Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

БЛОГТАР

19 мамыр 2022
497
0

Жұмбақ жан?

Ойын баласымын, әкем мен ағамның орманға жиналып жатқанын көріп, мен де олармен ілесіп орманға келдім. Діттеген жерге жеткен соң, әкем атын доғарып, отқа қойды.

Әкем мен ағам ара, балталарын алып отын дайындауға кіріскен кезде мен ағаш маңынан жидек пен шиені тобатайға тере жүріп, ілгерілей – ілгерілей қалың жыңғыл ағаш қойнауындағы қар сулары іркілген тоғанға келіп тірелдім, бұндай тоғанды жергілікті жұрт «томар» деп атайтын. Томарды қоршай қалың талдар өседі. Ал, томар суы мөлдір тұщы (дистилированный) таза су болғандықтан, оны ауыл тұрғындары тұрмыстық мақсатта пайдаланатын. Ал тоғанды қоршай өскен талдың биіктігі 2- 2,5 метрге дейін жететін. Содан ба, ауыл адамдары еңселі адамдарды «Бойы талдай» деп айтатын. Жаз шыға жылы жақтан келген үйректер талдың ұшар басына ұя салып, жұмыртқа басып балапандарын шығаратын.

Томардың жанынан кері қайтайын деп бұрыла беріп едім, қалың талдар арасынан бойы талдай, бет-аузын жүн басқан, екі аяқты адам ба, әлде мақұлық па маған тесіле қарап тұр екен. «Адамның» түк басқан бетінен, тек екі көзі ғана жылтырайды. Екеуміз көзбен арбасып тұрып қалдық. Ол қимылсыз тұрған соң бұрылып орманнан шығуға бет алдым. Орманнан шыға бере, әлгі екі аяқты мақұлық тұрған жаққа қарасам, ол менен көзін алмай әлі қарап тұр екен.

Сосын әкем мен ағама барып «Талдар арасында үсті - басын жүн басқан адамға ұқсас мақұлықты көрдім», - дедім. Менің айтқанымды естісімен әкем қолына мылтығын ұстап, ағам екеуі орман ішіне беттеді. Мен бармаңдар дегенімді тыңдамаған соң олардың соңдарынан ердім. Бірақ «Мақұлықтың» тұрған жерінде болмай шыққанына қуандым.

«Қорыққанға қос көрінеді дейді», - деп ағам мені мысқылдады. Оған «Мақұлықты» шын көргенімді және одан қорықпағанымды айтып едім ағам айтқаныма сенбеді. Енді өз бетімше із кесіп, мақұлық тұрған жердегі қауға шөптің жапырылғанын әкеме айтып едім, ол: «Малдар жатқан ғой» деген соң, іштей тындым.

«Бұл кім болды?» екен деген ой көпке дейін есімнен кетпеді. Егер мақұлық болса, мені паршалап тастауы мүмкін еді. Бірақ ол маған тиіспеді, соған қарағанда адам болғаны да...

P/s. Бала кезімізде ауыл ақсақалдары жасыл шалғынға отырып әңгіме дүкен құратын. Олардың Қобыланды батыр, ЕрТарғын батыр, Кенесары хан, Абылай хан т.с.с қазақтың аңыз болған батырлары туралы айтқан әңгімелерін құмарта ұйып тыңдаймын. Бірде ала-қотан отырған ақсақалдардың «Ауылда діни және дүниелік білімі бар зиялы адам тұрды. Оның ілімінің күштілігі сондай ағып жатқан өзен суын теріс ағызатын қасиеті бар еді. 1937 жылы репрессия басталып ауылдың бес азаматы «халық жауы» болып жазықсыз сотталған кезде, ол кісі жоқ болып кетті... Бірақ, артынан білдік, ол кісінің ауыл маңындағы қалың орманның жыңғылдарының арасында жертөле қазып, бой тасалап, өмір сүргенін. Заман тынышталған кезде ауылға оралған, бірақ оның ісінен қылмыстық іс табылмаған соң күштік құрылымдар оны жайына қалдырса керек» дегендерін естідім. Балалықпен ол кісінің аты-жөнін сұрамаппын...

Бозбала кезіміз, бірде жолдасым екеуміз қалың жыңғыл орман ішін аралап жүріп қурай басып төбесі опырыла бастаған жертөлеге кездестік. Жөртеленің ішінде қолдан жасаған үстел, жатар орын, пеш тұр екен. Үстелдің үстінде араб әрпімен, латын әрпімен, кирил әрпімен жазылған газет қиындылары жатты және үстелдің үсті үсті тік, ирек жазуларға толы болды. Тек уақыт өте келе руника жазуымен танысқан соң, үстелді тауып алайын деп жертөлеге барып едім, жертөле жермен-жексен болыпты.

Бүгінгі күні бала кезімде орман ішінде көрген адам мен репресиядан қашып жөртеледе жасырынған адам бір адам болуы да кәдік қой деп ойлаймын... Енді бәрі кеш... аталмыш «Жұмбақ жан» тарих тұңғиғына кетті...

 

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha