Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Үлкен пайым мен парасаттың ғалымы

БЛОГТАР

17 қазан 2019
870
0

Үлкен пайым мен парасаттың ғалымы

Тәуелсіз Қазақстанның рухани дүниетанымында  қазақ тарихының көрнекті жанашыры және қамқоршысы ретінде танылған жарқын да беделді тұлға.  Ұлтшылдығы, қазақи болмысы айнадай асыл тұлға.

                  

Күлтегін жазуында: «Уақытты тәңірі белгілейді, адам баласы өлмекке жаралған», - деген пәлсапаның тасқа қашалып жазылғанындай, өлмейтін адам жоқ, мәңгі жасайтын дүние – халықтың рухани мұрасы. Осынау мұраларды там-тұмдап жинап, «Болса қазаққа, халқыма болсын, игілігіне жарасын, жаршысы болсын», - деп  жарғақ құлағы жастыққа тимей осы жасқа келсе де жанұшыра ұрпаққа мұра, мирас ретінде қалсын деп жүрген терең пайым мен парасаттың ғалымы – Мырзатай Жолдасбекұлы.

                  

Бүгінде ел ағасы, қайталанбас нар тұлға. Бұлай деуге себеп көп. Өткен жылдың бір тамаша күнінде, Ұлттық академиялық кітапханада болған үлкен іс-шараның бірінде «Өткеннен өнеге», - деп Мәшһүр Жүсіптің өмірі мен қалдырған ізін, мұраларын жікке бөліп, айтып берген кезінде-ақ «Біз қандай рухани мұраға бай елміз», - деген ішкі жан дүниеде сайрап тұрған ойлар сансыз қайталанды. Өйткені, ғасырлар бойы тағдырдың тәлкегіне ұшырап, өмірдің барлық саласында тарихқа есесі кеткен ел-жұрт үшін тәуелсіздіктің әр жылы, әр айы, күні мен сәті кезеңдік мазмұн мен мағынаға толы. Рухани азып, кімнің қайдан, жазба деген не?, тарих кім үшін?, - деген секілді санада енді ғана оянып келе жатқан түрлі сұрақтарға жауаптарын кезеңімен жеткізіп, ұғындыра алған тұлға. Қайсы бір жиында «Айналайындар-ау, телеарналарды түзейік, домбыра қайда, немене қазақ шашын жайып туып па?», - деген сықылды ұсақ-түйек көрінердей дүниелерді ертеңгі ұрпақтың санасына сіңіп кетпесін деп, үздіксіз қайталаумен болды. Қай кезде де ширақ, ой үстінде жүреді. Болмашыдай көрінген дүниенің астарынан мән іздеп, ұлтқа берері барма дегендей сұрақтарды жанарынан-ақ аңғаруға болады. Саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани мәселелермен тікелей беттесіп, өз тағдырының тізгінін өз қолына алған халқымыз бүгінде тәуелсіздіктің баянды болуы тегеурінді бір кепілі мәдени-рухани жаңғыру болса керек. Яғни, саяси-әлеуметтік тәуелсіздігімізді мәдени-рухани азатыққа ұластыра алғанда ғана ел қамы, халық тағдырына қатысты мұраттарымыз өміршең болмақ. «Ары кеткен елден – бәрі кетеді. Боққа малдың да қарны толады. Бізге алдымен ұлттық қасиет, ар-намыс керек», - деп осы ауыр да, сынағы көп кезеңде елдің есңсесін тіктеуге бар ынты-шынтысымен кірісе отырып, қанашама ұрпақ пен шәкірт тәрбиелеп, ұлттың ұлт болып ұйысуына сансыз еңбек етті. Қазақтың жазба тарихын, тілін діттеген межеге жеткізді.

                  

Өнер, әдебиет қазынасының қамқоршысы, шырақшысы екенін ғалымның танымдық, шежірелік бағдарламада жазылған тамаша еңбектері-ақ дәлелдесе керек. Кезінде жарық көрген «Асыл арналар», «Жүз жыл жырлаған жүрек», «Тоқсан толғау», «Асыл сөздің атасы» - деген кітаптарын қалың жұрт қызыға оқыды. «Мұқағали рухымен тілдесу» және әйгілі әнші Әсет туралы «Әсет пен Дәнеш» қойылымдарының сценарийлері мен «Ұлбике» атты екі көріністі музыкалық-трагедиялық пьесасы, «Ақ бата», «Ей, қалқа», «Ерланым», «Елбасы – ел тірегі» - деген әндері де кітапқа енгізілген. Сонымен қатар, «Шежірең анық болсын десең, үзілмесін десең, өмірің келешек ұрпаққа да ұғынықты болсын десең, күнделік жаз», - дегендей «Күндерімнің куәсі» атты кітабы бәрін де есіңде сақтайтын, ұмыттырмайтын құдірет – күнделік болып, қалың оқырманға жол тартты.

                  

Туған халқының әдебиеті мен өнерін шексіз құрметтеумен бірге шексіз сүйе білетін қайраткер ғалымның ақыл мен жүрегі, ойы мен сезімі ғана емес, ұстаздық қызметі, азаматтық әрбір ісі сүйіспеншілікке толы. Халық танымы тұрғысынан ердің көркі – даналықта, даналықтың көркі – қарапайымдылықта, қарапайымдылықтың көркі – еңбекқорлықта. Мұндай қасиеттерді еріксіз Мырзатай ағаның бойынан көре аласың.

                  

Кезінде ақын Әбілдә Тәжібаев «Асыл арналарды» оқып, арнайы мақала жазса, академик-жазушы, сөз зергері Зейнолла Қабдолов талант пен адамның адамгершілігін бағалаудағы өлшем-пайымдарын негізге ала отырып, өрелі парасат биігіне көтереді. Тіпті, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Сардар», Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Таразидың «Мырзатай», Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Ғибрат ғұмырлы қайраткер», үзеңгілес інілері Қойшығара Салғараұлы мен Ақселеу Сейдімбектің «Жүрегіне қаламын сүйенген», ақын Қайрат Жұмалиевтің «Асыл адам – айнымас», - деген мақала – эсселері де толыққанды жауап бере алады. Сонымен қатар, Өзбекәлі Жәнібеков «Қазақ тарихын, салт-дәстүрді, байырғы ескерткіштерімізді терең білетін адам. Беті бір қисайса көнбейтін, дегенінен қайтпайтын, турашыл, әділ, бейнеткеш, ғажап, әңгімеші кісі», - деп дөп суреттеп, жіткізген. Ой мен сөздің, сезім мен әуеннің шебері Кенен Әзірбаев:

 

Сағынып сәлем жаздым Мырзатайға,

Баласың сөзің шешен, тілің майда.

Қормалы қорғаушысы ақындардың,

Маған да көп еңбек қып тиді пайдаң.

Өз жүзің көрсеткендей өз келбетін,

Жігітсің алтын сөзді, асыл айна -

 

деп кісілік, кішілік, шешендік қасиеттерін тамаша айтқан.

                  

Қазақ халқының ардақты ұлдары Өзбекәлі Жәнібеков, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров сынды қазақ мәдениетінің қаранарларымен қатар аталатын тұлға. Тумысынан шешен, не жазса да, не айтса да тек ел мүддесі мен ұлттың тағдырын арқау еткен тұлға. Кейде «Қазақ бар жақсысын кейде өзгеден емес, өзінен қызғанатын халық», - деп қатырақ баса айтып, тыныштықтың отаны бірлік бар жерде деп қайталаудан танған емес. Адам қызығарлық қасиеті – қайда, қандай қызметте жүрсе де, ежелгісіндей әдебиет, тарих, мәдениет, өнер жанашыры болудан танбай, ізденумен үлгі көрсетіп келе жатқан тұлға. Әр кез бір ойы бір ойына мүлдем ұқсамайтын, қайталанбайтын тың дүниелерді ортаға салып, үлкенмен үлкен, кішімен кіші болып тілдесіп, әрбір сұраққа дөп жауап береді. Қолынан кітабы түскен емес. «Дүние жима, иман жина», - деген сөзі осы бір іс әрекетіне жауап. Иман – рухани мұраның жоғары шыңы екені айтусыз-ақ белгілі. Халық арасында кеңінен тараған аталы сөз: «Сегіз қырлы, бір сырлы» осы бір көркем сөзді замандасы, жазушы Дүкенбай Досжан нар тұлғаға бағыттап тамаша суреттеп, бар мінезі мен болмысын аша суреттеген:

                  

«Кейіпкер мінезің бірінші қыры – ылғи ізденіс үстінде, үнемі оттан түспеген, қайнап жатқан қазан секілді. Адам ылғи жетілу үстінде, кемелдене келе заманына ілесе алады, заманынынң адамы бола алады. Мырзатай бүгінгі жеткеніне ешқашан місе тұтып, болдым, толдым, жеттім, деп тоқырауды тоқмейілсуді білмейтін, әрдайым өз қажыр-қайратын өзі іштей қылышша қайрап жүруі – заманның адамы болар деген ойға жетелейді.

                  

Екінші қыры – кеңқолтық қарапайымдылығы. Мұны қазақта майлық – сулығы бірдей дейді. Биікке қол артқан көп кісілер табаны жерден ажырап, апандағаннан аспандап, амандасуы қиындап қалады. Ал керісінше майлық-сулығы бірдей адамдар биіктесе – аспандамай, төмендесе – жасымай, бірқалыпты мінезінен жазбайды.

                  

Жетімдік баланы ерте есейтеді. Әсіресе, кісі есігінде жүріп, төртінші, бесінші сыныпты оқығаны есінен шықпайды. Қарнының ашқанын басу үшін жатқан үйінде құманнан қара су ішіп алып, кітаптан бас көтермейтін. Бірде шалбары жыртылып, құрбылары көрмесін, күлмесін деп арқасын жарға беріп сыныпқа қабырға жағалап еніп, қабырға жағалап шығып кететіні, сірә есінен кетпес. Қиындыққа қасарысып қарсы тұруы, қатты айтылған сөзге мойымау, мұқалмау бала жастан бойына сіңіп кетті. Ойын баласы болып асық ойнап, ит қуып, уақытысын текке өлтірмейтін. Ылғи іспен айналысуды мансұқ тұтты. Мұның үстіне ауыл үлкендері бала көрсе – жұмсауға дайын, көрші-қолаң қол бұлғап шақырып алып: «Мына шөпті үймектей сал», «ана атты суара сал», «кезекті әрі тасы»,- дегендей шаруаға салып жастайынан көнтулақ қып пісіріп тастады. Осыдан бойындағы ең асыл үшінші мінез қыры – төзімідігі қалыптасты.

        

Қазақта бойын жасырған тұлпардай деген сөз бар. Кеудесі көрік, тұяғы берік ұзаққа шабатын жылқы көзге түсіп оқшауланбайды, сығынның аты секілді жұрт алдында билемейді; төрт аяғы төрт жағына кетіп, ұсқынсыздау, жабы секілденіп жүреді. Мәреге тұрған кезде әлгі сәйгүлік шыға келеді. Тұяғымен жердің еңбегін тесіп жіберердей, атқан оқтай, маңында басқа жүйрік жоқтай жоталанып шыға келеді. Мырзатай Жолдасбекұлы мінезінің төртінші қыры көп жерде көзге түсе беремесе де, ұлт десе, ұлтымыздың көкейтесті шаруасы десе жанып жүретін жампоздығы, ұлтжандылығы. Ұлты үшін басын бәйгеге тігуі бар!

                 

Бойындағы бесінші мінез қыры – қайраткерлік қолдан жасалмайды, я болмаса мінбеге көп мінгеннен айналып басқа қонатын бақ емес. Қазақ сөзінің түп төркініне үңіліп, мәтінін тексеріп, бұрынғы зерттеушілер жіберген қателерді түзетіп, оң оқ – қаңлы, арғу – арғын, қият, таз, әлім, шекті, қоңырат рулары осы қазақтың энтикалық мәйегі екенін «Тастар сөйлейді» еңбегінде нақтыласа – ол да қайраткерлік; Еуразия университетінде «Жазу тарихы музейін» ашса, Президенттік мәдениет орталығында «Ұлттық дәстүрлер театрын» ұйыстырса – бұл да қайраткерлік. Тәуелсіздіктің таңы атқалы, ата-бабамыз мыңдаған жылдар қан кешіп, жан қиып жүріп іздеген жолға түскенде Президенттің ұсынған қызметін «мынау төр», «мынау есік алды» демей, бәйгеге басын тіккен батыр да ешкімді ұялтпайтын, өзі де ұялмайтын өмір кешкені – ол да қайраткерлік. Маңайына мейірімнен жылы шуақ төгіп, меймілдеген бауырмалдылық пен сыйластық себе жүрсе, «қолымнан келмейді» - деп емес, «қиындық жеңу үшін – қинайды» - деп, «қолдасып, қоғамдасып іс тындырайық» - деп жігіттерге жігер бергені – бұл да қайраткерлік.

                  

Алтыншы қыры – шаршамайтындығы. Сонау алпысыншы жалдардың басында қазақтың көк түріктен басталған рухани мұрасын зерттеген саусағы сүйел шұқыншақтың бірі болды. Аға буын шаршамайтын мінезіне сүйсінді. Ешкімнің жетегіне ермей, ешкімнің мадағына сенбей, ғылымның өз сүрлеуін іздеді.

                  

Мына көрініс көз алдымнан еш жуылмайды. Ақ Орданың алтын залы. Дөңгелек үстелге шыр айнала жайғасқан Ұлттық кеңес мүшелері. Аузымен құс ұстаған шешендер мен білгіштер бірінен соң бірі сөйлейді. Төралқада Президент, Президенттің көлденең қойған сауалы біразының мысын басып, тастаққа түскен аттай кібіртік қақтырып, адымын аштырмайды. Біразы көкейде қордаланған ойын көп болғанда баяндап қана шығады, тамсандырудан гөрі, тасырқауы жиі. Осы мезет оң қанатта отырған Мырзатай Жолдасбекұлы кезекті сөз аяғын жерге тигізбей қағып әкетті.

                  

- «Ағайындар-ау, желкемізде көзге көрінбейтін империяның ұр тоқпағы тұрған жоқ қой, неге бүгежектейміз!... Бүгежек ойдан бүркеншек қимыл туады. Елді демократияландыру деген я ащыны бетке айту, я өкпе айту емес: білікті, білімді елдерге салыстырып биіктеу болар, ұлт бойындағы тектілікті тірілтейікші!» - дегені. Ең ғанибетті осынау пікірін со заматта орысша айтып үлгерді. Көп ойланбай-ақ төге салды, тоғанның тығынын алғандай лекіте дестелеп шықты, өз шындығымен жарқ етті.

                  

Қасымда отырған әріптесім әлгі әсерден айыға алмай: «Көмбе ғой мынау» - дегені.

                  

Көмбе болмаса – көсіліп сөйлер ме еді, көсіп-көсіп айтар ма еді. Үлкен кісінің алдында «қай жағымнан кеп қалады» деп күрмелмеді, айтылған сөз – атылған оқ. «Шешеннің сөзі елең еткізер құлақты емес, құйып алар құлақты іздейд»і дегеннің шындығы осы!

                  

Сонда ойлағам шешендік сөзді сапырып сөйлей беру емес, дөп тигізіп айта білу, кісінің жанды жеріне тию екен-ау деп. Жанды сөзбен кісінің жанды жеріне тиіп сөйлеу кейіпкеріміздің жетінші қыр!

                  

Үнемі аттан түспей жүргесін бе, әлде өзінің барар жерін, жетер межесін іштей болжап білгесін бе, Мырзатай Жолдасбекұлы қартаймайтын кісі болып көрінеді. Біреу сырт көзден ақ шашын жасырады, біреу дімкәсін жасырады, келесі «оқ өтіп кететін кемшілік кінәсін» жасырады. Мырзатай Жолдасбекұлы қашан көрсең – шырайы ашық, мөлдіреген көлдей, тереңімен тебен ине көрінердей табиғи қалпында жүреді. Бүкпесіз, бүркемесіз өмір кешіп келеді. Өз тұрғыластарынан әлдеқайда жас көрінеді. Елгезек мінезді. Адамшылықтың локаторы секілді, әрі қай-қай істе елп еткіш, ұстаз айтқандай: ет жүректің айтқанымен жүріп үйренген. Маңайынан адам үзілмейді, қолынан келсе – жақсылығын, ниетін, тілеуін, қалтасындағы барын  бөлісе жүреді.Әрине көп жасау мансұқ емес, өмірдің я келте, я молынан кесіп пішкен пенделік межесі де болмас.

                  

Мырзатай Жолдасбекұлының сегізінші қыры – қартаймаудың әдісін біледі. Бұл әдіс – адамға жақсылық ойлау, жүрегінен нұр шаша жүру, ниеттес болу, ұлтының мұңымен мұңайып, қуанышына қуанып, отына күйіп, суығына тоңып, солармен ғана ағарып – көпіріп тіршілік ету. Ләйім, әуел бастағы тектілігінен, реттілігінен көз жазбау ғой! Іншалла, солай болғай!», - деп ағынан жарылады.

                 

«Тәуелсіздіктің қадіріне жетпесек, кәріне ұшыраймыз. Өйткені, ол бізге қан төгусіз, табан астында келген жоқ»,-деп қайталаудан танбайтын рухани тұлға әрбір қазақ үшін үлкен пайым мен парасаттың ғалымы болып мәңгі жасай бермек.

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу