Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Блогтар
ЖАУАП ЖАРАТҚАННАН

БЛОГТАР

18 қыркүйек 2021
267
0

ЖАУАП ЖАРАТҚАННАН

Қоңыр күз. Сұлтан қала сыртындағы үй алдына екпіндеп кеп тоқтаған, қақпа айналып, жағаға өтті.

Толқыған шалқар әдеттегідей жарқырап жатса да, жүрдек толқын жағада бой жаза алмай бұғуда. Сұлтан жиекті жаңа көргендей тесірейді.

Дүние қанша екпіндеп, алқынса да, арнасынан аса алмай, дәрменсіз күй кешеді екен. Мұны бұрын қалай аңғармаған. «Бір күні ұқпасыңды ұқтырар» деген осы шығар. Сұлтан елегізіп, жан-жағына қарады.Тыныштық. Тек елпілдеп жүгерген үшеудің күлкі сыңғыры жаңғырып, жүректе сағыныш отын маздатты.

Құлазыған жігіт құм шиырлаған, судың салқын лебінен кеуде солығы түскендей болған соң, арттағы зәулім үйге қарап, соған қарай беттеді.

Іште иығына мол, жылы жамылғы артқан Айбат камин алдында, көзін тарс жұмып музыка тыңдап отыр. Сұлтан кідіріп, тұлабойды қаңқақсатқан қобыз қойғанша тырп етпеді. Айбат та қаққан қазықтай. Ол кенет алдындағы жартылай ішілген бокалға қол созған, Сұлтан таяп:

Қал қалай? - деп еді, сәл мойын бұрып:

- А, сенсің бе? Ептеп... - деді сөз соңын жұтып.

- Бітпейтін шаруа соңында...

Оқасы жоқ. Тіршілік болған соң солай да. Отыр.

Сұлтан жайғасып, Айбат құйған коньяктан ұрттап, досына назар аударды.

Жүдеу. Кең маңдайдағы тік сызық тереңдеп, қос жанарды бұрынғыдан да сұстандырып, атжақты құба жүз қатқылдана түсіпті. Айбат ыдыс түбін төңкеріп:

- Күнде бір мезгіл үй сыртына шығып, дөңгелек құмқайырға батып кететін болған соң, тақай алмай жағалауға алыстан телміремін, - деді жабырқап.

Сұлтан мүдірген.

- Әуелі сонда бардым. Асыр салған үшеуден басқасы орнында. Толқын мазасыз. Ренжулі сияқты.

- Маған толқын ғана емес, қырдағы томар да риза емес шығар.

- Жә. Олай деме. Өткен іс өтті.

- Иә, бәрі өтті. Бірақ іштегі дүлей ше?.. Оны қалай басамын.

- Өзіңді ойла. Дәрігер не дейді?

- Күніне екі мезгіл уқалап, жақсы боп қалды деп үміттендіруде. Ай жайлы айтшы.

Үн жоқ.

- Неге жақ ашпайсың? Әлде менің еншімде сенің қандай шаруаң бар демекпісің! - Айбат шатынап, үстелді бір қойды.

- Кетіп қалғанын білесің ғой.

- Иә. Бірақ одан сен кеткен жоқсың.

- Сол үшін жазғырмақсың ба Шын сүймеген соң, өзің оңай теріс айналғансың. Ал мен өлердей...

- Ол сені емес, мені сүйген.

- Оны айқындау қолдан келмейді.

Сұлтан орнынан тұрып, терезе алдына барып, қоюлана түскен қараңғылыққа телмірді. Айбаттың жүзін жас жуып, үнсіз қалды.

х х х

. . . Айбат, Сұлтан, Айсана балабақшада бірге боп, бір аулада өсіп, тек Айсана музыка мектебіне барғанда бөлінгендері болмаса, қайда барса да үнемі бірге жүретін. Әсіресе Айсананы күтіп, әуелі кафеге кіріп, содан соң жағадағы жартасқа жайғасып, музыка тыңдауда ұлдар тапжылмауға бар еді, тек қыз ойнауды кілт үзіп:

- Болды! Үйге қайтамыз, - демесе .

Айтты бітті. Бірі сөмке, екіншісі скрипка арқалап, Айсананы шарбаққа кіргізіп, қол бұлғау бұлжымас әдет.

Әйтеуір бүлар жағаға құмар. Құмқайырда жарысуда ақкөйлегі желпілдеп, Айсана құрбыларынан қалыспайтын. Айбаттың шығармайтыны жоқ. Бірде:

- Ал, кәне, пирамида жасаймыз, - деген, қыз кекжиіп:

- Болмайды! - деді.

- Неге?..

- Құлаймын.

- Қорықпа. Сені көкке көтереміз.

- Иә. Біз барда күмәнданба.

- Айтсаңдар келісе берейін бе? Жоқ! - Қайсарды мәжбүрлеу мүмкін емес.

- Онда билейміз. - Сонда музыкаға еріп ербеңдеп, әбден мәз болған.

Тағыда бірде Айбат:

- Жемістер пісті тауға барып қарақат терсек қайтеді. Қызық емес пе? Ай бізге сарқырамадағы қойтаста отырып скрипка ойнайды. Ғажап әуенге біз ғана емес, құстар да қуансын, - деді.

- Тамаша! - Шаттанып шапалақтауға әсереленген Айбат құшақтай ап, маңдайдан сүйді.

Айсана қысылып, шегінген. Сұлтанға қарады. Ол томсарып қалыпты.

- Сен неге бұртиясың? Бері кел!

Ыстық ерін маңдай жанаған, Сұлтан сақылдап, толқын күлмеңдеп, нұр жауды.

Келесі аптада бұлар тауға барып, сайды өрлеп күміс төстен төмен құлаған жылғаларға таяу өзен жағасына жайғасты.

Саф ауада жүрек қылын шерткен үн дүниені ұйытып, сарқыраған өзен күйге енді.

- Енді қарақат терейік. Қалыңы қайда екенін білемін.

- Қайдан білесің?

- Сені қуанту үшін Сұлтан екеуміз алдын-ала көріп кеткенбіз.

- А-а-а! Онда кеттік.

- Кім көп терерін көрейік. - Айбат әрқайсына қапшық ұстатқан, ұтылғысы келмейтін Айсана бірден кірісіп:

- Ой! - деп саусақ шошайтты. Тікенек кіріп кетіпті. Қыз ауырсынып оқыс айқайлағанда әрі тұрған Айбат:

- Абайламайсың ба! - деді.

Сұлтан жетіп кеп, саусақтағы тамшыны сорып, қалтасынан шығарған дәрімен жуып, орап тастады.

Досының қылығына аңтарылған Айбат, сәлден соң қастарына кеп:

- Қалайсың? - деп сұрады.

- Ауырғаны басылды.

- Онда терме. Саусағың жараланса ойнай алмай қаласың. Ана таста дем ал. Біз кірісейік.

Екі жігіт әп-сәтте дорба толтырған. Табыстарын Айсанаың қасына әкеп қойғанда Айбат:

- Мынау жалқауға, - деп күліп, Сұлтан:

- Табиғат ризығы. Шайыңыз дәмді болсын, ханым! - деді жымиып, мейірімді жүзі өңденіп.

Қыз достары сөзіне шықылықтап:

- Ал онда қайтайық. Үйдегілер жоқтап жатқан шығар, - деді.

Мектеп аяқталды. Айсана консерваторияға, Айбат экономика, Сұлтан заң саласына барса да, сол баяғы қалыптары. Қолдары қалт етсе, бірін-бірі іздеуге шығады. Тек бұрынғыдан айырмашылық - енді жағаға барса қатарласып ән салуды шығарған. Айсананың дауысы да әсем. Ырғақ қоюшы да сол. Өзіне ілесе алмай қалса:

- Икем жоқ, - деп шыға келеді.

Биікте айдынға қарап шырқағанда әуез көкте қалықтап, сумен сырғып, көкжиекпен астасқандай әсерлі. Жартастағы үш шынар, үш – арман. Айбат жібек желмен ойнап желбіреген шашқа бет төсеп, рақатқа кенеледі.

Жоғары оқу аяқталуға аз қалған. Әдеттерінше жартаста еді, Айбат:

- Ертең ымырт жабылған соң жағаға келіңдер. Сендерге айтарым бар, - деді.

- Жарайды. Ай, солай ма? Тапқышбек тағы не ойластырды екен.

- Егер қызық болмаса, бірден бұрыламыз.

- Дұрыс.Ұтылып қалма.

- Оны көрерміз.

Көліктен түсіп қатарласқан Айсана мен Сұлтан жалындаған алауды көріп таң қалған, тойдағыдай сәнденген Айбат қол бұлғап, екеуі жағаға беттеді. Бір құшақ ақ раушан, үш бокал, жан елжіреткен саз.

- Төрлетіңіздер! Бүгін Көк пен Жер, От пен Су, Ауа мен Түн менің ең бақытты күніме куә! Куә-сің-дер ме-е-е!.. - Айбат Көкке бойлап:

- Ай, бері кел! - деді.

Айсана күлімсіреп қол созған, Айбат қүшақты гүлге орап, тізерлеп:

- Мен сені сүйемін, Сәулем! - деді шаттанып.

Жүрек алқынған. Жігіт жалмажан саусаққа салған гауһарды сүйіп, беттен өбкенде алаулаған жүз оттай өртенді.

Сұлтан күлімсіреп:

- Баянды болсын қуаныш! - деп құшақ жайды.

Үйге қайтарда қыз Айбаттың машинасына ауысқан. Ол бірден от алдырып алға озып, Сұлтан кідірген. Үзік жас үзіліп түсті.

Оқу аяқталып, әрқайсы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, өмірдің жаңа кезеңі басталды. Айбат хабарласып:

- Ай, мені күтіп, ойын-сауық кешіне кешікпеңдер. Бүгін ата-анамның өтінішімен қонаққа баратын болдым, - деді күмілжіп.

- Қыдыратын кісі неге көңілсіз?

- Жай әшейін. Қасыңда болмайтыныма қынжылып...

- А. Соған бола ма. Күнде бірге жүр емеспіз бе.

- Кездескенше, Ай!

... Әкесі Айбатты ежелгі досы, қаладағы ең бай, беделдінің қызымен таныстыруға бел байлап:

- Айдай сұлуға жолықтырамын, - дегенде Айбат:

- Әуре болмаңыз. Өзім-ақ қарастырармын, - деп жымиды.

- Жарайды. Бірақ барасың. Іскер ортаға араласу керек.

Ресторанда қонақтардың қарасы көп. Жұрт бір-бірімен шүйіркелесуде. Бұлар бірден Қасымханмен қол алысқан. Ол:

- Айбат па? Зіңгіттей болыпсың. Мынау менің қызым Бота, танысып қойыңдар, - деп, екі жас сыпайы бас изесті.

Бота Болатбек айтқандай көрікті екен. Бірден ішке тартып, баурап алды. Сол күннен бастап Айбатты басқосуларға жиі шақыратын, уақыт ұзартпай той күні белгілегенде Айбат:

- Үйленетін кім?.. Неге келісім сұрамайсыз, - деп әкесіне қарсы шықты.

- Не болды?! Іске алғысыз біреуге тап болатындай. Сұлу, есті қыз. Аса дәулетті отбасынан. Одан артықты қайдан таппақсың? Егер мені құртайын демесең келіс, әйтпесе шатқаяқтаған кәсіп құрдымға кетеді. Тығырықтан шығар жол осы.

Зітті әке айтқанын екі еткізбейді. Кесім тіл тістетті. Егер тыңдамаса, онда есікті сыртынан жауып, біржола қош айтысуы керек.

Айбат өздерінен шеттей берген соң, Айсананың жүрегі бір пәлені сезгендей.

- Айбаттың сылтауы көбейді. Неге?.. - деген.

Бұл сұрақ Сұлтанды да мазалайтын. Сонда да сақтықпен:

- Отбасына қатысты шығар. Қамығатындай ештеме жоқ. Біз оны жақсы білеміз ғой, - деді.

Солай деуін десе де, көңіл күпті. Досымен сөйлескенде:

- Жағдайың жайлы айтпайсың ба? - деді анығын білгісі кеп.

Жауап тосылыңқырап:

- Өзіміз басқосатын кафеге келіңдер, - деді.

Айтылған уақытта Айсана мен Сұлтан ішке кірсе, Айбат тосып отыр.

- Асығар емессіңдер, - деп көңілді езу тартса да, салыңқы қабақ әлденені аңғартқандай. - Ас дайын, алдын-ала алып қойдым. Жайғасыңдар.

Достар әрнәрсе айтқан, кенет Айбат мұңайып:

- Әкем өз қалауымен үйлендірмекші. Іш күйсе де, қарсы шығуға дәрмен жоқ. Ай, кешір оңбағанды! - деді.

Айналада адам шамалы-тын. Отырғандар дәп бір жайды ұққандай дыбыр етпеді. Айсананың шанышқы ұстаған қолы дірілдеп, Айбат шап берген:

- Кешір! Кешірші мені!.. - деп, бұзылған түрін көрсеткісі келмей кілт бұрылып шыға жөнелді.

Ұзақ жылғы достыққа жік түсті. Сұлтан қанша сөйлескісі келсе де Айсана жолығар емес. Ақыры жігіт жұмыстан шығар кезді тосып, ол көлігіне бұрылар сәтте:

- Ай, - деген, дауысы қарлығып, әзер шықты.

Айсана артына қарап, қасына кеп:

- Хал қалай? - деді әдетінше.

- Жақсы.

- Аздап...

- Көліктерді қалдырып, біраз саябақта серуендесек қайтеді.

- Жарайды.

Екеуі қатарласып келеді. Сұлтан Айсананың жүдеу өңіне ұрланып қарағыштап.

- Сені сағынып қалдым, - деді.

- Мен де.

- Бері келші. - Жігіт қызды бауырына басқан, маңдайдан иіскеп: - Сағыңды сындырмашы, Ай! - деді. Қыз қалғып кеткендей тырп етер емес.

- Бірнәрсе айтсам...

- Айт.

- Ертең Айбаттың тойы. Қалай ойлайсың? Бару керек пе? Хабарласып жалынды.

Өң қуарса да, аздан соң бас изелді.

Сұлтан той болатын ғимарат алдына кеп, Айсананы сыртқа шығарып, алға озғанда сымдай сұңғақ сымбатқа сүйсініп қараған, оның кідіргенін көріп, жанына жетіп, қолтықтай беріп еді, қол кейін суырылды.

Жігіт қыздың бұрын-соңды өзіне бұлай қарағанын көрмеген, жүрегі зырқ ете түсті. Елжіреген жанардан үзілген тамшы сырғып барады, Сұлтан көтеріп ап, көлігін қайыра қыздырды.

Айсана мен Сұлтан үйленді. Бақыттан басы айналған жігітте ес жоқ. Аяулысын қайта-қайта құшып, өздерінен көз жазбаған досының жанын жаралағанын аңғарар емес.

Той думаны шет елге қыдыруға ұласты. Елге оралған соң қалыпты жайда Сұлтан Айсана бұрынғыдай өз көшін жалғастыратын шығар деп ойлаған, бірақ ол өзге дүниеге еніп кеткендей.

- Ай, жеке концерт беруді ойламайсың ба?

- Жо-о-оқ.

- Неге?

- Қойшы.

- Сонда не істемексің?

- Суретші екенімді білесің. Дизайн курсын бітіріп, сән әлеміне көшсем деймін.

Үн жоқ.

- Ойым ұнамай ма?

- Қалауың маңызды ғой.

Жары құптаған сыңай танытса да, «Айбатты еске алудан қашқақтайды» деген жүрек түбі бүлк етіп, сыңарына барлап қарады. Уыздай аппақ жүзде қараңғы түндегі шырақтай жарқырайтын отты көз ойсыздыққа ауысыпты.

Сұлтан қобалжып қалса да, сыр бермей сүйіктісінің жұмыр иегінен өбіп:

- Ал кеттім, - деп шығып кетті.

... Айсана ойлағанына жетіп, жұмыстан қолы босаса, сызудан ажырамайтын. Іссапардан оралып босағаға сүйенгенді аңғарған да жоқ.

Жымиған Сұлтан мақпал шашы төгілген сұлудың жанына кеп ақырын иықтан ұстады. Айсана селк етіп ұшып тұрған:

- Зәре алдың ғой. Қашан келдің? - деп, сықылықтап, мойынға асыла кеткен, құшақтай алған күйеу көтеріп ап, шыркөбелек айналдырып:

- Сағындың ба, күнім?- деп, құшырланды.

- Енді ше.

- Сағыныш садағасы кетейін.Тұра тұр, бота көзден сүйіп-сүйіп, сонсоң төменге түсейік.

- Мен дастархан жаяйын, сен жуын.

Қосақтар тамақтанған соң, көк экран алдына жайғасқан. Сұлтан тізедегі шашты аймалап:

- Домбыра алып келейін бе? - деді.

- Жоқ.

- Неге?

- Әндете береміз бе. Енді пайдалы іспен айналысу керек. Одан да дем ал. Үстел реттеп, сонсоң шаруаммен айналысайын.

Сұлтанның Айсанаға артар айыбы жоқ.Ұқыпты, тыңғылықты келіншек, не істесе де шапшаң. Алғашқыда көмекші жалдап берейін дегенде: «Әуре болма. Толып жатқан ешкім жоқ, өзімнен-ақ артылмайды» деп еді, бәріне үлгіреді.

Сонда да, оның сырғақтайтын мінез тапқаны өзіне деген көңілде махаббаттан гөрі қалыптасқан достықты түйсіндіріп, қамығуды, жалғызсырауды шығартты. Сондай сәтте қызметтес Айдос басқосуға шақырып, Айсананы ерте барды.

Кең залдағылар арасынан сәнді қыз-келіншектер көз жауын алады. Сәлден соң Сұлтан:

- Ай, қазір келем, - деп бөлініп, жанарымен ұзатқан жұбы оның біреулермен амандасып, араларындағы кербездің қолынан сүйгенін аңғарды. Үйге кеп шешініп жатқанда қоңырау соғылып, Сұлтан басқа бөлмеге өтті.

Жасырыну жиілегенде Айсана:

- Мазалайтын кім? - деп сұрады.

- Баяғы жұмыс та.

- А-а-а. Әйтеуір біреу өзіңе қолқа салмаса жарар, - Еріне қутілдену ұнап қалған:

- Солай болса ше?.. - деді.

- Болғанын қалайсың ба?! - Тіксіну шошытқан Сұлтан:

- Ойнап айттым, - деп құшақтай алды.

Бірақ ол ойнап емес, ойын айтқан. Осыдан кейін жұмыстан кешігуді шығарды. Оқыс қылығы жоқ Сұлтанға Айсана не айтса да сенетін. Үйге келмей сыртта түнегенде:

- Бүгін қандай сылтауың бар? - деді.

Сұлтан тарыққан үннен жүрегі шым етіп, ләм демей бұрылды.Таңертең оянса жалғыз. Атып тұрып, төмен түссе ас даярлап жүр. Демін әзер ап, жуынуға кетті.

Дәнігу Сұлтанды еркінен айырып, екі күн қатарынан жоғалғанда ұстамдының төзімі таусылса керек.

- Бұл қай қылық? Не деп ұғайын? Телефон сөндірулі, қандай пәлеге ұшырағаның белгісіз. Қайда жүрсің?! Қайда?! - Атойлаған өр мінез. Сұп-сұр.

- Керек...

- Сылтауратпа. Бұл қашанға дейін жалғасады?..

Сұлтан басын әзер көтерген. Шаралы көз шарасынан шығардай.

- Кешірші! - деп сылқ етіп, тізе қаусырды.

Айсана кідірмей кетіп қалды.

Төсекте жалғыз дөңбекшіген Сұлтан өзін қоярға жер таппаған. Әшейінде қанша өтінсе де, қолға алынбайтын скрипка сарнауда. Тыншығанда ақырын есіктен сығалады. Болдырса керек, үстелдегі аспабын жастанып, ұйықтап кетіпті. Таяуға батылы бармады.

Түнді ұйқысыз өткеріп, таңғы шай даярлауға кіріскен. Айсананың мойын бұрмай бара жатқанын көріп:

- Ең құрығанда бір кесе шай ішсейші, - деді жалынышпен.

- Асығыспын.

Жалғыз шошайып, бірнәрсе қаузауға зауық жоқ, киініп жұмысына кетті.

Кешке баяғыдай уақытымен оралып, түк болмағандай жарын күлмеңдеп қарсы ап, асқа шақырған, ол жуынып кеп, үнсіз тамақтанды.

Айсананың жөнсіздікті бастан асырмайтынын жасынан білетін қосақ, оның жайбарақат қалпынан шошиды.

... Айсана мен Айбаттың бір-біріне ынтығын білгенде Сұлтан түнімен жылап, араға киліге алмай, амалсыз көндіксе де, күтпеген жәйтта үйленіп, бақыттан басы айналғанда «мені сүйе ме?» ойына келмеген. Оны анықтап қайтсін. Өзі өлердей ғашық емес пе.

Бірақ күндер өте Айсананың бұрынғыдай жарқырамайтынын аңғарып, «тек бағалау» жанын жеп, күйкі күйге түскенде олқылықты сырттан толтыруға көшті. Соның салдары осы.

Салқындық арты суу. Айсана үйде болғанда оқшаулануды шығарған. Жұмыстан басқамен шаруасы жоқ. Өзіне зәру жақтау сүйенетінін де аңғармайды.

Сұлтан әңгімеге тартқысы кеп:

- Ай, қандай жоба? - деп сұрады.

- Шетелдік бір компаниямен шартқа отырғанбыз. Ертең сол елге жүрмекшіміз.

- Ескертпедің ғой. Ол жақтан қашан қайтасың?

- Айтамын дегенмін. Естен шығып кетіпті. Жарты айдан соң.

Сұлтан күрсінді.

- Тым ұзақ екен.

- Сағына қоймассың. Біреулер табылар.

- Ай, жалынамын... олай демеші. Сен жоқ жерде қызық бар да, қуаныш жоқ.

- «Жауырды жаба тоқыма».

Сұлтан Айсана келерде күтіп алуға ертерек шығып, кептелісте қалса да, әйтеуір кешікпей жеткеніне риза. Көлігінен түскенде әйелімен шүйіркелескен кісі жөніне кеткенде жанына кеп:

- Ханым, һош келдіңіз! - деді, құшақтағысы келсе де, батылы бармай беттен сүйіп.

- Рақмет.

Сыр алдырмайтын Айсана жауабынан көңілді дөп басу қиын. Көптен көріспесе де шашылар емес. Жол бойы жақ жазбай, сыңары табалдырық аттай сала ас қамдауға кіріскенде:

- Қоя сал, өзім жасайын, - деп, жақ таянып, қимыл баққан жұбай, зайыбы қасына жайғасқанда:

- Осы сәтті қалай күттім десейші, - деді.

- Онда ішейік. Шетелдік тамақ қандай мақтаулы болса да, ләззатпен жей алмайсың. Сонда да дәм татсын деп мыналарды саған алдым.

Өзін естен шығармау қандай қуаныш.

- Мынаны ауызға салып жіберші?!

Айсана лақтырып, қағып алған:

- Тұра тұр! Өзгеше дәм басқада. - ері кенедей жабысып, еркелеген келіншек кеудеге құлады.

... Айсананың қабағы жаздай жазыла қоймаса да, Сұлтан оның бұрынғыдай тізеге бас қойып мызғығанда, жылы демнен айырылғысы келмей, оянғанша мізбақпай отыра беретін. Сондай бір сәтте қасындағы телефон шырылдап, ашып қарағанда қосулы дауыс: «Сүйіктім, бүгін келетін күнің. Тосып отырмын», - деді. Айсана қуарып көтерілді. .

- Ай!..

- Жақ ашпа.

- Мұндай кезең өткенін ұғасың, кетуге сылтау іздеме.

- Сылтау... Кету... Қайда?.. Кімге?.. Ертегімнен айырған Айбатқа ма?.. Әлде бас ауған жаққа ма?.. Неге бұлай?. . Жауап беруші бар ма?..

Сендер тірек едіңдер. Ал мен... Кім едім?.. Әлде жалыққанда тастай салатын ойыншық па едім?.. Мүмкін өзім ұқпайтын күнәм бар шығар... - Айсана күйініп, кірпік дірілдеді. Көзден жас тамады, жүректе тау құлап, тасқын жүреді. - Бітті. Кілт бұрылып жоғарыға кеткен, оны-мұнысын алып, шығып барады. Қалшиған Сұлтан жан ұшырып:

- Ай, сенсіз күнім қара. Кете көрме. Құлың болайын! - деп жалынып, қолға жармасты.

- Кескестеме. Жоқ іздеген мен емес, сен. Алдама өзіңді. Қайда керек болсаң, сонда бар.

Есік сарт етіп, қойғыштаған Сұлтан өгіздей өкірді.

х х х

 

Сұлтан сыртқа телміруден бұрылып, орнына кеп отырды.

- Енді өкінуден не өнбек.

- Өз асығын түгендейтін пендеге біреудің жылағаны не. Ол ақ қанатты періште еді, қанатын қайырып Жаратқанның жазасына ұшырадым. Апатқа түсіп қор болған соң «сау мен кем қатарласа алмайтынын ұғарсың» деп, жұртта қалдым, төсекке таңылған әкенің жатысы анау. Қалағаныңды өзеуреп ала алмайды екенсің.

- Иә. Адамның түп пиғылы ала. Өзіме тиесілі мендік ғана болуы керек деген менмендікке салынып, сенім паршаладым. Ол тынысым еді, жанымның жалауы еді, неге алжастым?.. Енді айықпас дерт алды. Ұзақ жүре қоймаспын.

Айсананы сағынып, көргім кеп, осында келер алдында жұмысына барып, сыртта күткенмін, іштен сымбатты жігітпен қатар шықты. Бір жаққа бармақшы-ау деймін, көлікке отырарда қасындағы күліп, иектен өбті.

Сонда не күйге түстім десейші. Көзге қадалып, жұмыр иекті сәл көтеріп еміну маған ғана бұйырса да, бағалай алмадым. Көкірек қарс айырылып, сыздатқан өкініш жас боп ақты. Айсана «Ал мен ше?.. Кім едім сендерге?..» деп жауап таба алмай қиналған. Оны жазықсыз назаландырып, жазамды Жаратқан берді.

Алматы, 7. 01.2020 жыл.

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha