Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Сыбан Кедей батырдың ұрпақтары

БЛОГТАР

15 қазан 2019
382
1

Сыбан Кедей батырдың ұрпақтары

Осы жазу дегенге қайдан үйір болдым екен деген ой қиналған, жазудың қиындығын татқан сайын жиі келеді. Сыбан елінен он сегіз ақын шыққан. Оның басында атақты Дулат, Ақтайлақ, Әріп, Құттыбай Ақтайлақ шешендер тұр. Мұндай елдің перзенті болу зердесі бар адамға шынайы бақыт әрі мақтаныш. Мен осындай елде, Аякөз өңірінің Ақшатау ауылында дүниеге келіп өстім.

 

Байгөбек, Бигөбек, Жангөбек тарапындағы  аталарымызда сөз ұстап билік еткендер жетерлік. Бәйгөбек Сыбан Кедей батырдың жалғыз ұлы Бірәліден Байтоқ, Бәйтен, Жақсылық атты ұлдарының есімі кейін көбейе келе ру атына айналған. Олардан тарайтын жүзден аса түтін Аягөз өңірінің Ақшатау, Мыңбұлақ, Ақши ауылдарында қоныстанған. Заман өткен сайын бойы өскен жас ұрпақтар бүгінде қазақстанның әр түкпіріне тараған. Алуан мамандық иелері.

 

Басқа адамдар туралы қанша жазып жүрсем де өзімнің он-он екі ұрпаққа баратын нағыз бабам Кедей батыр жайында қалам тартудың сәті түспеді. Бұл туралы Аякөз өңіріндегі Сыбан елінің көрнекті адамдарынан бастап Бірәлі руының баласына дейін Кедей батырдың ұрпағы екенін мақтанышпен айтып жүреді. Аякөздің Жарма ауданымен шектесетін тұсында батыр бабамыздың жалғыз ұлы Бірәлінің бейіті бар. Оған ұрпақтары жиылып құран бағыштап, бертінде белгі тұрғызды.

 

Елдің үлкендері –Сенің қаламың бар ғой. Осы Кедей батыр атамыз жайында жазсаңшы дегенде деректердің ескілігі, ел жадынан аңыз боп өше бастағаны оқиғалардың көнелігі себепті қағазға түсіруге көп уақыт бата алмай жүрдім. Ескі уақта осы елде болыс болып кейін Қытай асып кетіп 50 жылдары қайтып келген шежіреші Орынбек ақсақал, бұрынғы тарихты қазбалап бірнеше кітап жазған Қабылахмет Шәкерұлының ұлы бабамыз туралы  айтып бергендерін өз құлағыммен бала жастан естіп едім.

 

Ескілікті көп білетін Рымқұл ақсақал, бертіндегі Қайыртай, Амантай ағаларымыз да осы тарапта бірталай ізденіп естіген-білгенін қағазға түсірді. Артында көптеген ұрпағы, талай ғасыр өтсе де ерлік істері қалған атамыздың уақыт жасырып тастаған көмескі бейнесін қайта тірілтудің ешбір реті келмеді. Бүгінде ел аузында Кедей батыр туралы аңыз бар. Бірақ дәлелді тарихи негізі бар көркем де, деректі де дүниелер кездеспейді.

 

Тарихта аты бар Нар дауысты Нарымбай биге Тәшкенннің бір қақпасын билеуге лауазым алып берген осы Кедей батырдың ерлігі, хан алдындағы беделі себеп болған деседі. Тәшкенді алуда көрсеткен ерлігі үшін сұраған үш тілегін бірі осы болса керек. Екінші тілегі Қаратаудан жер алған деп шежірелейді көнекөз. Бірақ онда батыр ұрпақтары бар ма, жоқ па дерегі анықталмаған.

 

Еткен ерлігі үшін алған батырдың алған  үшінші сыйы Сұлубике анамыз болған. Аңызда Тәшкен бегінің сұлу қызы деп таныстырады. Сұлу анамыз жесір қалғанда оның әмеңгері Құлмамбет әкесіз қалған Бірәліні елге алып қайтуға інісін жібереді. Талас осы арада туады. Інісі Сұлубикеге ғашық болады. Бай қалыңдықты көшіру бірнеше айға созылып екі жастың арасында жақындық туады. Елге келген соң дау болып билік әмеңгерлік жол Құлмамбетте деп шешеді. Осы ортада дау созылып інісінен туған бала Құлмамбетке беріледі. Оның атын Сатыпалды қояды. Бәгөбектегі Сатыпалды руының бүгінгі көрнекті адамдары жеткілікті.

 

Кедей батырдың жесірі Сұлубике анамыз Құлмамбеттен Шақа, Төлен, Қарабас деген ұрпақтар көреді. Кейін осы балалардың өзі ру атына айналып Ақшатаудағы қазақтар сен Шақасың, мен Бірәлімін, анау Төлен деп бір-бірінен қыз алмай ата санап ескі салтын сақтап келеді.

 

Ата тарихымыздың, ру шежіресін жазу кейінге дейін өрескел қате саналды. Ескінің сарқыншағы көрінді. Бірақ бүгінде Аякөз өңіріндегі Кедей батырды Бәйгөбек, жеті ата Құлмамбет қана емес иісі Сыбан елі өздерінің ел қорғаған батыр, ардагер, ұлы бабасы санайды. Оның жалғыз ұлы Бірәліге батыр ұрпақтары деген атты танып, өз арасында дәріптеп жүру салты бар. Батыр бабамыз қандай мақтанышқа болса да лайықты адам болғанына ел аузында неше ғасыр аңыз болып айтылып келе жатқан тарих куә.

 

Оны дәріптеп ел көлеміне жеткізуде сәл кешігіп қимылдаған ұрпақтары ұлы бабасының алдындағы өздерінің перзенттік борышын өтей беруге, батыр атын ұмытпауға, даңқын сақтауға үлес қосып ата салтын ұрпақтан-ұрпаққа шежірелеп келеді.
                                                                                               

 

11.10.2019

  


Бөлісу:
     

Пікірлер (1)

Есен

17.10.2019 15:55
Рахмет, оте жаксы жазыпсыз.
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу