Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Ашаршылықтың тірі куәгері

БЛОГТАР

22 қараша 2019
63
0

Ашаршылықтың тірі куәгері

Ашаршылықтың тірі куәгері

Тарихта қалған саяси қуғын-сүргін науқанының зардабын қазақ халқының өзгелерге қарағанда көп көргені көңілге қаяу салады. Бес-алты жылға созылған қасіретті нәубет кезеңін қазіргі кез келген қазақтың ата-әжелері бастан кешірді. Сол бір нәубетті ойлаудың өзі ауыр. Бір үзім нан іздеп шұбырған халықтың құр сүлдері ғана қалған еді. Адамдардың еті қашып, тері мен сүйегі ғана қалған жағдайға жетті. Жүруге әлдері келмей жол бойларында, жазық далаларда көз жұмды. Тірілердің өлілерді көмуге шамасы келмеген сәттер көп, көмуге де әл-қуат керек еді.  

Соғысты көзімен көрген, жаумен шайқасқан  ардагерлердің азайып бара жатқаны сияқты, ашаршылықты бастан кешіргендерден де бүгінде көп қалмады. Себебі уақыт – жүйрік, ал өмір қысқа. Ашаршылық зардабын 5-6 жасында сезініп, соның әсері санасында қалғандардың өздері қазір тоқсаннан асты.. 

Шымкент қаласының тұрғыны, «Шығыстың Шолоховы» атанған қарт жазушы, әдебиет ауылының танымал да айтулы өкілі Еркінбек Тұрысовпен таяуда болған әңгіме арасында бала кезден қалған әсерлері жайлы айтқаны бар еді. Жазушы санасына жатталып қалған әсерлердің кейбірі ашаршылық көріністерінің шынайы суретін береді.

– Ашаршылық жылдарында 5-6 жасар бала едім, – деп еске алады жазушы ата. – Елдің аш екенін бала болсам да сезінемін. Орта кесе быламыққа қол жетуінің өзі бақыт болып көрінеді. Бірде қырдан отын теруге кеткен Айша жеңгем үйге үрейлене кірді. Әжеме: «Жылғада бір әйел қимылсыз жатыр, төсіндегі нәресте оны еміп тырбаңдайды. Әйел жансыз сияқты, нәрестесін омырауынан ажыратып алуға қорқыныштан бата алмадым», – деді де, аяқтары бүгіліп отырып қалды. Әжем оның таңдайын басып, қорқынышын басты. Далаға қарай беттеген оларға 12-13 жасар ағам екеуміз ілестік. Біз жылғаға жетіп, әйелдің жанына жақындадық.  Оның кеудесіне жабысқан нәресте қимылсыз қалыпты. Жансыз анасының омырауын сора-сора сүт шықпағасын сәби де үзіліп кетіпті. Әжем көзінің жасын сығып алды, ал Айша жеңешем солқылдап жылап қалды. Маған ол өзін кінәлідей сезінген сияқты көрінді. Мына көрініске ағам екеуміздің көңіліміз босады.  Әжемнің бастамасымен байғұс әйел мен оның сәбиін көмдік. Аштан өлген әйелдің кім екені, қайдан келгені белгісіз.  

Осы сияқты аянышты көріністің тағы бірі есімнен кетпейді. Азын-аулақ жерге себілген арпамыз бар еді. Жазда жайқалып өсіп қалған. Жалғыз бара жатып, арпаға еңбектеп кірген бала ізін байқадым да, кілт тоқтадым. Арпаның шетіне жақындап қарасам, 3-4 қадам жерде өзім қатарлы 5-6 жасар қыз қыбырлап жатыр. Құр терісі мен сүйегі қалған, арпаның сабағын әлсіз қолымен иіп, екі-үш дәнін аузына салып сорып жатыр екен. Жай ғана ыңырсыған дыбыс шығарады, жылай алмай жатқан сияқты. Ол мені көрген жоқ. Жүгіріп үйге жеттім де, көргенімді әжеме айттым. Әжем мен жеңгем әлгі қызды үйге көтеріп әкеліп, бөстектің үстіне жатқызды. Мойны былқ-сылқ етеді, көздері шүңірейіп, ұясына кіріп кеткен. Әжем талқаннан быламық жасап берді. Быламықты жалағаны болмаса, жұта да алмайды. Жеңгем бәйек болып, сөзге тартып көрген. Бірақ әлсіз қыздың дауысы да шықпайды, қолдарымен қимыл жасауға да шамасы жетпейді. Қайдан келді, кімнің қызы, аты кім екені әжем мен жеңгеме жұмбақ болып қалды. Мүмкін ата-анасы аштан өлген болар. Быламық жалатып, аузына су тамызып әрекеттенгенімізбен, байғұс қызды аман алып қала алмадық.  Бір тәуліктен кейін үзіліп кетті.  Әжем сандықтан өзінің ақ орамалын алып, қыздың денесін орады. Содан кейін оны жерледік. 

Мұндай аянышты оқиғалар көз алдымда өтіп жатты. Солардың ішінде осы екеуі санамда өшпестей болып жазылып қалды.

... Сондай ауыр жылдарда қариялар ұлт алдындағы өз міндетін орындауды ұмытпаған. Ашаршылыққа қарамай келешектен үміті үзілмеген әже кішкентай Еркінбекке  күн сайын ертегі айтып беретін. Еркінбек өзі ағасының көмегімен әріптерді жаттап алып, 5 жасынан оқып, жаза бастаған. Ал 3-сыныпта оқып жүргенінде (ашаршылықтың жалғасып жатқан кезі) «Октябрь балалары» газетінде «Қансонар» атты алғашқы әңгімесі жарық көрген.  Елді ашаршылық жайлап, адамдар қырылып жатқанда да өмір тоқтамаған. Мектептер мен балалар үйлерінде сабақ оқытылды, ұжымдастыру жұмысы күштеп жүргізілді. Ағасы Сауқымбек Тұрысовқа еліктеген Еркінбек бала батырлар жырын, Бейімбет Майлиннің, Спандияр Көбеевтің, Сәбит Мұқановтың кітаптарын жастайынан оқып өскен екен. Ашаршылық жылдарында да кітаптар шығып, газеттер басылып, жастардың білім қуғаны бүгінде аңыз сияқты көрінгенімен, бұл – ақиқат. Ашаршылықтың тірі куәларының бірі – қадірлі қария, жазушы ата Еркінбек Тұрысов.

Серік Алдан.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу