ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ЖИЫНЫ

фотороман

«Әдебиет порталы» интернет-жобасы
тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұсынады

Идея авторы:
«Қазақпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің
Басқарма төрағасы Асқар Умаров

Суреттерді іріктеп, мәтінін жазған Нұрлан Қабдай
ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЕЛЕҢ-АЛАҢЫ.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ ЕДІ.
Алматы әуежайына келіп қонған экс-советтік ескі ұшақтардан бұрын-соңды бұл елге табаны тимеген жаңа адамдар түсіп жатты.
Бек тебіреністі, бек жайдары қауым.
Қария траптан түсе жайнамазын жайып жіберіп, сәждеге маңдайын тигізген: «Уа, Жаратқан, тәуба! Атамекенмен қауышатын да күн болады екен!»
Бидай өңді, қараторы, аққұба... еуропаша сәнді киінген, төбесіне оюлы тақия қондырған... әйтеуір түрлі диалектте қауқылдасқан, хал сұрасқан қалың адам.
Және бәрі қазақша сөйлейді.
Бұлар әлемнің төрт тарап, сегіз қиырынан атамекенге ағылып келіп жатқан қазақтар еді.
«Шеттегі қандас, жиналыңдар! Болашақ болжаусыз болғанымен, олжасыз қалдырмас. Қол қусырып қарап отырмайық. Ақылға салар әңгіме көп...», - деп сауын айтылған соң-ақ атажұртқа лап қойған беті екен.
Дүниенің асты үстіне келіп, Қазақстан тәуелсіздік туын көтерген соң, 1992 жылы күзде Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті.
Ұлы жиын елдегі қазақ пен шеттегі қазақтың Ұлытау-Жезқазған жеріндегі сағынышты қауышуына ұласқан.
Тағы бірқаншасы астана – Алматыдан тікелей қасиетті Түркістанға аттанды. Бұл сапар да олардың ғасырлық арманы еді.
Сарыарқа жұрты жоғарғы елге жорға бие, төменгі елге ту бие сойып...
...кісі елінен сағынып жеткен қандасты алғаусыз көңіл, ақ тілекпен қарсылаған.
Ақ жұмыртқадай киіз үйдің түндігі жұмыр жердің қуанышынан желпілдейтіндей. Қыдырымпаз жұрттың өзі де, өзекті алақайы да сеңдей соғылысады.
Бәйге өткізіп, балуан сайлап... өнерліні төрге оздырып, көрерменді қызыққа кенелткен бір думанды күндер өтіп жатты.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында дүниенің жүзін бұрған алғашқы үлкен тойдың бірегейі осы алғашқы құрылтайдың шашуы еді.
Күні кеше Ленин атында болған, бүгінгі Республика сарайында ине шаншар орын жоқ.
Құдай-ау, қырық рулы Қазақ байдың баласы осы күні әлемнің қырық елінде тіршілік кешіп жатыр деп кім ойлайды.
Бауырлас ел Түркия, Алтайдың күнгейі мен түстігі – Моңғолия мен Қытай...
...Кәрі құрлықтағы бипаз Алмания мен Франция, тіпті мұхит ортасындағы Аустралия құрлығы да қазаққа мекен болыпты.
Тұңғыш құрылтайға және тағы 33 елден 800-ден аса өкіл қатысып жатты.
Салтанатты мәжіліс төрінде ұлттың маңдайға басқан марғасқалары.
Залда – осынау тарихи сәттің жақсылығына ұйыған азат қауым.
Бірімен-бірі адасып барып қайта табысқан ағайынның алдында санаулы болса да салиқалы міндеттер тұрған.
Әуелі атамекенде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру керек. Оның шаруадан шашау шығармас тізгіншісін сайламақ.
Ең бастысы – исі қазақтың ендігі тағдыр-талайы қалай өрілмегін ақылдасу.
Келер сәт маңдайы жарқырап мінберге көтерілген мемлекет басшысы әуелі орта толсын айтып, қайырлы қауышумен құттықтаған.
Содан соң бүгінгі кеп, болашақ міндет-жоспарды ұзағынан толғайды. Сөйтіп алқау сөзін: «Бүгінгі қиындығы мол заманда көңілге медеу болар бір жай – қазақтың басы өз атамекенінде тоғысуы. Біз ұлы сапарға шықтық. Қолымызда – тәуелсіздіктің көк туы, елтаңбамызда – бас халықтың басын біріктірер киелі шаңырағымыз. Осынау үлкен жолдың үстінде бізді ата-бабамыздың аруағы желеп-жебеп жүрсін!» - деп түйіндеген.
Сол сәт алас-күлес заманда Қырым асып, Үрім кеткен, енді міне, азат ғасыр, егемен елінде қайта қауышқан қандастың төбесі көкке бір-ақ елі жетпей тұрды.