Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Айнұр Найманбай


Найманбай Айнұр Рахымбердіқызы – 1978 жылы дүниеге келген. Көркем әдебиет тілі мен стилистикасы, әдеби сын мәселесімен айналысып келеді. Көптеген ғылыми және әдеби-танымдық мақалалардың, «Көркемдік көкжиегі» кітабының авторы. Танымдық-тәрбиелік бағыттағы ой-пікірлері «Еуразия университеті», «Айқын» газеттері мен Әдебиет, Мәдениет порталдарында жариялануда.

Неге ауылдан шығады десек...

(эссе-ойтолғақ)

 

Қазақ елі қайтсе өркен жайып, барынша бақытты ғұмыр кеше алады?

Қазақ жұртының келер күндегі еншісі қандай болмақ? Біз қайдан бастау алып, қай бағытқа қарай бет түзеп келеміз?

Міне, адамзат үшін осы сауалдар күн тәртібінен түспеуі тиіс сияқты. Біз әрқашан да өткенге салауат айтып, келешекке үмітпен қараған текті халықтың ұрпағымыз... Халық пен қоғам, табиғат арасындағы байланыс әрқашан «үштаған» болуы заңдылық секілді... Неге, өйткені біз Табиғат-Анадан жаратылып, жер бетінде салтанат құрып жүрген пенделерміз... Барлық дүниенің жаратылысы асыл, мөлдір, іңкәр сезімнен бастау алады десек, сол ұлылықтың қайнар көзі со-наау ауылда жатыр емес па?.. Ауыл – қасиет, ауыл – береке, ауыл – жаратылыстың анасы!

Қоғам көші қашан да алға жүреді. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының да шыққанына біраз уақыт болды. Бұл тұрғыдан алып қарағанда ел ішінде серпіліс пен күш-қуат берер игі жұмыстар легі едәуір көп атқарылуда. Былтырғы жылдың қараша айында Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты тағы да рухани тағылымға толы мақаласы халыққа жол тартты. Енді осы жоба-бағдарламалардың орындалу деңгейі қаншалықты маңызды? Адамзат үшін бұл бастамалар несімен құнды деген сияқты заңды сұрақтар туындайды...

 

*   *   *

 

Рас, «жаңғыру» сөзін әр сипатта қабылдап келеміз. Мақалада нақты айтылғандай, бұл жерде адам санасының түбегейлі өзгеріп, жақсылыққа, ұлттық құндылыққа жақындауы үстемдік құра білген. Ал сол сананың жаңғыруы мен тазалыққа деген құштарлық қалайша сипаттама бермекші?... Тағы да үлкен әріптермен жазылатын қасиетті Ауыл пәлсапасына қарай үңіле түсеміз...

Біз – қашан да ұлы даланың қастерлі есімдерін туған жер, киелі мекен, мейірімге толы топырақтан іздеп келеміз!.. Ауыл бейнесіне көз тоқтата қарасаңыз, қай кезде де ел жоқшысы, халық қамқоры һәм ұлт абызы болғандардың басым бөлігі ауылдан шығады екен. Неге?..

 

***

Адамды жақсы жолға жетелейтін де, қанат бітіріп  қалыптастыратын да – ортасы мен көрген тәрбиесі екені бесенеден белгілі жағдай. Ал тәрбиенің қайнар көзі, негізгі асыл діңгегі – ауылда жатыр емес па? Ауыл – киелі, мәңгілік ұғым. Ауыл мен қазақ – егіз ұғымдар. Онда ойдым-ойдым қырат болып сізді дүниеге әкелген анаңыздың аманаты мен абыз-бабаларымыздың өсиет-сырлары жатыр... Онда көненің көзіндей болған тәрбие өзегі мен жауһар жырлар, бесік жырының әлдилі, әуезді үні жатыр... Адамзатқа үміт отын маздатып жағар жылылық пен іңкәрліктің символы жатыр... Ауыл – еркіндік пен саф тазалықтың белгісі!

Ал сол құндылықтарды біз қаншалықты ұтымды пайдаланып келеміз? Оның бүгінгі заманауи білім кеңістігінде алар орны қайсы?.. Ал сіз ауылыңызға жиі барып тұрасыз ба? Тіпті қалалық болғанның өзінде де ондағы ағайын-жұрт, туыс-туғанның тұрмыс-тіршілігі сізді мазалайды ма? Міне, ойланатын жағдай..!

Барлық нәрсенің көрсеткіші – уақыт пен кеңістікке келіп тірелетіні ақиқат. Кеңістік дегеніміз – бізді қоршаған орта, тарихымыз, кешегіміз бен бүгініміз болып есептелмек. Мұнда үлкен тәрбие түйіні бар. Асқар тау, айдын көл, ну орман, әсем табиғат – барлығы да ел игілігі үшін мол қазына болып табылады. Тек, қазіргі өлшеммен қарап, сол құндылықтарды бағалай білуіміз қажет сияқты. Демек, қоғам мен адам байланысының алтын арқауы – рухани тазалыққа келіп тірелмекші. Әрине, ол – ауыл тағдыры, ауыл тақырыбымен өрнектеле түседі!

Осы орайда, адамзатпен бірге қайнасып келе жатқан рухани жетістіктеріміз бен алған асуларымыз туралы ұзақ та кең толғауға болатындай... Біздің ауыл дегендегі жүректі маздатар негізгі ойымыз неде? Неге біз ауыл туралы сөз бастасақ, даңқты бабалар есімі қайта жаңғыра береді?.. Қымбаттысы не, асылымыз қайсы?.. Кім едік? Қайда бет алып бара жатырмыз?..

 

* * *

Ой тізгініне ден қойсақ, біздегі «үлкеннің сөзі», «үлкеннің алдын кеспеу», «үлкенді құрмет тұту» қағидаттары ерекше мазмұнға ие болып, ұлттық педагогиканың мақсат-мұраттарын айқындап тұрғандай... Мұның барлығы тек пен тәрбие тетігіне ие болып, үндестік табады.

Тектілік – тазалықтың айнасы. Адамда діни ұғым, өмірлік түсінік болу үшін ол жаратылыстың заңдылығын, ұлтының, халқының өмір сүру құндылықтарын терең сезінуі қажет. Сонда ғана толыққанды тұлға болып қалыптаса алады. Тектілік ұғымы бойынша өмірдің өз жауапкершілік заңдары бар. Адам қаншалықты өмір мен отбасы, ата-ана, туған-туыс, Отан, Табиғат-Ана, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті толық сезінген сайын, оның рухы күшейіп, танымы тереңдей түспек. Ол жауапкершілік – тағы да ауыл тазалығына келіп ұштасқандай. Ауыл – тазалық, еркіндік мекені. Онда өскен әрбір жас – мейірімді, қанағатшыл болып ер жетпекші.

***

 

Ауылдағы көкірегі қазына абыз қариялар мен мейірімге толы жүректегі аналар тәрбиесін ешбір «жаңашылдыққа» айырбастай алмаспыз, сірә... Оларды тыңдау, сөзіне ұю, ақыл-кеңесіне құлақ асу – өзінше бір үлкен мектеп! Қазіргідей «тым жаңашыл» заманда «ауыл-өнеге» мектебіне деген сұраныс-қажеттіліктердің құндылығы артып келеді. Әрбір отбасына да бұл тәрбие өзегінің қажеттілігі ауадай сезілгендей... Қарты бар үйдің – қазынасы бай! Бұл да ауыл пәлсапасы!

Ұлттың бірегейлігі мен ел бірлігін, рухын, болмысының беріктігін сақтап, нығайтып отыратын ерекше мінез үлгісі бар. Адам батыр болып тумайды, батыр болып тәрбиеленеді екен. Тарих беттеріне зер салсақ, неге біздің дана ойшылдарымыз бен дара батырларымыз, рухы мықты қайраткер тұлғаларымыз ауылдан шығып, дүйім жұртты өзіне қарата білген? Қасиетті ауыл топырағының сыры неде деп ойлайсыз? Бұл –  «ауыл» деп аталатын үлкен ұғымның сан ұрпаққа айта жүрер қасиет-сыры, байлығы, асыл қазынасы.

Ауылда кімдер жарық дүние есігін ашқан?.. Ауылда ғұлама-ойшыл Әл-Фараби, ұлы Абай, Мағжан, Шәкәрімдер өмірге келіп, бүкіл қазақ даласын, Алаш жұртына қорған бола білген. Бұл да берекелі ауылымыздың табиғи киесі! Ұлттық рухты асқақтататын да мәртебесін көтеретін де – елдiк сана деп білеміз. Санамыз оймен ұштасатын дүние екен. Ұлттық кодты сақтау – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету деген ұғымды білдіреді. Біз әдетте, сана туралы ой қозғағанда «адам санасының маңызды ерекшелігі – өзіндік сана-сезімінің барлығында» деп баға берудеміз. Қоғамды құрайтын жеке адамдардың бірігуі екендігін назарға алсақ, бұл тұста бізге Алаш қайтаркерлерінің елдік, мемлекетшілдік идеялары темір қазықтай рухани азық бола алады. Адамзат пен табиғи жаратылыс өзара үндестік тауып тұр.

Ауыл, тағы да ауыл... Ең алдымен, ауылдың аспаны ашық, ауасы таза, күні шаңқан. Мұны көріп, көңіліне қонақтаған қай ұрпақ та ерекше мейірімді, аса сыпайы болып өспек. Ауылдың табиғатын түсінген адамға даңғыл жол ашылады. Сондықтан да өңкей мықтылар мен жайсаңдардың ауылдан шығуының астарына зер салып, қолдау көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғауымыз қажет сияқты. Өйткені, қалай десек те, ауыл – тазалықтың символы, тіршіліктің мөлдір бастауы болып қала бермекші!

Сен – асқақ рухты ел намысысың, ауыл! Сен – тал бесікке әлдиленген әрбір пенденің қорғаны, тіршіліктің нәрісің, ауыл! Ауылмен жанымыз, жүрегіміз егіз тілдеседі! Бар болшы, қасиетті, туған ауылым!

 

Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар