Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Коронавирус бізге нені түсіндірді?

БЛОГТАР

02 шілде 2020
310
0

Коронавирус бізге нені түсіндірді?

Әлемді әлекке салып, күллі дүниені осынша дүрліктірген дерт – «Тәңірдің реттеуі» ме? Коронавирус – рухани кеселдің салдары болса, біздің өзгеруімізге оның әсері қандай? Кванттық өткелге кімдер ілесе алады? Бізге «жаман» болып көрінгеннің артында қандай жақсылық тұр? Осы вирусты шақырған адамның ашкөздік әрекеті ме? Басшылардың «қызмет аурасында» немесе «кабинетте қамалып қалуы» нені білдіреді? Ненің қадірін білдік? Сонымен, коронавирус бізге не дейді?

 

Осы және өзге де өзекті сауалдарға жауап алу үшін жан – жүрегінің нұрлы махаббатымен әр адамның рухани қабілетін дамытуға үлес қосып жүрген педагогика ғылымдарының докторы, профессор Раушангүл Омаровамен сұхбаттасқан едік.

– Раушангүл Сәрсенқызы, біз қалайық-қаламайық, әлемде елеулі өзгеріс болып жатыр. Мұнда есті адамдар үшін ғибрат бар. Әрбір туындысы философиялық ойларға бай Стивен Кинг өзгерістің лебін сезген адам желден ықтайтын қалқан емес, жел диірменін тұрғызуы тиіс деп санайды. Сіз қалай ойлайсыз, коронавируспен келген өзгеріс нені өзгерте алады һәм кімдерді өзгертеді?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Әлемде болып жатқан жағдайлар, оның ішінде қазіргі коронавирустың адамзат баласына үрей туғызғаны белгілі. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, бұл аурудың, кейбіреулер « індет» деп те атап жүр, өзіндік рухани себебі де жоқ емес. Бұл өмірдегі, яғни материалдық өмірдегі барлық өзгерістер, рухани әлеммен тікелей байланысты екені сөзсіз. Әлемдік деңгейде болып отырған коронавирус оқиғасының жауабы адамзат баласының ішкі рухани әлеуетіне тікелей байланысты. Бұл үдеріс адам санасының материалдық құндылықтармен шектеліп, өзінің Тәңірлік болмысы мен ішкі ой-қуаттық әлеуетінен, танымдық-тағылымдық құндылықтарының құлдырауы нәтижесін көрсетті.

 

Коронавирус оқиғасының соңы әрбір адамның санасына түрткі салып, оның рухани бағдарламасының бар екенін көрсетіп береді. Кім өзінің өмірлік әрекетіне саналы түрде сараптама жасап, рухани білімге ұмтылатын болса, бұл тығырықтан тез шығатыны ақиқат. Бұл Тәңірлік сынақ та емес, жазалау да емес, бұл – Тәңірлік реттеу деп түсінемін. Себебі қасиетті Құран Кәрімде сендерге жаман болып көрінетін нәрсенің артында жақсылық тұрады делінген. Бұдан әрі біз бұрынғыша өмір сүре алмаймыз. Рухани серпіліс кезеңі келді!

 

Роза Ысқақ – журналист: Біз өмір сүріп жатқан қазіргі кезеңді Сананың үшөлшемді кеңістігі (трехмерное сознание) шегінен шығып, одан биік рухани ой кеңістігіне өтер сәті деп айтуға бола ма? Өзімізді құтқару үшін рухани есейіп, «жанның» деңгейінен «рухтың» деңгейіне қайтіп жете аламыз? Тіпті, ол мүмкін бе өзі?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Рухани әлеммен біз ой қуаты арқылы байланысамыз. Ой әлемінің де өзіндік өлшемдері бар. Зерттеушілердің айтып отырған үшдеңгейлі сана ұғымы: осы материалдық әлемдегі ішіп-жеу, байлық, билік және нәпсілік қалаулармен ғана өмір сүретін адамның саналық дәрежесін айтады. Алла бұл өмірді өлшеммен және белгілі бір себеппен жаратты. Қазіргі коронавирус жағдайы адамның ой-сана дамуының келесі бір деңгейге өту қажеттігін көрсетіп берді. Ендігі жерде адам бұрынғыша ойлау кеңістігінде немесе қалыптасқан өмір сүру салтында қала алмайды. Рухани кеңістіктің жаңа деңгейі адамнан жаңаша ойлауды, соған сәйкес жаңа әрекеттерді талап етеді. Қарапайым сөзбен айтқанда, адам өзіне қабылдаған құндылықтарымен өмір сүремін десе де, өмірлік жағдайлар оның «ішкі» өзгерісін талап етеді. Аталған «реттелу үдерісінен» өзін дамытумен айналысып жүрген адамдар еркін шығады, ал дайындықсыз адамдарға күрделі кезең болып, дағдарыстан шығудың жолын іздеуге тура келеді.

 

Роза Ысқақ-журналист: Ғалымдар мен физиктер не дейді? «Кванттық өткелден» тек ниеті таза адамдар ғана өте ме? Бұл дағдарыстан ақыл иелері қалай аман-есен шыға алады? Ой – өрісін дамытпаған жандар үшөлшемді санада қалып қоя ма?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Иә, рухани әлемді зерттеген физик-ғалымдардың енгізген «кванттық өткел» ұғымын зерделеуге болады. Бұл ұғым рухани әлемдегі маңызды шарт. Адам өзінің осы уақытқа дейін жинаған рухани ілімі мен «ішкі тазалық», яғни адамгершілік пен психологиялық дұрыс бағытымен, қарапайым тілде, ниетінің тазалығы және жасаған адамгершілік істері арқылы өтеді. Рухани өткелдегі маңызды талап: ой, ниет тазалығы мен адамгершілік, әлемге деген махаббат өлшемі арқылы сарапталады. Өзінің ой-өрісін дамытуға мән бермей, тек ішіп-жеу тұрғысында жүрген адамдарға күрделі уақыт жалғаса береді. Одан адам тек өзін дамытуға деген ниеті мен соған сай әрекеті арқылы шығады.

 

Роза Ысқақ – журналист: Төрт қабырғаға қамалып, карантинде отырған халық таза ауаның қадірін біле бастады. Бүгінде өмірі еңбегі көзге ілінбеген ұстаздар мен дәрігерлердің қадірі артып отыр. Сізше, жүректерде үрей туғызған қорқынышты инфекцияның залалымен қатар тағы қандай пайдасы бар?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Жүрекке қорқыныштың енуі – ол адамның рухани деңгейін көрсетеді. Егер адам өзінің ішкі тазалығы мен ісінің дұрыстығын үнемі сараптап, Алла деп адамгершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп жүрген болса, ол адамда ешқандай үрей де, қорқыныш та болмайды. Қорқыныш – сіздің ішкі тазалығыңыздың көрсеткіші! Өзіңізді осы өлшеммен сынаңыз, сонда өзіңіздің қай жерде жүргеніңізді сезесіз.

 

Ішкі тазалық – адам рухын көтереді, яғни энергетикалық потенциалын арттырып, тәндік иммунитетін арттырады. Вирус тәнге түссе де, адам денесінде «антидене»(антитела) пайда болып, вирусты жеңеді. Ал рухани иммунитеті төмен болғандарға, дәрілік препараттар көмекке келеді, бірақ оның сауығуына дәрі толық кепіл бола алмайды. Себебі санада тұрақтап қалған қорқыныш дәрінің әсерін төмендетеді. Сондықтан адамды санасындағы қорқыныш шынжырынан шығаруда Құран аяттарының энергетикалық вибрациясының керемет әсері бар! Мұны эксперименттерім арқылы көз жеткіздім, сан рет нәтижесін тамашаладым.

 

Роза Ысқақ-журналист: Сіз рухани еңбектерді аса мұқияттылықпен зерттеп, сараптап, талдау жасап жүрген ғалымдардың бірісіз. Жалпы, өзгерістің болып тұратыны туралы адамзат баласына нұр шашқан қасиетті Құранда да айтылғаны хақ. Ол жөнінде қандай пікір білдірер едіңіз?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Адамзат баласының қандай кезеңдерден өтетіні туралы қасиетті Құран Кәрімде баяндалған. «Құдайсыз – құрай сынбайды»дейді халқымыз. Ұлы Реттеуші – Алла, оның назарынан ешнәрсе тыс қалмайды. Бұл өмірде біздің қолданып жүрген техникамыздың немесе заттарымыздың нақты авторы немесе сол затты шығарушы иесі (адамы) бар, сол сияқты адамды жаратушы, Иесі – Алла екенін бәрі біледі, бірақ білсе де оны саналық тұрғыда жан-тәнімен оны терең түсінбегендіктен, алдамшы дүниелік істерге беріліп кетеді. Осы жерде адам үшін сынақ басталады. Басты өлшем – таза көңілмен жасаған адамгершілік! Адамгершіліксіз имандылық та жоқ, адамгершілік имандылықтың ең бірінші баспалдағы, адамгершілік – имандылықтың кілті!

 

Роза Ысқақ – журналист: Рухани білімсіз басшылардың елбилікке келуі – жеке басын күйттеген ашкөз басшылардың үшөлшемді санада қалып қойып, ал халықтың сананың төртөлшемді кеңістігіне өту мүмкіндігі жоғары дедіңіз бір сөзіңізде. Жалпы, физиктер айтатын кванттық өткелге кімдер ілесе алады?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Халық арасында рухани ізденіп, жан-жүрегін тазартып, өмірін гармонияға (тепе-теңдікке) келтіріп жүрген және айналасына мейірім шуағын шашып жүрген адамдарды көптеп кездестіруге болады. Ал басшылардың басым көпшілігінің тек қана «қызмет аурасында» немесе «кабинетте қамалып қалуы» өкінішті-ақ. Жұмыс көп деп сылтауратып, кітап оқымайтын басшылар көбейіп кетті. Адам кітаптан ажыраған кезде, рухани әлемнен алыстап, өмірі қиындықтарға тола береді. Өз өмірі рухани қиындықтарға толы адам, қоғамға пайда әкеледі деу қиын. Мұндай адамдарда түрлі ауру, оның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруы мен бас-жүйке аурулары, асқазан ауруы кең тараған. Тіпті ауырмаймын десе де, жаны тыныш емес, ішкі күйзелісте жүреді. Осындай рухани кеселдің әсерінен қоғамға пайдасын емес, зиянын тигізеді.

 

Қазіргі кезеңде интернетпен өмір сүретін адамдар да бар. Интернет – ақпараттық ресурс, интернет кеңістігінде шынайы да, жалған ақпараттар қатар жүреді. Сондықтан түрлі ақпараттардың алмасуы адамның ой әлемін әлсіретіп, шатастырып, еске сақтау қабілетін де төмендетіп, тұрақсыздық, шыдамсыздық, ашушаңдық пайда болуына әсер етеді. Интернетті пайдаланудың да өзінің орны мен ретін, өлшемін сақтау маңызды.

 

Ал кітапта бір идея жан-жақты талданып, тиянақты түсіндіріледі. Сондықтан кітап оқушылардың мінезінде де, іс-әрекетінде тұрақтылық пен тиянақтылық, саналық талдау пайда болады және еске сақтау қабілеті де арта түседі. Себебі әр кітаптың библиографиялық қасиеті, өзіндік энергетикалық аурасы болады.

 

Басшылар – елдің тірегі. Егер тірегіміздің рухани деңгейі төмен болса, ел қалай оларды тірек етеді? Бәйтеректей мықты рухани тірек болмаса, халық аз ғана желден шайқалмай ма?

 

Өткелден рухани санасы ашық, өзін дамытуға ұмтылғандар және өзінің табиғатын тепе-теңдікте ұстауға тырысқындар еркін өтері сөзсіз.

 

Роза Ысқақ – журналист: Әлемдегі бүгінгі «хаостың» нәтижесі қандай болмақ?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Адамның ашкөздік әрекеті осы вирусты шақырды. Коронавирус сол ашкөздіктің не екенін көрсетіп берді. Бұл «ұлы оқиға» оның мәнін толық түсінгенге дейін жалғасады. Рухани дайын адамдарда еркіндік, гармония пайда болады. Дайын емес адамдар қиналыстан шығу үшін, өзінің ішкі рухани әлеуетін өзгерту керек болады.

 

Роза Ысқақ – журналист: Раушангүл Сәрсенқызы, Сіз Рухани жолды арнайы көп жылдар зерттеп, ғылыми-танымдық кітаптарды жан-жақты зерделеген жансыз. Тылсым бар ма, әруақтар бар ма, тіпті «Алла бар ма?» деген сұраққа жауап алу үшін көп дүниені зерттеп, талдау жүргіздіңіз. Жарты ғұмырыңызды арнадыңыз. Соңында қандай түйінге келдіңіз?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Рухани әлем – кең ұғым, оның ішіне дін де кіреді. Бірақ жалғыз діннің өзі рухани әлем бола алмайды. Себебі дін – Жаратушыны танудың бір жолы. Аллаға апарар жол көп, себебі адамның санасы түрлі деңгейде, соған сай түсінік те, таным да түрліше. Рухани әлем өте күрделі де нәзік әлем, ауқымы кең болғандықтан, мынау қате немесе мынау дұрыс деп дөп басып айту үшін, адам жаратылысы туралы терең білім, ғылыми талдау және рухани ілім, уақытпен сарапталған тәжірибе керек.

 

Адам тура жолға түрлі жолмен, түрліше әдіспен келуі мүмкін. Бірақ әр халықтың рухани дамуы – ата-бабасынан келе жатқан салт-дәстүрді арқылы жүреді. Себебі атадан балаға берілген рухани күш, ілім және ақпарат оның генетикалық жүйесінде кодталған. Сол код ашылғанда, адамның рухы биіктеп, ерекше нұрлы қуатқа жалғанады. Сондықтан Жоғары Рухтарға жалғану – ата-баба әруақтарымен тікелей байланысты екені сөзсіз. Ондай адамның сөзінде де, ісінде де тәңірлік қуат сезіліп тұрады. Оны рухани санасы бар адам бірден сезеді. Мұны қазақтар «қасиет» деп атайды. Аталған мәселенің тамыры өте тереңде жатыр. Бұл жөнінде 2017 жылы «Бабалар жолы – Нұрлы жол» деген рухани-танымдық еңбек жазып, баспадан шығарған болатынмын. Аталған кітаптар республикалық және облыстық кітапханаларда бар.

 

Роза Ысқақ – журналист: «Алла рұқсат бермесе, құс та аспанда қалықтап ұша алмайды» деген Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөзі бар. Коронавирусты жұқтырып алудан қорқып, жүректері үрей мен үмітке толы қазақстандықтарға қандай кеңес берер едіңіз?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Рухани өзіңізді дамытуға бел байлаңыз. Бірінші, өзіңіздің әлсіз тұстарыңызды анықтап, оны түзетудің психологиялық әдісін пайдаланыңыз. Екінші, қасиетті кітап Құран Кәрімді оқуды бастаңыз. Рамазан айында оқығанда керемет нәтижелерге қол жеткізесіз, еске сақтау қабілетіңіз артады, ойыңыз өзгереді, өміріңіз өзгереді. Қасиетті кітапты ең болмаса бір рет оқымай, оны зерделемей, намаз оқып жүрмін деу артық болар. Абай атамыз: «Ғылымсыз оқыған намаз, ұстаған ораза, қылған хаж – ғибадат орына бармайды»,- деді емес пе!

 

Үш тұғырымыз: білім, ғылым, ілім. Құран – Алланың сөзі. Намаз оқу – Аллаға құлшылық ету. Егер сіз Алланың сөзін білмесеңіз, жіберген Кітабын оқып көрмесеңіз, қалайша намазым, ғибадатым толық болады деп ойлайсыз? Құран кітаптың аудармасын толық оқып, түсінуге тырысып барып, намаз оқысаңыз, саналы құлшылық болар еді! Үшіншіден, жақсылықты көп жасаңыз. Адамгершілік істеріңізді молайтып, тек жақсы ой ойлауға және жақсы сөздер айтуға дағдыланыңыз. Төртінші, тәндік сақтану шараларын ұмытпаған жөн. Бір мысал ретінде, дәріханаларда толып тұрған, бағасы қолжетімді емдік фито-шайларды ішіп үйреніңіз. Себебі ағзаға қажетті витаминдерді, вирусқа қарсы иммунитетті күшейтетін дәрумендерді аласыз. Қорытып қайтқанда, ішкі және сыртқы тазалықты сақтап, қарым-қатынас мәдениетіне ерекше мән беріңіз.

 

Роза Ысқақ – журналист: Адамның тәні мен жанын сауықтыру шараларыңызда осы әдістерді қолданасыз ба?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Міндетті түрде. Адам – Алланың жаратылысы, топырақтан жаратылды. Топырақтағы элементтерді өсімдіктер бізге тасымалдайды. Жас бала ағзасында дәрумендер жетіспегендіктен, топырақ жейтінін бәрі біледі. Баланың рухани әлемі ашық, ол керегін жейді. Ал сіз топырақ жей алмайсыз ғой, сондықтан табиғи шөп ағзаны тазартып, күшейтіп, қалпына келтіреді. Емдік процедураларымда дәрілер мен түрлі дәрілік жақпа майларды қолданамын. Бірақ дәріні тек қабынуды, температураны түсіру үшін және асқынып кеткен жағдайда бактерия, вирустың көзін жою үшін қолданамын. Маңызды мәселе, дәрі – химиялық шикізат, ол аурудың асқыну немесе қабынуға ұшырағанда қолдану тиімді. Жәй сөзбен айтқанада, дәрі – аурудың асқыну процесін тоқтатады, бірақ ағзаны қалпына келтіре алмайды. Адам ағзасы әлсіреген кезде, адам қайталап ауырып қалады. Сондықтан емдеу процесінде, асқынуды тоқтату үшін, дәрі беріп тоқтатып алып, ағзаны қалпына келтіру үшін табиғи емдік шөп ішуді ұсынамын. Ал Құран аяттарын оқу – ол міндетті түрде барлық ем процедурасында қатар жүреді.

 

Роза Ысқақ – журналист: Ауру туғызатын вирустан басқа энергетикалық вирустар бар. Олай болса, ой әлемін қалай таза ұстаудың сыры неде? «Ойдағы қоқыстарды» қалай тазарта аламыз?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Өзекті сұрақ. Адам – энергетикалық-ақпараттық жүйе. Энергетикалық-ақпараттық вирус – адамнан адамға жұғады. Мысалы: жаман сөздер, ғайбат айту, өсек-жала анықталмаған негізсіз талас-тартыс адамның өзін ғана емес, басқа адамардың санасы мен өмірін улайды. Ой қоқыстарын тазарту әдістері көп. Бұл туралы менің 2016 жылы жазған «Адамның психикалық энергиясының құпия мүмкіндіктері» деген кітабым бар. Сонда өз тәжірибеинен өткізген әдістерді жазған болатынмын: «Кешірім әдісі» және «Оқиғадан тазару» әдісі. Бұлар ең жеңіл, қарапайым және нәтижесі жоғары әдістер екенін көп адамдар арқылы дәлелденді. Адам өз өмірін өзгерткісі келсе – ойын өзгертсін. Осы әдістер арқылы көп оқырманнан алғыс алдым, Аллаға шүкір.

 

Роза Ысқақ – журналист: Өзіңізге мәлім, кәдуілгі шыбынға қатысты бір шындық бар. Бұхаридің жеткізген хадисінде Алла елшісі (с.а.у.): «Кей адамның суы немесе тамағына шыбын түссе, батырып жіберіп, қайта алып тастасын. Өйткені қанаттарының бірінде ауру, енді бірінде шипа бар» деген екен. Яғни, шыбын алғашқы қанатымен жұқтырған микробты екінші қанатымен дезинфекциялайды. Мұның ғылыми ақиқат екені дәлелденген. Қалай ойласыз, кенеттен келген вирустық індетке шипа болатын ем бар ма?

 

Профессор Раушангүл Омарова: Ауруды жаратқан да – Алла, емін беретін де – Алла. Рухани әлем мен материалдық әлемді тең ұстаған кезде ғана адам бақытқа жетеді! Ол адамның екі қанаты іспетті. Кез-келген аурудың шипасы бар. Тек қана тәндік тұрғыдан қарамай, рухани және психологиялық, физиологиялық тұрғыда емдеу жүргізу – нақты сауығуды қамтамасыз етеді. Ауруды тек бір жақты қарау – оның толық сауығып, қайталап ауырмауына кепіл бола алдмайды. Адам – күрделі жүйе, бір дәрімен немесе бір әдіспен ағзаны қалпына келтірдім деу қиын. Бұл жерде кешенді әдіс қана өз нәтижесін берері сөзсіз. Уақыт келеді, бұл мәселені де халқымыз толық меңгеріп кетеді деп үміттенемін. Жақсылық алда! Құран Кәрімде: «Аллаға кім жүзін бұрып, шын беріліп жақсылық істесе, оған Раббыңнан жақсы сый бар және ешқандай қорқыныш, қайғы-қасірет жоқ», -деп Бақара сүресінің 112-аятында бізге уәде берді. Ниетімізді түзетіп, жақсылық жасап, жүрегімізді Жаратушымызға бұрып, махаббатпен өмір сүрсек бәрі жақсы болады!

 

Роза Ысқақ: Салиқалы сұхбатыңыз үшін Сізге алғыс білдіремін!


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу