Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Терезеден көрінген елес қыз? (Жалғасы)

БЛОГТАР

30 желтоқсан 2020
634
0

Терезеден көрінген елес қыз? (Жалғасы)

Шынымды айтсам ғайыптан пайда болған қызды көріп тілім байланып қалғандай болды, сөйлейін десем дауысым шықпайды, қолымдағы жарықты да түсіріп ала жаздадым. Қыз тапжылмай маған тесіле қарап тұр. Сосын қызға бажайлап қарап едім «Терезеден көрген қызым». «Оу, мына қыз бұл үйде не қылып жүр, үйіне бармаушы ма еді? Бұл - кәдімгі адам кейіпті қыз ғой. Ендеше бұл қыздың отбасылары осы иесіз үйдің бөлмелерінің бірінде тұрып жатқан болар, өйткені иесіз үйде тұрып жатқан отбасылар бар екенін білетінмін. Енді қызға қандай көмек бере аламын?», – деп ойланып тұрып қалдым.

 

Дегенмен тұтыға - мұтыға зорға дегенде тілге келдім-ау:

 

- С - с - сізді таңертең терезеден көріп, бұл қыз иесіз үйде не қылып жүр деп ойлап едім. Сіз кім боласыз? Осы үйде мекен етіп жатырсыздар ма? Бұл бөлмеде қандай жағдай болғанын білесіз ғой. Кеш түссе үйден шықпаңыз! Жүріңіз пәтеріңізге апарып тастайын деп, - қызға қарай бір қадам жүріп едім. Қыз үн – түнсіз кері шегінді, - жүріңіз үйден шығарып жіберейін, – деп тағы алға қадам бастым, қыз тағы кейін шегінді. «Қорықпаңыз» деп едім. Қыз таңғалған жүзбен маған қарады. Содан жақындап барып, қызды қолынан жетелеп бөлмесіне апарайын десем; о тоба, қолын ұстай алар емеспін, қолым ауаны қармайды. Сонда ғана қыздың астралды денемен тұрған аруақ екенін түсіндім. Көзі шарадай болған қыз кенеттен ғайып болғанда..., далаға қалай атып шыққанымды білмеймін. Алқына демімді алып «Анам ессіз үйге кірме деп еді ғой. Расында бұл өлген қыздың аруағы болғаны да», - деп ойланып тұрып қалдым. Әлгінде ғана жұлдыздар жарқырап, ай сәулесі төгілген аспанды бұлт торлап, дала күңгірт тартыпты. Жел де көтеріліп, ауа-райы өзгерген сыңайлы. «Әй, мен осы не үшін келдім. Қыз аруағынан қылмыскердің кім екенін білуге келіп едім ғой, ендеше неге қашып барасың, сужүрек» деп өзімді қайрап, үйдің есігінің алдына келіп едім, жүрегім шайлығып қалған ба, есіктің алдында бөгеліп тұрып қалдым. Осы кезде қайдан шыққаны белгісіз екі жігіт маған қарай ентелеп жүгіріп келе жатты. Тіптен олар «Тоқта, сөйлесейік әңгіме бар» деп қояды. Дауыстарында ызғар бар. Айғайларына көңіл бөлмей көше бетке шықтым. Халықтың аяғы сұйылыпты. Көше шамдары сөнген, дала қараңғы. Бір кезде артыма қарасам екеуі жақындап қалыпты. Жүздерін көре алмадым. Қолымнан келгені қашу болды. Үй алыс. Бірақ таныс жол, жүгіріп келемін, олар болса мені қуып келеді. Өздері тым жүйрік екен, бір кезде желке тұсымнан олардың алқына шыққан демдерін сездім. Енді қимылдамасам кеш болатынын түсініп, әбжәл қимылмен қуып келе жатқан кісіні айнала беріп, теуіп құлаттым. Екінші де бетпе – бет келіп қалған еді. Қолында пышақ-ау деймін жарқ еткізіп маған сілтеп қалды, бірақ сол қолыммен оның қолын қағып қалып, оң қолыммен шықшыттан қатты ұрып едім, сұлап түсті. Олар мені соқы береді деп күтпесе керек, екінші жағынан өзім де бокс, каратемен айналысқан адаммын, олардың құлап жатқандарын пайдаланып, алға жүгіре жөнелдім. Көптен жүгірмегеннен бе, алқынып қалып, жол бойында құшақ жетпейтін теректің тасасында келіп тыныстап, әрі бұзақыларды аңдиын деп жасырындым, осы кезде олардың жанымнан өтіп бара жатып, сөйлескен дауыстарын естідім. Біреуі:

 

- Бастық, қыз өлген үйді неге күзеттіріп қойды екен, - десе екіншісі оған:

 

- Оның айтуы бойынша қыздың әке - шешесі көріпкелдерді шақырып қызын өлтірген кісіні тапқанға сыйлық жариялапты. Бастық содан жасқанып, көріпкелдер осы үйге келуі мүмкін, өйткені олар аруақтарды түн ішінде көретін көрінеді. Егер көріпкелдер жүрсе тиісті жазасын беріңдер деген. Оу, әлгі жігіттің спорттан хабары бар көрінеді, бізді шашып тастады ғой. Бір кісіге бой бермейтін күшім бар деуші едім. Енді жігіттерден сұрастырып, жекпе-жек өнерімен айналысқан жігіттерді білу керек. Бірақ, аталмыш оқиғаны бастыққа айтпай-ақ қояйық, - деп ұзап бара жатты. Соңдарынан аңдыйын дедім де, тағы бір бәлеге ұрынармын деп сақтана жүріп үйге бет алдым. Үйге кірсем әйелім алаңдап отыр екен. Мен үйге кірген соң үстінен ауыр жүк түскендей болып:

 

- Тым кешіктің ғой. Балалармен бірге уайымдап отыр едім. Не болды? – деп жатты. Тамақ ішіп балалар ұйықтаған соң әйеліме болған жайды айта бастадым:

 

- Таңертең ерте кеткенімді білесің ғой. Жолда келе жатып қызды өлтірген иесіз көп қабатты үйлердің терезінен бір қызды көрдім. Таң атпай ескі үйдің ішінде жүрген қандай жүрек жұтқан қыз, мүмкін үйге байқамай кіріп, адасып қалған болар шығаруға көмектесейін деп ойлап қызға қайта барып едім, қыз жоқ. Содан жұмысқа келіп, жанымдағыларға болған жайды айтып едім, олар қыздың аруағы болар деді. Жұмыстан шыққан соң аруақпен кездесіп болған жайды білейін деп иесіз үйге кіріп, қызды өлтірген бөлмеге келсем ешкім жоқ..., бірақ өлген қыздың аруағымен бетпе - бет кездестім. Қыз кенеттен жоқ болып кеткен кезде расында қобалжып далаға шықтым. Қайта кірейін деп едім, үйдің жанында жүрген екі жігіт мені қуа жөнелгені, әйтеуір спортпен айналысқанымның себі тиді... әрі олардың құпия әңгімелерін естідім. Екеуінің де қыздың өліміне қатысы бар ма деп ойлаймын. Қараңғы болған соң түрлерін көре алмадым. Екеуі орта бойлы мығым денелі кісілер екен. Содан жанымды шүбірекке түйіп, үйге ұғып - бұғып кіргенім ғой. Енді бұдан былай сақтанып жүрмесем, - дедім. Әйелім болса:

 

- Тас қараңғыда иесіз үйге баруға бола ма, егер жын соқса иесіз үйде сенделектеп қалар едің ғой, - деп жатты.

 

- Бәрі жақсы болады, қорықпа, - деймін.

 

- Сен бұл іспен айналыспа, бұның артында -ықпалды кісілер тұрғаны көрініп тұр. Иә, анаң маған айтқан, бала кезіңнен елестерді көретініңді. Бұл қасиет апамнан ауған деп отыратын. Анаңның сені көзқарақты кісілерге емдеткен кезде, олар сенің ерекше жағдайда елестерді көруің қайта басталады деген екен, - деп әйелім мұңайып қалды.

 

- Шұрқ етпе бәрі орнына келеді. Тек аруақпен кездесіп, қызды кім өлтіргенін білсем болды, - деп оны жұбатып, ұйқыға жаттық, содан ұйықтап кетіппін. Бір уақытта атымды атап оятқан әйел даусынан оянып кеттім. Көзімді ашсам бөлмемнің кіре беріс есігінің алдында «Терезеден көрінген елес қыз» тұр. Ол маған үн - түнсіз тұнжыра қарап тұр екен. Екеуміз көзімізбен арбасып тұрып қалдық. Әйелім алаңсыз ұйықтап жатыр, оянар емес. Ал, «аруақ қыз» маған төніп келе жатты!?.

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу