Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Наурыз ата мен Аяз апа

БЛОГТАР

21 наурыз 2019
438
0

Наурыз ата мен Аяз апа

 

 

(Ертегі)

 

 

Сонау есте жоқ ерте заманда Наурыз ата деген бір шал болыпты. Ол көктемнің алғашқы күні басына киіз қалпақ, үстіне көгілдір түсті жейде, аяғына жібектен тігілген етік киіп, сақал-шашына қына жағып, белін буып, қолына аса таяғын ұстап, таудан түсіп, шаһардың дарбазасына жетеді екен.

 

Шаһардың дарбазасының сыртында Аяз апа деген Наурыз атаны жақсы көретін бір кейуана өмір сүретін. Кейуана көктемнің алғашқы күні таңертең ұйқыдан ерте оянып, төсек-орнын жинап, үйінің ішін қағып-сілкіп, аулаға су сеуіп, сыпыратын, кілемін сыртқа шығарып, кішкентай баққа қарсы орналасқан бұрқағы бар хауыздың жанына жаятын.

 

Аяз апаның бағы шешек атқан әртүрлі жеміс ағаштары мен көктемде гүлдейтін түрлі түсті гүлге толы еді. Аяз апа әдемі жайпақ табаққа «сир»-сарымсақ, «серке»-сірке суы, «сиб»-алма, «сомақ»-дәмдеуіш, «санджад»-шырғанақ, «сабзи»-көк шөп және «саману»-самалақтан тұратын «һафт син» деп аталатын «с» әрпінен басталатын жеті түрлі нәрсені тізіп, келесі бір жайпақ табаққа жеті түрлі кепкен жеміс, «ноғл»-жаңғақтардан жасалған тәтті дәм мен набат қоятын. Апа үйдің ішін қағып-сілкіп, тазалаған соң өзін жөнге келтіретін: бойына әдемі, жаңа киім киіп, басы мен аяқ-қолына қызғылт түсті қына жағып, үстіне әтір себетін. Содан кейін манғалды тұтандырып, жанына кішкентай қалташадағы адыраспан қойып, қалиян әкеліп, жақын жерге орналастыратын. Бірақ, қалиянның басына от қоймастан, сол жерде Наурыз атаның жолына қарап, күтіп отыратын. Біраздан соң Аяз апаның көзіне ұйқы тығылып, көзі ілініп кететін.

 

Дәл сол уақытта Наурыз ата келіп жететін. Ол Аяз апаны оятуға қимайтын. Бақтан бір құшақ көктем гүлін теріп әкеп, апаның етегіне қойып, қасында отыратын. Манғалдан алған бір шоқпен қалиянның басын тұтандырып, бір «наранджды»-цитрус жемісінің бір түрін ортасынан бөліп, бір бөлігін қант қосылған сумен ішетін де, кете баратын...

 

Содан күн ауланың ортасына нұрын төккен кезде Аяз апа ұйқыдан оянатын. Алдымен ештеңенің байыбына бара қоймайтын. Бірақ, көзін ашқан соң барлық нәрсені біреудің ұстағанын байқайтын: от қалиянның басына дейін жеткен... нарандж ортасынан бөлінген, от жанып, күлге айналған... Сол кезде Наурыз атаның келіп кеткенін, өзін оятқысы келмегенін түсінетін. Аяз апа қатты қапаланатын. Наурыз атаны көргісі келіп осыншама тырысқанда, дәл ояу отыруы керек кезде қара басып ұйықтап қалғаны несі? Күн сайын әркімге барып мұңын шағып, Наурыз атаны көру үшін не істеуге болатын, болмайтынын сұрайтын. Бір күні біреу оған Наурыз атаны көру үшін келесі жолы тағы көктемнің самал желі есіп, көктемнің алғашқы күні келіп, Наурыз ата тағы таудан төмен түсіп, шаһарды бетке алып, дарбазаға келген кезде көріп, көзайым болудан басқа шара жоқ деді. Аяз апа келісті. Бірақ, келесі жылы Аяз апаның Наурыз атаны көрген, көрмегенін білген жан жоқ.

 

Парсы тілінен аударған Айнаш Қасым


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha