Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Блогтар
ҚИЯЛДАҒЫ БІР БЕЙНЕ

БЛОГТАР

11 қыркүйек 2021
533
0

ҚИЯЛДАҒЫ БІР БЕЙНЕ

Айсафа сұлулық салонынан шығып, ұзақ қарбаластан бой жазғысы кеп бақта аяңдаған, ағаш аясы тынысты. Серуендеуші шамалы. Мама емен түбінде екі әйелдің бірін-бірі қоштап қол сермеуін қызықтап, кешкі әңгімені еске алды.

Шешесі әуелі жұмыс жайын сұрап тоқырғанда:

- Апа, бірнәрсе айтпақсың ба? - деген:

- Жоғ-ә, әншейін. Жазды өткізіп алмай, жер аяғы кең де үй сыртын жамап-жасқасақ.... Тиіп кетсең үгітілуге шақ ірге әбден қажытып болды, - деді.

- Жарайды. Таяуда демалысқа шығамын, сонда кірісейік.

Бейнеттен қажыған бейне. Айсафа анасына аянышпен қарап:

- Апа, ұлың мен қызың оқу бітіруіне жан салудамын. Құдай қаласа, маман боп шықпақ. Сонсоң жабылып, саған заңғар сарай салып береміз, - деді күлімдеп.

- Айналдым! Оған да жетерміз. Шешем байғұс, өткенін еске ап: «Ауылда мемлекет тарапынан баспана салынса, оған көз қызықтырып басшылар кіретін де, былайғы баяғы ескі тамда таңылып қала беретін. Ең құрығанда сен жаңаға жетсең», - дейтін, ондай маған да бұйырмады.

Тұрмысқа шығып, қала шетіндегі осы босағаға түстім. Ескіні жаңарту қайдан, әкең аурушаң, тиіп-қашып әрнені істеп, ақыры дүниеден өтті. Жалғыздықта есіл-дерт сендерді жеткізу болған соң, қиындыққа бой алдырмай, шама жеткенше тырысып бақтым. Ендігі көкей - өз жөндерін тапса.

- Уайымдамашы. Әр нәрсе сәтімен. Үйіміз бар. Сыртқа шықсақ, ошаққа оралуды ойлаймыз. Яғни, саған жеткенше асықпыз.

- О, көкем! Шаңырақ салтанатымен емес, сонда туғаныңмен құнды. Онда іңгәң, апыл-тапыл басқан табаның, бал мінезің, қабырғаға сіңген періште үнің, қиял мен арманың тұнған. Кейін сол бір ескі түңлік жоқ болса да, бәрібір оған деген сағыныш сарқылмайды.

- Иә, апа, егер үйі болмаса, адам өзін дәрменсіз, жетім сезінер. Біз бақыттымыз. Өйткені, мұнда әке-шеше мейірімі, ауладағы алма, алмұрт, шие жұлып жегенде мәз болғанымыз, ағаш жапырағы сыбдырында күлкіміз бар. Сонда да, жаңаға, жақсыға ұмтылу мақсат емес пе?

- Әрине. Биікті аңсамайтын, алға ұмтылмайтын көрлікті «жерге қарап қалған» дейді. Ондайдан сақтасын. Бері келші, күнім! - Ана құшақ ашып, бала бауырға енді.

... Айсафа ойын бөліп, шеткерілеу орындыққа жайғасқан. Сөмкесінен телефонын ала беріп, қасына кеп сүйкенгеннен тіксініп, әрі сырғыды.

- Қарындас, кешіріңіз.

Әкесіндей адамның «қарындасына» қыз селт еткен, лып етіп тұрды.

- Ә-әу, - еркек көтеріле беріп, ұмтылудың мәнсізін сезген, сасай болған текедей қауқиып, ұзай берген сымбатқа сүзердей сүзілді.

Айсафа үйге жеткенше қас қарайған, өзін тосқан отбасымен мәз боп ас ішіп, төсекке кеп қисайғанда, саябақта тыңдай алмаған әуенді қосқан, тәтті ұйқы ендеді.

... Кенет қасына таяған балбыраған кейіпке сүйсініп шашын, бетін алақанмен аялап, маңдайдан өбіп: «Сәулем, жалғызсырама. Таң шапағы. Оян, - деді сыбырлап.

Қыз ақырын көз ашқан, ешкім жоқ. Жағында жылы тап, жымиып мектептің соңғы жылы сезімін дәлелдеу үшін жиі гүл сыйлайтын Азаматтың жоғары оқуға түскен соң өзгеріп, әкесі ауқатты қызға үйленгенін, өзінің отбасына көмектесу үшін шаштараз курсын бітіріп, еңбекке араласқанын еске алды.

Одан соң бір кеште Жансерікпен танысқанда, жарқын мінезді жан бірден баурап, қызметтен қолы қалт етсе, кездесуге шақырып, талай сәт бірге өтетін. Ол жаңбырды ұнатушы еді. Сондай мезгілде тауға барып, екеуі талай нөсерге жуынып, мәз болған.

Жансерік бірде күміс жылғаға ертіп кеп: «Кәне, кәусәрмен бет жуып, шәрбәттан дәм татайық», - дегенде, айтқанды істеп, алақанын сыңарына тосқан, ерін емініп, жігіт: «Мұндай зәмзәмді татқан біреу бар ма?! Ғашықпын, ғашық-пы-н-н!», -деп жар салып, бал-бұл жанып, уылжыған жүзден өбкенде, тау мен тас, жасыл әлем әндетіп, өзен мәз боп, бақыттан бас айналған еді.

Әттең, ол бір күні жұмыстан кеш шығып, жалғызды жұлмалауды көріп, көмекке ұмтылғанда пышаққа түсіп, ауруханаға жетпей көз жұмады.

Сұмдықты естігенде Айсафа есеңгіреп, сабылған күзгі ақжауында сенделіп, сүметіліп кеп, мұрттай түсіп, әзер сауыққан. Содан бері назардан аулақтап, сырғақтауға даяр. Шаттығы да, қайғысы ақ нөсерде қалғандай. Ал мына қайталана беретін түс - сағыныш салдары шығар.

Сауыққа жиналғандар әр тұста. Таныс байқалмайды. Қасына бақта жолыққан кісі таяп:

Айсафа жұмысқа жиналған, құрбысы Самал телефон шалып туған күніне қайда келетінін айтты.

- «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан». Самалдың нағашысымын. Атым - Ақберген, - деді жыртыңдап.

Айсафа кеше қасынан тұра қашқанның, сап ете түскеніне сасып қалған, сонда да іш бермей:

- Кешіріңіз. Қалай болса, солай сөйлемеңіз. Мен қарындас та, жеңге де емеспін, қызыңызбын, - деді шіміркеніп.

Күтпеген жауап. Мосқал ыңғайсызданып:

- Иә, иә! Жәй әшейін сөз ыңғайы ғой, - деді қыбыжықтап.

- А, онда ыңғайсыздық туғызбаңыз, - шытылған қабақ жазылмай, жөніне кеткен, қызарақтаған ырғақтап, тағы да орнында қалды.

Осыдан соң Айсафа баққа аяқ баса алмай, жағымсыз әсерден арылғанда бет алған, Ақберген тағы алдынан шығып:

- Келуіңді тосқанмын. Рұқсат болса сөйлесейік, - деді сабырмен.

- Маған қатысты шаруаңыз бар ма?..

- Бар болған соң өтініп...

- Онда айтыңыз.

- Мен режиссермін. Жаңа шығарманы қолға алып, соған лайықты сұлу іздеп...

- А, солай деңіз, актерлік қабілеттен адамын. Ұсыныс жөнсіз.

- Жөнін келтіреміз. Тек келіс.

- Әуре болмаңыз. Анда-мұнда бұрыла алмаймын.

- Неден қорқасың?

- Қорқу емес, шындық.

Айсафа сөз бітті дегендей бұрылған, кескестеген сабаз:

- Шошитындай не бар. Маған бес әйел қалап тиген, - деді кекжиіп.

Бойжеткен оқыс сөзден сілейген, өзіне кеп:

- Бір аға: «Бұрын қыздарға тоқалдықты таңған. Ал бүгінгілер оны қалап алуда», - деген-тін. Мына әркімнің еркі өзіндегі заманда, бір қораға қамалып, жарының қасына қисаюға кезек тосатындай тәтелерге не болған, - деді езу тартып.

- Не болушы еді. «Бейіш әйелдің аяғы астында» деген соң, ғажаптан құр қалғым келмей...

- А-а. Қосақ көбірек болса, серуен де ұзағырақ дегеніңіз бе?.. Дұрыс.

- Күлесің, ә?..

- Жо-о-қ. Мұндағы жәннәті саралайтын шамаға жете қойған жоқпын. Ал ана жақта ұзын етекті жұмаққа бармайтынын естігенмін. Біреудің шылауында, таптаурынмен жүру қолайлы шығар, бірақ қарабайырлық – төменшектік, қарапайымдылық ақыл емес пе. Жобасыз әйелден ұл - құл, қыз - күң боп тумай ма?.. Не нәрсенің де санынан гөрі сапасы ұнамды. Адамның бағы – жары мен баласы дейді. Байлықты, қызық пен қуанышты бөлісуге болар, ал бақытты ше?.. Режиссер мырза, татар халқының Ғабдолла Тоқай деген ұлы ақынын білетін боларсыз.

- Білем, білем.

- Сол кісі: Жаралғанда дүние бір кемеге отырып,

Шығыпты алыс сапарға шындық пенен өтірік.

Екеуіне бір кеме берген екен құдайың,

Деді ме екен әдейі бұл екеуін сынайын;

Аңдысумен, аларып, өте берген жылжып күн,

Ажырапты арасы өтірік пен шындықтың.

Сойса керек өтірік шындығыңды қан қылып,

Шындық байғұс кетіпті су түбіне мәңгілік, - депті.

 

Сіз, тіпті, кесікті төртеуден де асып кетіпсіз. Суырылу әдетте емес. Сонда да, бұл пиғыл мөлшері ме, әлде... мойындамау ма?.. «Әкені беттен алған қыз оңбас», - деген. Артығырақ кетсем кешіріңіз. Туындыңызға лайық емеспін.

- Тыңдашы, сені бір көргенннен ұнатып...

- Ұнату, ұнатау заңдылық.

- Әй, сайтан екенсің!.. - Ақберген бас қисайтып сылқ-сылқ күліп, жұтынып қараған: - Иә, көркіне ақылы сай деген осы шығар. Қиялда қалған арусың!.. Амал не... - Деді күрсініп. .

- «Әркімге бұйырғаны». Біреуді жазғыру әбестік. Айып етпеңіз. Не нәрсенің ығы мен жөніне жығылсақ, аға мен әкенің қыз балаға қол жұмсамауы, бағын байлайтын ессіздікке жоламауы, жолын кеспеуі, қайынның туған жеңгемен, жезденің балдызбен жеңіл әзілден әріге барып, ыржақтап, қылжактамауы – ғасырлап қалыптасқан әдеп. Оны саналы естен шығармауын нықтаған. Әдепсіздік пен былапыттан сақтасын. Алға дүрысты оздырып, келешекке апару ғанибет-ау!

Айсафа иығынан жүк ауғандай тыныстап, ұзай берген, Ақберген шыбындаған аттай тыпыршыды.

2020 жыл. Қыркүйек.

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha