Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Блогтар
ҮГІЛГЕН ҮМІТ

БЛОГТАР

11 қыркүйек 2021
291
0

ҮГІЛГЕН ҮМІТ

«Сөз» - ді дыбыстап көріңіз. Поэзия мен музыка еседі.

Яғни, сөзден туған әңгіме де, әуезді ән.

 

Тау бөктері. Шеше мен қыз гүл теріп, әке мен ұл доп қуып жүр.

Қоңыраулы көмейге Күн күлімдеп, жапырақ саусақ жайған. Құмартқан бала қызыққа тояр емес.

Жауһар әріде жүрген сәбиіне сүйсініп тұрып, жүзін шуаққа тосып, кірпік айқастырған, себелеген сәуле, санадағы сыбызғы саз шым-шымдап бойға өтіп, рақатқа кенелтіп еді, кенет аялаған жібек жел өзгеріп, сарын ауысты.

Жел желпіді. Әуелеген әуен. Аяқ байпаңдап, ырғалған дене баппен бойлап, қара шашы төгілген, көк етегі желбіреген ару, ауа ағынымен айдынды шарлап, тау-тасты, жазираны кезіп, кемпірқосақ-шаңыраққа соғып, тоғай тынысын тыңдады.

Ғажап! Сыбыр, сылдыр, сыңғыр, жыбыр-қыбыр. Үйлесімді, жарық дүние. Жер алақандағыдай. Бояуға кенелген гүлді алқап. Жаға үлп етіп, тырна үніне аққу гәккулеп, тіпті, құзғын-құз да тұнжырауды қойыпты.

Жел желпіді. Бұлғақтаған етек көкке өрлетіп, заңғар әлемде шыркөбелек айналған биші, әсем ырғақта бірде теңіздей толқып, бірде борандай бұрқанды.

Әлде бір жақтан жүрек шымырлатқан әуен жетіп, жан тыншыған.

Аңқылдақ жел ұйытқып, құйын жүрді. Сызылған әуез шырқауға шығып қонақтап, бәсеңсіген дауылда еппен сырғып, үн үлбіреп шалқығанда, көгершін қанат қағып, табан топыраққа тиді. Жауһар ескен самалмен тыныстап, ақырын қабақ көтерген, гүлжайнап жан-жағына қарап жымиып:

- Айзерде, екеуінің қарны ашқан шығар. Жү-ү-ір, - деді әндеткендей.

Ақ көбелек ұшып келген:

- Апа, өзімдікін сенікіне қосайыншы. - деп, құшақ толы тергенін ұсына беріп: - О, міне, қандай көп, әдемі ғой, е! - деді шаттанып.

 

Бұ-ны әкең мен бауырыңа сыйла.

Иә, иә.

Шеше дастарқан жаюға, бүлдіршін тарту тартуға асықты.

Таза ауада ас ішу ғанибет. Айбар:

- Мен өскенде биікке көтерілемін, - деді ұшарға қарап.

Айдар ұлына көңіл қойған:

- Балам, қиындықты жеңу оңай емес, жүрексінбейсің бе? - деді сынай қарап.

 

Жасқанбай, оған жетудің әдісін табу керек.

- Онда арманға сәттілік, - әке мейірленіп, арқадан қағып, ағасына құлақ қойған Айзерде:

- Ал мен ше? Не істеймін сонда, - деді бұртиып. Айбар езу тартты.

 

А, ұмытып кетіппін ғой, сен соңымнан ілесесің.

- Алақай! - қуаныштан қутыңдау ортаны мәз ғып, өзен сылқылдаған, отағасы:

- Келші, ботақаным, - деп, маңдайға құшырланып, ұлы мен зайыбын беттен сүйді.

Ертеңіне кешегі серуен әсерінен көңілді оянғандар шай-пай ішіп, әркім өз шаруасына кеткен. Демалыстағы отанасы оны-мұны істеп, бала бақшаға жібергісі келмеген қызы жуынған соң тамақтандырып:

 

Дүкеннен керегімізді алайық, - деді.

- Апа, алыс емес ғой, өзің барып кел. Мен есік алдында ойнаймын.

 

Онда шарбақтан шығушы болма.

Шықпаймын. Маған не әкелесің?

Не алайын?

Балмұздақ.

Құп!

Әншейінде балапанын қасынан қалдырмайтын ана, балалықпен сыртқа шығып кете ме деп қауіптеніп, ұзағанша жалтақтаумен болған, қайта оралғанда іште сабақтан келген ұлы тұр екен.

 

Айзерде қайда? - деді.

Жоқ.

Жоғы қалай?! Бөлмелердің бірінде шығар.

Қарадым.

Бес жасар бала қайда кетеді. Жауһар апалақтап, қолындағысын сыртқа тастай сап, «Айзерделеп» үйді шарлап, атып шықты. Жанұшырып айналаны шолып, көршілерден сұрастырып, дымы құрып, күйеуіне телефон шалған, ол әп-сәтте жетіп, бос уақыт өткізгеннен түк шықпасын біліп, полицияға хабарлап, көрші-қолаңға еріктілер қосылып, талай қуыс түгендеуден апта өткенде бір сайдан әзер табылды.

Бетаузын ағаш кескен, тескен, кір-қожалақ, зорланып, сілейген өлік бастырылған заттан аршылғанда, қалшылдаған Жауһар сылқ етіп, өбектеуден әзер ес жиған, ботадай боздаған ұлын, суыған күлдей сұп-сұр жарын көріп, еңіреді-ай кеп.

Үй жым-жырт. Еңсе езілді. Нұр сөнген. Күн көлеңкесіз болмаса да, мынау сұмдық. Құлақ кесіп, ми тесіп шарылдаған дауыс, шырқыраған шыбын-жанды қоярға жер тапқызар емес. Жауһар жұмысын тастаған, сырттағылар келгенше әрі-бері сенделіп, ас-су әзірлесе, өңешке қылтанақ кептелгендей қылғынады.

Айдар қастарына жуымайды. Айзердені жерлегеннен кейін дастарқанға шақырғанда:

- Кет! Сенің кесірің. Ұқыпты болсаң осылай болмас еді, - деп жұлынып, алдындағы бөтелкені жерге бір қойғанда зәресі ұшып, іштей тынған, уақыт өткізіп, Айбарды жұмсады.

Жұмыстан келсе бөлмесінен шықпайтын нардай еркектің, үгітілген таудай мүжілгенін көру азап. Жасқаншақтаған Айбар:

 

Әке, шай ішейік жүрсейші, - деді.

Тіл қатпады. Мұңайған бала:

Естімейді, - деді жыламсырап.

Жауһар ұйқыдан қалды. Дөңбекшу мезі ғып, жан кемірген ойдан серпілгісі кеп, перде сырып, сыртқа қараған, жайшылықта айшықты Айы, жымыңдаған жұлдызы әсерлендіретін мақпал түн түнерген түнек. Дыбыс та, қимыл да жоқ. Айдалада қалғандай түршігіп, бойда сарнаған қаралы симфония құйқа шымырлатқан, тамақ қырнап қыстығып, жегідей жеген қасірет моншақтай саулады.

Кері бұрылып, орнына ыңғайланған, ұлы кеп:

- Апа, қасыңа жатайыншы, - деді.

 

Кел. Ұйықтай алмадың ба?

Қорқамын.

Өз үрейін баса алмай жүрген Жауһар, қарындасы қайтқалы еңсе тіктемеген Айбардан секем ап:

- Қорқатын не бар. Өз үйіміздеміз, - деді алдарқатып.

- Балалар ойнап жүргенде «байқа, сені де ұрлап әкетуі мүмкін», - дейді.

- Не болса соны айтқанға сендің бе. Биыл тоғызға толдың. Енді үлкен жігітсің. Жаман ойдан аулақ бол, - деді, құлынын тыныштандыруға тырысып, бауырға басып.

Сабаққа кетерінде басынан сипап еміреніп, қан жұтқан ішті бүгіп күлімдеп, шығарып салған, қайтар жолда Айбарды машина қағып, тіл тартпай кетіп, жығылғанға жұдырық болды.

Жауһардың есі ауысқандай. Лағып, не істеп, не қойғанын әзер жобалайды. Өзі сүлде сүйреп жүрсе де, қосағын аяп, тілдескісі кеп:

 

Баларадың басына барайық, - деп еді:

Жоғал! - деп, өңменнен түйді.

Айдар асщы суды сіміріп, жолындағыны теуіп, ұстағанын паршалап, бет қаратудан қалған. Кезіккенге шытынап, ілінісуге даяр.

Шаңырағы шайқалған отбасы тас-талқан. Жаралы аңдай арпалысқан ол, ақыры қастарында қаланған биік ғимараттан секіріп, тыншу тапты.

Жас семген. Жауһар мәйітті жерлегенде топырақ салғаны болмаса, жүрегі де, беті де дір етпей босағасына оралып, кіреберістегі орындықта сілейіп ұзақ отырды.

Тамақ та ішпейді, көз де ілмейді. Түнде үңірейген үйден қашып, аулада таң атырады.

Жан-жаққа назар аударуды ұмытқан, бейітке қарай ілбіп келе жатып таяғанда:

- Мә, мына қатынды қара! Ақ шабақ, қылғи салсақ ше?!. - дегенді естіп кідірген, жыртыңдағандарға сүлесоқ көз салды.

- Қойшы-ей! Есі ауысып, мәңгірген. Көрмейсің бе, тиіспей-ақ қояйық.

- Есін алған біз бе. Көктен сұрағанды, жерден берді. - Орнынан лып еткен Жауһарға таяп шабынып, омырауды дар еткізді. Селк етіп, шегінген бейбақ мұңлы кейпін жұтып, көгеріп шыға келген, жымыңдап қайыра ұмытылғанға оқ жыландай атылып, шап етіп, беттен қыршып алды.

- А-а-ай! Ойбай! Құртты қатын! - Саулаған қанмен алысып, әлекке түскен бейбастақ тұра қашқан, алдындағы бөтелкені саңғырлатып, үрпиіп түрегелген екеу, селтиіп қалыпты.

- Қатын, қатын деген қатып, шал деген шалқадан түсіп, кемпір деген кеміп, қыз, қыздап түртпектеген қызаратынын жын құсқан, бейауыз, бетімен кеткен тәрбиесіз, жетесіздер ұқсын деп айтқан. Адамдарға қайғы арқалатып, күн көрсетпейтін оңбаған, сендердей безбүйрек, албасты сұмдарды кім туды?!.

Кінәлі де, ойыншық та, мазақ та қыз-қатын! Шөп шықпаса да солардан көресіңдер ме. Не қатын?!. Қатып семгір, жетпіс жеті атаңа нағылет, хайуаннан жаралған жауыздар! Баласы бар жаулықты отбасы, жұпсыз еркек ешкім де емес. Неменеге пісесіңдер. Өзінің де, өзгенің де бағасын тәрк еткен парықсыз, көргенсіз, тексіздер. Кәне, кім қырық шырақты сөндіріп, тұқырта алар екен. - Ыза буып, ашынып, долырған әйел мінберден сөйлегендей саңқылдап, тоқтай алар емес, қасында жатқан ағашты жұлып ап, әуелгі іліккенді жоннан қайқайтып, зытқанды желаяққа айналғандай өкшелеп, зырлап кеп, желкеден соққанда омақаса түсіп, атып тұрған неме, қайыра сүрініп барып, безе жөнелді.

Ыржақтар тым-тырақай. Деміккен ЖауҺар сілейіп, тәлтіректеп сылқ етіп отыра кеткен, тарығып, күйінген кеуде лықсып, тасқындай ақтарылды.

10 қаңтар. 2021 жыл.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha