауданында ұстаздық еткен.

Өтебай Қанахин соғыс жылдарында майдан газеттеріне мақала, суреттеме жазып тұрған.

1954-1956 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, 1955-1956 жылдары «Ара» («Шмель») журналында бөлім меңгерушісі болып істеген. 1963-1966 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактор, 1969-1970 жылдары жаңа шыға бастаған «Жалын» альманағының Бас редакторы болған. Мұнан соң «Мәдениет және тұрмыс» журналының әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеген. 1957-1969 жылдар аралығында бірнеше повестер мен әңгімелер жинағы шыққан. 1961 жылы тұңғыш романы «Дәмелі», 1973 жылы «Жүрек қалауы», 1979 жылы «Құдірет» романдарын оқырман қауым жылы қабылдады.

Өтебай Қанахиннің “Дәмелі” романының алғашқы тарауынан бастап көрінетін Дәмелі, Медіғали, Кузнецова Вера Васильевна, Жүніс, Дәмір, Бағдагүл, Дүйсенбек, Рабиға Шынтасова, Асылбектер шығарма оқиғасынан бірде-бір тыс қалмайды.

Романдағы Дәмелі Сәрсенбина тағдыры Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ елінде болған бірқатар жайларды аңғартып, сол кездегі әйелдер басындағы жайттарға оқырман назарын аударып, аяныш сезімін тұтата суреттегенін көреміз. Дәмелі бейнесі арқылы жазушы әйелдер тағдырының әлеуметтік ішкі қайшылықтарын тереңірек ашуға мүмкіндік алған. Романдағы Дәмеліден басқа Вера Васильевна, Бағдагүл, Рабиға, Шүйке қыз, Томпақ тәрізді кейіпкерлердің соғыс кезіндегі әлеуметтік орны мен тағдыр-тартыстарын шығарманың өзекті арқауына айналдырып отырушылық басым. Бұл әйелдердің қоғамдағы орны әрқалай көріне отырып, бірі отбасы, ошақ қасында көрінсе, бірі ел басқару ісіне де белсене араласып жүргенін көреміз. Жоғарыдағы барлық әйелдер өз ерекшеліктерімен көзге көрінсе де, олардың өмірі, ортасы Дәмелі Дүйсенбинамен сабақтасып суреттеледі.

Дәмелі он бес жасына дейін жетімдер үйінде, кейіннен туыстарының үйінде жүріп, қалың малға күйеуге бермек болған туыстарымен келіспей, комсомол уәкілі Медіғалимен аудан орталығына қашып кетеді. Соғыс басталып, күйеуін әскерге аттандырған Дәмелі ұлы Еркінмен тіршілік қамымен жазмышқа біржола мойын ұсынған қазақ әйелінің басынан кешірген қиындықтарын елестетерліктей шыншыл бейнеленеді.

Романда Дәмелінің қиын кезең, сын сағаттарда сүрінбей ой-парасат, адамгершілік қасиеттерімен көрінетін тұстар көп-ақ. Өз күйеуімен бірге соғысқа аттанған Асылбектің кәрі шешесін, Балғаным қарияны үйіне кіргізіп алып, бас-көз болуы қазақ әйелдерінің психологиясына сіңісті болып қалған ұғым дәстүрін терең ашқан.

Романда көбіне үйде де, түзде де кейіпкерлер сөйлеген сөзінен, іс-әрекет пен ұғымдарынан өзіндік бағамын танытып отырады.

Шығармадағы Әлімгерей бейнесі мен жазушы елдің байлығын сорып, ауыл-аймақты уысынан шығармай отырған жемқордың былықтарын ашу арқылы жеке штрих, детальдар пайдалана отырып тартымды бейнелеген.

Өмірден қағажу көріп, жоқшылықтың тақсіретін тартқан Барлыбай бай болуды ғана армандап, Шүйке қыздың байлығына бола үйленіп, өз мақсатына жеткені де сенімді сомдалады. Соғысты сылтау етіп бар мүмкіншілікті өз жағына аударып, менмендікке салынған Әкімгерей, Барлыбайлардың зиянды іс-әрекеттері жан-жақты ашылған деуге болады.

Дәмелі заводқа алғаш келгенде браковщица болып өзін көпшілікке бірден танытып, шойын цехын қайта қалпына келтіруге атсалысып, жаңа бастамалардың басы-қасынан көріне біледі.

Шығармадағы әйелдермен қатар Әлімгерей, Барлыбай, Дәмір, Баранов сияқтылар да өндіріске өз үлестерін қосып, сол кездегі ақиқат шындығын танытатын бейнелер.

Романдағы “Орнығу”, “Бетбұрыс”, “Өрлеу”, “Медет” бөлімдеріндегі майдан мен тылда көрінетін жастар бейнесін суреттеуде жазушы, өзі жазған тақырыбын түбегейлі меңгергендігін көреміз.