Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Жүзінші сұқбат

БЛОГТАР

28 қараша 2021
219
0

Жүзінші сұқбат

                         Жүзінші сұқбат

 

Апыр-ай, адамдардың осынша қуланып алғаны-ай. Ішін алдырмайды ғой бірде-біреуі. Мына шал да сөйтіп отыр. Өзін мақтай берсе дейді. Керемет сөздер күтеді менен. Мен қайбір сөзге шебер, майда тілге су төгілмес жорғамын. Бөгеліп-бөгеліп айтқан сөздерімнен-ақ қу шал бірдеңе сезгендей салған жерден маған көзінің астымен біртүрлі қарап, менсінбеген, әлденені жақтырмаған қытымыр кейіппен қарайды да көп тоқтатпай төмен аударып әкете береді. Өстіп отырасың ба, жоқ барқадалы бір шаруаға жарайсың ба дегендей жеңіл сын аралас кекесін күлкімен миығынан ыңғайсыздана күліп отырғандай. Бұған мен одан сайын қысылып, сөзді неден бастарымды білмей отырғанда өзі әрең ыңыранып тіл қатты.

–Жарайды,–деді сөзін соза түсіп. Сенің мына күйіңді сезіп тұрмын бастайық не де болса деген кейіппен бас изеп,–Қоя бер сұрақтарыңды.

Жазып алатын құралдарды қосып, алдыңғы жақтағы журнал столына қойып болған соң, дайындап келген сұрақтарымды еске түсіріп сөйлеуге әзірлене бастадым. Ол әлі де бейқам отыр. Көзім түскенде не дер екен дегендей елең етті де менен бұрын сөйлеп кетті.

–Сен өзі бұрын интервью алып көріп пе едің. Бұл сонда қай канал. Мен өзі оны-мұны жерге сөйлей бермейтін адаммын ғой.

–Иә, білем аға. Бұл жеке меншік канал. Оның үстіне радиосы және газеті де бар. Егер сұхбат жақсы шықса үшеуіне де беріледі.

–Нені білесің?–деді шал.

–Сіздің белгілі жазушы, талантты драматург екеніңізді...

–Иә, содан...

Масқара болғанда қас қылғандай тілімнің ұшында тұрған сұрақтарды ұмытып қалғаным. Қап иттің баласы-ай! Неткен құйтұрқы адам.

–Иә,– деді шал көзін ашып- жұмып. –Нендей сұрақ қоясың.

Мен сөйлеп кеттім. Шалдың өзі сияқты қырсық сұрақтар қоя бастадым.

–Сіз өзіңізді қандай бағыттағы жазушымын деп санайсыз?–дедім әдейі ызасына тигім келгендей тура сұрап. Бірінші сұрағым оған ұнамай қалды.

–Сөйтіп те сұрақ қоя ма екен? Әрине дәстүрлі бағыттағы жазушымын. Қазақ жазушылары нені жазса мен де соны жаздым. Өзің оқып па едің менің менің жазғандарымды,– деп өзіме сұрақ қоя бастады.

–Әрине оқыдым. Ұнағаны бар, ұнамаған, түсінбеген жерлері бар дегендей...

–Өй, сені кім оқытқан өзі. Ұнамады, түсініксіз,– дейді ғой. Бар алдымен түсініп кел онда былжырамай...–шал осылай деді де шиқандай боп қызарып кетті. Көзі шарасынан шығып, алая түсті.

Мен мына кісі ауырып қалды ма деп енді не істерімді білмей отырғанда көрші бөлмеден жазушының жастай алып, ерте шөккен жас кемпірі жетіп келді.

–Кәреке,–деді әйел мейірімді дауыспен. Қане көтеріліп отыршы, шынтағыңызға былай, иә жастық қойып алыңыз. –Балам,– деді маған қарап әйел. –Ағаңа дұрыс сұрақтар қой. Шикі қылма ондайды ұнатпайды.

–Иә, жарайды,–дедім бас изеп. Біздің ұрпақ өзі солай ғой. Көп оқимыз. Ойды жинақтау қиын. Мына менен 40 жас үлкен адам өткен өмірдің аяғы. Мен жаңа өмірдің басымын. Тура сөйлеу біздің дағдымыз. Кім болса да оған ұнау-ұнамау маған есеп емес. Мен білгім келетін сұрақты қоям. Осы сұрақ оқырманға да ұнайды деп есептеймін. Ол болса басқа сұрақ күтеді. Менімен мақтай отырып әңгімелессе дейді. Жағыну әдетімде жоқ мен байғұс осылай сұхбат аламын деп талай шалдардан сөз естідім. Үйінен қуып шыққандары да бар. Тіпті бетіме шай шашып жібергендері де болды.

– Сен осы қайдан келген немесің,–дейді.– Кім оқытқан сені. Қай мектептен келдің сен? Сонша сөз естіп жүріп алған бірнеше сұхбатым талай жазарманды тығырыққа тіреді. Таласып, қырсығып, қайтпай отырып алған сұхбатым жариялана салысымен редакцияда шулап мақталады да жатады. Дұрыс бопты. Мынауың мықты жаңалық. Құттықтаймын, бауырым жаза бер осылай деген небір мақтау сөздер естимін. Енді міне тағы да мына шалмен әңгімеміз жараспай отырысымыз мынау.

Жазушы ашуын басып өз-өзіне келіп алғанша мен де енді қандай сұрақтар берсем әңгіменің тиегі ағытылар екен деп ана жердегі аласа орындықта бүкшиіп отырған әйелге ұрлана қарап қоямын.

Менің де өзім қатарлас, ақыл айтып жүретін ағаларым бар.

–Ана Қасымжан ағаңа барғанда оны көбірек мақтап, көпшік қоя отырмасаң сынды ұнатпайды. Өзі қазақтың қу мінезін көп сипаттаған ғой. Қу мүйіз деп айдап шығып жүрмесін,–деп Кенжебек деген жазушы ағасы айтудай-ақ айтып еді. Енді бұл шалмен төбелесіп қалмасақ жарады деп қозғалақтап қойдым.

Бар әңгіме бітті емес пе енді несіне отырсың дегендей шал да диванда жастыққа қисая отырып алып, маған сынай қарап үнсіз жатыр. Саусағымен мені көрсетті де – Анау бара берсін,–деп қолын сілтей салды. Оның қан-сөлі қашқан бетінде әлі де тарқамаған ашудың табы бар еді. Сұрғылт өңінде адамды жақын тартарлық жан нұры, мейірім белгісі қалмаған бойы екінші қолын көтере беріп «бара бер» дегендей ишара жасады.

–Ағаң түнде дұрыс ұйықтамап еді. Кейін келсең қайтеді, қарағым,–деді әйел балам деген сөзден қарағымға көшіп. –Қазір дем алсын. 3-4 сұрағыңды тастап кет. Мен жауап жазғызып қояйын, –деп менің сұрақтар жазылған қағазымды алған соң, есікке дейін шығарып салды.

Әшейінде мені жұмысқа келгенде –Әй, Тасқынбай, кел бері,– деп кабинетіне шақырып алып әңгіме айтқызып қызықтап отыратын бастығым бұ жолы маған дұрыстап амандаспады да. Ұсынған қолымды самарқау алып тұрып, Айтып ем ғой саған. Ол мемлекет адамы. Байқап сөйлес деп.

–Мен оған ашуланатын ештеңе айтқам жоқ.

–Иә, не сұрап едің өзі.

–Сіз қандай жазушысыз деген сұрағыма әбден ұрысқаны.

–Сосын.

–Сосын сен мені оқып па едің өзі,–деді.

–Оқыдым ұнаған ұнамағаны бар, түсінбеген тұстарым бар дедім.

Елуден енді асса да газет жұмысының талай қызығын көрген бастығым Жарылқасын ал кеп сылқылдап күлсін қып-қызыл болып. Әрі-бері кабинет ішінде теңселе жүріп, тоқтамай тағы біраз күлді. Ол күліп жатқанда мен осының несі күлкі екен дегендей қабағымды шытып диванда кінәлі адамдай отыр едім.

–Әй, баламысың деген. Неге күлесің дейді еще. Қойған сұрағы анау. Қайта сені сабап жібермеген.

Бастықтың мына сөзі шымбайыма батып кетіп–Сабап көрсін,–дедім қызарақтап. Ол одан сайын күлді.

–Жарайды бүгінше дем ал. Талай жұмыс бітіріпсің. Қалай енді бірдеңе ғып аяқтайсың ғой бұл сұхбатты. Байқа бірдеңе шығатын болсын,–деп ескертті бастық.

 

                                              ***

 

         Ертесінде жазушы Қарманбек Сатымқұловтың үйіне түс кезінде хабарластым. Телефонға әйелі жауап берді. Тілші екенімді білген соң ағаң бүгін інілерімен бой жазып келемін деп тау жақтағы дачаға кетті. Ертең, болмаса бүрсігүні хабарлас,– деді. –Егер ерте келіп жатса деп сенің сұрақтарыңды алдына қойып қойғам. Жазу столынан көріп міндетті түрде жауап береді,–деп сендірді.

        Бұдан кейігі екі күнім кітапханада өтті де кітап оқудың ұзақ-сонар рахатына бөленіп сыртқы дүниені ұмытып кеткен екем. Үшінші күні мойнымда тұрған міндет барын бастық еске салған соң түс кезінде тағы әлгі сұхбар мәселесімен жазушының үйіне тағы телефон соқтым. Жетіп барсам тағы бір ыңғайсыз жағдай болып қалатындай телефон соққанда да батылсыздау қимылдап әрең сөйлестім. Кәмилә апайдың дауысы бұ жолы көңілді шықты.

         –Ағаң жауабын жазып қойды. Үйге кел. Сені күтіп отыр кабинетінде,–дегені.

       Бар шаруаны тастай салып, тақсимен қала орталығындағы коттедждер қалашығына жетіп келдім. Бұл үйлердің ауласына көлік кіргізбейді. Бірнеше тексеруден өтесің. Артық адам. Жүріс деген бұ жерде жоқ. Тып-тыныш аула, тыныш подьезд. Нағыз жазушы үшін таптырмайтын тыныш мекен. Жедел сатымен үшінші қабатқа дейін келіп, пәтердің алдына тоқтағанымда ішінен аяқ дыбысы білініп мен қоңырау басқанша есікті ашқан Кәмилә апайдың әдеміше жұмыр білегі көрініп артынша өзінің де жымиған келбетін көргенде менің де жүзіме күлкі үйірілді. Жылы сөз бен жақсы қабылдау болса да ішімде бір күдік тұрғандай. Екі-үш күнде қандай өзгеріс бола қалғанын біле алмай далмын. Ас үйдегі үлкен столға түскі астың салтанатты дастарқанын жайып қойған екен. –Ағаң мұнда,–деп кабинетке кіргізген бетте, қарсы алдымда баяғы қисық шалдың енді көңілді бейнедегі суреті шыға келді.

           –Кел, отыр,–деді Қарманбек қарсы алдындағы жұмсақ орындықты нұсқап.

        –Міне, мынау сұрақтарыңа жазылған жауап. Тағы не сұрайсың?

         –Ештеңе.

         –Өзің қызық бала екенсің. Біртүрлі қисық. Былай бірдеңе, проза жазбаймысың?

        –Жоқ. Құдай сақтасын.

       Мына жауапқа Қарманбек әбден күлді. Қолынан келмесе де мынау жазғаным еді деп келіп тұратындарға көңілі тола бермейтін. Қызық-ау, мынасы.

       –Сенің бірталай көмегің болды маған балам,–деді Қарманбек.

       –Менің сізге бөгет жасағаннан басқа не көмегім болсын. Асырып айтып тұрсыз-ау,– дедім. Шал орнынан көтеріле беріп, –жүр түстік ішейік. Маған сенің әңгімең қызық боп тұр,–деді.

        Ас үйге кірген бетте мол дастарқанға отырған соң:

        –Бұл тағамдарды әдейі жасаттым саған. Мені бір тығырыққа тіреп қоя бердің. Өзің не оқып жүрсің. Біреулерден сұрасам сені қияли адам, көп оқиды дейді. Сонда не оқып жүрсің?–деп шал шынын айтты.

         Мен мұндай сый-құрмет түгілі үнемі барған жерде сөз естіп, үйлерінен қуғандай ғып шығарып салатын басым, Қарекеңнің мына өзгерісіне қайран қалып, түскі тамақтан сүйсіне біртүрлі бұрын болмаған тәбетпен жей бастадым. Тамақ үстінде маған енді тағы сұрақ қойып сөйлетпесе екен, бөтен сөз айтып қfлып мына астың шырқын бұзып аламын ба деп қуыстанып та отыр едім.

        –Сіздер бүгін қонақ шақырдыңыздар ма?–дедім Кәмила апайға қарата. Жоқ өзіміз ғана –әлгі бала келсе дұрыстап күтіп жібер,–деп ағаң дайындатты,–деп шынын айтты.

        –Шынымды айтсам ұялып отырмын. Жұмысым әлі біткен жоқ. Бастық болса күтіп отыр. Өзіме әбден ұрысты. Шығарып тастаймын деген соң арыз жазып өзім кетейін деп өтініш те жазып қойып едім.

         –Қандай өтініш,–деді Қаркең басын көтеріп алып.

         –Жұмыстан шығу туралы. Осы тапсырманы орындамасаң қараңды батыр деді ғой маған. Ал сіздер маған бірінші күні қуып шығып, екінші күні тамақ беріп сыйлап жатырсыздар. Рахмет сіздерге. Тәңір жарылқасын. Мен қайтайын. Жұмысым бар ғой.

         Бұл кезде Қарекең дәмді астан кейін шай ішіп, рахаттана тыныстап, маған біртүрлі қарап жымиып отыр еді. Ішімнен «тағы ұрсып жүрмесе екен. Тезірек кету керек»,– деген ой келді. Осы оймен ас қайтарған ишарамен бетімді сипап орнымнан тұра бердім.

         Мен сыртқы есіктен шығып, ауладағы тыныштыққа бөккен айналаға енді зер салып сыртқы есіктен шыға бергенде өз-өзіме келгендей терең тыныспен тар қапастан жарық дүниеге шығып рахаттана дем алғандай болдым.

                                                                                                17.10.21

 

 

  

 

 

 

 

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha