Тәуелсіздікке тағзым жасалды

Бөлісу:

10.12.2021 4822

8 желтоқсан күні Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тағзым» атты мәдени-әдеби іс-шара өтті. Іс-шараға ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлы, Танакөз Толқынқызы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Біржан Ахмер, Ербол Бейілхан, ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы директорының орынбасары Олжас Қасым, Арман Шеризат, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры Мерген Тоқсанбай, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Қуаныш Оспан, Табысбек Үсен, Серікбай Әбілмәжін қатарлы ақындар қатысты.

Әдеби кешті Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Алғаш болып сөз алған ақын «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған Несіпбек Айтұлы азаттықтың арқасында сөз бостандығының күрмеуі шешіліп, қаламгерлердің еркін құлаш сермеуіне жол ашылғанын атап өтті. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін жас ақын-жазушыларды егемендіктің жарқын сәттерін жырлауға шақырды.

Айтулы шараға Ақмола облысынан келген ақындар тәуелсіздіктің ақ таңы туғандығы арқасында Көкше өңірінің қазақыланып жатқанын тілге тиек етті. Жақында Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалына директор болып тағайындалған Мерген Тоқсанбай Көкшетау қаласында көшелерге алаштың көрнекті тұлғаларының есімі берілгенін, оған қаламгерлер қауымының тигізген зор үлесін атап өтті. Сондай-ақ, көкшетаулық ақындар Қуаныш Оспан мен Табысбек Үсен Біржан сал, Ақан серінің отанында ауыз толтырып айтарлық әдеби үрдістердің жолға қойылғанын қуанышпен жеткізді. Кешке қатысушылар тәу етер тәуелсіздіктің тамыры тереңге жайылсын деген тілекпен тарқасты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар