Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Блогтар
Наурыз - ең әуелі балдырғандарға арналуы керек

БЛОГТАР

05 наурыз 2018
2652
0

Наурыз - ең әуелі балдырғандарға арналуы керек

    Күні кеше ғана НАУРЫЗ мерекесін жаңа ұлттық үлгіде ауқымды етіп өткізу жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Егемен Қазақстан газетіне сұхбат берген болатын. Осыған орай біз де еліміздің бір топ қоғам қайраткелерінің пікірлерін білуге тырыстық.  

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы  Сәуле Досжан

  • Мен мына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Арыстанбек Мұхамедиұлының Егемен Қазақстанға Наурыз мейрамын жаңа үлгіде өткізу жөніндегі берген сұхбатын, шынын айтқанда, өте ризашылықпен қатты қызығып оқып шықтым. Бұл сұхбаттың қазір біз үшін маңызы бар екенін байқадым, Наурыздың маңызын таратып айтқан. Бұл ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Ұлытау сұхбатында «Біз ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді қастерлеуіміз керек»,- деген сөзін қазір ұстанып келе жатыр едік қой. Соған қосымша, әрі «Рухани жаңғырудың» жалғасы. Негізі наурыз мерекесін атап өтудің бұл жерде ең маңыздысы біз балдырғандарды қуантуымыз керек дейді. Қазақта ұлттық қағида бар «Қуантсаң баланы қуант»,- дейді, оның шаттығына жететін еш нәрсе жоқ. «Берсең балаға бер айта жүретін»,-дейді. Қамқорлық көрген, мейірім көрген бала өскенде қайырымды болады дейді. Бүгінгі министрдің сұхбатында соның бәрі ескерілген екен. Осы жерде мен де балдырғандарды қуантуға қатысты өзімнің ойымды айтқым келеді. Шындығында министрде айтып отыр ғой мына «Санта Клаус деген, Аяз ата» әуелі баланың тілін тапқан дейді. Шындығында бүгінгі бала ертеңгі қоғамның мүшесі, ол елдің иесі, кішкентай кезінен бір жақсы тәрбие көріп, жақсы үлгі өнеге көріп, жақсы ұлттық тәрбие алып өссе өмір бойы жүрегінде қалады. Баланың көңілінде көрген нәрсесі ешқашан ұмытылмайды. Өскеннен кейін де ол есіне алып, біз наурызды қарсы алғанда былай болып еді деп айта жүретіндей болуы керек деп ойлаймын. Содан кейін дәл осынаурыздың кезінде енді үлкен адамдарды да қуантқанға не жетсін ата-анаға да келіп сәлем беріп, амандықтарын біліп, сый-сияпат жасап тұрағаны дұрыс. Балаларға спорттық шара өткізу, наурыз спортакиясын ұйымдастыруды ұсынамыз дейді. 7-8 түрлі әдемі ұсыныстар айтқан. Мен де өз ойымды қосқым келеді. Балаларға әсіресі сол жаңағы жарыс ұйымдастыру, сонан соң шығармашылық бәйгелерді де ұйымдастыру керек. Балалар жаңағы спортпен айналысатындары, шығармашылықпен айналысатындары бар барлығы наурызды әр жыл сайын қуана күтіп отыратын болады. Оның қортындысын сол наурыздың басынан бастап, әртүрлі деңгейде мектептен бастап, аудандық, облыстық, ең соңында республикалық дәрежеге дейін жеткізіп, оның марапаттарын 21 наурызда тапсырса, шығармашылықтан жақсы-жақсы бәйгелер ұйымдастырса, келешекте солардан өте үлкен-үлкен өнер адамдары, әншілер, бишілер, күйшілер, жазушылар шығады дегендей жақсы нәрсе болар еді. Содан кейін тәуелсіздіктен бері қарай еңбек жасап келе жатқан адамдарды наурызда марапаттап отырған жақсы болар еді. Ата-аналарымызда қуанттып, келесі алдымызда келе жатқан жылға ешқандай жүрегімізде кек қалмай жан дүниемізді жақсы сақталып бару үшін біреулерден кеткен қателіктеріміз алдынан өтіп кеткен қателіктерге кешірім сұрап, көңілін ауыртып алған болсақ, содан кешірім сұрап бірі-бірімізбен татуласып кетуге, отбасынан басталатұғын мынау көрісу күні бар ғой сол сияқты өте бір жақсы дәстүр жалғасатұғын еді. Сонымен бірге ақсақалдарға байланысты министр өте бір жақсы айтыпты. Біздің ортамызда жүрген жасы ұлғайып қалған ер адамдарға байланысты ол туралы Бауыржан Момышұлының Ақсақалдарды төртке бөліп айтқан сөзі бар, «Қария деген кім, шал деген кім, ақсақал деген кім, абыз деген кім?»Міне соны таратып, наурызда ананың жолын көрсетіп, әке-шешешенің орнын көрсетсе жақсы болар еді. Министрдің сұқбаты шынын айтқанда керемет ұнады.Қандай жақсы үлгі, түсінген адамға НАУРЫЗ үлкен мереке әрі тәрбиелейтін, әрі өмір бойы санаңда қалатын мереке. Бір кезде әрине сахналық болып кетті. Сондай керек еді, мына күллі Қазақстандықтарға түсіндіру үшін Наурыздың маңызын қазір міне бара-бара жақсы бір идиологиялық үлкен бір құралға айналып, санамызды жас балалардың санасында үлкен болып қалатындай, қуаныш болатындай, өмірлерінде айта жүретіндей мереке тойға айналатындай.Минисрге және сұхбатты ұйымдастырған Егемен Қазақстан газетіне үлкен рақмет!

 

    Кез келген жаңа бастама жаңғырған рухтың жаршысы деген екен бір сұхбатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Сол айтқандай рухты көтеретін ұлы халық тек қазақ халқы бола бергей! Назарларыңызға министрдің сұхбатына қатысты ой білдірген келесі адамның пікірін ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Оңайгүл ТҰРЖАН, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті:

- Наурызды әсіресе балалардың мерекесі ретінде ме, әлде, оның тойлануын министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бүлдіршіндердің ерекше мән беруін ескеру керек деген мәселені көтеріп отыр ғой. Шынында да, солай болу керек деп ойлаймын. Мысалы, балалар Жаңа жылды қарсы алғанда ең алдымен Аяз атаны күтіп жүреді. Сол сияқты біздің де Қыдыр ата есімді кейіпкеріміз бар. Демек, Қызыр атаның көбірек көрініс алуына мүмкіндік бергеніміз жөн.

Наурыздың алдында балабақшаларда Аяз атаны күткендей балаларға Қыдыр атаны күтуге үйрету қажет. Ал балалар Қыдыр атаға тақпақ, өлең айтып, ән салып, өз өнерлерін көрсетіп жатса жақсы ғой. Соған орай Қыдыр ата да балаларға сыйлық үйлестіруі тиіс. Біз бұны ойдан шығарып отырған жоқпыз. Бұл ежелгі тарихымыздан келе жатқан кейіпкеріміздің бірі.

Келесі бір мәселе, Көрісу деген дәстүр бар. Өздеріңіз білесіздер, Батыс өңірінде наурыз айының он төртінен бастап, халық Көрісу дәстүрін бастап кетеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын марқұм Әбіш ағаның айтқаны бар еді. Шығыс Қазақстан өңірінде үлкен кісілермен кездескенде бір қария айтқан екен: Бала кезімізде Наурыз мерекесі қарсаңында бір-бірімізбен көрісетін едік. Қазіргі ұрпақ бір-бірімен көріспейтін болыпты. Осыған қарағанда Көрісу дәстүрі басқа өңірлерде де болған және ерте ұмтылып кеткен. Демек, бұл дәстүрді біз жаңғыртуымыз керек. Бұл ешбір елде, ешбір халықта жоқ ерекшелік.

Көрісу дәстүрі - көзден кетсе, көңілден кетеді деген қазақтың жақсы бір сөзін меңзеп тұрғандай. Яғни, жылына бір рет бір-біріңмен көрісіңдер деген мағынаға сай келеді. Туған-туысқан, ағайынның, жора-жолдастардың арасы ажырап кетпеуін қалағандай.

Бірлікті сақтаудың ең бір көрінісі ретінде бұны ежелден біздің қазақ бекерден-бекер өзімен бірге алып келе жатқан жоқ. Сондықтан осы дәстүрімізді қайта жаңғыртуымыз керек. Мен өзім Наурыз мерекесіне орай берілетін демалыста үлкен кісілермен көрісу үшін жыл сайын ауылға барамын. Бұл дәстүр бір-бірімізді ұмытпау үшін жасалған маңызды көріністердің бірі болып қала бермек.

 

Жақында Наурыз мерекесін жаңа ұлттық ауқымда өткізу жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Егемен Қазақстан газетіне сұхбат берген болатын. Осыған орай біз де еліміздің бір топ қоғам қайраткелерінің пікірлерін білуге тырыстық.

Қуандық Шамахайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Мәдениет қайраткері:

- ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты көптің көкейінде жүрген ортақ ойды дөп басқандығымен ерекшеленді. Расында, ежелгі бас мейрамымыз жыл басы Наурызды қалай атап жүрміз, жалпыұлттық мерекеге айналдыру үшін не істеу керек деген мәселе қоғамдық ортада жиі талқыланып жатады. Бұл тұрғыдан келгенде, министріміз Арекең көңілге қонымды пікірлер білдірген екен. Әсіресе, министрдің наурыздың 21-ін отбасылық мереке етіп белгілеуден бастайық дегені өте дұрыс. Жыл басын қарсы алудың дәл осындай дәстүрі шығыс халықтарының ішінде корейлерде ғана емес монғол жұртында да бар. Сұхбатта айтылған министрдің ұсыныстарын мәдениет саласының маманы ретінде қолдайтынымды білдіре отырып, өз пікірімді де білдіруді жөн санаймын:

Біріншіден, жылдық жұмысты мәдениет, өнер саласымен ғана шектемей ел көлемінде Наурыз мейрамы қарсаңында қорытындылап, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан үздіктерімізге осы мерекеде мемлекеттік марапаттар мен атаулы сыйлықтарды ұсынуды дәстүрге айналдырсақ – Ұлыстың ұлы күнінің абыройын көтереді.

Екіншіден, мерекеге орай мемлекет басшысы рақымшылық жариялап, бұрын істі болған, кінәлерін ашық мойындаған, жасаған қылмысына ШЫН өкінген адамдарға өз Жарлығымен бостандық берсе. Мұндай әрекет дәстүрімізге сай келуімен қатар биліктің беделін көтереді, халықтың мемлекетке деген сый-құрметін арттыра түседі.

Үшіншіден, Ұлыстың ұлы күні мерекесінің даңқын көтеріп, абыройын асқақтату және халықтың асыға күтетін мейрамына айналдыру үшін күнтізбелік бес күн демалыс тағайындалып, әр мекеме меншік нысанына қарамастан, сыйақы тағайындауды Үкімет қаулысымен заңдастырса.

Төртіншіден, АҚШ Лузиана штаты тұрғындарының ежелгі үндістерден дәстүр болып келе жатқан, жыл сайын ақпанның соңғы аптасында тойланатын «Майлы жексенбі» деген мейрамы бар. Бұл да жыл басы әрі Наурыз мерекесімен өте ұқсас. Олар ежелгі дәстүрді дәріптеу үшін алып кемелердің үлгісімен бейнеленген арбаларды трактормен сүйретіп кең даңғылдармен шеру, карнавал түрінде өткізеді. Жолдың екі жағында қалалықтар, қонақтар тұрып тамашалайды. Халыққа әлгі шерумен өтіп бара жатқан ұлттық үлгіде киінген актерлар театрландырылған көріністер ойнап, ән, би орындайды, түрлі моншақтардан шашу шашады. Бізде осы форманы өзімізге ыңғайлап қолдануға болады. Ат, түйе арбалардың, күймелердің, киіз үйлердің шеруін неге өткізбеске.

Бұл жерде Наурыздың дәстүрін жіті зерттеп, салт-санасын мейлінше қатаң сақтауымыз қажет. Дәстүр – озық үлгіні қабылдай отырып, ары қарай ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып сақтау. Дәстүр - халықтың зияткерлік меншігі. Дәстүрінен айырылған ел де, ұлт та жер бетінен жойылып кетеді. Сондықтан, қазақты өз болмысымен сақтау үшін салт-дәстүрі оның түпкілікті қайнар көзі болатындығын министр Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сұхбатында лайықты талдап бергені құптарлық.

 

Дүниежүзі Поэзия Академиясының ғылым докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дәстүр журналының Бас редакторы, ақын ҚАСЫМХАН БЕГМАНОВ:

-Наурыз – табиғат таразысы теңелетін, астрономиялық дәлдік сәті

Әлемдегі алғашқы күнпарақ Ғайсадан 5000 жыл бұрын Тигр, Ефрат аңғарында өмір сүрген Вавил (Шумер) елінде жасалған Халдей күнтізбесі еді. Онда жыл басы етіп күн мен түннің теңелу сәтін алған. Ұлы көштер кезінде Халдейлер ыдырап, билік парсыларға өткенде ол Наурыз (Ноу – жаңа, руз – күн) аталды. Одан Григориан календарлары шықты да, Халдейді де, Наурызды да ығыстырды. Бірақ астрономиялық дәлдік жағынан жыл басын Халдей күнпарағы бойынша жүргізген дұрыс еді..., – депті Әлихан Бөкейханұлы (Қазақ газетінің 1914 жылғы 9-(22) наурыздағы саны).

Жыл басы Наурыз болғаны жөн, деп санайды ғылым. Наурыз – табиғат таразысы теңелген дәлдік сәті. Осы айдың 21-23-інде күн мен түн теңеледі. Суық пен жылылық ауысады, қыс пен көктем қауышады. Көкте нұр көбейеді, жерге жылылық жайылады. Тіршілік бусанып көгереді, тамырына нәр енеді.

Жаратылыстың өзі – жойқын күш, толассыз күрес. Өмір – жан-жануарды да толассыз тай-таласқа салады. Осы тіршілік иелерінің бәрі тепе-теңдікті сақтап, бір сәт тыныштық табатын кез, ол – Наурыз. Табиғат екеш табиғат та бір уақ рахат күйге түскенде, адам неге бір мезет бой жазбасын! Аллаға шүкір, көп жыл көз жазып қалған бұл мерейлі уақыт қайта оралтты. Енді осы Наурызды,, бүкіл жаратылыстың бір сәтке тыныштыққа бөленетін сәтін – ұлттық үрдіске айналдыру керек. Бұл туралы, жалпы ұлттық құндылықтарымызды сақтау, насихаттау туралы Елбасымызда айтуындай-ақ айтып келеді. Іске асыру өз еншімізде және осындай іскер басшылардың қолында.

Наурыз – ең бастысы әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрін көрсететін киелі мереке. Бұл мерекені Үндістан, Иран, Ауғанстан, Кавказ, Орта Азия халықтары өз дәрежесінде қарсы алып, тойлайды. Есімізді еміс-еміс білсек те, Наурызға әжелеріміздің өте ұқыптылықпен дайындалатынын сезуші едік. Кейінен анамыздың ақ әжелеріміздің Наурызға деген аса үлкен құрметін айтқанын естідік. Қыстан сақтаған сүрлерін, май, женттерін шығарып ақ дастарқанын жайнататын болған. Наурыз жақындағаннан барлық қыз-келіншектер үйдің айналасын тазалап, үй ішін шаң-тозаңнан арылтып, кір-қолаңдарын жуып, әр отбасы мерекеге дайындалған. Баяғыдағы көктемдегі сенбіліктер осы біздің Наурыздан алынған-ау шамасы.

Министрдің осы бастамасын бәріміз іліп алып, білгенімізді ортаға салып, жастарды шатасудан сақтандырғанымыз абзал. Мен кейбір жерлерде Наурыз мерекесіне арнап мал сойылып, Құран бағышталып жатқанын көрдім. Наурызда мал сойылып, Қүұран бағышталмайды. Оның себебі Наурыз Ислам дінінде бұрын пайда болғандығында болар.

Мәдениет және спорт министірінің Мерекеде бақы¬лау¬шылар болмайды, бәрі де қаты¬су¬шы болу керек деген сөзі маған ұнап отыр. Бәрін осыдан бастаумыз керек. Мерекені әрбіріміз сезінуіміз керек. Тура Наурыздың алдында осындай министрдің сұхбат беріп, оны нақты іске асыруды ұсынып отырғаны өзіме қатты ұнап отыр. 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha