Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Самал Жалымбетова


Үлестен қағылу

Нет у тебя, человек, ничего кроме души.

Пифагор Самосский.

 

Жыл сайын көктемеде, қалың қардың көбесі сөгіліп, жердің әр-әр тұсы қарайып көрінер. Сол кезде көрген сайын көзімді қуантып, көңілімді жылытатын бір  жаратылыс бар. Ол - жан-жағындағы сірескен қардың ызғарына қарамай, Құдайдың құдіретімен қосқұлақтанып өсіп келе жатқан тырнақтай ғана көкөскін. Күн әлі жылуы қызып жарқырамады, жердің тоңы әлі толық жібімеді. Көмген сайын өне беретін,  жаншыған сайын жанданып бойын тіктейтін өлермен көк шөп менің есіме бір нәрсені түсіре береді.Ол менің есіме арамдыққа сенгендер айласын асырып, жерлеген сайын абыройы асқақтай беретін момынды еске салады.

 

Жиырма алты жасар келіншек таң қараңғысында үйден шығып, мал қора мен дәретханаға апаратын артқы шарбаққа бет алды. Шарбақтың сыртына шығып, иықтарын құшақтап, бүрісіп отырды. « Енді тастап кетсем өмір сүре алмаймын, өзімді адам санамаймын деп күбірледі. Енді тастауым мүмкін емес, одан да қазір Алматыға қайтпай-ақ, ауылда екі қызыммен қалғаным артық. Мейлі ел күлсін, «тағы бір баламен ажырасыпты» деп  мәз болып шуласын, тек қана қызымды тастамасам болды. Басқасы не істесе өзі білсін. Қазір автобусқа шықпаймын. Іштей өз-өзіне серт беріп, тас-түйін бекінді. Күздің сүйектен өткен қара суығынан қалшылдай бастады. Сырт киімін кимей бір көйлек, бір орамалмен ғана шыққан.

 

Үйдің есігі ашылып жабылғаны естілді, аяқтың жүрісінің дыбысынан шешесі екенін ажыратып отыр. Қызы дәретханаға шықты деп алаңсыз отырса да болар еді, кешегі әңгімеден кейін менің жәй шықпағанымды мамам сезді-ау, іздеп шықты деп шешесіне жүрегі елжіреп кетті.  Ауланың артқы есігінен шыққан шешесі мұның отырысын көріп, жағдайды бірден түсінді. « «Қой,көкем, Марал, бұлай отырма» деп құшақтап орнынан тұрғызды.

- Қалдырмайсың  қызыңды, қазір өзіңмен әкете ғой.

Мамасы мұның көңіліне не керегін айтпай білетін кәнігі психолог сияқты, қызының осы жерде қандай шешімге келгенін отырысынан-ақ сезіп қойды. Бұрын Марал тұңғышын босанғанда да осылай болған.

Тұңғышын күйеуімен ажырасып кеткен соң осы үйде босанған. Бес-алты күн өткесін, туыстары жиналып, мұның әкесіз қызын бір перзент армандап жүрген ағасына бер деп қолқа салды. Марал жас босанған жиырма бір жасар келіншек  еді, не істерін білмеді.  Үлкен туыстарды  ренжітуге болмайды деп ойлап, қиналып тұрса да « иә, жарайды, мен келістім деп салды. Сол сөз аузынан шыққаннан бастап үш күн, үш түн бауырын көтере алмай,  нәрестесінің жанында жатып қалды. Адаммен сөйлесе алмай, ішін өртеп бара жатқан құсаның жалынына тұншығып, әл-дәрмені құрып, сұлық түсті. Орнынан тұрып жүрсе іші-бауыры, қос өкпесі, қолқа-өңеші тұз құйғандай күйдіріп, шыдатпай жерге тарта беретін.  Жер бауырлап жатып қалды деген сөздің мағынасын сонда түсінді. Үшінші күні болғанда баласын емізіп отырып, дауысын шығармай солқылдап жылады. Жанында отырған сіңлісіне «бергім келмейді деп жәй айтқысы келген, ары қарай өксігін баса алмады. Қос өкпесін жарып жіберердей толқынмен ұрып, аһылаған жылау-өксіктің дауысы өзі бұрын-соңды естімеген қорқынышты болып шықты.

Шешесі сыртта терезенің түбінде ұршық иіріп отыр екен. Жылауға да, күлуге де ұқсамайтын біртүрлі қорқынышты дауысты естіп, қолындағы шүйкені шешуге де үлгермей, ұршығымен үйге жүгіріп кіріпті. Не болғанын айтуға шамасы жоқ, қос өкпесін толтырып, өңешін жарып жіберердей қылғындырып, кері атылатын ауа толқынынан ауызы икемге келмеді. Қасындағы кенже қызынан « баласын бергісі келмейді» дегенді естіген мамасы « бермей-ақ қой, балаңды бергің келмесе, ботам, ақұдай. Өзім де екі-үш күннен бері жатқаныңа қарап, мына қыз не болады, күйеуінен айрылғаны анау, енді баласынан айырылса не болады деп уайымдап жүріп ем. Бермей-ақ қой балаңды деп бірден кескен.

Тұңғышын өзіне қалдырған сол шешесіне қалай елжіремесін. Міне, бүгін тағы да күйеуі қарсы болса да  балаңды қалдырмайсың деп шешімін айтып тұр.

Екеуі құшақтасып үйге кірді. Күйеу баласын енесі қалай көндіргенін түсінбеді, ол да қарсыласпай бес жасар қыздың киімін жинап көмектесіп жатыр.

- Мынау қызыңның былтыр қыста жөтелгенде ішкен дәрісі. Ауылдағы браш осыны берген. Тағы жөтелсе ішкіз. Қыстық киімі де, етігі де тозып, тарылып қалды. Қазір күйеуіңе тиын-тебен ұстатайын. Барғасын барахолкадан алып бересіңдер деп.

- Мама, керегі жоқ, ақша бермеңіз.

 

Мамасының бұған білдірмей ақыры ақша ұстатып жібергенін кейін Алматыға келгесін білді.

    Марал кішкентай бес айлық бөпесінің жұқалау күздік комбинезонының сыртынан өздері жолға алып шыққан сары көрпешені орады. Бір орыс мұсылман жігіті күйеуіне берген. Оларға тұңғыштары босанғанда Германияда тұратын қазақ бауыры сыйлапты. Екі отаудың балаларын жылытқан көрпеше бізге де құт болсын. Қызғылт бұлттар мен пілдің баласының суреті бар сары көрпешеге құндақталған бөпемді көтеріп жүргенім әдемі жарасатын шығар деп көңілі көтерілді. Әлгінде болған қайғы-қасіреттің ізі де қалмады. Бес жылғы арманы, тұңғышымды өзіммен бірге әкетсем деген жалғыз арманы орындалып жатқанына өзі әлі сене алар емес.

    Бұл ауылда қарашаның аяғындағы қара суығы мектепке бара жатқанда маңдайдан соғатын да, шекені жарып жібере жаздайтын. Бүгін де солай екен. Марал ауылда өзінің қарауынсыз өсіп, қолдары суықтан жарылып кеткен қызына қарады. Бір ауылда тұрса  да туғалы әкесінің туыстары бір іздемеген, керек қылмаған қызына қараса іші жылайтын да тұратын. Алматыда  жылы суға жуындырып, күнде крем жағам, қызым аппақ болады деп қиялдап алды .

Ескі, шағын автобустың алдыңғы жағында екі қатарда бір орыннан бос тұр екен. Алдыңғысына кішкентайымен өзі отырды, артындағыға бестегі қызды алып күйеуі жайғасты.  Автобус жүретін уақытта сыртта таң қараңғысында темекі шеніп тұрған ер кісілер ішке кіре бастады. Марал қызының тұрып жанына келгенін байқап қалды .

  • Неге тұрып тұрсың, отыр жаным.
  • Орын бос емес екен, бізден бұрын біреу алып қойыпты.

Арғы жақта тұрған жолдасы жауап берді.

Марал бес жасар баланы орнынан тұрғызған кім екен деп артына бұрылып көз салған. Жүрегіне суық қанжар сұққандай мұздап кетті, тілі байланып қалды. Тұңғышын тұрғызып жіберіп, орнына отырған отызға толмаған жап-жас жігіт алғашқы жары, қызының туған әкесі екен. Өз ауылының баласы, аяғы ауыр кезінде адам түсінбейтін жағдайда ажырасып қалған қосағы екен. Содан бері екеуі бес жылдан аса көріспеген, қызы туғанда да келіп көрмеген.

Құдай адамды  осылай да адам шошырлық жағдайда кездестіреді екен деп Марал есеңгіреп аз отырды. Бір апта бұрын ауылға келгендерінде оның үйленіп, тойы болып жатқанын естіген. Жаңа түскен келіншегі екеуі қаладағы жұмысына қайтуға дәл осы күнді таңдаған екен. Әлде ортақ туыстардан менің қай күні қайтарымды естіп алды ма екен. Өзі керек қылмаған, бір рет іздеп келмеген бес жасар қыз баласын автобуста тұрғызып жіберіп, орнына отырып алғаны әдейі жасағаны ма, білмей қалды ма? Не болса да Алланың осылай қиыстырып әкелген тағдырын қарасайшы. Құдіреті күшті Шебер Алла-ау, ешбір ісіңде мін жоқ, барлық қиындықтың мен үшін қайырлы екеніне әлдеқашан, осы тұңғышым туғанда мойынсұнғанмын. Бірақ дәл осы опасыздықтың не хикметі бар?  Мені біржола өлтіріп, жер қылып көму үшін бұл  жаратылысың не істемеді, өз баласын менікі емес деп бас тартып, жаласын елге таратты. Бір кездері бүкіл ауылы таланты мен біліміне , сүйкімі мен мінезіне тамсанып, төбелеріне хан көтерген, жігіттері қол жетпес қиялдай көретін қызды  алды да тастап кетті. Сондай қорлықтан кейін Марал адаммен ашылып сөйлесе алмайтын жасқаншақ болып қалды.

Бұл ауылдан қалаға күніне жалғыз автобус жүретінін біледі. Марал не болса да үн шығармай шыдауға бекінді. Не ойларын, қалай қайғырарын да білмеді, бар білгені қалай қиналғанын ешкімге көрсетпеу болды. Қалай жаны ауырғанын, туған әкесі өзі тірі жетім қылған құйтақандай қызының орнын тартып алғанына қалай түршіккенін ешкімге білдірмеу керек.

Жүргізушінің артында бұларға қарама-қарсы жайдақ сәкіде отырғандардың арасында ағасының сыныптпас досы, өзінің мектептегі мұғалімі Талант ағайы отыр екен. Бәрін көріп бұған жаны ашып кеткен сияқты,  состиып тұрған қызы мен күйеуіне орын беріп, өзі артқы жаққа өтті. Марал « Ағатайым-ай, адамшылығың, жүрегің бар ғой бұрыннан, Алла разы болғыр -ай деп іштей алғысын жаудырды. Бұған қарсы қарап алдында отырған ауылдағы балық сататын саудагер әйел екенін енді таныды. Көзін алмай мұның бетіне бадырайып « қазір не қызық болады екен, Марал қандай күйге түседі екен деп аңдып отыр. «Мен бұл жағдайда не істерімді білмеймін, сондықтан ешқандай қызық болмайды деп жауап берді ішінен. Ажырасқалы бес – алты жыл қалай     сумаң-сыбыр сөздеріне жауап бермей, үндемей шыдап келемін, солай қала беремін.

  • Түнде келген Думан кластасыңа коньякты бердің бе? Риза болып кетті ме әйтеуір? – желкесіндегі келіншек су жаңа  күйеуінен сұрады.
  • Иә, риза болып кетті.

Ал сен мені тастап ажырасқаныңда, әкеміздің көзі жоқтығын жақсы пайдаландыңдар. Әкеміз тірі болғанда мені тастамақ тұрмақ, алдында бар туысың қол қусырып жүгіріп жүрер едіңдер. Ағамыз мүгедек ,шешем байғұс менімен қосылып көп жылады. Біздің қорғанымыз жоқ еді, Алла Тағала өзінің қарауына алды деді Марал. Көрмейсің бе орамалымды, енді бұрынғыдай емеспін, Алла дәрежемді көтеріп, иманды құлдарының қатарына қосты. Ал сені ағаларың  қалаға жұмысқа тұрғызды, үй де әперген шығар, біз екеуіміз үйленгенде ауылда жұмыссыз едің. Сонда да бұрынғы қалпыңда қалыпсың. Мүмкін, жаза деген сол шығар.

Жеңгелерім екеуімізді қосайын деп үйіңе апарды. Сен «киімін алып кетіп, сиырды қайтарыңдар» дегеніңде үлкен жеңгем « не деген азар» деп жылап жіберген. Сонда да еш тіл қатпастан, киімдерімді алып, пысылдап жылап жүрген жеңгеме соққыдан есеңгіреп, құлағалы тұрғанымды білдірместен үнсіз кете бергем.  Сүйетініне сонша сендіріп, мені қол жетпес бақытына балаған сүйіктім бір-ақ кұнде бас тартып,  безіп шыққанына түсіне алмай, маңдайым тасқа соққандай мәңгіргенмін. Теңіздей тәтті сөздер, алапат сүйіспеншілік бір-ақ сәтте тас-талқан болатынына сенер-сенбесімді білмей сенделіп кете барғанмын. Маған ашулансаң да, әлі білінбеген құрсақтағы кіп-кішкентай періштеңнен ұялмағаныңа миым жетпеген. Түсімде ылғи да бір сәби шырылдап жылап жатады деп айтушы едің. Маған шейін бір ауылдасыңның әйелімен жасырын кездесіп келгеніңді,  оның сол уақытта бір бала туғанын, баланың кімдікі екенін көңілдесіңнің өзі де білмейтінін айтып едің. Мені де сондай жасай алады деп күдіктенгенің бе?  Өзінің қанынан безіп, бейкүнә балапанын жетімдікке қию үшін адам баласы қаншалықты түйсіксіз, тәрбиесіз болуы мүмкін екенін ойлап таба алмағанмын.  Шынымен сондай сезімсіз, тәрбиесіз болғаның ба?

Сол айрылысудан бір- екі ай өткенде ауыр түс көрдім. Әлі босанбағанмын, аяғым ауыр. Ауылдағы ағайын мен сенің туыстарыңның табасын естімесін деп қаладағы әпкем үйіне алып кеткен. Түсімде әткеншектің бір арқанына арқаңды сүйеп, алаңсыз отыр екенсің. Мен анадайдан қарап тұрып, жаныма келіп сөйлессе ғой, бәрін кешірер едім деп тілеп тұрдым. Мені көрсең де әдейі қастасып, төмендеткеніңе рахаттанып, дұшпан кейіп танытасың. Бір бұрыштан бес-алты жеңгең шыға келеді. Сыбырласып, саусақтарын маған қарай шошайтып, сыңқылдасып күліп жатыр. Сен орныңнан тұрып, жеңгелеріңе қосылдың да, тәкаппар күйде маған күліп кете бардыңдар. Түсім тура өңімде болып жатқанды көрсетіп еді.  Кеше ғана сені аспандағы айға балаған сүйіктің енді жер қылып көміп жатыр. Дүниенің опасыздығын, бақыттың баянсыздығын,  Құдайдан басқа қорған іздемеуді сен маған үйретіп кеттің.

Махаббат деген осы-ақ па немене? Марал сүйе алатын адамның тұрақсыз бола алатынына сенбейтін болды. Сертінде тұрмағанның жүрегі бар дегенге сенбеймін. Махаббат деген осындай болуы  мүмкін емес. Неке деген ауыр сертке адалдықты адам баласына кім үйреткен? Ол адалдық адамның жүрегі мен бауыры сияқты бойында туабітті тұтасып тұру керек емес пе?

Махаббат деген сұлу қызды қолға түсіргеннен кейін қайтып қалатын нәпсінің құмарлығы ғана болғаны ма?  Сенің қызыңды жалғыз өсіруге қалай қорқатынымды білемісің? Жаны ашуды білмейтін адамның қаптағанынан қорқып, шарасыз отырамын.. Махаббат деген жәй ғана жанашырлық екенін білмейтін миллиондар жер бетін жайлағанда бақытсыздар көбейіп кетті.

Махаббат – менің жаратылыстың бір бөлшегі болғаныма Алланың бергені  меншікті үлесім. Мұхаммед пайғамбар с.а.с. солай айтып кетіпті. Алла Тағала махаббатты жаратып, оның тоқсан тоғыз бөлігін өзіне қалдырыпты, бір бөлігін ғана барша жаратқан мақұлығына бөліп беріпті.  Барша мақұлық сол бөліктен ата-анасына, сүйген жарына, перзентіне, күллі адамзат пен мақұлыққа мейірім-махаббат көрсетеді екен. Ол үлесінен айрылған адам қалай өмір сүреді. Мейірім көрсетпегенге Алла да мейірім көрсетпейді депті тағы бірде Пайғамбар. Алланың мейірімінен құр қалғым келмейді. Адамдық үлесімнен қағылғым келмейді! Баламды тастап, басқа некеде тыныш өмір сүруге ар-ожданым жібермей қойды. Күйеуім, шешем, бауырым, туған-туысымның қарсылығына қарамай, қызымды тастамай әкетіп барамын. Алланың жүрегіме құйған қасиетті аналық махаббатынан айрылып қалуды қала алмаймын. Ата-анасының біреуі керек қылмаса екіншісінің махаббатын көріп өссін. Біреуінің тәлімін тыңдамаса да, екіншісінің тәрбиесін алып өссін. Оны қандай қиналса да тастамайтын жанашыр біреудің бар екенін біліп өссін. Ата-анасының біреуінің жүрегі жібімесе де, екіншісі мейірімнен айрылмасын. Біреуі әлсіздік көрсетіп тастай қашса да, екіншісі әлсіз болмасын. 

 

Автобус бір ауылдың тұсына тоқтап, үзіліс жасады. Іштегі үлкен-кіші жолаушының бәрі аяқ жазып, таза ауа жұтуға далаға шықты. Маралдың қолындағы бөпесін әкесі көтеріп, үлкен қызын ертіп ала кетті. Автобустың ішінде тек екі келіншек қалды. Екі-үш ақ ай отасқан бұрынғы жарының  жаңа әйелі екеуі терезеге қарап тұрды. Күйеуінің бұрын ажырасқанын біле ме екен деп ойлады. Екеуіміздің некеміз заңды тіркелмегесін айтпауы да мүмкін. Екі-үш ай деген жігіт адамға немене, қолында кедергі болатын баласы жоқ, екі-үш ай кім-кіммен кездеспей жатыр.

Мен сенің күйеуіңіңнің бұрынғы әйелімін, анау бес жасар қыз соның баласы деп айта салсам ба екен? Сонша жыл маған жасаған қиянатының, бізді шырылдатып тастап кеткенінің, нахақтан жылатқанының кегін солай алсам қайтеді? деген ой жылт етті. Неке деген әйел адамға қастерлі нәрсе, жұбайлардың сүйіспеншілігі үлпілдеген қауырсындай нәзік, қорғансыз құбылыс қой. Әрбір әйел нәсілі күйеуге шыққанда баянды бақытына сеніп, алғаусыз таза көңілмен табалдырық аттайды.Сол нәзік қуанышына бүлік салмайыншы, аппақ үмітіне менің сөзімнен кір жұқпасыншы деп ұйғарды сосын. Тұлғасы сондай нәзік көрінбесе де, бейтаныс келіншекті аяп кетті. Білмей-ақ қойсын, мен секілді жараланбасын, бақытты болсын.

Сыртта кішкентайын көтерген күйеуі көрпешесін ашып, баланың қол-аяғын жазып ойнатып тұр екен.

- Бөпеңіз тоңып қалмай ма? – Қасындағы әйел Маралдың кім екенін білсе осылай сұрар ма еді. Оны білсе, қызғаныштан  жек көріп, жауықпай қалуы мүмкін емес.

- Жоқ, тоңбайды, әкесі ұстап тұр ғой. – Марал нық сеніммен жауап берді. Әкесі бар бала еш суыққа тоңбайтынына, ешбір жоқтықты сезбейтініне, көңілі тоқ боларына шынымен сенімді еді. Әкесінің қолында ереелеп, ойнап тұрған бала тоңуды біле ме екен?

Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар