Нұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - 1940 жылдың 6 шілдесінде Қазақ КСР-і, Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында Әбіш (1903–1971) пен Әлжанның (1910–1977) отбасында дүниеге келді. 1957 жылы Қаскелең қаласында Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірді.
Теміртаудағы металлургиялық комбинат құрылысына бүкіл одақтан комсомолдарды жинап жатқанын естіп, Нұрсұлтан Назарбаев металлург болуға бел буды. 1958 жылдың алғашқы екі айында Қарағанды облысында Теміртау қаласынан 15 км жердегі Токаревка ауылында жатақханада тұрды. Украинаның Днепроджерсинск қаласындағы Днепр металлургиялық зауытындағы №22 Кәсіптік-техникалық училищеде оқып, 1960 жылы тәмамдады. 1960 жылы Теміртау қаласында «Казметаллургстрой» трестінің құрылыс басқармасына жұмысшы болып орналасты. 1960 жылы 3 шілдеде Қазақстан және Орталық Азиядағы алғашқы домна пеші іске қосылды, Назарбаев алғашқы қазақстандық шойын қайнатуға қатысты. Содан кейін Қарағанды металлургиялық комбинатында құю машинасының шойыншысы, домна пештің горновойы, домна цехтың диспетчері, газшысы, аға газшысы болып істеді. 1967 жылы Қарағанды металлургиялық комбинатындағы Жоғарғы техникалық оқу орнын бітірді.
1969 және 1973 жылдары Теміртау қаласында партиялық комсомолдық қызмет атқарды. 1973–1978 жылдары Қарағанды металлургиялық комбинаты партия комитетінің хатшысы болды. Турасын айтқанда Назарбаев кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлға еді. Бұл жерде 30 мың адам жұмыс істейтін. Назарбаев естеліктерінде менмен амбициясының болмағанын, басқарушы лауазымдарға құмар болмағанын айтады, бірақ жас күнінен әрқашан да бірінші болу керек деген дағды қалыптасқан. Осы кезеңде ол басшы ретінде цех басшылары мен министрлерге дейін қарым-қатынас жасау тәжірибесін жинақтады.
1978–1979 жылдары партияның Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, екінші хатшысы болды. 1979 жылы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болып тағайындалды.
1984–1989 жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы, ал 44 жасында одақ республикалары арасындағы ең жас басшы атанды.
1986 жылдың желтоқсанында республика астанасы Алма-Ата қаласында ееруіл басталды. Оған Қазақстан компартиясы ОК бірінші хатшысының қызметіне Дінмұхамед Қонаевтың орнына бұрын-соңды Қазақстанда тұрмаған Геннадий Колбин сайланғаны түрткі болды. Жастар ереуілі аяусыз жаншылды, оқиға қатысушылары қудаланды, тек 1989–1991 жылдары ғана қайта қаралды.
1989–1991 жылдары Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы. 1989–1992 жылдары КСРО халықтық депутаты. Сол уақытта 1990 жылдың ақпан-сәуірінде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы. 1990 жылдың 14 шілдесі мен 1991 жылдың 23 тамызы аралығында КОКП ОК Саясибюро мүшесі. КОКП Орталық ревизиялық комиссиясының мүшесі (1981–1986). КОКП ОК мүшесі (1986–1991).
Президент сайлануы, 1990 жылдар:
1990 жылы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің сессиясында Қазақ КСР президенті лауазымы құрылып, оған Нұрсұлтан Назарбаев лайық деп табылды.
1991 жылдың жазында М.Горбачев пен Б.Ельцин жаңа одақтық келісімшартқа қол қою барысында Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер одағы үкіметінің төрағасы лауазымын иеленетін болды, алайда ТЖМК Тамыз бүлігі бұған кедергі келтірді.
Назарбаев КСРО-ны конфедерацияға айналдыруды қолдады.
28 тамызда Қазақстан КП ОК пленумында президент Назарбаев КОКП-дан шығатыны туралы мәлімдеді. 1991 жылдың 1 желтоқсанында бір ғана үміткердің қатысуымен Қазақ КСР-інің тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы өтті. Нәтижесінде Назарбаев сайлаушылардың 98,7%-ын дауысын иеленді.
10 желтоқсанда Қазақ КСР атауы Қазақстан Республикасы деп өзгертілді. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң қабылдады, ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болды. 5 күн өткен соң осы статусымен КСРО-ның тарағанын растайтын ТМД мақсаттары мен принциптерінің Алма-Ата декларациясына қол қойылды.
1995 жылы 29 сәуірде өткен референдум нәтижесінде Назарбаевтың президенттік өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. 1999 жылы 10 қаңтарда Назарбаев 79,78% дауыспен президент болып сайланды.
2000–2010 жылдар:
2005 жылы 4 желтоқсанда Назарбаев Қазақстан Республикасының президенті болып сайланды, сайлауда 91,15% дауыс жинады.
2010 жылдың 15 маусымында Елбасы – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті мәртебесі ресми бекітілді.
2010 жылдың 23 желтоқсанында Өскеменде өткен форумда ел президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы ұсыныс айтылды, ол үшін жалпыреспубликалық референдум өткізу керек еді. Ұсыныс білдірушілердің бірі – Олжас Сүлейменов болатын. Көп ұзамай 2011 жылдың 7 қаңтарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Республика парламентінің Қазақстан Республикасы Конституциясына қазіргі президенті өкілеттігін 2020 жылғы жалпыхалықтық сайлауға дейін ұзарту бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдумға салу туралы ұсынысынан бас тартты. Бірақ қол жинау тоқтаған жоқ, сөйтіп 2011 жылдың 13 қаңтарында осы бастаманы қолдап 5 миллион 16 мың қол жиналды. 2011 жылдың 14 қаңтарында Қазақстан Парламенті Конституцияға түзету енгізуді бірауыздан қабылдады. 31 қаңтарда Қазақстан Конституциялық кеңесі сайлауды референдумға ауыстыру туралы заңды конституцияға сай емес деп тапты.
Сол күні халыққа жолдауында президент Конституциялық кеңестің шешімін қолдап, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді ұсынды. 3 сәуірде мерзімінен бұрын өткен сайлауда 2016 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасының президенті болып сайланды. Орталық сайлау комиссиясының соңғы есебі бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев 95,5% дауыс жинады. Конституция бойынша бір тұлға екі реттен артық қатарынан сайлауға қатыса алмайды, бірақ бұл шектеудің Қазақстан Республикасының тұңғыш президентіне қатысы жоқ.
2015 жылы наурызда Назарбаев 2015 жылы 26 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасының мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауына қатысуға үміткер ретінде тіркелді. Сайлауда 97,75% дауыс жинады.
Отставка және кейінгі қызмет:
2019 жылы 19 наурызда 2019 жылдың 20 наурызынан бастап президенттік өкілеттігін өз қалауымен өткізетін қаулы қабылдады. Халыққа үндеуінде Назарбаев:
Мен Қазақстан Республикасының президенті ретінде өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Биыл еліміздің ең жоғарғы лауазымындағы қызметін атқарып келе жатқаныма отыз жыл толады. Мен Қазақстан Республикасының президенті ретінде өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым
- деп жариялады.
Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша президент өкілеттігі Парламент сенаты төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріледі, ол 20 наурызда Қазақстан парламенті қос палатасының біріккен отырысында ант берді. Бұдан кейін Назарбаев елдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі және «Нұр Отан» партиясының төрағасы лауазамын сақтап қалды.
Сонымен қатар Тұңғыш президент қоры аясында қоғамдық қызметпен айналысуды жалғастырды. 2019 жылы қор «Ел үміті» және «Қамқорлық» жастарды қолдау жобаларын жүзеге асыра бастады. Біріншісі – өзгерістерді басқару бойынша жас менеджерлерді дайындауға бағытталған. Бағдарлама аясында қатысушылар әлемнің озық университеттері мен компанияларында білім алуға мүмкіндік алды, сондай-ақ олардың тәлімгері ретінде әрекет ететін үкімет, отандық және халықаралық сарапшылармен тікелей байланыс орната алады. «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша ауруханаларда оңалту орталықтары, мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, жылына 5 мыңға жуық балаға тегін кешендік оңалту жүргізеді.
2020 жылы маусым-шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев коронавируспен ауырды. Коронавирус пандемиясы тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз біргеміз!» ұлттық акциясы бастама алды, оның аясында 2,3 миллион азаматқа көмек көрсетілді: мұқтаж отбасыларға азық-түлік, медицина қызметкерлеріне еріктілер көмегі беріліп, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қашықтан оқытуға компьютер алынды.
2021 жылы 28 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы өкілеттегін өткізді. Оны Н.Назарбаев 1995 жылдан басқарған еді, жалпықазақстандық социумға барлық этноәлеуметтік топтарды біріктіруді жалғастыру қажеттігін алға тартты. Назарбаевқа «Ассамблеяның құрметті төрағасы» атағы берілді.
2021 жылы сәуірде Назарбаевтың бастамасымен «Елбасы жылуы» ауқымды қайырымдылық акциясы басталды. Акция барысында Нұрсұлтан Назарбаев және «Дегдар» қайырымдылық қоры тұрмысы нашар, көпбалалы, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған, Ұлы Отоан соғысының ардагері бар отбасыларға көмек көрсетеді. 681 мұқтаж отбасының әрқайсысына салмағы 132 кг тауар берілді.
Отбасылық жағдайы:
Нұрсұлтан Назарбаев жастайынан он екі атасына дейінгі шежірені жатқа білетін: Әбіш, Назарбай, Еділ, Кембаба, Мырзатай, Айдар, Көшек, Қарасай, Алтынай, Есқожа, Малды-Ыстық, Шапырашты, Жалманбет, Бәйдібек. Нұрсұлтанның сегізінші атасы Қарасай батыр болған, 1640–1680 жылдары жоңғарлармен шайқаста көптеген ерлік көрсеткен. Нұрсұлтанның атасы – Назарбай би болған, Қазақстанның Орталық мұрағатындағы құжат бойынша 1880 жылдары дәулетті адам. Сонымен қатар Назарбаев бала күнінен анасының да жеті атасын жақсы білген: Әлжан (1910–1977), Бұхарбай (Бұқа), Жатқанбай, Кенебай, Олжабай, Ізбасар, Жолай, Тығыр, Жалмамбет, Жаныс, Дулат.
1991 жылы жарық көрген «Без правых и левых» еңбегінде Нұрсұлтан Назарбаев былай деп жазады:
Кейінгі кезде өзінің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайткенде де өз тегінен «ақсүйектік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін.
Ауыл шаруашылығымен айналысатын Әбіш пен Әлжанның отбасында дүниеге келді. Ұлы жүздің Шапырашты руынан шыққан. Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі Әбіш 1903 жылы Алатау баурайында Назарбайдың отбасында туылған. Әбіш Назарбаев 1971 жылы көз жұмды. Назарбаевтың анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қасық аулында молданың отбасында дүниеге келген, ол да 1977 жылы дүниеден озды. Анасы Дулат руының ішінде Жаныс елінен, одан Бесқалмақтан тарайды.
- Бауыры – Сатыбалды Назарбаев (1947–1981).
- Бауыры – Болат Назарбаев (1953 ж.т.).
- Әйелі – Сара Назарбаева, инженер-экономист. Халықаралық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорын басқарады.
Үш қызы:
- Дариға (1963 ж.т.) 2021 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы (2019-2020), Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының директоры (2007 жылдан бері), «Асар» республикалық партиясының көшбасшысы (2003–2006), «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ және Астана Опера кеңесінің төрайымы. Ажырасқан (бұрынғы күйеуі – Р.М. Әлиев); үлкен ұлы Нұрәли Әлиев (1985 ж т) «Нұрбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған, «Қазақстан даму банкі» АҚ вице-президенті, Астаны қ-сы әкімінің орынбасары қызметін атқарған; ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашевтің қызы Аида Имашеваға үйленген. Екінші ұлы – Айсұлтан Назарбаев (1990–2020), футболист, Қазақстан футбол федерациясы басшының қызметіне үміткер; бизнесмен Қайрат Боранбаевтың қызы Алима Боранбаева үйленген.
- Динара (1967 ж.т.) Н.Ә.Назарбаев атындағы білім беру қорын басқарады, Қазақстан Халық банкінің ірі акционері. Тимур Құлыбаевтың жары.
- Әлия (1980 ж.т.) – қоғам қайраткері, Қазақстан экологиялық ұйымдары ассоциациясы президуимының төрағасы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар кеңесінің басшысы, «Жасыл ел» жастар еңбек отряды кеңесінің төрағасы. Күйеуі – Димаш Досанов, «ҚазТрансОйл» АҚ президенті.
Саяси көзқарасы
Сыртқы саясат:
Назарбаевтың президент ретінде қабылдаған бастамаларының бірі – Семей ядролық полигонын жауып, ізінше әлемде 4-орын алатын ядролық қару арсеналынан бас тартты. Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшарттар мен институттардың белсенді қатысушысына айналды.
1990 жылдары президент Қазақстанның сыртқы саясатының көпвекторлы қырын жариялады, яғни халықаралық істерде маңызды роль атқаратын кез келген мемлекетпен достық қарым-қатынасты дамыту. Президенттік жылдарында Қазақстан 130 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Аймақтық интеграция аясында Назарбаев бұрынғы КСРО мемлекеттерінің экономикалық-сауда қарым-қатынасын жандандыруға күш салды, Еуразия экономикалық одағының экономикалық маңызын алға тартты.
Қазақстан халықаралық ұйымдардың қызметіне белсене араласты. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына бірінші күннен-ақ белсене кірісті, ал 2010–2011 жылдары оған төрағалық етті. 2016 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017–2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі боп тағайындалды.
2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қоры Astana Club халықаралық пікірталас алаңын ұйымдастырды, мұнда жыл сайын әлемдік және еуразиялық аймаққа ықпал ететін жаһандық тенденциялар мен түйткілдердің шешімін талдау мақсатында саяси қайраткерлер, дипломаттар және АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Азия елдерінің аналитикалық орталықтарының сарапшылары жиналады.
1987 жылы Назарбаев Қарабақ қақтығысы, 2014 жылғы Украина дағдарысы, Сирия бойынша Астана процесі және басқа да халықаралық қақтығыстар тұсында бейбіт бітімші ретінде әрекет етті.
2011 жылы Назарбаев жаңа G-Global коммуникациялық алаңын құруды ұсынды, себебі оның ойынша G-20 және G-8 форматы әлемдік антикризистік жоспарды шешпеді. G-Global идеясы мынада, әлемдік мәселелердің тағдырын мейлінше көп ел мен планета азаматтарының қатысуымен демократиялық принциптер негізінде өткізген абзал. Осы мақсатта мемлекет көшбасшылары мен сарапшылар және олардың жауаптарын қамтитын мәселелерді талқылау үшін интернетте халықаралық ақпараттық-коммуникациялық платформа құрылды.
2017 жылы Астанада 112 мемлекеттің қатысуымен баламал энергетика тақырыбына арналған Бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесі өтті. Көрме аяқталған соң оның орнына «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылды.
Әлеуметтік-экономикалық даму:
КСРО құлаған соң 4 жылдың ішінде Қазақстанның өнеркәсіптік өндірісі екі есе қысқарды, ауылшаруашылығы 30 пайызға қысқарды, көптеген ірі кәсіпорындар жабылды. Қазақстанды басқарған жылдары ел экономикасының көлемі (ЖІӨ) 15 есе өсті, халықтың табысы доллармен есептегенде 9 есеге артты, кедейлік 10 есеге яғни 90 пайызға азайды. 2018 жылы жалпы өнеркәсіптік көлемде өңдеу секторы 40 пайыздан асты. Қазақстанда баспанамен қамту көлемі жылына 10 миллион квадрат метрден асып түсті, бір адамды баспанамен қамту 21,8 м квадратқа өсті.
1997 жылы президент «Қазақстан-2030» даму стратегиясын жасақтады. Оның басты мақсаттарының бірі – шетелдік инвестиция мен ішкі қордың үлесі жоғары болатын ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсім. Президенттің басшылығымен Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. 1993–2006 жылдары Қазақстан 51,2 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартты (Орталық Азиядағы инвестицяның 80%-дан астамы).
Макроэкономикалық тұрақтылықты қамту мақсатында елдің мұнайдан түскен табысының жартысын жинау есебінен Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры құрылды.
Назарбаев астананы Алма-ата қаласынан Астанаға көшіруді қолдады. 1995 жылдың 15 қыркүйегінде «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» қаулы қабылдады, оған сәйкес жоғарғы және орталық билік органдарын Ақмола қаласына көшіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола Қазақстан астанасы болып бекітілді, ал 1998 жылдың 6 мамырында қаланың атауы Астана деп өзгертілді, 2019 жылы Нұр-Сұлтан деп аталды.
Түлектер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таза сөйлеуі үшін білім саласында үш тұғырлы тіл қағидасы жарияланды. 1993 жылы президент «Болашақ» білім беру бағдарламасын ашты, оның аясында мектеп түлектері конкурс бойынша мемлекеттік стипендиямен шетелге оқуға жіберілді. Бағдарлама бойынша 15 мың маман дайындалды. 2010 жылы президенттің бастамасымен Назарбаев университеті және Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды.
Денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне біртіндеп өту жүзеге асырылды. Бұл халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ынтымақтас жауапкершілігіне негізделді.
2010 жылы президенттің қаулысымен Қазақстан Республикасының үдемелі индустиралды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Экономиканың шикізат секторын дамыту арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін әртараптандыру және арттыру, табысты арттыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында құрылды.
2012 жылдың желтоқсанында дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы жасақталды.
2008 жылы басталған жаһандық экономикалық дағдарысқа қарсы Назарбаев «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын ұсынды. Дағдарысқа қарсы бағдарлама шаралары 5 негізгі бағытқа шоғырланды: қаржы секторын тұрақтандыру; жылжымайтын мүлік нарығындағы түйткілдерді шешу; шағын және орта бизнеске қолдау көрсету; агроөнеркәсіп кешенін ынталандыру; индустриалды және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – халықты әлеуметтік қорғау, атап айтқанда инфляцияны ырықтандыру және негізгі азық-түлік бағасын ұстап тұру, бюджеттік қызметкерлердің еңбек ақысын көтеру, халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобы: зейнеткерлер, мүгедектер, жетімдерге жас бойынша зейнетақыны, мүгедектік бойынша жәрдемақыны, асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақыны көтеру арқылы әлеуметтік қамқорлықты жақсарту.
Партия:
КСРО күйрегенге дейін КОКП мүшесі болды. 1999 жылғы президенттік сайлауға дайындық тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікке үміткерлігін қолдайтын қоғамдық штаб құрылды. 1999 жылы 19 қаңтарда президент инаугурациясы кезінде штаб отырысында соның базасында саяси партия құру туралы шешім қабылданды, 12 ақпанда «Нұр Отан» республикалық саяси партиясы тіркелді. І съезде партияға Қазақстан халықтар бірлігі партиясы, Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстан либералды қозғалысы және «Қазақстан-2030» қозғалысы қосылды. 2007 жылы Конституцияға енгізілген түзетулерге байланысты Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының төрағасы лауазымына ресми бекітілді.
Атақ-даңқы мен наградалары
Қазақстанның мемлекеттік наградалары:
- Халық қаһарманы, айрықша ерекшелігі белгісі «Алтын жұлдыз» ордені және «Отан» ордені (2019 жыл 20 наурыз) – Тәуелсіз Қазақстанды орнатудағы тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік және гуманитарлық дамытудағы, қазақстандық қоғамды топтастырудағы аса үздік еңбегі үшін.
- Қазақстан Еңбек ері «Алтын жұлдыз» орденімен (2019 жыл 20 наурыз)
КСРО мемлекеттік наградалары:
- Октябрь революциясы ордені
- Тыңайған жерлерді игергені үшін» медалі
- «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл» мерейтойлық медалі
- «Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл» медалі (1970)
- Еңбек Қызыл ту ордені (1972)
- «Құрмет белгісі» ордені (1972)
2010 жылы 12 мамырда Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – Мәжіліс депутаттары Назарбаевқа Елбасы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті статусын беретін заң жобасына түзетулерді қарауға бірауыздан қабылдады. 2012 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті өз статусы бойынша Халық қаһарманы атағының иегері деген норма қабылданды.
2019 жылдың 30 мамырында «Құрметті сенатор» төсбелгісі берілді. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан Республикасының демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негізде қалыптастыруға, сондай-ақ отандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» берілді.
2021 жылы 28 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының құрметті төрағасы статусы берілді.
Мәдениет
Нұрсұлтан Назарбаеатың өмір жолы «Елбасы жолы» киноэпопеясында баяндалды. Киноэпопеяның алғашқы төрт фильмі – «Балалық шағымның аспаны» (2011), «Отты өзен» (2013), «Темір тау» (2013), «Тығырықтан жол тапқан» (2014) болашақ президенттің балалық шағы, жасөспірім және жастық шағын баяндайды. Қазақстандық режиссер Рүстем Әбдірәшов түсірді. Назарбаевтың бала күнгі ролін жас актер Елжас Әлпиев сомдады, жастық шағын Нұрлан Әлімжанов сомдады. Әжесінің ролін Бибігүл Төлегенова, анасын Наталья Орынбасарова, әкесін Нұржұман Ықтымбаев ойнады. Қазақстан тарихы мен тұтас посткеңестік кеңістіктегі бетбұрысты кезең тура келген 90 жылдарды қамтитын эпопеяның қорытынды фильмі «Жұлдыздар тоғысқанда» деп аталды. Оның түсіріліміне ресейлік режиссер Сергей Снежкин шақыртылды. Аталған режиссердің күрделі тарихи сериалдарды қою тәжірибесі мол. «Жұлдыздар тоғысқанда» картинасындағы басты ролді Берік Айтжанов сомдады.
2011 жылы қыркүйекте НТВ телеарнасында режиссер Александр Моховтың «Ельцин. Тамыздың үш күні» фильмі жарыққа шықты. 2011 жылы қарашада Астанадағы Бейбітшілік сарайында Еркін Жуасбектің Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай президенттің Қазақстан тәуелсіздігін алу мен бекіту кезеңіндегі ролі туралы «Терең тамырлар» драмасының тұсауы кесілді.
2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарламаның мақсаты – Қазақстандағы тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру.
Орталық Азиядағы ең ірі екі театр «Астана опера» және «Астана балеттен» басқа Қазақстан астанасында Назарбаевтың бастамасымен Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылды.
2017 жылы президент рухани құндылықтарды сақтап қалу мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізін қалады. Қазақ тілін әлемдік кеңістікке интеграциялау үшін біртіндеп латын әліпбиіне ауысу жоспарланды. «Қазақстанның киелі географиясы» жобасының нысандары елдегі туризмді дамыту орталықтарына айналды. Тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, филология бойынша 100 заманауи оқулық қазақ тіліне аударылды.
2018 жылы Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді, содан кейін қаланы жаңарту мен дамыту жұмыстары басталып кетті. Түркістан – қазақ хандығының көне астанасы және «түркі әлемінің рухани астанасы» ретінде белгілі. Түркістан облысын құру туралы қаулысына қол қоятын күні Назарбаев жиналыста ұлттық компаниялар мен ірі бизнес өкілдерін қала құрылысына белсене қатысуға шақырды. 2021 жылы Назарбаев Түркістанда жаңа салынған нысандар – әуежай, керуен-сарай және басқа да нысандарды аралап көрді. Түркістан жылдар бойы мұндай қайта жаңғыруды бастан өткермегенін айтты.
2020 жылы Назарбаевтың бастамасымен Нұр-Сұлтанда аумағы 22 мың метр квадрат болатын Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры құрылды. Журналистермен сұхбатында ол астананы көшіргелі бері қалада жаңадан үлкен қазақ драмтеатрын тұрғызуды армандағанын жеткізді.
2020–2021 жылдары эксклюзив сұхбаттар негізінде көпсериялы деректі фильм «Штрихи к портрету» циклі жарық көрді. Фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қайраткерлігіне арналған.
2021 жылы Назарбаевтың өмірі туралы «Қазақ: алтын адамның тарихы» деректі фильмі жарыққа шықты. Режиссері Оливер Стоун және Игорь Лопатёнок.
Негізгі жұмыстары
- «Қазақстан жолы»
- «Қазақстанның болат профилі»
- «Оң және солсыз»
- «Ресурстарды үнемдеу стратегиясы және нарыққа көшу»
- «Кремлёвский тупик»
- «Қазақстанды егемен мемлекет ретінде қалыптастыру және дамыту стратегиясы»
- «Нарық және әлеуметтік-экономикалық даму»
- «XXI ғасыр қарсаңында»
- «Н. Назарбаев. Еуразиялық одақ: идеялар, тәжірибе, перспективалар. 1994-1997 »
- «Тарих толқынында»
- «Әлемнің эпицентрі»
- «Еуразия жүрегінде» және т.б.
- 2017 жылғы 15 желтоқсанда Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы ұсынылды<nowiki>
Мақалалар
- «Шебер сақтық»
- «Қазақстан экономикасы: шындық және жаңару перспективалары»
- «Еңбек бөлімін бөлу мәселелері»
- «Кәсіподақтардың әсері: тәжірибесі мен мәселелері»
- «Жағдай жаңа, ал» тежегіштер «ескі»
- «Арал теңізінің мәселелері және оларды шешу жолдары»
- «Terra Incognita кейінгі тоталитарлық демократия»
- «Императорлық одақтан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына»
- «Экономикалық интеграция - ақылға қонымды балама жоқ»
- «Ұлтаралық бірлік және экономикалық эгемендік - бұл біздің жетістігіміздің басты және сенімді қолдаушысы»
- «Біздің нұсқауларымыз - бұл біріктіру, әлеуметтік прогресс, әлеуметтік әріптестік»
- «Қиын онжылдық»
- «Нарықтық реформаларды жеделдету және экономикалық дағдарысты еңсеру шаралары туралы»
- «Еуразиялық кеңістік: интеграциялық әлеует және оны жүзеге асыру» және т.б.
Көп оқылғандар
Жұмекен Нәжімеденов. Қайғысызға, қанша оқысын, жатталма
«Гауһартас» – айтылмаған махаббат әні
Ауылдан алыс сол жылдар
Жарқыраған «Гауһартас»
«АБАЙ» БАСПАСЫНАН ЖАРЫҚ КӨРГЕН 35 КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
«Бастау» – кең тынысты роман
...ДЕГЕН ЕКЕН #10
Букерді отандық қаламгерлер қашан алады?
Роллан Сейсенбаев. Шандор Петёфи
Құланның ажалы һәм отаршылдық
Жұмекен Нәжімеденов. Қайғысызға, қанша оқысын, жатталма
Бейімбет Майлин. Арыстанбайдың Мұқышы
Баһманиар. Әйел және айна
Амангелді Кеңшілікұлы. Батыстың соңғы классигі
Өндіре жазып жүрген әйел жазушылар
Жеңіс Қанен. Жарық жұлдыз жарқырайды санамда
Ұлытаудан ұшқан ұлар жыр
Қоғам үнсіз. Ақынның қоғамы үнсіз
Ырысбек Дәбей. Күй
Ұйқы қашыратын әңгімелер
"Ұнатамын күзді мен!" байқауы сәтті өтті
Ерболдың биік өнері