Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Ностальгия

БЛОГТАР

14 қараша 2017
2636
0

Ностальгия

      Бір секундтың ішінде аязды көше жарқ етті. Қарасам, мен 5 жыл бұрын толықтай қиратылған үйдің жылы бөлмесінде тұр екенмін. Бөлме де, үй де бүтін. Мен таңқалып, ұзақ сазарып тұрдым. Бөлме дәл 15 жыл бұрынғы кейіпінде, ешқандай уақыт өтпегендей, тура сол қалпындағы бұйымдармен, заттармен өзгеріссіз екен. Бұл не ғажап?! Адам бір секунд ішінде Астанадан Таразға тап болуы мүмкін емес, алайда, мен шынымен де Тараздамын. Терезеден қарасам: өзіміздің Көшеней көшесі, 2-ші бұрылысы ап-айқын көрініп тұр. Оның үстіне, жаз мезгілі екен. Сайраған құстар үні, көрші иттердің үргені естіліп тұр. Мен лезде бас киім мен күртемді шештім – терлеп кетіппін.

Мен не істерімді білмей, күрең-қоңып түсті кілемге отыра кеттім. Үздіксіз жан-жағыма қарай бердім. Үстел, шкаф, кресло, кітаптар – бәрі де шын, бәрі де өз орнындарында. Мен әлі де өз көзіме сенер емеспін, жаңа ғана қысқы Астана көшесін бойлап келе жатыр едім... Енді... айналамда мүлде басқа кеңістік, сол кеңістіктің түр-сипатына және қабырғада ілінген «25.05.1999» деген жазуы бар жап-жаңа күнтізбеге қарағанда, мүлде басқа уақыт... Бұл ғажайыпты мен бір емес, жеті жыл бойы армандаған болатынмын. Міне, арманым орындалыпты – мен қайтадан жер үйімдемін! Жоқ, есімнен адасқаным жоқ, бәрі де өңім. Өңім екенімді тескеру үшін мен артымда тұрған жүк жиналған сандықты ұстап көрдім. Кәдімгі, нағыз ескі сандық. Орнымнан тұрып, шкафтың шиқылдаған есігін есігін ашып-жаптым – ол да нағыз шкаф екен. Бұл ғажапты ғылым мен логикамен тұрмақ, тіпті ешқандай қиялмен де түсіндіруге мүмкін емес.

Таң ертең ғана «екі айдан кейін 2015-ші жыл»-деген жағдай еді. Енді «алты айдан кейін 2000-ші жыл, 21-ші ғасыр, 3-ші мыңжылдық»-деген жағдай... Мен орындыққа отырып, оң жақтағы ағаш стенкадағы айнаға қарап, ойлана бастадым: егер мен, 23 жасарлық кейіпімде, осында болсам, онда 8 жасар Нұрлыбек қайда?! Мектепте ме?! Онда, бір адам бір уақытта бірдей екі жерде қалай болуы мүмкін?! Ал егер қазір бөлмеге біреу кірсе – онда не болар?!.. Осындай ойлар бір сәтке де тауысылар емес... Мен бір сәтке алақсу үшін ескі теледидарды қостым. Бар жоғы 5 телеарна. Жаңалықтар емес – архив: ескі студия, ескі диктор, ескі мағлұмат және дата: 25.05.1999...

Мен дереу үйден қашып, жасыл ағаш қақпаны ашып, көшеге шықтым. 15 жыл бұрынғы сәнге сай киінген екі-ақ жолаушы бойжеткен шүйіркелесе келе жатыр. Мен олардан «Қазір қай жыл?» деп сұрап едім, олар таңырқап: «1999-жыл емес пе!? Білмейсің бе, не?»-деп күлісіп, өз жолдарын жалғастыра кетті. Біреуі артынан қарап: «Псих что ли?»-деп кекетіп үлгерді. Мен жақын жақтағы дүкенге кіріп, аса арзан бағалары бар «ескі» тауарларға тола сөрелерді көрдім. Қораптарды реттеп отырған сатушыға: «Қазір қай жыл? Ой, сізде биылғы күнтізбелер бар ма?»-деп сұрадым. Сатушы түрлі пішіндегі «1999» деген жазуы бар және қоянның суреті бар күнтізбелерді маған көрсетіп: «Қайсысын аласың?»-деп жымиды. Мен ойша өз-өзіме: «Осының барлығы рас болса, онда менің университетімнің іргесі тек 9 жылдан кейін ғана қаланбақ...»-деп, үнсіз көшеге қарай бет алдым.

Ол көшені қаз-қатар тізілген биік саялы ағаштар мен ескі үйлер бойлап тұр. Кең жолды арлы-берлі ескі маркалы көліктер кезуде. Қайтадан ойға шомып кеттім: енді не істейін? Қайда баруым керек? Ешкімге ешқашан берілмеген бұ мүмкіндікті қалай пайдалануыма болады?.. Осындай ойлар үздіксіз туа берді, туа берді. Әйтсе де, «Қалай ораламын?» деген сұрақ туған жоқ. Оралғанда, қайда оралмақшымын?! 2014-ші жылға ма?! Бұл – күлкілі. Қазір тек ғана 1999-шы жыл емес пе?! Оның үстіне, ол «болашақтың» не керегі бар енді? Қайта, бұл дәуір мың есе жақсы емес пе?! Сенің жеке жан тыныштығың мен ми тыныштығыңды ешқандай электронды-ақпараттық орта бұзып жатқан жоқ. Жалпы, бұл өңірде ол жайлы әлі ешкім естіген де жоқ сияқты. Иә, адам боласы үшін аса қолайлы әрі салауатты кезең дәл осы. Ешкімде айфон немесе планшет тұрмақ, тіпті ұялы телефон да жоқ деуге болады. Ғаламтор мен әлеуметтік желілер тұрмақ, тіпті компьютер де жоқ деуге болар. Ал спутниктік телевизия жайлы айтудың да керегі жоқ! Тек ғана тұрмыстық мәселелері ғана бар адам сияқты «таза гуманитарлы орта» баршылық. Ал одан басқа адамға қандай бақыт керек?!..

Мен көршілес орналасқан зауыттың қасындағы өзеннің қасына қалай келгенімді байқамай да қалыппын. Жасыл шалғынға бай жағаға отыра қалдым. Иә, бұл заманды әлі де экологиясы бар «табиғат қорығы» деуге жарасады. 2014-пен салыстырғанда бұнда әлдеқайда таза ауа, таза су және таза жер бар сияқты...

Бір қарасам, таныс біреулер келе жатыр екен. Өз әкем екен, тек 15 жылға жасарған. Және де кішкентай бала. Мұқият қарасам, тура менің 8 жасар бейнем! Осы сәтте мен не істерімді білмей қимылсыз тұра қалдым. Олар, менің «туғандарым», мені мүлде көрмейтіндігін бірден байқадым. Бірін-бірі көреді, айналасын көреді... ал мен, тікелей мағынада, жоқ сияқтымын. Нақтырақ айтсақ, жай ғана «болашақтың елесі» сияқтымын. Мен шошып, оларға «Мені көрмей тұрсыңдар ма?!»-деп үн қаттым. Олар естіген жоқ. Бейне бір соқыр әрі саңырау жандар сияқты. Алдарына тұра қалып едім, олар мені түтінді әлде бұлтты тесіп өткендей өтті. Дым да сезілмеді, мен өз қолымды ұстап көрсем, кәдімгі тірі адамның қолындай материалды және бүтін өз қолым. Бұл не сиқыр сонда?! Мен қайтадан олардың алдына тұра қалып едім, олар мені тағы оп-оңай тесіп өтті де, адамша қақпаны кілтпен ашып, аулаға кірді... Мен адаммын ба, жынмын ба?!-деп көшеде қала бердім.

Үйдің әппақ қабырғасынан, жабық қақпадан өтейін десем – өте алмаймын. Түсінікті. Қоңырауды бассам, бала-елес ашып, жан-жағына қарады. Мені көрген жоқ. Мен ашық есікке кіріп кетіп, бақшаның аяғына барып, отырдым. Қасыма сары ит жүгіріп келді, мені естіп-көріп тұр. Мен оның дәл 5 жылдан кейін өлерін дәл білгендіктен, басынан сипалап, бір күрсіндім. Ол ит мені, бәлкім, «көріпкел» деп ойлауы мүмкін. Алайда, ол ит мен үшін «өткен шақтың елесі» ғана сияқты. Сонда, мен кіммін, қайдамын және кімдердің қасындамын?!.. Мен өзімді бұл сағым «мұражай әлемде» бөтен сезінсем де, тіпті өзімді «тірі елес» сезінсем де... бұл дәуірдің бар қадірін білетін тек мен екенмін. Жан тыныштығы, ми тыныштығы және адам мен адам арасындағы тікелей ғана қарым-қатынас. Бәрі табиғи, бәрінің санасы да табиғи... дұрыс. Таң ертең оянсам, аулада 2017 жыл, ал жаңағы алма бақшасы түсім екен. Иә, туған қалаға барып қайту керек...

Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha