Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Әке естелігі

БЛОГТАР

21 мамыр 2021
30
0

Әке естелігі

Кеш түсе жұрт аяғы басылып, ауыл тыныштық құшағына бөленгенде, әкем үй алдындағы көк майса шөпке құрақ көрпе төсеп, жанына мені шақырып, құшағына ала отырып, тылсым да тұңғиық жұлдызды айлы аспан астында өмірінің тұңғиығынан шымырлата шығарып айтқан естеліктерін  сүйсіне тыңдаймын:

- 1937 жылы онжылдықты бітірген кезім. Жастаймыздан балалар үйінде бір төсекте ұйықтап, бір тілім нанды бөліп жеген достарым бірі елін сағалап, бірі туған - туысқандарын жағалап кетіп жатты. Мені ешкім сарғайып күтіп отырмағаны белгілі, сондықтан бар уайымым оқуымды әрі қарай жалғастыру болды. Бірақ қалай?.. Әйтеуір балалар үйінен мені қуып жатқан ешкім жоқ. Әзірше жатар орын, ас - су бар. Бір күні мектеп директоры шақырып жатыр деген соң қабылдауына бардым. Ол кісі жүрегі кең, мейірімді, иманжүзді кісі еді. Кабинетіне жасқана кірдім, ол мені жылы шырайымен қарсы алып, жағдайымды білген соң: «Балам, сен оқуыңды өте жақсыға бітірдің емес пе, енді біліміңді әрі қарай жалғастырып жоғары оқу орнына түс. Қай оқу орны болсын сен оның есігін теуіп кіретініңе сенемін, - деді. Мен күмілжіп қалып едім, ол ойымды сезгендей: ««Құласаң нардан құла деген» сен Ташкенттің мемлекеттік университетіне бар, уақыт та өтіп жатыр, бағыңды сына, қаражаттан қысылма, оқуға түссең де, түспесең де маған кел, менің қамқорлығымда боласың» дегеніне жанашырлық танытқан ағайдың жылы сөзіне көңілім босап кетті. Ол мені үйіне апарып, бөлмемді көрсетіп «енді осы бөлме сенікі болады» деп мені екі-үш демалған соң «саған оқуға кету керек» деп, қолыма ақша ұстатып: «Бұл қаражат сенің жолың мен тамағыңа еркін жетеді», - деп, мені Ташкентке баратын поезға отырғызып, шығарып салды. Көтеріңкі көңілмен Ташкент шаһарына жеттім. Ташкент бір әсем қала екен, оның 1924 жылға дейін Қазақ елінің құрамында болғанын білемін, ал осындай көрікті шаһардан айрылып қалғанымыз қандай өкінішті!

Сұрастыра - сұрастыра университетті де таптым. Бірақ оқуға құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталыпты. Жәрдем етер деген ниетпен ректорға кіріп едім, оның «Оқуға келесі жылы келерсің», - дегеніне салым суға кетіп, жолға азық-түлік алуға базарға келдім. Базарда пәрәнжә киген әйелдерді алғаш көруім еді, әйелдердің беттерін тұмшалап алуы маған ерсі көрінді. Мен жанымнан өте берген әйелдің пәренжісін сыпырып алып едім, кемпір екен, шыңғырып жібергенде базарда жүрген өзбектер өре түрекеліп, мені қуа жөнелгені.

Жан беру оңай ма, қашып келемін, соңымда қуғыншылар. Көшенің бір қалтарысына бұрылып едім. Сорыма қарай алдымнан бір шоғыр өзбектерді ерткен ала тақиялы, ала шапанды, қаба сақал кісі келе жатыр екен. Не істейін, барар жер басар тау жоқ, өлген жерім осы болар деп әлгілердің алдында әл-дәрменім құрып барып құладым. Ақ шапанды, қаба сақал адам қолын көтеріп еді, қуғыншылар тоқтады.

Ақсақал өзбектерді бір-екі ауыз сөзімен таратып жіберді. Мен екі иығымнан дем алып жерде жатырмын. «Балам, тұра ғой, қайдан келдің?», - деген ақсақалдың жылы сөзінен кейін жүрегім орнына түсті. «Қазақ елінен оқуға келіп едім, бірақ құжат қабылдау мерзімі аяқталып қалған екен. Елге қайту үшін азық-түлік алуға базарға келіп едім, бетін жапқан әйелдердің қылығын ерсі көріп, бір ағаттық жасап алдым», - дедім. Ол кісі мені менің құжаттарымды тексеріп: «Балалар үйінде тәрбиеленген екенсің, әрі атестатыңдағы бағаларың да кілең бес екен,- деп жүзі жылып,- иә, бұндай қоғамға жат дәстүрлер бізде әлі де бар, бірақ түбінде оның көзін жоямыз, ал сен балам, міндетті түрде оқуың керек. Ректорға бар, Ахунбабаев Юлдаш сенен құжаттарыңды қабылдап емтихан алсын деп айтты де. Немесе ол маған телефон шалсын», - деп қағазға сәлемдемесін жазып берді. Мен ол кісіге рахметімді жаудырып университетке бардым. Ректорға Ахунбабаевтың сәлемдемесін беріп едім, ол ұстаздарын жинап, мектеп бағдарламасындағы бүкіл пәндерден сынақ алды. Берген сұрақтарына мүдірмей жауап беріп тұрмын, әсіресе математика пәнінен сұрақтар көп болды. Математика пәнінің мұғалімі сұрағыма қанағаттанбай «дұрыс емес» деп еді, мен ол сұрақ математика пәнінің пәленше бетінде солай жазылған деп тұрып алдым. Расында сол бетті қопарып көріп, көздері жетіп, маған риза болды. Осылай мен Ташкент Мемлекеттік университеттіне қабылданып студент аттандым. Қуанышта шек жоқ. Біраз күн қаланың көрікті жерлерін араладым.

Зор әсермен елге қайттым, көз алдыма ағайдың қуанған жүзін елестетіп қоямын. Ал, елім мені найзағайымен, нөсер жаңбырымен қарсы алды. Қуанып келген мен жауынды елейін бе, балалар үйіне асығып келе жатырмын. Мектепке кіріп директордың бөлмесін ашсам ағайдың орнында бөтен кісі отыр. Тосылып қалдым.

«Ағай қайда кеткен» деп ойланып тұр едім, мұғалімдер бөлмесінен ұстаздарым шықты. Олар мені көрмегендей жанымнан өте шықты. Мен аңтарылып тұрып қалдым. Бір кезде жаныма ұрлана басып жасымнан бағып-қаққан тәрбиеші ұстазым келіп: «Балам, саған жақсылық жасаған директор «халық жауы» деп тұтқындалды, - дегенде тынысым тарылып кетті. Әкем мен анамнан айрылғанда осындай күй кешіп едім..., - міне азын-аулақ ақша, вокзалға бар да кез-келген поезға отыр, сені мұндағылар «халық жауының» қамқорлығыңда болғаныңды біледі. Мүмкін енді милицияға хабарлап та қойған шығар. Сен мені көрдім деп ешкімге айтпа, саған жаным ашығаннан айтып жатырмын, ал жолың болсын, - деп қоштасып қала берді. Содан өкпем өшкенше жүгіріп вокзалға келдім, сол сәтте бір поезд пысылдап қозғалып бара жатыр екен, қарғып мініп алдым. Поезд Алматы қаласына келді. Алматы қаласы көгілдір аспанымен ақшаңқай күнімен қоңыржай ауа-райымен қарсы алды. Көңілді көтеріп кетті. Алматы заңғар Алатау аясындағы жұмақ жер екен!..

Енді Ташкент қаласына оқи алмайтынымды түсіндім. Алматыдағы педогогикалық институтқа (қазіргі Қаз ПИ) келіп, Ташкент МУ оқуға түскенім туралы құжаттарды көрсетіп Ташкентте оқуға жағдайым көтермейтіні туралы айтып едім, олар мені түсіністікпен қабылдап «Ташкент МУ құжаттарыңды алдырамыз бізде оқисың» деп жатаханадан орын бергенде қатты қуандым. Осылай Алматыда оқуымды жалғастырдым...

Артынан маған қамқоршы болған Юлдаш Ахунбабаевич Ахунбабаевтың (1925-1938) Өзбекстан республикасы Президиумы ЦИК-нің бірінші Председателі болғанын білдім. Ол кісі 28.02.1943 жылы 57 жасында Москва қаласында қайтыс болғанын оқып білдім. Топырағы торқа, жаны жәнәттә болсын деп әкем көзіне жас алып еді.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу