Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Сүзге ханым

БЛОГТАР

23 қараша 2017
2449
1

Сүзге ханым

         СҮЗГЕ ХАНЫМ

                              

                                «Но на всей земле Сибирской

                                  Нет прекрасней Сузгуна...»

                                              ( Орыс әнінен )

 

(1597-1600 жылдар)

 

        Кіріспе

 

Еріксіз қаламымды қолға алдырған

Талайдан мені бұл жай толғандырған.

Естілер зердесіне тоқысын деп

Ақын көп кейінгіге сөз қалдырған.

 

Санаммен сан ғасырды көктеп өтіп

Мен де бір жыр бастайын төкпелетіп.

Қоймады бұл оқиға жазбасыма

Төрт жүз жыл бұдан бұрын кеткен өтіп.

 

Шын ерлік ешқашан да өлмек емес

Ерлікті үлгі етпеген ел де ел емес.

Кетпеді көз алдымнан Сүзге ханым

Замана қатпарынан берген елес

 

Болса да талай ғасыр ілгеріде

Дерегі жетті ол күннің бізге міне

Ақжүніс,Құртқа,Жібек, Гүлбаршындар

Атаймыз енді олармен СҮЗГЕНІ ДЕ!

 

Етіпті  жанын құрбан ел дегенде

Сүзгені хақым бар ма ер демеуге

Жұртына қорған болған сол кезеңде

Бар бойын кек пен намыс  кернеген де.

Қайыспас қайсарлығын жауды жеңген

Қосайын дастан етіп мен де өлеңге

Ендеше оқырманым сен де елеңде!

 

           ***

 

 

 

Сібірдің жері орманды байлық тұнған

Ертеде Көшім онда хандық құрған.

«Көнбесе жойыңдар!»деп сол хандықты

Мәскеуден Иван патша Жарлық қылған.*

 

Руське бағындыру түзде бәрін

(Тарихтан мұндай Жарлық бізге мәлім)

Болыпты хан Көшімнің жас әйелі

Атанған асқан сұлу Сүзге ханым.

 

Кетсе де талай ғасыр, дәуір өтіп

Білмейміз Сүзге жәйлі әлі жетік.

Көрікті әрі қайсар жас ханымды

Орыстар тамсаныпты аңыз етіп.

 

Көшімге Ермак тісін қайрап жүрген

Жеңіліп іште кегі қайнап жүрген.

Патшаның Жарлығы оған желеу болып

Сібірге бастап кетті майдан бірден.

 

Атанған ел аузында «Қанды Жармақ»**

Соғысты бейқам елге салды ұрандап.

Ойрандап от қарумен қалың әскер

Оқыстан Тобыл бойын алды жаулап.

 

Бейбіт елге осылай бүлік салды

«Боратана халық»*** деп қырып салды.

Лажы болмай Көшім хан аз қолымен

Шегіне жүріп жауға ұрыс салды.

 

       *Сол кездегі Мәскеу Русінің патшасы Иван ІҮ

**Басқыншы Ермактың жұрт аузында «қанды Жармақ»деген аты қалған.

***Боратана халық деп бұрын еуропалықтар түз халқын атаған.

 

 

«Қолдайды,-деп- патша ағзам құптап бізді»

Құтырған жау Көшімге қыспақ құрды.

Тайпаластар бас бұғып қалса дағы

Көшім бермей Іскерді* ұстап тұрды.

 

Талап, тонап халықтың бар асылын

Орнатты Ермак  қасірет қара түнін.

Бір күні бұйрық берді Грозаға**

Жаула деп «Сүзге Тура»*** қалашығын.

 

Сібірдің таңдай қаққан қалың елі

Бұл қала көздің жауын алып еді.

Көшімнің жас ханымы Сүзгеге арнап

Атақты хас шеберлер салып еді.

 

Қаланың берік еді тас қамалы

Күзеткен әр бұрышта қақпалары

Сарайы жас ханымның көз тартатын

Алқызыл гүлдер жайнап бақшадағы..

 

Ешқашан Сүзге ханым тарықпаған

Ешкімге салқын қабақ танытпаған

Той-думан бейбіт күннің құшағында

Шат көңіл жылдары өткен шалықтаған

 

Қай бір жау олжа көрсе қарап тұрар

Салып талан-таражға талап тынар

Қомағай құлқындары ашкөзденіп

Лап қойды қалаға енді қарақшылар.

 

«Бұл жақта бас қайғы боп Көшім қалар

Қаланы аламыз!»деп лепірді олар

Шайқасты қалың жаумен Сүзге бастап

Өліспей беріспеуге бекінді олар.

 

Гроза барлық күшін салса да бір

Көрді ол көп әскердің  қаусағанын.

Қоршауда қалса дағы  шаһар жұрты

Ерлікпен айқасты олар қаншама күн!

 

Ұнатпай қайсар жұрттың тіресуін

Басым жау одан бетер тұр өшігіп

Қалаға сырттан көмек болмаған соң

Барады азық-түлік түгесіліп.

 

Болса да  Сүзге ханым қанша берік

Қинады ауыр ойлар еңсені езіп

Қан жұтты арып-ашқан жұртын ойлап

Жау мынау құтырынған өршеленіп.

 

*Іскер- Орта ғасырда болған Сібірдегі қала.

**Иван Гроза Ермактың  қол астындағы атамандарының бірі.

***Көшім ханның ең жас ханымы Сүзгеге арнап салдырған қаласы

 

 

Іскер жақта болса да басым жауы

Қырқысуда Көшім хан асыл жары

Қарақшының тонауы аз болғандай

Батты-ау, енді бұларды басынғаны

 

Жеңісіне мастанып, той қып әр күн

Шалқып ішіп шарапқа тойды бәлкім

Өктем сөйлеп, аз топқа қоршаудағы

Жауыз Ермак былайша қойды шартын-

 

-Көнсең, алып қаламын бәріңді аман

Көнбесеңдер, қайсақтар,* әмір жаман!

Өлтірмеймін ешкімді Сұлу Сүзге

Өз еркімен сипатса тәнін маған!

 

Бұл сөзді естіп, намыстан оттай жана

Сұлу Сүзге көз жасын төкті ойлана

«Шаһарды алса қарақшы қырар бәрін»

Деген оймен ол дағы көшті айлаға.

 

-Керек болсам, Жармаққа мен егер шын

Жұртым түгел сиятын кеме берсін!

Алысқа кеме жүзіп кеткеннен соң

Атаман сарайыма келе берсін.

 

Келісті бұл шартты Ермак қабыл алып

Күман жоқ  орындалар әмірі анық.

Гроза тез жеткізген дәу кемеге

Жайғасты шаһар жұрты бәрі барып.

 

-Уа,жұртым, «Бұл қалай?»- деп кінәлама

Мен мәңгіге қаламын бұл арада!»

Дегенді айтып қоштасып Сүзге ханым

Жалғыз шығып тұр еді Мұнараға.

 

 

-Азуына тап болмай жырындының

Бүгінменен кетсе екен дүбірлі күн

Ақ жол,ақ жол, сәт сапар!-деді Ханым

Кеме жаққа бір мұңмен бұрып жүзін.

 

 

 

*Ол кезде ресейліктер қазақтарды көбнесе қайсақтар деп атаған

 

Ғажап еді Ханымның сұлулығы

Бейнелеп жеткізе алмас тілім мұны.

Қос мөлдір жанарынан сезіледі

Жұртына ыстық сезім,жылу нұры.

 

Толқынымен Ертістің жағаласып,

Кеме кетті,қалды әне жаға қашық.

Кеме жүзіп барады сан ұрпақты

Қырғынынан Ермактың ала қашып!

 

Кеме кетті жетелеп ілгері  үміт

Сырғи берді сағыммен бірге жүзіп.

Ұзатып сап көзімен қимай,қимай

Сүзге ханым қол бұлғап тұрды егіліп.

 

Кеме кетті көрінбей сонау маңнан

Не күтіп тұр белгісіз оларды алдан.

Бара жатты жалғасы келер күннің

Шеңгелінен өлімнің аман қалған

 

Орындалды арманы,  көшірді елді

Жүк түскендей иықтан секілденді

Бойын дереу жиып ап Сүзге ханым

Өзі ойлаған бір іске бекінді енді.

 

Асыл, жақұт шығарып бар бұйымын

Киініпті ол ерекше сәнді бүгін

Ең жағымды сеуіпті иіссуын

Қарсы алатын осылай ханды бұрын

 

Аққу мойын тотыдай таранды анық

Тіпті ерекше құлпырып, ажарланып

Мұнарадан төменге көз салып ед,

Ішке еніпті Гроза жалаң қағып.

 

Алдына кеп тоқтады ол мұнараның

Асықтырмай жөн көрді шыдағанын

Өзі келер Сүзгенің деп ойлады

Өйткені Ермак берді ғой сұрағанын.

 

Сақтап әлі тәкаппар өр мінезін

Көкірегін буса да шерлі сезім

Шолып тұрып маңайды жоғарыдан

Сүзге ханым сөйледі соңғы сөзін:

 

-Қайран өмір басталып ең әнім боп

Кеудемде әлі алаулап тұр жалынды от

Сезімнен тұл билік құрса айуандық

Қауқарсыздық танытпасқа лажым жоқ!

 

Оқыс келер жауыздықты кім білген

Бақ пен тақтың баянсызын білдім мен.

Есек дәме ынтық болған тәнімнен

Сасық Жармақ, үмітіңді үз мүлдем.

Сасық Жармақ үмітіңді үз мүлдем

Жеңісіңді тойлама сен бір күнмен.

Бүгін жаншыр болсаңдағы қара тас

Қара тасты жарып шығар ГҮЛМІН МЕН!

Жеңісіңді өлшеме сен бір күнмен!

 

Әскеріңнің көптігімен есірдің

Сен алдандың бармақ шайнап өкінгін.

Жаным барда сипатпаспын тәнімді

Тырнағынан садаға кет Көшімнің!

Сен алдандың, бармақ шайнап,өкінгін

Мен жұртымды құтқардым да көшірдім.

Мекен етіп мәңгі қалар сол жұртым

Жағасында Тобыл менен Есілдің!

Сорлы, Жармақ өкінгін!

 

Қызығыма куә болған мекенім,

Бұл сұмдықты ойлап еді кеше кім?

Еркелеткен елігі едім Ханымның

Енді егілдім жасқа толып етегім!

Хош, хош қимас мекенім!

Хош, хош, менің асыл жарым, Арысым!

Тек сендікпін, жаным пида жар үшін.

Дархан ұл ең сен Сібірді жайнатқан

Елің үшін арналды ғой бар ісің.

Хош, хош, менің арысым!

 

Хош, хош менің ертегідей шаһарым

Екеумізге төкті жаулар қаһарын

Біздерді ешкім ажырата алмайды

Дәл төріңде сені құшып жатамын!

Хош, хош, алтын шаһарым!

Хош, хош халқым мен сынбаған НАМЫСПЫН!

Хош, хош енді ЖАРЫҚ КҮН!

 

 

 

Соңғы сөзін аяқтап,  сәл кідіріп

Күбірлеп дұға оқыды, ол жүгініп

Кенет қанжар жарқ етіп жүрек тұстан

Құлай берді   көздерін мәңгі жұмып.

 

Жетіп келді Гроза сезді нені?

Жансыз жатқан Сүзгені көрді көзі.

Ах ұрып ұнжырғысы түскен күйі

«Өлсе де Сүзге бізді жеңді!» деді

 

Бұл жәйді Ермак та естіп, келді міне

Бас ұрды «далалықтар» ерлігіне.

Арулап қойдырыпты жер қойнына

Басына орнатып тас белгіні де.

 

Дәлелдеп дінін мықты,тінін мықты

Осылай қысқа ғана ғұмыр бітті.

Сезімсіз жауыздықтың қор еткені-ай,

Аялап қана өтер Сұлулықты!

Жарға деген танытып адалдығын

Нәзіктік жеңді бірақ зұлымдықты.

 

Озбыр жау  талап,тонап бар мүлікті

Қаланы қаңыраған қалдырыпты

Өмірден озды Ермак та өшіп аты

Ойрандап салса дағы сан бүлікті.

Ерлігі өнеге боп  ұрпақтарға

Сүзгенің аты мәңгі жаңғырыпты

 

Үлгі етіп ӨР РУХ ПЕН СҰЛУЛЫҚТЫ

Нәзіктік жеңді осылай зұлымдықты.

Жасырып қатпар-қатпар тереңіне

Сырғыған талай ғасыр сырын бүкті.

Бағасын бүгінгі ұрпақ өзің бергін

Осымен СҮЗГЕ ЖАЙЛЫ ЖЫРЫМ БІТТІ...

 

                                            Алматы, 2012 жыл. 3 желтоқсан


Бөлісу:
     

Пікірлер (1)

ГҮЛБИБІ ҚАЖЫ ЖҰБАЙҚЫЗЫ.

09.03.2020 12:01
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ДА НАМЫСТЫ ҚЫЗЫНЫҢ РУХЫНЫҢ АЛДЫНДА БАСЫМДЫ ИЕМІН.
Пікір қалдыру:
Captcha