Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Анамның мектебі

БЛОГТАР

20 маусым 2019
742
0

Анамның мектебі

 

 

 

(Новелла)

 

—Ербай! Ербай!

 

Біреу жұлқылап жатқанын енді сезіп көзімді ашсам, курстасым Самат екен.

 

—Ербай, оян енді, емтиханға дайындықты бастайық. Ертең анатомия екенін ұмыттың ба?

 

—Жоқ, ұмытқан жоқпын,— дедім керіліп.—Дайындыққа уақытым жоқ. Бүгін қалаға туыстарым келеді. Тойға дайындық, көмектесуім керек.—Қанат көздері бақырайып:

 

—Қалайша, ертең қалай тапсырасың?—деді таңданып.

 

—Бірдемесі болар,—дедім асығып киініп жатып.

 

Ағам (әкемнің інісі), жеңгем, үйленейін деп жатқан үлкен ұдары және мен, бәріміз күні бойы дүкен мен базар араладық. Артынып–тартынып, түгіміз қалмай шаршадық. Кешке туыстарымды қайта ауылға жіберіп жатақханаға келдім. Бөлмеде Самат. Айнала кітаптармен қоршалып алған. Өзі ортада, амбразурада отырған жау сияқты!

 

—Келдің бе?—деді ақырын. —Көп болдың ғой. Қызық екенсің, ертең қалай барасың емтиханға?—деп дәл бір декан іспетті қуырып жатыр мені. Мен оған жағдайды түсіндіріп әлекпін.

 

—Оларға менен басқа көмектесер адам жоқ қалада, Самат.

 

—Жақсы,—деп жұмсарды досым.—Ертең менің жаныма таяу отыр.
        

Ертеңінде емтиханға келдік. Қысқасы Самат тапсырып, мен құлап шықтым. Профессор Күзембаев өте қатал адам болатын. Маған  суық үнмен:
        

—Емтиханның аяғында тағы кіріңіз,—деді. Дәлізде уақыт өтсейші. Әйтеуір бір замандарда емтихан аяқталып, студенттер аудиториядан толық шыққан соң есікті ақырын ашып қайта кірдім. Жанындағы орындықты нұсқады. Отырдым. Қоңыр сүйекпен әдемілеп көмкерілген көзәйнегінің үстінен маған қарады. Бетіме қан шарпыды. Ату жазасына кесілген адамдай күйдемін. Қолдарым не столға, не тіземе қойыларын өздері де білмей ауада тұрып қалды. Басымды көтеруге батылым жоқ. Қазыр ақыратын шығар деп күтіп отырмын. Шыбын ызыңы естілгендей тыныштық. Сырттағы студенттердің бәрі тараса керек.

 

—Балам,—деді ақырын қоңыр үнмен профессор.—Сен каникулге кеткің келе ме? Әлде институттан кеткің келе ме?

 

—Канику...—дей беруім сол екен, үлкен қолымен столды салып қалды. Ондайды күтпеген мен шошығаным сонша, орындықтан құлап қала жаздадым!

 

—Сені әкең оқу оқып жүр деп ойлап жүр ғой?—деп сұрады.

 

—Ия,—дедім дауысым шықпай.

 

—Әкең сені дәрігер болсын деп армандайды ғой?

 

—Ия.

 

—Әкең қартайғанда сен оған қорған болатыныңа сенімді ғой?

 

—Ия.

 

—Әкең сенен немере көруге де дәмелі шығар?

 

—Ия.

 

—Әкеңнің сен осы армандарын қалай іске асырып жүрсің?

 

—...

 

—?

 

—Мен...Мен кінәлімін...Ағай, кешіріңіз...Бір жағдайлармен... Маған тағы мүмкіншілік беріңіз... Енді ешқашан... Мұндай...

 

—Қандай жағдай ол, оқудан үлкен?!!!—Ақырып қалғанда керең боп қалуға шақ қалдым. Кешегі жүрістерімнің бәрін бүкпесіз айтып бердім. Үндемей отырды да:

 

—Үш күн уақыт берем,— деді. «Уф» дедім ішімнен.

 

—Осы бүгінгі Анатомияның сұрақтарына түгел дайындалып келесің. Және қосымша мына сұраққа жауап алып кел: «Неге біз мұрынымызды шұқығанда, оң қолымыздың сұқ саусағы оң жақ танауымызды тазалауға ыңғайлы да, сол жақ танауымызды тазалау ыңғайсыз. Және керісінше сол қолымыздың сұқ саусағы сол жақ танаумызды тазалауға ыңғайлы?». Бұл сұраққа жауапты анатомия кітабынан табасың. Түсінікті ме сұрақ?—деді.

 

—Ия,—дедім. Ішімнен күлкі қысса да, білдірмеуге тырыстым.

 

Аудиториядан диплом алғандай қуанып атып шықсам, Самат тосып тұр екен.

 

—Не болдың?

 

—Ойбай, сұрама! Бағана шөлдегенде су таппағаным мұнша жақсы болар ма!—дедім жүре беріп. Самат екі иығы селкілдеп, қыстығып күліп ілесе кетті. Жолшыбай болған жайдың бәрін айтып бердім. Ол жатақханаға жеткенше сықылықтап, мұрынын шұқумен болды.

        

Профессор Күзембаевтың әке туралы қойған  сұрақтары ойымнан шықпай қойды. Намысым қозған үстіне қозумен болды. Әкем, Иса сабырлы да, тиянақты адам. Айтқанынан қайтпайтын, берген сөзінде тұратын. Қатал, бірақ ұрысып көрген емес бізге. Ұрысып қажеті де жоқ еді. Анашым «Әкең келеді» дегенде бар жұмысты қолма қол істеп тастайтынбыз.

        

Түні бойы түсіме әкем кіріп, тыныш ұйықтатпады. Ерте тұрып Саматты шығарып сап, жатақханаға қайтып, Саматтың қалдырып кеткен кітаптарына көмілдім де кеттім. Шындығында көмілуді кеше кешке бастағанбыз. Самат екеуміз  анатомияны үш рет оқып шығып, сұраққа жауап таба алмадық. Жатақхананың іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Балалардың бәрі үйлеріне кетті бүгін. Бір сағат оқып, жарты сағат дем алам. Дәлізге, есік алдына шығамын. Вахтер апайдан басқа ешкім жоқ. Бөлмеме көтеріле беріп кенет баспалдақпен қарсы түсіп келе жатқан қызды көріп сілейдім де қалдым!

 

—Әсел!—дауысымның қалай қатты шығып кеткеніне өзім таңмын.

 

—Ия,—деді ол жымиып.  

        

Әсел қатарлас топта оқитын студент. Жүрегім ауызыма тығылып, бір сағаттай тұрып, әйтеуір сөйледім-ау.

 

—Сен... —дедім, сөйлеген түрім осы.

 

—Ия, мен,—деді ол тағы жымиып.

 

—Сессияны тапсыра алмай...а-а...жоқ, сессияны жақсы аяқтадың ғой?

 

—Ия, бәрі жақсы. Анамды күтіп жүрмін ауылдан, ертең келеді. Дәрігерге апарамын. Ауырыңқырап жүр. Сен не істеп жүрсің?—деп сұрады.

 

—Анатомиядан өте алмай қалғамын, бүрсігіні қайта тапсырамын.

 

—Қалайша?—деп таң–тамаша болды. Әселге ғашық едім. Не сөйлескеніміз есімде жоқ, әйтеуір бөлмеме келгенімді білемін. Кітапқа құр қарап отырмын. Көз алдымда Әсел. Есік тоқ–тоқ ете қалды. Есімді жидым.

 

—Ашық!—деп айқай салдым. Есік шиқ етіп ашылып, керегеден Әселдің басы қылтиды.

 

—Ербай, шәй жасадым. Жүр, шәй ішейік,—бетім тыз етіп, атып тұрып бұралқы иттей соңынан ере кеттім.

        

Қыздардың бөлмесіндегі кішкене столдың екі жағына жайғасып, шәй ішуге кірістік. Әсел сөйлеп отыр, мен тыңдап отырмын. Арасында бір сөзден, екі сөзден қосып отырып, әйтеуір тілім шықты-ау.

 

—Профессордың сұрағына жауап тауып берші?—деп өтіндім. Әсел келісе кетті. Екеуміз күні бойы бірге дайындалдық. Анатомиядан өзім білмеген талай сұрақтардан хабардар болдым. Түбіне жетердей оқыдық. Бірақ профессордың сұрағына жауап таппадық. Кенет Әсел орнынан атып тұрып:

 

—Түсіндім!—деп айғай салды.

 

—Нені түсіндің?

 

—Профессор Күзембаевтің сұрағын түсіндім!

 

—Ия, кәне тыңдап тұрмын.

 

—Бұл сұрақ,—деді Әсел,—Профессордың қулығы. Бұл сұраққа жауап беру үшін, бүкіл анатомияны оқу қажет. Үйткені бір саусақты жеке алып қарау мүмкін емес. Бәрі бір-бірімен байланысты. Саусақтың қайда орналасуы, оның қолға жалғасуы, иыққа, денеңе, ми мен тіпті жүйке тамырларына қатысы. Қалай бүгілуі, оң жағыңа, сол жағыңа қатысын, және басқа да икемдігін білу үшін, бар оқулықты оқу керек!

 

—Кремет!—Әселге риза болғаным сондай, батылданып бетінен сүйіп алдым.

 

—Көп рахмет саған, Әсел!

 

—О, не дегенің, —деді Әсел,—Менің еңбегім жоқ. Өзіңнің күшіңмен, ынтаңмен оқу үстіндесің. Ертең тапсыратыныңа сенімдімін,—деді жымиып.

 

—Ренжіген жоқсың ба?

 

—Неге?

 

—Бетіңнен сүйгеніме?

 

—Жоқ,—деді де ыңғайсызданып, қоштасып шығып кетті. Еріндерімнен Әселдің иісі сезіліп тұр. Біраз сілейіп отырып, дайындыққа қайта кірістім.

 

—Ия, балам, дайынбысың емтиханға?—деп сұрады профессор Күзембаев.

 

—Ия, дайынмын, ағай!

 

—Жақсы! Ал, менің арнайы сұрағыма да дайынсыңба?

 

—Дайынмын. Оның жауабын айту үшін, бір сағат уақыт керек,—дедім тақ-тақ етіп.—Үйткені бүкіл кітапты толық айтып шығу керек.

 

—Өте дұрыс, балам! Бәрекелді. Әкел «зачеткаңды».

 

Ертеңінде ауылға келдім. Үйге қуанышым қойныма сыймай кірдім. Анамды құшағыма алып құшырлана иіскедім.

 

—Әкем қайда?

 

—Бір жұмыстармен кеткен, бір-екі сағаттан соң келеді.

 

Ұйықтап алмақ болып диванға қисая кеттім.

 

—Ербай! Ербайжан балам, тұр әкең келеді.

 

—Ту, мамам-ай осы. «Әкең келеді, әкең келеді» деп, өмір бойы ұйқы бермейсің,—деп күңкілдеп жуынуға беттедім.

 

—Ассалаумалейкум, әке!—әкемнің қолын алдым. Ол мені құшақтап, басымнан иіскеді.

 

—Оқуың жақсы ма?

 

—Жақсы, әке.

 

—Дәрігердің иісі шығып тұр өзінен,—деді әкем бір тамаша толғаныс үстінде. Мен үшін кеудесінде бір мақтаныш сезімі оянғанын түсініп тұрмын. «Кешір әке, бір сүрініп тұрдым. Енді ешқашан мұндай жағдай  қайталанбайды!». Әрине, мұны мен ішімнен айттым. Інім мен қарындасым келіп, екеуі екі жағымнан мойыныма асылып төбем көкке жетті. Сағынып қаппын өздерін, тентектерді. Осы кезде есік алдында тоқтаған машинаның дауысы естіліп, бәріміз далаға шықтық. Көліктен түскен адамды көріп шошып та, таңырқап қаттым да қалдым. Профессор Күзембаев!

 

—Сержант Тактенов, смирно!—деп қарқылдай күліп әкеме қарай ұмытылды.

 

—Есть, товарищ старший сержант,—деп әкем қарсы жүріп құшақтай алды. Мен тұрған жерімнен қозғала алмай тұрмын. Анама қарап:

 

—Мама, бұл қалай?—дедім.

 

—Бұл кісі әскерде бірге болған досы. Көп жыл хабарсыз болып, былтыр бірін бірі тауып, қалада кездесулері болды,—деді анашым.— Жанындағы кісі, Рымтай жұбайы,—бәріміз амандасып болып үйге кірдік. Дастархан жайылып, табақ тартылып, әңгіме–дүкендері қыза түсті. Профессор Күзембаев түрегеліп сөз сөйледі. Әкемнің қандай адам екенін, достыққа беріктігін айтып, қызық–қызық оқиғаларымен күлкіге батырды. Тіпті басқа адамды көріп отырмын. Дастарханның көркі! Бір кезде мен туралы бастады.

 

—Ербай өте ақылды бала. Сабаққа деген ынтасы керемет. Жоғары дәрежелі дәрігер атануға келешегі әбден бар,—деп бастай бергенде мен ұялғанымнан кірерге жер таппай, бірдеме деп міңгірлеп сылтау айтып шығып кеттім. Мені Ақтөс қарсы алды. Өте ақылды ит.

 

—Ақтөс,—дедім мен.—Сен ит болсаң да, ақылың менен талай есе көп. Орыс ғұлама жазушысы Антон Чехов айтқан екен: «Жақсы адам итттен де ұялады» деп. Дәл қазыр мен сенен ұялып тұрмын! —«Ұялма» дегендей, Ақтөс құйрығын сабап–сабап қойды.—Сондықтан, мен саған ант етем, мен өте ақылды да, сабырлы да, әкем сияқты құрметті адам боламын! Мұны саған айтып тұрғаным, кей кезде туыстарыңа айта алмайтын сөздерің болады. Ол сөздерді сенімді досыңа ғана айта аласың. Себебі, сенімді дос қана сырыңды өмір бойына ашпайды. Ұқтың ба?—«Ұқтым» деп Ақтөс бетімнен жалап алды.

          

Мен осылай дәрігер болдым. Содан бері 20 жыл уақыт өтті. Еңбек демалысымызда, ұл мен қызымызды алып Әсел екеуміз ауылға келдік. Балалар күні бойы далада. Олардың ойынға қанатын түрлері жоқ болса, менің ұйқыға қанатын түрім жоқ.

 

—Ербай, Ербай тұр!—Әселдің дауысы оятып жіберді.

 

—Не болды?

 

—Папам келеді, тұр. Дастарханға отырамыз.

 

—Туу, осы «Әкең келеді, тұр! Әкең келеді, тұр!» дегеннен басқа сөз жоқ ауылда,—күңкілдеп жуынуға кетіп бара жатып, «Әсел де енесінен аумай бара жатыр-ау», деген ой келді.

        

Әкей  мен шешей де кәртайды. Қиқалаңдап орындарынан әзер тұрады. Немерелерімен ойнап мәз-мейрам.

        

...Міне тағы да 20 жыл өтіпті. Әкешім мен анашым басқа дүниенің есігін ашқан. Профессор Күзембаевты да, жұбайы Рымтай жеңгейді де жұмаққа шығарып салғанбыз. Дәрігерлерге арналған қанша атақ–дәреже мен мақтау қағаз, ордендерден алмағаным қалған жоқ. Зейнетке де шықтық Әсел екеуміз. Ұл–қызымыз ер жетіп отбасты болған. Немерелердің қызығын да көріп жатырмыз. Кешке соларды жетектеп саябаққа кетеміз. Әбден шаршатып үйге әкелеміз.

        

Бірде, есікті кілтіммен ашып жатсам, арғы жақтан келінміз Әсем дауыстап жатыр екен:

 

—Жантөре тұр! Жантөре, тұр деймін! Папам келе жатыр!—арғы жақтан күңкілдеген ұлымның дауысы шығады. Мен бәйбішеме бұрылып:

 

—Сенің мектебің бе?—дедім күліп.

 

—Жо-о-оқ,—деді жымиып.—Мен тек жалғастырып, келесі адамға өткізушімін. Бұл сенің мамаңның мектебі.

        

Жақындап Әселімнің маңдайынан иіскедім.  Профессордан қалған «мұрыныма», анашымның иісі келгендей болды...

 

2000 жыл.

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу