Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ


Бекетбаева Шапағат Сердәліқызы. Мамандығы – журналист. Қызылорда қаласы.

 

ТӨМПЕШІК ТАУЫ

 

 

 

 

 

«Самат, артық  қой бар ма!? –  деді  көше жақ беттегі белден  төмен шарбақтан  басын асырған көрші көшедегі Сәлімнің баласы сұраулы жүзбен.

«Артық қой болушы ма еді, қайдағы.... Бөтен қой бар ма десеңші.... Өй, сен әлі жассың ғой, оң мен солыңды ажырата алмайсың. Біздің жасымызға жеткенше  талай белестерден өтуің керек» деп  құдықтың жанында тұрған  қалпы жездесіне ойнақы көзбен күлімсірей қарап, мұрнының қос ағарын бір тартып шалбарын көтеріп қойды 13 жасар Самат.

–  Қаласаң қызыл сай жақтағы төбеге шығып қарап көр. Мүмкін, жыңғылдың арасында жайылып жүрген шығар....

 –  Әй, сен сәл өссең қара сөзден қаймақ айыратын шешен болғалы тұрсың. Кіп-кішкентай болып   алып айтқан сөзің  мірдің оғындай.

–  Өй, жездеке, жеңгелерімнен қалам ба!? Олар да басынан сөз асырмайды ғой. Сынықтан басқаның бәрі жұғады деген.

–  Айтпақшы, көрші апаң босанған ба? Естуімше, қамшы ұстар туыпты. Қай жылы    көл шетінде тұратын Бопай баласына сұрап келгенде тимеп еді. Тұрмыс құрмай қалай босанған?

– Айттым  ғой, жездеке,  әлі ана сүті аузынан кетпеген  сары ауыз балапансыз деп.

 Есіңізде болсын! Біздің ауылдың биелері қысырында да құлындайды.

- Ха-ха-ха, айтпайтының жоқ. Мейлі, аман бол! Түн құрсауында қалмай тұрғанда қораға  қайта оралмаған қойымды  іздеп тауып алайын.

- Ха-ха-ха, жездеке, «жақсы жезденің іздеген қойы алдынан шығар» деген бар, - деді  Самат күліп.

 

Сәлімнің баласы қойын іздеу жолына кеткен бұл шақта бағана ғана қақ шекеден шақырайып, Ақтөстің жүнімен қоса өзін де көлеңке паналатып қойған күн ұясына батуға ыңғайланып қалған болатын.

 

 Саматтың сөзуарлығына бүкіл ауыл таңданады. Кішкентайынан атасының бауырында өскендіктен бе, жеңгелерімен де, жезделерімен де қалжыңдасқанда осы уақытқа дейін сөз майданында жеңіліп көрмеген. Осы жолы да ой тастап, қышыған жараның үстінен дәл түсті. Онсызда іріңі ағып, қаны көп  жерді бүлдірген жараны қайта тырнағы келмеді.

 Жай ғана «біздің ауылдың биелері  қысырында да құлындайды» деп қоя салды.  Себебі, көрші апасына жаны ашитын. Реті келсе оның суын тасып беріп,  шамасына қарай ірілі-ұсақты сексеуілден бұтап береді.

 Қыс болса,  тозығы жеткен қыш пішінің күлін алысқа апарып төгуге  дайын. Сиыры келмей қалса, қорада тұрған бұзауын мөңіретпей, көзін жәутеңдетпей өрістен де айдап әкеп беруге әзір.

«Адамға жақсылық жасауға шамаң келмесе, бекер өмір сүргенің. Адамдық болмысыңнан садаға кет. Көрші ақысы – Тәңір ақысы. Адамның бір-бірінен айырмашылығы – адамгершілігі мен білімінде. Рухани бай адам игі істі жасауға қашанда құмар келеді. Қиналғанда көмектеседі. Сен  әуелі адам бол. Сосын барып білімді маман бол»  дейтін атасы көзі тірісінде.

 Ақсақалды атасының дүниеден өткеніне  үш жыл.  Сонда да Самат үшін атасы әлі күнге дейін тірі, жанында «мынаны былай істе, жұртқа кесірің тимесін» деп   бақылап жүретіндей  көрінеді де тұрады.

 Атасының ақылын ескерген текті ұл бұл өсиетті сөздерді әманда есінен шығармақ емес.

Бүгінде ес біліп, айналасындағылармен етене араласқалы бері көп жайттан көңіліне күдікті ойларды түйіп жүр. Күрмеуі қиын қоғамдық мәселелерді де жиі ойлайды.   Теледидардан  күнде кешкісін берілетін төтенше оқиғалар желісін біліп, бала болса да терең ойға шомылады. Түнімен ойша батыс пен шығысты түгендеп, оңтүстік пен солтүстіктің арасын  ізгі ойымен берекелі  тіршілікке тіреп қояды.

Бүгінде көгілдір экраннан адамның жанын түршіктіретін жаңалықтарды естіп, қызыл күрең шай алқымынан өтер емес.  Қалың ойға батып кетіпті.

 Анасының «Қоңыр қозым, шайыңды іш! Демнің арасында бетіне мұз қатып қалды» деген сөзінен селк ете қалды.

  Шайын тамағына қылқ еткізіп тоғыта салды да, телефонын алып, әлгі жаңалықтарды  ютубтен қайталап көрді. Сөйтті де анасы тауықтың жүнінен жасап берген мамық жастыққа жантайды.

  Мұрнын тартып-тартып қояды. Ұйықтайтын уақыты болса да көзі ілінер емес. Ол «Әлемде соңғы кездері неге жаман дүниелер көбейіп кетті?» деген сұрақ төңірегінде  қалың тұманға қойып кеткен еді.

 

Самат қай күні бір кітаптан оқығанын еріксіз есіне алды.

 «Бір жылдары Австрияда жасөспірімдер арасында метроға барып, өз-өзін бақилыққа аттандырушылар көбейіп кетіпті. Дәл осы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдары  әрбір суицид болған сайын қайта-қайта жаза беріпті. Содан Австрия билігі  «Осы ақпарат құралдары осы жағдайды әрі  қарай өршітіп отырған жоқ па?» деп үндеу тастаған екен. Әлгі үндеуден кейін сол елдің журналистері осы тақырып аясында  ақпарат таратпайтын болыпты. Абырой болғанда жаман іске барушылар да сап тыйылыпты деседі», –  деп жазылған екен онда. Самат осыны есіне алды да мүмкін бізге де осылай жасау керек шығар деп  ұйқы құрығына шырмала кетті.

 

 Таңертең тұрса қатты терлеп жатыр екен. Аяғына кебісін ілместен бақшадағы көк шөптің арасына башпайларын тоғытты. Жоңышқаға түскен таңғы шық ұйқысын шайдай ашты. Таңғы шық аяғын қыдықтап, тұлабойын күлкі қысып барады.  Күлкісі келсе де  қатты босаңсымады. Тісі енді-енді шығып  келе жатқан  5-6 айлық баладай сәл жымиды.

 Аяғын көк шөпке бос жібергенімен қоймай, енді жасыл желек үстіне он екі мүшесімен толық жатты. Таңғы салқын денесін тітіркендіріп барады. Сонда да тұрғысы жоқ.

 Табиғат ананың құшағында жата берер еді. Әттең, малды кезекке қосатыны есіне түсті де қораға қарай ентелей жүгірді.

 Кеше кешкісін ғана қамаған қой-қозылары иесін сағынып қалыпты. Екпіндете жүгіріп келген бұны көргенде қораның түбіне үрке қашатын олар, бұл жолы өзіне қарай  «Күн шықты, бізді тезірек өріске жібер, түнімен қарнымыз ашты» дегендей маңырай жөнелді.

Малды еркіндікке жіберді. Енді міне, болашағын армандап қораның төбесінде отыр.   Алыстан мұнартқан қойлардың өрісіне әлсін-әлсін қарап қояды. Саматтың құлағына ұзын көшенің бас жағынан шөпке асыққан адамдардың дауысы, көлікке жамырай мінгендердің соңынан шәуілдей үрген иттердің дауысы жаңғырып естіліп тұр.

 Анасы аулада кір жаятынға  жаңа ғана жуылған киімдерді  іліп болды. Оны бітіре салысымен сүзбе қалтадағы  суы іркіліп,  жерге тама-жама жаюға дайын болған өнімді үлкен тегешке аудара салды.  Бұны көрген Самат алыстан қызыл түлкіні көрген қыран бүркіттей үй жаққа жүгірді.

Күн астында суы жылып тұрған құмандағы сумен қолын шая салып,  анасына құрт жаюға жәрдем беруге кірісті. Құртты дөңгелектей отырып, алақанына жұққан сүзбені құмарлана жалап қояды.

 

«Ертең-ақ қар түсіп, қыс болады. Қақаған қысқы суықта  осы құртты  езіп, саған көже қайнатып беремін»,  – деді анасы мейірлене.

 – Бұл құрттан қалада тұратын ағайындарымыздың да  сыбағасы бар.  Көкқабатты үйде тұратындар да ауылдың дәмін сағынатын шығар. Аз да болса құрттан ауыз тиіп,  ақтың дәмін алсын.

–  Апа, ауылдан адамдар неге көшеді осы, түсінбеймін.

–  Балам, ауылдан адам көшкенмен,  адамнан ауыл көшпейді. Сен де мектеп бітірген соң қалада оқисың. Сол кезде ауылыңды ұмытпа! Ат айналып қазығын табар деген. Ер туған жерімен бірге өркендейді.

– Иә,  апа, туған жер менің алтын тұғырым ғой. Алтын тұғырдан түссем,  рухани байлыққа жетпеспін.

Осы сөздерді айтты да Самат  қалыпқа келген бір табақ құрттың бетіне ақ дәке жауып үстел үстіне қойды.

 

 ... Әне, қараңыз, Самат бір төмпешіктен асып, екіншісіне бет алып жалаң аяқ кең жазыққа беттеп барады. Болашақта ол, төмпешікке емес,  тау басына шығады.

 

 

Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар