Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
АҚЫННЫҢ АҚЫНДЫҒЫ - АРДА ҒАНА

БЛОГТАР

25 қараша 2017
2182
0

АҚЫННЫҢ АҚЫНДЫҒЫ - АРДА ҒАНА

Жас ақындар арасында бір ыңғайсыз әрі ұнамсыз үрдіс қалыптасып келеді. Ол – тұңғыш кітапқа 

бір емес, 

екі емес, 

үш емес

одан да көп адамға алғысөз жаздыру деген дерт және поэзиялық жинаққа 

бір емес,

екі емес,

үш емес

пәленбай мақалаларды поэзиямен параллель беріп қалаймақан қылу деген екінші дерт...

Негізі, бір әдебиетшінің 

бір пікірі,

бір алғысөзі,

бір батасы

бір кітапқа ешқашан да аздық етпейді!

Ал алғашқы шығып отырған жинаққа бір емес, бірнеше адамның алғысөзін жариялау – өзіңнің талантты екеніңе өзіңнің сеніңкіремегенің сияқты әсер қалдырады, немесе, бұл оқырман қауымға қарата «міне, мен осындаймын» деп оларды сендіруге тырысушылық сияқты әрекет. Тек әйтеуір, ақындардың бұл істері – «ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді» дегендегідей болмаса болды.

      Әлде бұл «жұлдыз ауруы» ма? 

      Алдыңғы буын ағаларға қарайықшы, қай ақынның тұңғыш кітабында үш-төрт, бес-алты, жеті-сегіз, он-он бес, жиырма адамның алғысөзі бірінен соң бірі беріліпті?!

Қасиетті әдебиет табалдырығын енді аттаған таланттардың бесіктен белі шықпай жатып, осындай мақтанқұмарлық қасиеттерінің ерте гүлденуі оларды одан әрмен менменшілдікке итермелеп, асқынған атаққұмарлыққа ғана жетелейтінін жасырмауымыз керек!

Талантты тірісінде құрметтеу керек. Бірақ, дәл жоғарыдай емес, ағайын!

Өкірте мақтау,

көпірте мақтау,

лепірте мақтау – 

ақынды мақтамен бауыздау, батпаққа батыру.

Бір саптағы әскер сияқты бой түзеген пәленбай атақты кісінің айтқан мая-мая сөздерін өлең кітапқа сықап толтырмай, автор қажет деп тапса, ол сөздерді бөлек кітапша қылып шығарғаны жөн болады. Мәселен, «Пәленше Түгеншеұлы деген жас ақын туралы айтылған сөздердің бірінші томы...» дегендей ат қойып.

      Енді нақты дәлелдерге көшейік.

      Серік Ақсұңқарұлы бір-ақ ауыз сөзбен «құбылыс» деп бағасын берген Азамат ТАСҚАРАНЫҢ «Жусан қыз» (Астана, «Фолиант», 2013 жыл) атты тұңғыш кітабындағы осындай олқылықтарға тоқталайық.

Бірінші, «Ата қазақтың иісі» деген алғысөзбен Фариза Оңғарсынованың сөзі беріліпті. Әрі қарай кезегімен (атақ-дәрежелері де жазылған):

2. Роллан Сейсенбаевтың,

3. Жәркен Бөдештің,

4.Тыныштықбек Әбдікәкімұлының,

5. Қазыбек Исаның,

6. Маралтай Райымбекұлының,

7. Талғат Ешенұлының

алғысөздері бірінен соң бірі жалғасып кете береді.

      Ешкімді де алғысөздер  ақын етпейді ғой...

    Ал Ақберен ЕЛГЕЗЕК «Шексіздік сыртындағы шам» (Алматы, «Хантәңірі», 2014 жыл) деген кітабында ақын өзі туралы жазылған зерттеу-мақалалар легін бірінен соң бірін бермейді. Оның ерекшелігі - әр мақаланы он-он бес беттен кейін кіргізіп отырады.

      Біз бұл сапарда да мақалалардың тақырыптарына емес, тек кісі есімдеріне ғана тоқталайық. Олар:

1. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы,

2. Таласбек Әсемқұлов,

3. Нұрғали Қадырбаев,

4. Айгүл Кемелбаева,

5. Дүкен Мәсімханұлы,

6. Әбіл-Серік Әбілқасымұлы,

7. Сәруар Қасым,

8. Мәдина Омарова,

9. Серік Құсанбаев,

10. Құдияр Біләл,

11. Динара Мәлікова. 

Қарап отырсаңыз бәрі белгілі есімдер.

Бірақ, бұл не сәнім?! 

Керуендей тізілген осы кісілердің алғысөздері мен мақалаларын бір кітапқа кіргізудің не қажеті бар еді? Бір кітапқа бір аннотация мен бір алғысөз де жетпейтін бе еді?!

«Мақтауды кім сүймейді, мақтауды кім жек көреді» десек те, әр нәрсенің өз орыны болуы керек.

Егер де, сіз «бұл кітапқа пәленбай зерттеуші-сыншылардың мен және менің шығармашылығым туралы мақалаларын кіргізбесем, анау өлеңімнің һәм мынау өлеңдерімнің табиғаты мүлдем ашылмай қалуы мүмкін, оқырман түсінбей қалады» деп ойлайтын болсаңыз, онда қолжазбаңызды толығымен бір қаламгерге оқытып шығып, бір рецензия жаздырып алуға, сосын оны тұңғышыңызға жариялауға әбден болады.

Сонымен қатар, Алмас ТЕМІРБАЙДЫҢ «Автопортрет» (Алматы, «Үш Қиян», 2007 жыл) атты кітабының соңына

бір емес,

екі емес,

үш емес,

төрт беттен тұратын шығармашылық өмірдерегінде он жылдың бедерінде (1996-2006), ал енді келесі кітабына 1996 жылдан 2017 жылға дейінгі марапаттарды тізсе, төрт бетіміз сегіз бет болуы бек мүмкін. 

       Жалпы, қай ақынға да алған атақтары мен марапаттарының бүкілін жіпке тізіп тұрып жазып шығуы ұят, өте ұят.

«Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенді қоятын кез жетті. Мұқағали ақын айтқандай: «Ақынның ақындығы – атақта емес, ақынның ақындығы – Арда ғана»!

Ендеше, ақын аманатына адал болайық, ақындар!

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу