Сәбит Мұқанов. ...Деген екен №22

Бөлісу:

16.09.2015 6046




a8883f04ea71b80f209a886fbbd3b9f8.jpg

Әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов 1967 жылы «Сәкен СеЙфуллин» атты пьесасының премьерасына орай Қарағандыға келеді. Сәбеңнің келуі оқырман қауым үшін қашанда зор қуаныш. Ал, етене аралас қаламгер таныстары үшін тіптен зор мәртебе ғой. Алғашқы күні-ақ  Сәбеңе сәлем беруге қаламгер таныстары ағылып келе бастайды. Тек әлде бір себептермен акдемик Евней Букетов көріне қоймайды. Сәбең бір-екі рет: «Біздің әлгі химик жазушымыз қайда?» деп сұрап та қояды.

Содан, араға бір күн салып, Сәбеңе сәлем беруге Евней  де жетеді ғой. Сәбең әдеттегідей шұрқырай амандасып, жарқын жүзбен бір әңгімені еске алады.

– Сен, Батыр, білмейсің ғой, дейді Сәбең, – біздің елде  Бөкей, Бікей деген екі кісі болған. Екеуі жас кезінде мейлінше тату болыпты. Ауқатты адамдардың  балалары көп екен. Қазақта ол кезде малдан басқа байлық бар ма?  Бір жылы Бікейдің үйі жұтқа ілігіп, жүген ұстап қалады. Ақылы жоқ Бөкей, кедейленген досын менсінбей, алыстап кетеді. Сөйтіп жүргенде бір жиында анадай жерде шаниып тұрған бай баласы Бөкейді көргенде Бікей: «Уай, Бөкей, бір кезде  Бөкей-Бікей атанып едік, енді какой-такой атанғанымыз ғой», – деген  екен. Сол сияқты, қазіргі жас жігіттердің өскен сайын амандық-саулығы  қала ма деп топшылаймын...

Сонда Евней асыл ағасының парыз-қарызы жоқ ағалық базынасын түсініп:

– Япырмай, ағадан осындай бір сөз естимін ғой деп келіп едім, өзіме де сол керек! – деп інілік кішіктік  білдірген екен.

 


***

 


Елуінші жылдары Шведтің белгілі жазушысы, халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты Артур Нильс Лундквисд Алматыға келіп, Қазақстан Жазушылар одағында кездесу өткізеді.

Шет ел қоағының халықтық қасиетке ден қоятын әдеті. Сол әдетпен швед жазушысының көңілін аулау үшін Сәбит Мұқанов қазақтың салт-дәстүрін, оның ішінде қадірлі тағамы қымыздың алуан қасиетін айтып отырады. Сөзіне ғылыми салмақ дарытып, қымыздың құрамындағы витаминдердің  процентіне дейін тізбелесе керек.

Сәбеңді қызыға тыңдап, айтқан дерегін жазып алып  отырған Артур Лундквист:

– Сіздің айтқан витаминдеріңіздің  бәрін қосқанда  қымыздың 80 проценті болды, сонда қалған 20 проценті не болды екен? – депті.

Сонда Сәбең :

– Мына антұрған бәрін есептеп отыр екен ғой... Қалған витаминдері әлі ғылымда ашылған жоқ, – деген  екен.



***

 


Сәбит Мұқанов көзі көрген таныстарына шұрқырай ұмтылып, алдымен сәлем береді екен.

Бірде жасы кіші інілері  Сәбеңнің әлгі мінезінен ыңғайсызданып:

– Ойбай, Сәбе-ау, өзіміз де сәлем берейік деп келеміз ғой! – десе керек.

Сонда Сәбең:

– Ой, антұрған, сендер сәлем бермей өтіп кетсеңдер қайтем! – деген екен.

 


***

 


Бірде партизан-жазушы Қасым Қайсенов пен Сәбит Мұқанов кезігіп қалады. Әдеттегідей Сәбең шұрқырай амандасады.

– Сәбе, Украинаға барып қайттым,  – дейді Қасым Қайсенов.

– Дұрыс.

– Филатовтың ауруханасында болып қайттым.

–  Дұрыс екен.

– Ауруханада көзіме операция жасатып қайттым.

– Дұрыс болған.

– Сәбе-ау, мұның несі дұрыс, сау көзбен барып, шыны көзбен қайттым ғой!

– Ә, онда дұрыс болмаған екен! – депті сонда Сәбең.

 


***

 


Жазушылар одағының бір кезекті жиналысында бір жас ақын сөз алып, Сәбит Мұқановқа тиісе сөйлейді. Өлеңдерін сынайды.  Қыза келе Сәбит Мұқанов ақын емес дегенді айтады.

Сонда Сәбең тұрып:

–  Жаңағы бала дұрыс айтады. Жас кезімде мен де Абайды ақын емес дегенмін , –  деген екен.

 


***

 


Бірде Сәбит Мұқановқа бір топ  студент сауал қояды:

– Сәбе, сіз шығармаларды көп жазасыз. Ал қай кезде демаласыз?

– Мен бір кітапты бітіріп, екіншісін бастағанда демалам, –  деген екен сонда Сәбең.

 


***


Отан соғысының алдында Жамбыл бастаған біраз ақын-жазушылар үкімет ордендерімен наградталады. Солардың ішінде халық ақыны Саяділ де бар екен, орденнің құрметіне Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Иса Байзақов, Күләш Байсейітова сияқты ел ардақтыларын қонаққа шақырады. Орталарында қой ішіндегі серкедей , ерекше тұлғалы Қажымұқан да бар екен. Жанына үшкейттей ғана жұбайын ертіп алса керек.

Жолай Сәбең Қажымұқанның жұбайын «Батыр жеңгем!» – деп  қарата сөз айтып, әзілдесіп келе жатады. Содан тағы да бір сөздің орайында «Батыр жеңгем» дей бергенде Ғабиден отырып:

–Ау, Сәбит, батыр жеңгем деп сұңқылдауыңа қарағанда жеңгеңнің батырлығын көріп, жүрегің шайлыққан-ау, шамасы! –деп  әзілдейді.

Сонда Сәбең:

– Бәрекелді, осы сендерде көз бар ма, осы. Өздерің  қараңдаршы, мына отырған Қажыағамызға, танымайтын біреу айдалада кезіксе жүрегі жарылып өлгендей емес пе! Осынау алпамсадай Қажыағаңнан қаймықпайтын күйкентайдай жеңгеміз батыр болмағанда кім батыр болмақ. Керек десең жеңгеміздің батырлығының жанында Қажыағаңның батырлығы жолда қалады! – деген екен.

 


***

 


Бірде Сәбит Мұқановты жұбайы Мәриям апаймен қосып қырғыз ағайындар құрметтеп қонаққа шақырады. Қолдан-қолға тигізбей ықылас көрсетіп, тамаша қонақжайлықпен сый-сияпат көрсетеді.

Осы жолы бір бас қосуда есіп әңгіме айтып отырған Сәбең сөз арасында:

– Қырғыз ағайынға қарағанда мына біздер, қазақтар ақсүйектеу  ғой, – десе керек.

Бұл сөзді көңіліне алып қалған қырғыздың халық ақыны Қуанышбек Мәлібеков табан астында:

–  Сәбе, рас айтасыз, сіздердің ақсүйектеу екендеріңізде күмән жоқ, себебі Кенесарының сөңке болып ағарып жатқан сүйегін күнде көріп жүрміз депті.

Екі үлкен адамның сөзбен шарпысып қалғанына отырғандар ыңғайсызданып, жүздерін бұрады.

Сонда Мәриям апамыз сөз алып:

– Өткеннің шаңын шығарып, өлгеннің басын ауыртып қайтесіңдер. Онанда бүгінгі күй, ертеңгі жайымызды ойлайық. Басқаны қайдам, өз басым осында келгелі Наурызбайға тартқан бауырларымды көріп бір жасап қалдым! – деген екен.

Сонда Қуанышбай Мәліков  орнынан тұрып, Мәриям апамыздың жаулығының ұшынан сүйіпті.

Ал, бауырлас ағайынның көңіліне  келетін сөз айтып алғанына абдырып отырған Сәбең әрі толқып, әрі жадырап, суланған көзін орамалмен сүртіп:

– Әй, осы бар ғой, анау тапқыр, мынау тапқыр дейді, мен үшін Мәриямнан тапқыр ешкім жоқ! – деген екен.

 


***

 


Сәлемшілдік Сәбит Мұқановтың әдеті. Бірде шамалылау танитын бір жігітке сәлем беріп, әдеттегідей шұрқырай амандық сұрайды. Сөз арасында:

– Келін қалай?! – дейді.

Бейтаныс жігіт ыңғайсызданып:

– Сәбе, мен әлі үйленген жоқ едім! – депті.

Сонда Сәбең еш саспастан:

– Жоға, менің сұрап тұрғаным мүлде ол емес... Сенің үйленбегеніңді білем ғой... Маған анау сенің шешең келін емес пе... Сол ғой сұрап тұрғаным! – деген екен.

 


***

 


Бірде республикалық мәжіліс өтіп жатса, үзіліс кезінде Алматының бір жігіті келіп Сәбеңе сәлем береді ғой. Сәбең бұл жігітті танымай қалыпты. Бірақ үйіріліп сәлем беріп тұрған жігітке танымаған шырай білдіртпей, ел жақтан келген біреу болар деген оймен:

– Иә, үй-ішің, ел-жұртың аман ба? Қашан келдің? – деп әдеттегідей үйірсек шырай танытады. Сонда бейтаныс жігіт қысылып:

– Сәбе-ау, мен осы Алматыда тұрамын ғой, – депті.

Сәбең болса еш қысылмастан табан астында:

– Білем ғой, білем ғой, осы жерге мына мәжіліс басына қашан келдің деп сұрап тұрмын, – деп жалтара салған екен.

 


***

 


Бірде Сәбит Мұқановты ақын Мұзафар Әлімбаев моншада кездестіріп қалыпты. Жасы кіші Мұзафар інілік ізетпен бас изеп қана өте бермек болған екен, Сәбең әдеттегідей ашықтығымен:

– Ә-ә, Мұзафармысың, жақсы болды ғой кездескенің, менде сенен жасырар сыр жоқ екенін білесің ғой, арқа ысысайық! – деген екен.



***

 


Сәбит Мұқанов серуендеп жүрсе бір арызқой  тарихшы кездеседі. Сөз арасында әлгі тарихшы:

– Сәбе, давлениеңіз жоқ па? – дейді.

Сонда сәбең:

–Неге давлением болсын, әйелім ойнас жасамайды, өзім ешкімнің үстінен арыз жазбаймын деген екен.

Арызқой тарихшы тұрып қалыпты.

 


***

 


 «Лениншіл жас» газеті Горький көшесіндегі үйдің жетінші қабатына көшкен кезі болатын. Бірде Сәбит Мұқанов редакцияға материал тастап кетпекші болып, машинасымен жолай соғыпты да, кездескен біреуден редакцияның нешінші қабатта екенін сұрапты. Сонда жетінші қабатта екенін естігенде:

– Пай-пай , алыс екен ғой, – деп аз-кем тұрыпты да, жоғары қарап, – ау, «Лениншіл жас», біреуің төмен түсіп кетші, – деп дауыстаған екен.

 


***

 


Бір тойда асаба болып отыпған Сәбит Мұқанов байқамай сыншы-ғалым Мұхаметжан Қаратаевқа екінші рет сөз беріпті.

– Сәбе-ау, мен әлгінде ғана сөйледім ғой! – депті таңырқап.

Сонда, Сәбең еш саспастан:

− Оны білем ғой, «Енді не айтар екен» деп сөз беріп отырмын! – деген екен.

 


***

 


Өзбек жазушысы Ғафур Ғұлам өзінің әріптес досы Сәбит Мұқановтың сөз тапқыштығын сынау үшін, бірде:

– Сәбе, осы Аралдың суы қанша шелек болады? – деп сұрапты.

   Сонда Сәбең іркілместен:

   – Е-е, Аралдың суы ма, Аралдың суы тура өзіндей шелекпен бір-ақ шелек болады, –деген екен.

 


***

 


Алматы қаласының қазіргі абай даңғылы бір кездері  «Бесарық» деп аталып, қаланың Алатау жақ ең шеті болады екен. Сол Бесарықтың бойында Сәбит Мұқанов пен  Ғабит Мүсірепов көрші тұрыпты. Бірде, қаламдас  екі дос серуенге шықса, арықты малшылап бір тырсылдаған торай жатыр дейді.

Сол жерде Сәбит Ғабиттің «Талпақ танау» деген әңгімесін мегзеп:

– Өзі семіз мал екен,

Еті «тәтті бал» екен.

Мұны таңдаған Ғабиттің

Шын ырысы бар екен! – депті қағытып. Сонда, Ғабит те табан астында:

– Е, несі бар,

Ешкі тапса егізден,

Шошқа табар сегізден.

Қашатұғын қазақ па,

Семіз бенен сегізден! – деп әзілге әзілмен жауап қайырған екен дейді.


Ел аузынан жинаған: Ақселеу Сейдімбек

Бөлісу:

Көп оқылғандар