Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Дала қызының ойтолғауы

БЛОГТАР

05 желтоқсан 2020
160
0

Дала қызының ойтолғауы

Тау көрмей өскен қыз едім. Тау деймін-ау, тау түгілі қырат көрмеген едім...

 

Таудың алыптығы, асқақтығы бір көргеннен баурады. Шыңын бағындырсам дедім. Ал, тау болса, әр басқан екі қадамымның біреуін артқа тастатып отырды, жүргізбеді. «Қашанға дейін шыдар екен» дегендей мысқылдап күліп қоятын секілді. Асқақтығымен көзді қызықтырды. Оның саясында терең тыныстадым. Көлеңкесінде бір демімді басып, ытқып соққан желден (өмір желінен) тығылғанда қорғаныс таптым деп ойладым. Бірақ, баурайында өскен тікен ағаштар еттен өтіп, сүйекке қадалғандай еді. Жанымды шаншып, жүрегімді тырналағандай еді.

 

Және өзі де: «Шыңыма шықса, менсінбей қалар» деп ойлады ма, білмеймін. Әйтеуір, біресе, өзіне ынтықтырып, біресе, өзінен алыстатып отырды. Көкке көтермеді. Мықты болып көрінгенімен, дала қызының қайсарлығынан қорқып, біресе, бұғып, біресе, теріс айналды. Сонда да, қоймадым. Қан жоса болған білегіме де қарамадым. Шыңына жетсем, бар дертім жазылардай, бар қиындық ғайып болардай көрінді. Жетуге аз қалғанда үрейленген тау қатты-қатты сілкініп алды. Сол сәтте ғана етегіне барып бір құладым. Ұйқыдан шошып оянғандай, денем түршігіп кетті. Есімді жидым. Өрге шығамын деп жүріп, уақыт пен кеңістікті сезінуден қалып кетіппін. «Мен қайдамын? Сағат қанша? Бұл қай ай, қай мезгіл?» деп сұрайын десем, жанымда бір жан жоқ. Жанымда ешкімнің қалмауының да себебі бар. Өйткені, жақын жандардың айтқанын тыңдамадым, ақылына құлақ аспадым, сөздеріне тоқтамадым. Олардың ең соңғы айтқан сөзі ойыма оралды: «Өлетін бала молаға жүгіреді – дегендей, сен де тауға шығамын деп қоймадың ғой, құласаң, сені ешкім құтқармайды. Сен дала қызысың, тауға шығамын деп әуре болма!».

 

Иә, мен дала қызымын ғой. Тауды армандап жүріп, қиялға батып жүріп, өзімнің ен даламды, кең жазығымды ұмытып кетіппін. Биік тауға өрмелеуді үйренемін деп жүріп, өз даламның жолдарынан адасатындай жағдайға жетіппін.

 

Десе де, мен тауға ризамын, алғысым шексіз. Ол менің мінезімді қатайтты, жігерімді шыңдады. Шыдамдылық пен төзімділікке, батылдыққа үйретті. Өзім де осал емес едім, кіші жүздің қызымын ғой және мен дала қызымын. Сүйектен өтер суықты, бет шыдатпас аязды көріп өскен қызбын. Бірақ, таудың берген тәрбиесі бөлек. Ол мені сындыра алмаса да, майыстырды, яки, икемділікке баулыды. Инабатты, кішіпейіл болуға үйретті. Керек жерде өркөкіректік пен тәкаппарлығымды баса білуге шақырды.

 

Мен таудан бас тартпадым. Бірақ, ендігі оған ұмтылмаймын да.

 

Ал қазір «Магомед Тауға бармаса, Тау өзі Магомедке барады» (Если Магомед не идет к Горе, то Гора идет к Магомеду) деген сөз есіме оралып отыр. Бірақ, бұл басқа әңгіменің бастамасы болатын секілді...


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha