Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Біржан Амангелдіұлы


Кухаев Біржан Амангелдіұлы 1991 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Коловертное ауылында дүниеге келген. Бүгінгі таңда облыстық «AQJAIYQ » арнасында тележүргізуші. V-VI шақырылымдағы Ақжайық аудандық мәслихатының депутаты. «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының мүшесі. Облыстық «Қадыр оқулары» (2008, 2014 ж), Жұбан оқулары» (2010 ж.) байқауларының бас жүлдегері. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

КЕТПЕШІ, КҮЛӘНДА!

 

Қатысушылар:

Базарбай Қонысбайұлы – мектеп директоры, 45 жаста 

Мәншүк Мырзашқызы - директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 45-50 жаста

Сапар Сәкенұлы - директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 40-45 жаста

Күләнда - көп балалы ана, 42 жаста

Смағұл – Күләнданың жолдасы, 45 жаста

Алпамыс – олардың бес жасар баласы

Сәкен – Алпамыспен жасты көрші бала

ауыл тұрғындары, оқушылар

 

 

Шымылдық ашылады.

 

БІРІНШІ КӨРІНІС

 

Еңбекші елдімекені. Тоғызжылдық мектеп. «Соңғы қоңырау» салтанаты. Ата-аналар, оқушылар сап түзеген. Оқушылар шымылдық ашыла бастағаннан «Ұстазым» әнін хормен орындап тұрады. Ара-тұра ата-аналар да ауыз жыбырлатып, қосыла шырқағандай болады.

 

Ғалым да, шахтер де бас иетін,

Ұстазым, бар сенің қасиетің.

Білім берген, ой берген, ақыл берген,

Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең.

 

Қайырмасы:

Ұстазым!

Ақылшы дос, ой-арманым,

Арналсын саған осы аяулы әнім.

 

Күтеді біздерді үміт алдан,

Ұстазым, мен сені ұмыта алман.

Үйретем деп өмірдің парасатын,

Ағарды ғой біз үшін қара шашың…

 

Қайырмасы:

Ұстазым!

Ақылшы дос, ой-арманым,

Арналсын саған осы аяулы әнім. (ән аяқталып, жиналғандар қошемет танытады)

Жүргізуші: Сөз Еңбекші негізгі білім беретін мектебінің директоры Қоғабаев Базарбай Қонысбайұлына беріледі.

Базарбай Қонысбайұлы: Аса құрметті ауылдастар! Ата-аналар, әріптестер және шәкірттер! Баршаңызды бүгінгі «Соңғы қоңырау» салтанатымен құттықтауға рұқсат етіңіздер! (әр жерден шапалақ дауысы үзіліп естіледі) Бүгін өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, тоғызыншы сыныптың тоғыз оқушысы алтын ұя мектебімен қош айтысып, өмірдің жаңа белесін бағындыру үшін бұл білім ордасынан, осы ауылдан ұзағалы тұр. Бұл класс мектептегі оқушы саны жағынан да, сапасы жағынан да алдыңғы қатарда болатын. Жоғары сынып оқушылары ретінде іні-қарындастарына үлгі бола білді. Енді, осы жолдан таймай, алдағы уақытта да оқуда озат болыңдар! Мына біздің, ұстаздардың, анау ата-аналарыңның абыройын асырып, мерейін үстем етіңдер! Сендерге ақ жол тілеймін! (қатысушылар қол шапалақтап, ықылас танытады)

Жүргізуші: Түлектер тұрған есті шын,

                     Мәлім бізге мың қыры.

                     Еңбекшіде естілсін,

                     Соңғы қоңырау сыңғыры!

Бір жоғарғы және бір төменгі сынып оқушысы екеулеп айнала қоңырауды күмбірлетеді, қоңырау үні әуенмен астасып, жиналғандар қошеметін танытып тұрады. Сахна біртіндеп қараңғыланады.

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

Сахна ашылады, директордың кабинеті. Үстел үстінде телефоннан басқа анау керім ештеңе жоқ. Директор төрде, қасында оқу ісі және тәрбие ісі жөніндегі қос орынбасары отыр. Үшеуі де әлденені уайымдап, көңілсіз отыр. Үнсіздікті оқу ісі жөніндегі орынбасар Мәншүк Мырзашқызы бұзды.

 

Мәншүк Мырзашқызы: ...Мүмкін, округ орталығынан сұрап көрерміз...

Сапар Сәкенұлы: Олар өздеріне шақ жеткізіп отыр. Жайықтың суындай болып жылдан жылға олардың да тынысы тарылып бара жатқан жоқ па? Оның үстіне, біздің тоғыз баланың біреуі де оларға құжат тапсырған жоқ.

Мәншүк Мырзашқызы: Солайын солай ғой енді...

Базарбай Қонысбайұлы орнынан қинала түрегелді. Ойлы көзбен терезеден тысқа қарап, артынша орнына қайта отырды.

Базарбай Қонысбайұлы: Әріптестер, басынан бастайықшы. Біздер өткен оқу жылын тура 41 баламен бітірдік. Түлектер саны тоғыз, сонда 32 оқушы қалды.

Мәншүк Мырзашқызы: Биыл бірінші класқа баратын бес оқушымыз бар.

Базарбай Қонысбайұлы: Сонда 37 болып тұрмыз ғой, иә?

Сапар Сәкенұлы: Қырық бір болмаса, құрыдық. Төрт бала табылмаса, төртжылдық болып қаламыз деген сөз...

Базарбай Қонысбайұлы: Әй, оны біліп отырмыз ғой. Онсыз да аудандық білім бөлімі оныншы тамызға дейін уақыт берді.

Сапар Сәкенұлы: Сол соңғы қоңырау ең соңғы қоңырау болды ғой...

Базарбай Қонысбайұлы: Сапар Сәкенұлы, ызыңдап отыратын уақыт емес. Қайтсек те, бір амалын табуымыз керек.

Сапар Сәкенұлы: Ызыңдағаны несі... Біле білсеңіз, Базарбай Қонысбайұлы, мен сіздің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарыңыз ретінде оқушылардың тәрбиесіне ғана жауап берем. Шүкір, мектебіміздің жаман аты шығып жатқан жоқ. Бас жарылып, көзі шығып жатқан ешкім жоқ. Бәрі үлгілі, тәрбиелі. Ал, бала іздеу – менің міндетім де емес, бүгіннен бастап мен оған бас қатырмаймын.

Мәншүк Мырзашқызы: Сапар, сонда бұл менің міндетім бе?

Сапар Сәкенұлы: Былай ғой, Мәншүк Мырзашқызы...

Базарбай Қонысбайұлы: Доғарыңыз! Сапар Сәкенұлы, есіңде болса, біз былтыр да осындай жағдайды бастан өткердік. Сол кезде бір емес, қос баланы жетімдер үйінен алып келген, оларға аналық жылуын сыйлап, ауыл мектебін аман алып қалған Мәншүк Мырзашқызы қандай құрметке де лайықты.

Сапар Сәкенұлы: Мен де екі баланы осы мектепке беріп отырмын. Менің де әйелім оларға аналық жылуын сыйлап отыр.

Базарбай Қонысбайұлы: (сәл жымиып) Әй, ол өз балаларың емес пе, оқытпай қайда барасың?

Сапар Сәкенұлы: (күмілжіп) Біреулер сияқты баламды далада тойыст қалада оқытып жатқан жоқпын әйтеуір...

Базарбай Қонысбайұлы: Онымен не демексің? Біріншіден, Мәншүк Мырзашқызына тастанды балалардың тағдырына немқұрайлы қарамай, жәудіркөздерді жылатпағаны үшін алғыс айтуымыз керек. Екіншіден, білім ордасының бастауыш мектепке айналып, ұстаздар мен осы жерден нәпақа тауып отырған ауылдастарды жұмыссыз қалдырмаудың қамын ойлаған әріптесіміздің бұл қадамынан бірінші кезекте мектепке деген махаббатты емес, ауылға деген адалдықты аңғаруымыз қажет. Өйткені, ауыл-елдімекенннің мектеп болмаса мәні кетеді, сосын азып-тозып сәні кетеді.

Сапар Сәкенұлы: Базарбай Қонысбайұлы, мектептің қажет екенін сезіну үшін мидың да қажеті жоқ қой. Бірақ, жоқ баланы қайдан табамыз? Әрине, бұл жағдай менің де жаныма батады. Қалай десек те, осы ауылға көшіп келгеніме бақандай бес жыл болды ғой! (бес саусағын жоғары көтеріп, ерекше екпінмен айтты) Бірақ... бірақ, болар іс болды. Меніңше, қазір бала іздеп бас қатырғанша, жедел жиналыс жасап, ауданға хабар жіберіп, шындығымызды айтуымыз керек. Біз созылып жүргенде ата-аналар балаларын оқуға орналастырып үлгермей, обалына қалармыз...

Базарбай Қонысбайұлы: Иә, дұрыс айтасың, саған бар болғаны бес жыл, Сәке! Ал, мен... мен болсам көзімді ашқалы бері көргенім осы Еңбекшінің тұмса табиғаты, ажарлы адамдары. Төрт түлігі тұрмақ, ит-мысығына дейін ыстық мен үшін. Қырық бес жыл бойы осы ауылдың ауасын жұтып, табанымды топырағы тіреп келеді. Мектеп жабылса, алтын тұғырымның келешегін елестету маған қаншалықты ауыр екенін түсінемісің?

Мәншүк Мырзашқызы: (ол да күрсініп) иә, осы туған жерімізден біз де тамыр үзгіміз келмейді. «Үмітсіз шайтан» дейді ғой. Әлі де ауылымның өсіп-өркендейтініне сенгім келеді. Ақпарат құралдарынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атымтай жомарттар өскен өлкелерін гүлдендіріп жатқанын көргенде қызығып қарайтыным рас. Кейде ауыл түлектерін түгендеп, кім қайда жүргенін, Еңбекшіге кім қандай қолдау көрсететінін өзімше шамалап қоям. Өткенде, он жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің атынан Ақжүрек баламыз хабарласты.  Кластастар жиналып, ауылға бір тарту жасағысы келеді екен, кеңес сұрады. Мен, әбден тозығы жетіп, сүрілген Мәдениет үйінің орнында шағындау болса да клуб салынса деген тілегімді айтып қалдым.

Сапар Сәкенұлы: Мәншүк Мырзашқызы, сіз де қызықсыз... Мектеп болмаса, ол клубтың кімге керегі бар? Есіл ақша... Әй, қазір ел басқарып отырған атқамінерлер де сондай саясат ұстанып, сүрінді. Ауыздары күйген көрінеді. Бір ауылда үш қабатты мектеп салыпты, ішінде баласы жоқ. Енді бір ауылда оқушылар үш ауысыммен оқиды. Өткенде жиналыста Елбасының өзі осы олқылықты айтып, кейбір аймақ басшыларына қаһарын төгіп, салғырттық танытқандарды сөгіп салды емес пе? Так што, бас-көзсіз құрылыс жоқ қазір. Болашағы бұлыңғыр ауылдың адамдарына өшуден тойыст көшуден басқа амал қалған жоқ... Сондықтан

Базарбай Қонысбайұлы: (сөзді бөліп жіберді) Сапар! Салмақтап сөйлесеңші! Қара аспанды төндірме! Бұлыңғырың не? Рас, колхоз кезінде Еңбекші атына заты сай ажарлы да базарлы ауыл болды. Он бір жылдық мектепте балалар улап-шулап, ал, тұрғындар еселі еңбекке жұмылған еді. Көктемде арықтар суға толып, ауылдастар аулаларында көкөністің түр-түрін отырғызатын.  Ауылды әтештің алдын орап, алагеуімде шөп шабуға аттанған тракторлардың гүрілі оятатын. Шаруа шалқыған шақта жұрт көңілі де жадыраңқы, келер күнге сеніммен қарайтын. Біздің ауылда білдей балық цехы болғанын білетін бе едің? Қызыл балықтың ордасы да осы жер болатын. Өзің айтқан «тынысы тарылып» бара жатқан ағынды Жайық талай ауылдың тамырына қан жүгірткен еді...

Армысың, сұлу Жайығым

Ардақты қоныс мекенім.

Керек емес қайығың

Аймалап жүзіп өтемін.

Сапар Сәкенұлы: Жайық, қайық..., қайық, Жайық... Дұрыс айтасыз, бұлай жалғаса берсе, Жайықты қайықсыз кешетін күн де алыс емес. Бекіре жеп кекіріп, көксеркенің сорпасына тойған бұрынғылар бақытты екен... Қазір, қызыл балық тұрмақ, кептіретін қылышбалық қырылды, тұрпан мен табан да тапшы. Жайықта бітті балық!

Базарбай Қонысбайұлы: Бәлду-бәлду бәрі өтірік деген осы. Бірақ, өзімізден де бар. Бұл жердің байырғы тұрғындары табиғатпен үндестік тауып отырған. Олар жануарлар әлемін қырып-жоюды көздеген жоқ. Балықтарды да баппен аулайтын, бүгінгідей беталды құла емес. Көктемде Жайыққа жолаған жоқ. Ол кезде судағы тіршілік иелерінің уылдырығын шашып, көбеюіне мүмкіндік беретін.

Сапар Сәкенұлы: Оныңыз рас енді. Ал, қазір керісінше, қызықтың көкесі көктемде! Жаймаға шыққан сазанды айырмен шаншып, уылдырығынан котлет жасаймыз хе-хе-хе. Майлы жайынды токпен ұрып аламыз. Құдай куә, осы Жайықтағы балықтар судағы ау мен қармақтан көз ашпайтын шығар, қай бағытқа жүзсе де Қорқыттың көрі!

Базарбай Қонысбайұлы: Біреуін айтып, екіншісіне кеттік қой. Жаңа Мәншүк Мырзашқызы ауылдың амандығын ойлап, түлектерді түгендеп жүрсе, мен де қол қусырып қарап отырмай сәбилерді санап шықтым. Сөйтсем, соңғы сегіз жылда бала туу көрсеткіші артып отыр. Ал, бала – болашақ! Демек, келешегіміз күңгірт емес. Менің есептеуім бойынша, осы оқу жылына бала жеткізсек, Алла амандығын берсе, келесі жылы оқушы саны елуден асып жығылады. Сондықтан, осы өтпелі кезеңнен көптеп-көлемдеп өтуіміз керек. Солай ма, Мәншүк Мырзашқызы?

Мәншүк Мырзашқызы: Жөн сөз, Базарбай Қонысбайұлы! Егемендіктің елең-алаңында есеңгіреп қалғанымен, есін жиып, аяғынан тік тұрған ауылдар аз емес қой. Әлі-ақ ауылымыз гүлденеді.

Базарбай Қонысбайұлы: Сапар Сәкенұлы, сіз не дейсіз? Бізбен бір кемедесің бе?

Сапар Сәкенұлы: Әрине, басеке! Артық айтсам, айып етпеңіз. Жүйкем жұқарған болар. Сіздерге қос қолымды көтеріп қосылам. Бүгіннен бастап бала іздеумен айналысам.

Базарбай Қонысбайұлы: Ендеше, іске сәт! Ауылымыздың кемшілігін жасырып, артықшылығын асырып жарнамалап жүрейік! Бәлкім, көшіп келетіндер табылып қалар...

 

ҮШІНШІ КӨРІНІС

 

LED-экранда шағын ауылдың қаз-қатар тізілген үйлері көрсетіледі. Ескі ауыл екені сарғайған шатырларынан (шифер) анық аңғарылады. Қабырғалары қисайып, адам тұрмағасын азып кеткен үйлерді де кездестіруге болады. Ал, үйдің қас беті профлистпен қоршалған бірен-саран баспана алыстан көз тартады. Экраннан жұпыны үй жеке дара көрсетіледі. Ал, сахна сол үйдің ішіне айналады. Бұл көпбалалы отбасы Смағұл мен Күләнданың үйі еді. Отағасы деген аты болмаса, сөз арасында Смағұлдан гөрі Күләнда көбірек аталатын. Әке-шешеден ерте айырылған ол жастайынан өмір азабын көп тартып, қиындықты қасқайып қарсы алатындай шыңдалған еді. Өзімен тағдырлас жанмен бас қосқан Күләнда қырық екі жасында жеті құрсақ көтерді. Екеуінде де тұрақты жұмысы жоқ, азын-аулақ жәрдемақы мен «есектің артын жусаң да, мал тап» деген қағиданы ұстанып, қолдан келетін жұмысты жатырқамай, күнделікті тиын-тебен тауып отырады. Тек, не түлен түрткені белгісіз, соңғы кезде Смағұлдың «ақ сусынға» деген құмарлығы оянып, жиырма жыл қойып кеткен әдетіне қайта басты. Үстел басындағы екеудің әңгімесі әдеттегідей осы тақырыптан басталды. Күләнда қайғырып, Смағұл «басы ауырып» отыр.

Күләнда: Смағұл, саған не болған? Кешегі әрекетіңді тұтас ауыл жыр қылып айтып жүр ғой. Арақ қай атаңның асы еді?

Смағұл: (күмілжіп) аздап ұрттадым ғой...

Күләнда: Аздап деп қояды... Әй, есі-ақылы дұрыс азамат емессің бе?! Дені сау адам далада бағып жүрген қойды тастап, көше кезіп кете ме?

Смағұл: кәлдіге қамадым негізі...

Күләнда: Соқ өтірікті! Кәлді қайда, қой қайда? Темірхан ағамыз келіп, «келесіде қой кезек келгенде жолдасыңа жоламаспын, қойы бір жақта, өзі бір жақта жүр. Осыдан кеште қой түгел болмаса, оңдырмаймын», дегенде, далаға құстай ұштым. Қой саған күйіс қайтарып, жата беретін сиыр деп пе едің... Басқа бағымның қойларымен қосылып кетіпті. Ол жақтың шопаны Шәймерден ата екен, «жеті атаңды» түгендеп шықты. Кеште біздің көшенің тұрғындары айдаладағы кәлдіден бөліп алды қойларын, сенің арқаңда...Абырой болғанда, түгел келді. Жапан далада ит-құс шапса, не істер едің? Өзіміз өлместің күнін кешіп отырғанда, балалардың ауызынан жырып, өтемақы төлейтін жайымыз жоқ.

Смағұл: Қасқыр жоқ қазір, күзде шықпаса...

Күләнда: Ойбу, мен не деймін, домбырам не дейді?! Сен сылтаубектің сөзін айта бергенше, салғырттығыңнан сабақ алсаң қайтеді... Ішімдікке әуестенгеніңді ауылдағылар түгел біліп алған. Өз пайдасын ойлағандар жасаған жұмысыңды «жүз граммен» өлшеп жүр. Балаларды ойласаңшы.

Смағұл: Болды, енді ішпеймін, бідеңе ету керек.

Күләнда: Бірінші рет айтып отырған жоқсың. Соңғысы да емес шығар... Базарбай құрдасыңмен сөйлесіп, мектепке кіріп алсаңшы. Жазда ауылдың сиырын бақ, қыста оператор бол мектепте.

Смағұл: Өй, Күләнда, сен де айтасың? Сиырды қайда бағам? Қазақтың даласы кең деп, кеуде кергенде керімбіз. Ауыл маңында мал жаятын жер жоқ. Бәрін сатып алған. Былай барсаң, Еркіннің егініне түсесің, былай барсаң, Шарапаттың шаруа қожалығы. Ал, ана бақшашы кәрістер көшіп-қонып, түрлі тыңайтқыштармен жерді құртып бітті. Топырықтың тынысы тарылып, шөптің шығымы шамаланып кетті. Анда түспесін, мында түспесін деп тілім салақтап жүргенде, зорығып өлем ғой.

Күләнда: Әйтеуір, бар нәрсенің жаман жағын көре қалады екенсің...

Смағұл: Енді ше... Мал бағудың машақаты аз емес. Малға малдай адам керек. Оның үстіне біздің ауылдың адамдары да қызық. Мал басына беретін ақшаларын сағыздай созып төлейді, кейбірі қымбат деп шығады. Түсініп болмайсың!

Күләнда: Мектепке оператор бол деп отырған мен жарым. Қойды тастағандай, газды қосып кетіп, мектепті жарып жіберерсің...

Смағұл: (еріксіз жымиып қойды) Әй, ол да ойыншық емес! Корошкаң болу керек, онсыз газға жолатпайды.

Күләнда: Сенің корошкаң – балаларың! Бір емес, екі емес, төрт баланы оқытып отырсың. Оператор болмаса, басқа жұмысқа алсын. Әйтеуір мектептен бір ыңғайын шығаруы керек. Біз ауылдан кетсек, ол мектеп те жабылады. Ұстап отырғанымызға рақмет айтсын!

Смағұл: Әй, кемпір! Сен мені ештеңе ойламайды де ойлама! Мен қой бағып жүріп те, ой бағып жүрем ғой. Кеше қойды тастап кеткенімнің бір құпиясы бар. Анау арғы көшедегі Аманғалиды білесің ғой..

Күләнда: (немқұрайлы) Білмегенде ше, кешегі рюмкелесің емес пе?

Смағұл: Әй, тыңдасаңшы! Ол байып кетудің жолын біледі екен. Басында қипалақтап отырғанымен, жүз грамнан кейін жоспарын жасырмай жайып салды. Қазір екеуміз серіктес болдық. Үш-төрт күнде тауарды әкелуіміз керек. Ол қол қусырып қарап отырмай, тауарды қайдан табуға болатынын да жан-жақты ойластырып қойған.

Күләнда: Түк түсінсем, бұйырмасын! Ол не тауар? Тағы не бүлдіріп жүрсің?

Смағұл: Сабыр, Күләнда, сабыр! Көп кешікпей, біз ауылдан да көшіп, қаланың қақ ортасынан үй аламыз.

Күләнда: Сандырақтама, Смағұл!

Смағұл: Келші, жөндеп түсіндірейін... (Күләнда Смағұлдың не сыр ашқалы тұрғанын білмекке құнығып, жолдасына жақындай берді)

 

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

 

Базарбай Қонысбайұлы кабинетінде жалғыз отыр. Аптығып Сапар Сәкенұлы жетіп келді.

Сапар Сәкенұлы: Базарбай Қонысбайұлы, менің бір жақсы, бір шамалы жаңалығым бар.

Базарбай Қонысбайұлы: Иә, Сәке, не болса да маңызды жаңалықтармен келген сияқтысың ғой, құлағым сенде. Жақсысынан басташы.

Сапар Сәкенұлы: (қуанышты кейіппен) Біздің ауылға... газетке берген хабарландыру бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып бір келіншек келгісі келеді екен. Жолдасы да мұғалім, тарихшы екен. Егер, жолдасына да жұмыс табылса, отбасымен көшіп келу ойында бар. Оқитын үш баласы бар көрінеді.

Базарбай Қонысбайұлы: (көзі оттай жанып кетті) Үш баласы? Не болса да, осы отбасыдан айырылып қалмауымыз керек. Өзім сағатымды бөліп берсем де, жолдасына да жұмыс тауып береміз. Хабарласу керек.

Сапар Сәкенұлы: Бопты! Ол жағын маған қалдырыңыз.

Базарбай Қонысбайұлы: Жарайсың, Сәке! Көңілімді көтеріп тастадың. Төрт баланың үшеуі табылды. Енді бір бала тапсақ, жағдайымыз жақсарады десеңші...

Сапар Сәкенұлы: Қуануға ерте, Базарбай Қонысбайұлы.

Базарбай Қонысбайұлы: Тағы не болып қалды?

Сапар Сәкенұлы: Бір семья ауылдан көшкелі жатыр деп естідім. Және оның кім екенін білсеңіз, жаңағы қуаныш су сепкендей басылады.

Базарбай Қонысбайұлы: Сәкен, соза бермей, айтсаңшы енді

Сапар Сәкенұлы: Күләнда қалаға жиналып жатыр...

Базарбай Қонысбайұлы: Не дейді тағы?! Балаларын шұбыртып қалаға барса, жағдайлары не болады? Қала ауыл емес қой. Мында жан-жақтан жабылып болса да, қол ұшын беріп келе жатырмыз. Қалаға барса, қиналып қалады ғой.

Сапар Сәкенұлы: Күләнда қиналмайтын сияқты. Естуімше, үш күн болды, Смағұл бір сапарға кетіпті. Үй алуға жететін ақша тауып келетін көрінеді. Күләнда соған сеніп, көшуге бекініп отыр екен.

Базарбай Қонысбайұлы: Смағұлдың тағы не ойлағаны бар екен. Тыныш жүрмейді сол. Бір жылдары киіктің мүйізін саудалағысы келді, бір жылдары ауылдың дәу деген иттерін жалаң қолмен ұстап, кәрістерге сатыпты. Ай, Смағұл-ай!

Сапар Сәкенұлы: Базарбай Қонысбайұлы, менде бір ой бар. Сіз Күләнданы райынан қайтарып көріңіз. Тұңғыштары университетке грантқа түсті, жатақханада тегін жатыр. Ол бала алғыр, өз күнін өзі көреді. Ал, үйдегі алты баланы қалаға шұбыртып барса, қаңғып қалады. Көп балалы екен деп оған бірден баспана бере салмайды біздің билік. Одан да өткенде ауылға клуб салғысы келетін балалар асарлатып Смағұл мен Күләндаға үй салып берсе қайтеді? Біз де көмектесеміз ғой.

Базарбай Қонысбайұлы: Жөн айтасың, Сәке! Ауылдағы бір көпбалалы отбасының жағдайын жасай алмасақ, азамат деген атымызға сын. Сен Мәншүк Мырзашқызына осы ойыңды айт. Ал, мен Көшербаеваны көндіріп келейін. (екеуі күбірлесіп, кабинеттен шығып кетеді)

 

 

БЕСІНШІ КӨРІНІС

 

Үйде бес жасар Алпамыс көрші баламен ойыншық ойнап отыр. Сәкеннің қолындағы үлкен машинаға қызығып та, қызғанып та қарап қояды.

Алпамыс: Маған әкем дә-ә-әу машина алып берем деп айтты.

Сәкен: Сенде кішкентайы да жоқ қой. Ал, маған мамам тағы да жаңасын алып береді. Мама тәртіпті болсаң, кәмпит ұрлап жемесең, қонақтар келгенде дастархандағы тәттіге жүгірмей, тыныш отыратын болсаң, ойыншықтың түр-түрін алып берем деді.

Алпамыс: Енді тәртіпті болып жүрсің бе?

Сәкен: Иә, кәмпит жегім келсе, мамамнан оңашада сұрап алам. Бізде кәмпит көп үйде. Сен ше, сен де құрт, кәмпит ұрлайсың ба?

Алпамыс бала да болса, қысылып қалды. Үйде не құрттың, не кәмпиттің жоқтығын білдірмеуге тырысты.

Алпамыс: Жоқ, мен тәттілерге тиіспеймін. Оны көп жеуге болмайды, тісің шіріп кетеді. Ал, әкем маған бір үлкен машинамен қосып, екі, а жоқ, үш кішкентай машина алып береді.

Өзінің сөзі тыңдалмай қалғанына қапаланған Алпамыс Сәкенннің назарын бұрғысы келді.

Алпамыс: Сәкен енді жақын арада сен мені көрмейсің...

Сәкен: (таңырқап) Неге көрмеймін? Екеуміз дос емеспіз бе?

Алпамыс: Досы доспыз ғой. Бірақ, біздер мына ауылдан кетеміз. Енді қалада тұрамыз.

Сәкен: Қалада? Сендердің қалада үйлерің бар ма не?

Алпамыс: Қазір жоқ. Бірақ кешікпей болады. Әкем бір емес екіқабатты үй сатып аламыз деді.

Сәкен: Оған кө-ө-өп ақша керек қой. Миллион доллар керек оған.

Алпамыс: Әкем көөөөп доллар әкеледі. Сонда саған көрсетем.

Сәкен: Алпамыс, мына менің машинаммен ойнай тұр. Бірақ, ертең папаң өзіңе үлкен машина алып бергенде маған да ойнай тұруға бересің ғой, иә?

Алпамыс өзі көзі түсіп отырған машинаны қолға ұстап, қызығушылықпен зулата бастады.

Алпамыс: Әрине, адам досынан ештеңе аямау керек!

Осы кезде үйге Базарбай Қонысбайұлы кіріп келді.

Алпамыс: Ассаумалейкүм!

Сәкен: Ассаумалейкүм!

Базарбай Қонысбайұлы: Уағалейкүмассалам, батырлар! Жағдайларың қалай?

Сәкен: жақсы

Базарбай Қонысбайұлы: (әзілдеп) Әлі ойыншық ойнайсыңдар ма? Нән жігіт болдыңдар ғой. Мектепке бармайсыңдар ма?

Алпамыс: Біз бестеміз, жасымыз келмейді.

Базарбай Қонысбайұлы: (Алпамысқа қарап) Күләнданың баласы сен бе? Шешең құсап зуылдап тұрсың ғой

Алпамыс: Иә, мен!

Базарбай Қонысбайұлы: Күләнда қайда?

Алпамыс: Батырбай ақалар сиыр сойыпты, соған ішек-қарын тазалауға кетті. Қазір келеді

Базарбай Қонысбайұлы: Ә, жарайды. Әкең қайда?

Алпамыс: Ол амрита, амрита... амритакокон алып келуге кетті...

Базарбай Қонысбайұлы: Ол не тағы?

Сәкен: Ол не?

Алпамыс: (әкесінен естіген әңгімені қиюын келістіре сөйледі) Ол – қоймалжың сұйық зат. Өте қымбат тұрады. Оны көөөп ақшаға сатуға болады. Сосын бар ғой, оны бетіне жаққан адам өмір бойы қартаймайды, мәңгі жас болып жүре береді.

Базарбай Қонысбайұлы: Естімеген елде көп деген. Әй, бала, оны саған әкең бе айтып жүрген.

Алпамыс басын изеді.

Базарбай Қонысбайұлы: Ал, әлгі сұйық затты қайдан табуға болады екен сонда?

Алпамыс: Оны әкем айтпасын деді. Ертең бәрі біліп қойса, таласады деді.

Базарбай Қонысбайұлы: Е, балалы үйдің ұрлығы жатпас деген осы...

Осы кезде бір табақ етті, бүгін тапқан олжасын алып, Күләнда кіріп келді.

Күләнда: Сәлембердік, Базеке! Қош келдіңіз!

Базарбай Қонысбайұлы: О, Күләнда, қал қалай?

Күләнда: Қал өзің көргендей.

Базарбай Қонысбайұлы: Мына балаң өзіңе тартқан ғой, жұлып жеп тұр.
Күләнда: Ә, бұл Алпамыс деген тәуелсіздік күні туып алған балам ғой. Ертең ел басқарады.

Базарбай Қонысбайұлы: Дұрыс, дұрыс!

Күләнда:  Төрлетіңіз, директормен отырып шай ішіп қалайын. (Күләнда шай демдеуге кірісті)

Базарбай Қонысбайұлы: Жоға, рақмет! Мен келген жайымды айтайын. (әзілдеп те алды) Айтпақшы, Смағұл саған не сұйықтық әкелейін деп жүр? Әр бала табардың алдында даладан бірдеңе әкеле ме?

Күләнда Алпамысқа жалт бұрылды. Алпамыс та білгенін жайып салғанына өкінгендей, басын төмен салбыратты

Базарбай Қонысбайұлы: Жасарып кетіп, байыңды тастап кеткелі жүрген жоқсың ба?

Күләнда: Байды білмеймін, әйтеуір ауылдан көшеміз деп шештік. Ертең қаржы әкелсін.

Базарбай Қонысбайұлы: Күләнда, сен менен ештеңе жасырма! Екеуміз бір-бірімізді жақсы білеміз ғой. Бірге өстік. Смағұл қайда кетті? Ертең табыс табам деп жүріп, бір нәрсеге ұрынып қалса ше? Одан да алдын алайық.

Күләнда: Ол тапсын, таппасын, мен осы ауылдан кетем деп шештім.

Базарбай Қонысбайұлы: Қайда кетесің? Қаланың өмірі өте қиын. Ауылда қалшы, балаларыңның сабағы да жаман емес. Жуырда жерлестер форумы өтеді. Жан-жақтан түлектер келеді. Саған да көмектесеміз деп шештік. Асарлатып үй салып береміз. Айтқаным айтқан. Тек, кетпеші, Күләнда!

Күләнда іштей бұл жаңалыққа қуанса да, сыр білдірмеуге тырысты

Күләнда: Сенің ойлағаның мектептің жабылмауы, жұмыссыз қалмауың шығар... Бір бала жетпейді деп естідім. Ал, өзің балаңды қалаға оқуға бересің. Жаның ашығаны қалай?

Базарбай Қонысбайұлы: Әй, Күләнда! Сенің осы бетке айтып салып, қарап отыратын қайсар мінезің-ай. Біріншіден, мен мектеп жабылмаса екен деп шын ниетіммен тілеп жүрген жанның бірімін. Ол жұмыссыз қалмасам екен деген ой емес. Ауданда да, қалада да бір басыма жұмыс табылады. Шақырту, ұсыныстар да аз емес. Ауылды қимаймын. Ал, балама келсем, оны өз еркіммен берген ештеңем жоқ. Ол балам өнертапқыш қой, облыстық олимпиадада үздік танылып, Назарбаев мектебіне емтихансыз қабылдап алды емес пе? Мен сені де жақсы білем, осы ауылды менен артық болмаса, кем сүймейсің. Тек, кейде тапқан-таянғаның жетпей қалып жатқанда, ашынғаннан айтатының анық. Ешқайда кетпе, Күләнда! Жаңағы уәдем уәде. Көп ұзамай, кең үйге қол жеткізесің!

Қайсар мінезді Күләнданың да көңілі босап, шерін тарқатты

Күләнда: Сендей данышпан директор қайда бар екен? Адамның тамырын дөп басып, сөйлегеніңде, көңілді босатып жібересің. Еңбекші – менің алтын тұғырым ғой. Ауылдан ұзап қайда барам... Ата-анам да осы жерден мәңгілік мекенге аттанды. Әке-шешеден жалғыз едім. Содан болар, тұрмысқа шыққанда көп бала табуды армандадым. Құдай тілеуімді берді. Әр баланың өз несібесі бар. Осы өміріме дән ризамын. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деген. Жетпегені жетісер. Сосын, басқа жерден өздерің сияқты ақ ниетті адал жандарды жолықтырам ба? Кейде, құрдасың ұрттап келгенде, ашынғаннан айтам да.. Ауылым, көшем, осы жарқанаттың ұясындай болса да, өз үйіміз ыстық қой бізге.

Базарбай Қонысбайұлы: (бір жағынан көңілін аулап) Малға кедей болсаң да, сөзге байсың ғой. Тек, жарқанаттың ұясы деп жаңа теңеу шығарып алғаның қызық екен. Құрқылтайдың ұясы деуші едік. Оның үстіне әлгі құстың ұясы да болмайды.

Күләнда: (таңырқап) Жарқанатта ұя болмай ма не?

Базарбай Қонысбайұлы: Жарқанатта ма, жоқ. Ол көбінесе үңгірлерде жабысып тұрады екен. Балаларын тышқан сияқты тірі туады.

Күләнда: Әй, біліп едім сол...

Базарбай Қонысбайұлы: Нені білдің?

Күләнда: Құрдасың іздеп кеткен тауары сол ғой. Әлгі адамды мәңгі жас ететін сұйықтық жарқанаттың ұясында болады екен. Ол қайдағы батпан құйрық деп ойлап ем. Әй, Смағұл-ай...

Базарбай Қонысбайұлы: хе-хе-хе. Тауып келсе, Нобель сыйлығын бергізейік! Бұл аферистердің ісі ғой. Ойдан әңгіме құрастырып, ойдай ақша табады. Ауылдың аңғал адамдары өзі іздеп таппағасын, қолында бар ақшасына сол алаяқтардың өздерінен «жарқанаттың ұясы» деп саудалаған бірдеңелерді сатып алып, айтқан мекен жайға апарады. Ал, ондағы хабарландырудың иесі ұяны алмайтын болып шығады. Ұйымдасқан алаяқтық қой. Интернеттегі анау-мынауға сене бермей, бір уақ теледидарды қарап отырсаңдаршы. Жарайды, құрдасыммен де сөйлесем. Ыңғайын шығарып, күзетші қылып жұмысқа аламыз. Ауданға өзім айтам. Тұрақты жұмысқа шықса, жаман әдетін де қойып кетеді. Ал, жақсы, сау бол!

Күләнда: Базеке, жаңа әңгіме арамызда қалсыншы. Елден ұят болды-ау.

Смағұлдың сапары қаншалықты «салмақты» болғанын көп ұзамай бүкіл ауыл біліп алатынын сезсе де, Базарбай Күләнданың көңілін жықпады.

Базарбай Қонысбайұлы: Жан баласына тіс жармаймын. Тек, келесіде ақылдасып отырарсың. Оңай жатқан олжа жоқ. Көріскенше!

 

АЛТЫНШЫ КӨРІНІС

 

Директордың кабинеті. Базарбай Қонысбайұлы және қос орынбасары отыр.

Базарбай Қонысбайұлы: Ал, қадірлі әріптестер! Көзді ашып-жұмғанша оныншы тамыз да болды. Сіздерге көп рақмет! Қолымыздан келгенше, бар күшімізді салып, бала іздеуге білек сыбана кірістік. Жеткен жеріміз осы болды. Енді аудандық білім бөліміне хабарласып, бала толмағанын баяндауымыз керек.

Мәншүк Мырзашқызы: Базарбай  Қонысбайұлы, қырық бала болып тұр ғой, бір балаға бола қысқартып тастамас. Мүмкін сөйлесіп көрерсіз, жеке беделіңіз бар дегендей, оның үстіне келесі жылы бұл жағынан қиындық болмайтынын түсіндірсеңіз...

Базарбай Қонысбайұлы: Білім туралы заң бар ғой. Қатып қалған қағиданы өзгертуге он жерден сый-құрметім артып тұрса да, мен сияқты қатардағы директор дәрменсіз. Мен тұрмақ, аудандық білім бөлімі де бұл жағдайда ештеңе істей алмайды. Өте өкінішті... Бір бала, бір түйір бала таба алмай, бастауышқа айналып кете баратынымыз қиын-ақ. Бәрінен бұрын бұл хабарды естіген ата-аналар да жиырма күннің ішінде жанталасып,балаларын оқуға орналастыру үшін әбден әбігерге түсетін болды.

Сапар Сәкенұлы:  Иә. Бастауышта қалатын он сегіз баланы есептемегенде, жиырма оқушы басқа жерде білімін жалғастыруға мәжбүр деген сөз. Оларды ойлап жатқан кім бар? Міне, мынаны қараңызшы. Өзім кеше оқып, есім танып қалды. (қолындағы қағаздар арасынан газет қиындысын алып, оқи жөнеледі) Жапонияның Хоккайдо аралындағы Ками-Сиратака бекеті жалғыз оқушы үшін жұмыс жасаған. Жалғыз оқушы үшін! (сұқ саусағын жоғары көтеріп, «жалғыз оқушы» деп ерекше екпінмен қайталап айтты). 2013 жылы теміржол басшылығы Ками-Сиратака бекетінің қызметін тоқтатқан. Кейіннен бекетке жақын маңда тұратын оқушы қыздың мектепке бара алмай жүргенін ескеріп, бағыт жұмысын қайта қосқан. Сөйтіп, Ками-Сиратака бекетіне баратын жолаушылар поезды оқушы қыздың сабақ кестесіне байланысты қатынаған. 2016 жылы наурыз айында оқушы қыз мектеп бітіргеннен кейін теміржол бекеті өз қызметін тоқтатқан. Құдай-ау, не деген қамқорлық мынау?! «Әр жапон менің жалғызым» деп тұр ғой мыналарың.

Мәншүк Мырзашқызы: Жапонияның аты Жапония. Бізге поезд керек емес, округ орталығына оқуға түсетін балаларымызды мектепке тасымалдайтын УАЗ болса, мәз болар едік. Ата-аналар үшін де тиімдісі сол ғой.

Базарбай Қонысбайұлы: Иә, балаларымыз үшін ең болмаса, осы мәселені шешіп берейік. Ал, мен ауданға хабарласайын. (телефон тұтқасын құлағына тосып, жауап күтеді)

Сәлеметсіз бе, Айман Қадырқызы! Қалдеріңіз қалай? Аман-саусыздар ма?... Біздер де сол,  шүкірдің шуағына шомылып жүрміз ғой... Айман Қадырқызы, біз өкінішке қарай, қырық бір балаға толтыра алмай, көңіліміз құлазып отырған жайы бар... Жоқ, бес бала біріншіге баратын... Иә, алты жастан ғой... Қалай, өзгеріс?.. Сонда бес жастан бара ма?.. Ә, түсіндім, биыл толса екен ғой... Ескерткеніңізге рақмет, бізге онда тағы бір сағат бере тұрыңыз, анықтап алайық... Рақмет. Иә, кешіктірмей айтам.. Сау болыңыз! (телефон тұтқасын орнына қойып, қос әріптесіне кезек кезек қарады)

Базарбай Қонысбайұлы: Әріптестер, Айман Қадырқызы тағы бір үміт отын жаққандай болды. Күні кеше министрлік баланы мектепке қабылдау ережесіне өзгерістер енгізген екен. Биылдан бастап оқу жылының аяғына дейін алты жасқа толатын бес жасар балалар да бірінші сыныпқа қабылданатын көрінеді. Бізде қыркүйек-желтоқсан айларында алтыға толатын балалар бар ма екен? Анықтау керек.

Сапар Сәкенұлы: Алты жасар Алпамыстар емес, бірінші сыныпқа бес жасар Алпамыстар барады деңіз..

Алпамыс дегенде Базарбай Қонысбайұлы орнынан атып тұрды. Ұнжырғасы түсіп отырған басшының жүзі жайнап сала берді

Базарбай Қонысбайұлы: Алпамыс! Иә, Алпамыс барады. Бес жасар Алпамыс мектепке барады.

Сапар Сәкенұлы мен Мәншүк Мырзашқызы түк түсінбей,  бір-біріне таңырқап қарай берді

Мәншүк Мырзашқызы: Кім Алпамыс?

Базарбай Қонысбайұлы: Күләнда, өзіміздің Күләнда, айналып кетейін Күләнда оны Тәуелсіздік күні туып алды, ой, туып алды деппін ғой, жарық дүниеге әкелді.

Сапар Сәкенұлы: Сонда мектеп жабылмай ма?

Базарбай Қонысбайұлы: Жабылмайды, Сәке, жабылмайды! Дүркіретіп той жасаймыз!

Мәншүк Мырзашқызы қуаныштан аққан көз жасын сүрте бастады, Сапар Сәкенұлы мен Базарбай Қонысбайұлының да беттеріне қан жүгіріп, көптен кездеспеген құдалардай ұзақ құшақтасты

 

ЖЕТІНШІ КӨРІНІС

 

Ауыл мектебі. Бірінші қыркүйек, Білім күніне арналған салтанатты жиынға жиналған жұрттың көңілі жадыраңқы. Оқушылар сап түзеген. Қолдарында жалаушалар, гүлдер, шарлар.

Жүргізуші: Сөз Еңбекші негізгі мектебінің директоры Қоғабаев Базарбай Қонысбайұлына беріледі. (ауыл тұрғындары да директорға дән риза, шуылдасып, мақтай жөнелді)

- Біздің сүйікті директор!

- Әкесіне тартқан.

- Базарбайға «базар жоқ»!

- Базарбай Қонысбайұлы – біздің бейресми әкім ғой!

Базарбай Қонысбайұлы: Алтыннан артық ауылдастарым! Баршаңызды Білім күнімен қуана құттықтаймын!  Бүгінгі қоңырау үні жаңа оқу жылының басталғанынан бұрын, даладағысы бар, қаладағысы бар, осы жердің ауасын жұтқан жас-кәрінің ауылға деген махаббатын паш етіп тұр.  Бәрі бірліктің арқасы. Ұйымдасқанның ұпайы түгел. Еңсе түсірсек, ел болмайды екенбіз.  Өткендегі жерлестер форумында Еңбекшінің екінші тынысы ашылғандай болды. Ендігі мақсат – атақонысымызды аялап, аталар аманатына адалдық таныту. Осы жолдан жаңылмайық! Тірі болайық, ірі болайық!

- Әй, бәрекелді!

- Ауылдан артығы жоқ!

Осы кезде бірінші сыныпқа қабылданғалы тұрған балалардың ішінен бес жасар Алпамыс алға суырылып шығып, тақпақтата жөнелді

Алпамыс: Бүгін алғаш аттадым,

        Мектеп табалдырығын.

        Мектебім – менің мақтаным,

        Ауылым  – алтын тұғырым!

Жиналғандар ерекше қошемет танытып жатыр, баласының талабына сүйсінген Күләнда да көп ішінде бойын ерекше сезім билеп, шаттанып тұр.

- Бұ қай батыр?!

- Күләнданың баласы ғой, Көшербаева!

- Көшербаева көшем деп қорқытқан көрінеді

- Жеті баламен тоқтап қалмаймын депті

- Біздің Күләнда батыр ғой!

 

ШЫМЫЛДЫҚ ЖАБЫЛАДЫ

Пікірлер

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

15.02.2019 22:45
Мықты! Өзекті тақырып!

Тәжі

16.02.2019 00:09
Бір деммен оқып шықтым. Керемет жазылған екен! Оқып шыққан дүние көз алдымда боп тұрғандай әсер алдым! Авторға ду қол шапалақ

Әділет Орынбасаров

16.02.2019 13:37
Біржан ағама сәттілік. Жалынды жас, жақсы аға, поэзия жанашыры!

Еркебұлан

16.02.2019 14:11
Бәрекелді! Қазіргі білім беру саласында туындаған мәселелер мен жаңа өзгерістер туралы баяндалыпты. Әрі ауылдық ағайынның арман-мұраты айқын бейнеленген. Қаламың қарымды болсын! Тек алға!

Еркебұлан

16.02.2019 14:13
Бәрекелді! Қазіргі білім беру саласында туындаған мәселелер мен жаңа өзгерістер туралы баяндалыпты. Әрі ауылдық ағайынның арман-мұраты айқын бейнеленген. Қаламың қарымды болсын! Тек алға!

Еркін Жоламанов

16.02.2019 14:27
Шынайы... Ауыл мәселелері молынан қамтылған екен

Jekebiznes

16.02.2019 19:31
КЕРЕМЕТ

Анвар

16.02.2019 21:40
Өте керемет әсерлі, ауыл көз алдыма елестеп кетті. Алыста жүрсекте сол Коловертное ауылын сағынып, кеткіміз келеді де тұрады.

Рустам

18.02.2019 10:26
Жайық пен ауылдардың қазіргі бейнесін салыстырмалы түрде керемет жазған екен. Жайықта бұрынғы балық, бекіре жоқ, ауылда мектеп, мектепте бала аз. Тамаша. Сәттілік!

Мәлік Берді Әлі

17.02.2019 10:37
Біржанның мықты драматург болатын түрі бар.Оқиғаны шиеленістіру, тың деректер қосу, өзекті мәселені уақытылы көтеруі маңызды. Іске сәт! Басқа да жанрларға қалам тарту қолыңнан келетініне дау жоқ, Біржан!

Ұзақ

18.02.2019 10:38
Мықты. Керемет жазылған екен.Біржан Саттілік.

Мухамбетов Айтуар Серікқалиулы.

17.02.2019 19:37
Менің мектебімнің бир кездегі қиындығын бейнелепсиз. Тап осы жағдай коп ауылдарда болдыго. Бала саны жетпей мектептер жабылды. Мектеп болмаса ауылдың сани кететіні жақсы бейнеленген.

Самал

18.02.2019 10:44
керемет мәтін жарайсың Біржан!!!

Рустам

18.02.2019 10:44
Жайық пен ауылдардың қазіргі жағдайын тамаша суреттеген екен. Өзенде балық, аз, бұрынғы бекіре жоқ, ауылда мектеп аз, мектепте бала жоқ. Керемет! Сәттілік!

Самал

18.02.2019 10:44
керемет мәтін жарайсың Біржан!!!

Рустам

18.02.2019 10:46
Жайық пен ауылдардың қазіргі жағдайы тамаша сәйкестендірілген екен. Өзенде балық аз, баяғы бекіре жоқ, мектепте бала аз. Керемет! Сәттілік!

Ақылбек

18.02.2019 10:47
"Рухани жаңғыруды" да қосып жіберіпті. Ол да дұрыс шығар. Жалпы, өмірдің өзінен алынған. Ауылдың сағынып кеттім. Авторлар тағы жақсы дүниеден күтеміз

Берікжан

18.02.2019 12:07
Ауылдың базарыда, ажарыда осындай көп балалы аналар.Ауылдың болашағына балта шаппау үшін, осындай жанұялардың жағдайын жасап қою керек.Қазіргі ауылдардағы кездесіп жүрген қиындықтардың шынайы көрінісі. Қаламың суымасын қадамың құтты болсын.

Ермек

18.02.2019 13:53
көп ауылдың маңында мал жаятын жердің жоқтығы, көп балалы аналарға әлі де болса, лайықты көңіл бөлінбей жатқаны рас қой. Смағұл да қайтсін, еріккеннен үңгір аралап кетпеген шығар, бәрі де бала қамы ғой... Шығарма шыншылдығымен ұнады

Дана

18.02.2019 14:26
Біржан, жарайсың! Тек биіктерден көріне бер! Шабытыңа шабыт қосылсын! Әрқашан да тілекшімін! Тек қана алға!!!

Серік Қуанғалиев

18.02.2019 18:10
Біздің ауылда да осыған ұқсас жағдай болды. Мектеп жабылуға шақ қалды. Ауылға жас мамандарды тарту керек. Бойдақ мамандарды бір-біріне қосып жіберіп, ауылда алып қалу керек. Сонда, бала көбейеді. Әйтпесе, көп ауылда кемпір-шалдар ғой қалған. Балалары қалаға кеткен. Осындай шығармаларда шындық құр жазылып қоймай, мәселелер шешілгені жақсы ғой... Былай, жаман емес. Басы, ортасы, аяғы бар. Жұп-жұмыр. Маған ұнады.

Ақұштап

18.02.2019 18:13
Жазғы жазыпсың, Біржан! Басы, ортасы, аяғы бар. Жұп-жұмыр, жинақы. Ұнады. Риза болдым.

Жайна

18.02.2019 18:55
"Кетпеші, Күләндә!" Атының өзі әлеуметтік мәселені көтеріп-ақ тұр екен. Ауылдан кетпе, отбасынан кетпе.

Дастан

18.02.2019 19:05
Керемет! Ауыл көрінісі әдемі айтылған. Жүлдеге лайық туынды екен. Оқырман пікірлері де қуантады. Алға, құрдасым!

Бекболат Қаленов

19.02.2019 10:25
Біржан, жақсы жазылған. Бүгінде көп елдімекендегі жағдай дәл осындай ғой. Жазар көбейсін!

Арман Айтбаев

20.02.2019 11:15
Бүгінгі күннің тақырыбы.

Армат

11.03.2019 13:52
Жабылмағаны жақсы болыпты

Maishin Sandibek

17.03.2019 10:16
As salamu alaykum oqirmandar!Birzhan bauyr jaqsy jazypsyz.Auildagi kezderimizdi eski saldynyz.Alla sizge razy bolsyn.InshAlla aldagi shygarmashylygynyz jemisti, adamdar oi salatynday bolsyn bauyrym

Атырау

01.04.2019 13:10
Тамаша жазыпсың Біржан балам, өзекті тақырып, қазіргі ауылдардың мәселесін кішкентай пьесаға сыйғызыпсың. Кішкентай шығармаң үлкен жүкті көтеріп тұр.
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар