«Арман қала» романы. Сырт.

12.05.2017 6313

-  ... Бүгін 2049 жылдың 3-ші мамыры – Арман қала тарихының жаңа дәуірінің басталатын күні! Естеріңізге сала кетейік, бүгін қаладағы соңғы балалар үйі жабылады. Қала басқармасы алдыңғыларындай бұзып, басқа мекемеге айналдырып емес, есігін құлыптап, сол күйі қалдырмаққа шешкенін білетін боларсыздар. Ішіндегі жиһаз-бұйымдары, тіпті ыдыс-аяқ, ойыншықтарына шейін өз орнында қалдырылады, қараңыздаршы қарауытқан терезелеріне, «Керек болмай қалса мен осындамын, әрдайым дайынмын» - деген сөздерін қараған адамның ойынан бірақ шығаратын мылқау дәу құсап тұрысы. «Болашақ ұрпақтарға еске салу, ескерту болсын, санасын ширатып тұрсын деп қалдырамыз!» - деген қалабасының сөзін біздің арнамызға берген сұхбатында өздеріңіз бір жеті бұрын естідіңіздер. Соңғылардың бірі болып бұл үйден медициналық нанороботтар зауытының инженері Қайсар ағамыз бауырына басқан Батыржан есімді балақай кеткен болатын. Әне тұр өзі. Енді міне, жанұясын тапқан жеткіншек әйгілі шыны құлыпты қаланың қақ ортасында ескерткіш ретінде қалдырылып жатқан Арман қаланың соңғы болып жабылған балалар үйінің есігіне салып жатыр... Қане балақай!..

Естідіңіздер ғой?! Болды! Болды! Болды!.. Құрметті көрермен! Тікелей эфирден тарихтың мұндай парақтарын көрген біздің де бағымыз бар екен-ау! Экрандарыңызда қазір шықты, дәл сол шыны құлыптың суретіне тағы бір үңілейікші. Дәл өзі, кілті жоқ құлып, сырт етіп бір-ақ рет құлттанатын құлып, есігіңді қайта ашар болсаң құлыпты қиратып қана ашасың. Құлыпта жазылған екі сөзді тағы бір оқиықшы ағайын, тағы бір есімізге түсірейікші... Сол құлыптың тарихын... Үнсіз нәзік куәгеріміз, бәрін көрді ғой бұл құлып, осы күнге қа... қа-лай... жеткені-мізді... кешіріңіздер...

Бөлісу: