Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

БЛОГТАР

25 желтоқсан 2021
31
0

Т Ұ Л Ғ А

«Менің әкемдей әке жоқ екенін білсеңіз ғой!» - алпыстың белінен асқан, өмірдің жаман-жақсысынан біраз мағұлматы бар әйелдің оқыс сөз саптауынан бір оқиға ойға оралып, сәл езу тартсам да, қарсы алдымда отырған Клара Асылбекқызының ақсары жүзінің қуарап шыға келгенін байқап, өзімді тежеп, әңгімеге ынта қойдым.

* * *

Әкем Асылбектің атасы Сейіт Баянауыл болысындағы Бекежан деген байдың жалшысы болыпты. Ал оның баласы Жұманды жалшылықтан қазақтарды христиан дініне тартуды көздеген орыс миссионерлері құтқарған екен. Олар сол кезеңде қазақ даласындағы жетімдерді жинап, кедейлердің балаларын сатып алып, Омбы қаласындағы шіркеу жанынан ашылған діни оқуға өткізеді.

Атам Жұман діни мектепті аяқтап, сондағы аудармашылар даярлайтын курсты бітіріп, Омбы генерал-губернаторының кеңсесінде аудармашы болады. Зерделі, алғыр жан тіршілігін дұрыстап құра алғанымен, тағдыр оған ұзақ ғұмыр жазбай дүниеден ерте озыпты. Әжем Хадиша бес ұл, бір қызбен жесір қалады.

Балаларының ендігі тағдыры өзіне қарағанын ұққан әжем саспастан тығырықтан шығудың жолын қарастырып, қызы Жамалды 13 жасында Омбыдағы татар саудагерінің баласына ұзатып, қалыңмал алады да, ұлдарының оқып, білім алуына көмектеседі. Соның бірі менің әкем - Асылбек.

Әкем 1911 жылы Омбы гимназисын бітіргеннен кейін Томск университетінің медицина факультетіне түсіп, оны үздік аяқтайды да, Баянауылға келіп, 1922 жылға дейін сонда қызмет етеді.

Аурухананың бас дәрігері болған оған азамат соғысының зардабын тартқан, түрлі жұқпалы аурулар дендеген ел ішінде еңбек ету оңайға соқпайды. Сол кезде онымен бірге қызмет істеген фельдшер Шайбай Ғаббасұлы: «Асылбек жоғары білікті, білімді, аса ұқыпты жан болатын. Ол шетелдік әріптестерімен дәрігерлердің халықаралық тілі эксперантомен хат жазысып тұратын еді», - деп еске алған еді.

Осындай естеліктің бірін көзі тірісінде белгілі ғалым Әлімхан Әбеуұлы Ермеков та айтты. Ол Асылбекті Томск университетінің тау-кен факультетінде бірге оқыған кезінен жақсы білген.

«Асылбек Жұманұлы халықты түрлі қауіпті де жұқпалы аурулардан арашалап, емдеуде бар күш-жігерін жұмсады. Ол аса қауіпті, жұқпалы дертті жұқтырып алармын деп қорықпай, қорғалақтамай бар қуаты мен білімін аямай, оны жеңу шін күресті. Ол ешқандай даңқ та іздемеді, бір мысқылдай пайда көрсем деген пенделік ойдан да мүлде ада еді», - дейді Ә.Ә.Ермеков.

Әкем 1922 жылы қызмет бабымен Семейге ауыстырылады. Ол мұнда қызметімен қатар қоғамдық жұмыспен айналысып, сол жылдары Орынборда өткен дәрігерлердің бірінші съезіне, одан кейін Қазақ Автономиялы Респубикасы Кеңесінің тұңғыш құрылтайына делегат боп қатысады.

Қазақ әдебиеті классиктерінің бірі С.Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында Асылбек Сейітовтың қоғамдық жұмыстары жөнінде: «... Елден жаңа сайланып келген земствоның уездік жиналысы болды...

Сол қарсаңда Омбыдан, қазақтың облыстық комитетінен доктор Асылбек Сейітұлы мен капитан Миғаш Абылайханұлы келді. Бұлардың келген мақсаты: Ақмолада уездік «ұлт советін» жасамақ. Екінші түрмен айтқанда, уездік «Алашорда» кеңесі. Және қазақтың ұлт милициясын жасамақ. Тағы және «Алашордаға» Орынборда болған 2 съездің қаулысы бойынша Ақмолаға түскен ақшаны жимақ. Бұлар қазақ комитетіне келді. Онда отырған қазақ комитеттерімен сөйлесті. «Алаш» партиясының атынан Омбыдан келіп учредительный собрания сайлауын өткізіп жатқан Мұқтармен сөйлесті», - деп көрсетеді. («Тар жол, тайғақ кешу», 1960.115-б.).

1937 жылдың маусымында Асылбек Сейітұлы Алматыдағы Денсаулық халық комиссариаты жоспарлау бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырылады. Осы қызметімен қатар ол темекі фабрикасына қарасты № 5 емхананың бас дәрігерлігін қоса атқарып жүргенінде 3-желтоқсанда тұтқындалады.

Оны үйден келіп ұстап, бөлмелердің астан-кестеңін шығарып тінту жүргізілген тұста менен үлкен - тәтем Роза 14 жаста екен. Роза Асылбекқызының айтуынша, анам Нафиға Сәдуақасқызы мен туғаннан кейін сегіз айдан соң қайтыс болыпты. Анамның әкесі Сәдуақас ақ патшаның полковнигі, белгілі Мұса Шыңғысұлы Шормановтың үлкен ұлы.

Нафиға кіндіктен жалғыз, сауатты әрі көргенді тәрбиеден шыққандықтан отбасы тірлігінің мықты ұйытқысы боп, әкеме ертелі-кеш келетін кісілерді әдеппен қабылдап, ашаршылықтың азабын тартқан ағайындарына қолұшын бере білген. Нәзік те ұғымтал әйелдің адамгершілігін айналасындағылар ғана емес, жұбайы да ерекше бағалапты.

Осындай сүйкімді жанның бауырынан шыққан Роза тәтем жаман адам бола алсын ба?.. Ол - тумай жатып маңырап қалған маған ана орнына пана бола білген. Тәтем анам мен әкемнің тату-тәтті күндерін, әкесінің өзін оқуға қалай баулығанын, жеке оқытушы жалдап фортепьянодан дәріс тыңдатқанын жиі еске алып, көз алдыма асыл тұлғаның бейнесін сомдап, оған деген балалық махаббатымды қаулатқан жан.

Роза есімді сәл білгеннен-ақ анамыздың қайтыс болып кеткенін түсіндіріп, ал әкеміздің біраз уақытқа алыс жаққа жұмысқа кеткенін ұқтырған. Сол күннен бастап оның елге қайтуын асыға тосып жүргенде, есімде жоқ, біреудің «халық жауының қызы» деп сақ еткізгені.

Күтпеген сөз тастөбеден жай түсірген. Еңіреп үйг келдім. Тәтем қоса жылап, уатты да, оның жазықсыз жазаланғанын айтып, «аман болса әлі-ақ жетіп келеді» деп алдарқатты. «Әлі-ақ жетіп келеді» деген сөз сынған сағымды тіктеп, жүректе үміт оты маздауына жетеледі.

Сол күннен бастап біреуден жазықсыз жапа шеккен, өзім түр-түсін білмейтін әкенің келуін әр секунд сайын тостым десем артық болмас. Есік сәл тықыр етсе-ақ болды Роза екеуміз елең ете қаламыз. Ал сырттан бейтаныс біреу келсе, бас сап құшақтауға шақ қалып, «әкем емес пе?..» деп жалтақтап тәтеме қараймын. Ол менің әр қимылымды бағып тұрады. «Ол емес» дегенін ымнан ұғып, алабұрта қалған жүрек су сепкендей басылып мұңаямын да, кейде лып етіп сыртқа шығып ботадай боздап, көздің жасын көрмейтін әлдекімге қыстығып лағынет айтамын. Балаға өзін жетім сезінуден асқан қорлық жоқ шығар түге!

«Қиял арманға айналады» дейді ғой. Ал менде - керісінше сияқты. Қиялдағы әке - ертедегі алыптай көз алдымнан бір кетпейді. Кейде, тіпті, қасымда біге жүргендей сезінемін. Тек оны жап-жазық ен даладағы анабір қырат қана көлегейлеп, көрсетпейтіндей. Ол соған әп-сәтте жүгіріп шығып:

- Клара!.. Клара!.. - деп құлдилай бергенде:

- Әке!.. Әке!.. - Деп балапандай қарсы ұша жөнелетіндей боламын.

Бірақ неге екені белгісіз, бір-бірімізге ұмтыла бергеніміз болмаса жете алмй сансыраймыз...

Осындай орындалмай қойған қисынсыз қиялыма көбінесе кейіп, томсарумен жүріп жаттым.

Мұңаюмен талай күндерді артқа тастап, алғашқы хабарды тек 1957 жылы қайта тексеру барысында бауырларының да, өзінің де істері «ақталған» соң ғана білдік. Бірақ елеңдеп жол тосу әдетке айналып кетсе керек, әйтеуір елегзіп күтуден арыла алмайақ қойып едім.

Қайран запыранды сағыныш. Ертең келедімен өткен ғұмыр... Ақыры алпысты алқымдаған шақта, оның жарық дүниемен қош айтысуының себебін біліп жас баладай еңіредім-ай кеп.

1993 жылдың шілдесінде Роза екеумізге Ұлттық хауіпсіздік комитеті әкеміздің ұзақ жылдар жабулы жатқан ісімен танысуға рұқсат етті.

Әкем Асылбек 37-жылы өз туысының жапқан жаласынан атылып кетіпті. Бауырлары Мұсылманбек пен Мұратбек те сол зауалды жылы атылыпты. Бүкіл ғұмырын бала оқытуға арнаған Роза бір жағынан бауырым, бір жағынан анам, бір жағынан ұстазым іспетті еді. Әкесінің ісімен танысқаннан кейін екі ай ауырып қайтыс болды. Көзі жұмылғанша әкеме жала жапқан туысымыздың атын атап, кешіре алмай жарық дүниемен қош айтысты.

Қайран тәтем! Әкесінің түрмеде тартқан азабын шамалап сыртқа шығармай ішке бүгіп, ұзақ жыл азынаған жүрегі ақыры шыдамаса керек.

Розаның қазасы қатты батты. Оның үзілердегі кейпін көріп, қайғылы жылдары тас боп қатып қалған жан қақырап, зар еңіредім. Ол көз алдымда жүргенде дүниенің жартысы түгелдей еді. Таудан қопарылған тас төбеме түскендей, қирап қалдым.

Әуел баста маңдайға солай жазылған да... Отыз жетінші жылдың азабын Сейітовтар тұқымы түгел тартты. Мұратбектің әйелі Рауза Сәдуақасызы АЛЖИРде «отанын сатқандардың әйелдері» лагерінде он жыл азап шегіп, ұлы Сүният пен қызы Надиғаш естерін білмейтін шағында жетім балалар үйіне тапсырылып, ақыры жоғалып кетті.

Бұл аз қайғы ма?.. Кім білсін... егер нағашым Сәдуақас Шормановтың бәйібшесі Зейнеп Айтбакина (анамның өз шешесі Бәдіғұлжамал 1929 жылы дүние салған) анамыздың қазасын естісімен, 1939 жылы Омбы облысының Калачинск елді мекеніне жетіп, бізді елге алып кетпесе, «халық жауының» тұқымдарына жұрт теріс айналған тұста аштан өлмесімізге кім кепіл?..

Міне, аналық мейірім деп осыны айтар! Кез келген пенденің қолынан келе бермейтін мәрттік емес пе?! Қайран ұлы жүрек әжем! Жатқан жері жарық болғыр! Роза тұрмысқа шыққанша бір кемдік көрсетпеді-ау!

Жетімнің көз жасын Алла ескереді де, Розаның жұбайы, жездем, заң қызметкері Шүлембай Желдібаев әкемдей қамқор болып еді, ал өз жолдасым Зейнел Жұбанұлы Сыйықов тірегім болды. Ол Мәскеу тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітіріп, 1952 жылдан бастап сол сала министрінің орынбасары боп қызмет істеді.

Өзім мектеп бітіргеннен кейін әкем сияқты дәрігер болуды армандап Алматы медицина институтына тапсырғанмын, бірақ «халық жауының» баласы болғандықтан онда қабылданбай, Мемлекеттік қыздар институтының (ЖенПИ) тіл-әдебиет факультетінің орыс бөліміне түстім, бітіргеннен кейін жоғары оқу орындарында, 1979-94 жылдары Ғылым академиясында ақпарат бөлімінде маман-инженер боп істеп, осы жерден зейнеткерлікке шықтым. Екі қыз өсірдік. Екі жиен бар. Олардың өз ана тілін құрметтеуіне, оны жете меңгеруіне атсалысудамыз.

Біз зорлықшыл үстемдіктің зардабын әбден көріп, жарты жүрек боп ер жеттік. Еліміз тәуелсіздік алған соң қайғы-қасіреттің бәрі ұмытылар деп едік, бірақ айналамыздағы қайыршыланған жұртты, біреуден жазықсыз жапа шегіп пана таппай күйінгендерді, жұмыс таппай қажыған жастарды, азып-тозған ауылды көріп жүрек шайлығып, «Сонда қайғы-қасіреттің шегі болмағаны ма?..» деген ойға келемін. Амал не... Қолдан келер шара жоқ!

* * *

«Менің әкемдей әке жоқ екенін білсеңіз ғой», - деген оқыстау сөздер езу тартқызғанда ойға оралған жай мынадай еді.

Қарағанды обылысы, Балқаш қаласына таяу маңдағы «Ағыбай батыр» (бұрынғы Тасарал селосы) Манар Күржікбайқызының парасатты сөзі есіме түскен.

Манар - Күржікбайдың жалғыз қызы. Ішкені алдында, ішпегені артында бұла боп өскен ақ Манар көз алдыңа атақты кәріс белбеу буынып, аяқты ырғаң-ырғаң басқан «Гауһартастағы» «Ажарың ашық кен атқан таңдай, Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай», - деп суреттелетін бұлаң, сүмбіл шаш қазақ қызының бейнесі еді.

Оның шешесі ертерек қайтыс боп, әке тәрбиесінде қалған. Салауатты әке балапанын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» саналы етіп өсіріп, қызы ұнатқан, өз теңі Боқай Найманбайұлына қосады.

Боқай Найманбайұлы жасөспірім кезінде Ұлы Отан соғысына қатысып, одан кейінгі бүкіл өмірін ұстаздықпен, он біржылдық мектептің директоры боп өткізіп, зерделі шәкірттер тәрбиелеген азамат.

Манар ұзақ жыл байланыс саласында қызмет істеді. Көркі бір-біріне сай, ақылды екеуі ұл-қызы, егіздері аралас сегіз бала өсірген аяулы жандар.

Бірде ауылда шаруа баққан ауылдас, аталас қарияның бірі қайтыс боп, бала-шағасы, туған-туыстары, ауыл үй азалап отырады. Қарияның артында қалған бір ұл, бір қызы бар. Қызы қазаға қатты қайғырып, жылап қоймаған екен. Мұсылмандық шарты бойынша артық жылау қайтқан адамға (мәйітке) ауыр дейтін сөз бар ғой, соны ескерген көпшілік: «Айналайын, қоя ғой енді», - дейтін көрінеді.

Сөйтсе, бала емес пе: «Қалай қоям, менің әкемдей әке жоқ ғой», - деп еңкілдепті.

Сонда әке қадірін жақсы білетін Манар: «Оның рас, жаным, сенің әкеңдей әке болуы мүмкін бе?! Жыла! Өз әкең Балқан тау, ал өзгенікі бала тау ғана», - деген екен.

Осы бір нақылға айналып кеткен қанатты сөздерді еске алғанда, жалпы қазақ қыздарының әкеге деген махаббатының ерекшелігіне таң қаласың. Шіркіндер, әуелі жарық дүниеге әкелген анасынан да, оны ауызға бұрын алады-ау.

Тарихтың әйел еркі аяқ асты кезеңдерінде – екі елді егер қып, әке атына кір келтіруден қашып сүйгеніне бармай, маңдайына жазғанына көнгендер немесе ата-бабасының даңқын кемсітуге келіспей, екі қатынның бірі болуға көнбеген намысқойлар қаншама. Алла, намыссыздықтан сақтай гөр!..

Ал барған жерінде өз тегінің жыртысын жыртып, атын ақылымен аспандатқан, аттаған ақ босағасының абыройын арттыра білген сұлулар соның бәрінде де – ата-бабалар аруағын ардақтап, олардың мерейін көтере білген ғой.

Тіршілік салмағын мойынмен көтерген қазақ қызына қай заманда да оңай болған жоқ... Олар өздерінің не нәрсенің де өларасын дәп басып, арасалмақты өлшеп, екшегіштігінің арқасында ешкімге қолжаулық болмай, ен далаға ие болар ұрпақ өсірген нағыз саясаткерлер дерлік ақылды арулар еді.

Ондай қасиет қайдан келген екен?!. Оны да қалыптастыра білген өздері болар. Солардың байыпшыл мінездері ғасырлап қыздарға ауысып, әке құрметке ие, ардақты атқа айналған шығар!.. Әйтеуір, қазақ қызының ә к е г е д е г е н м а х а б б а т ы н а н кінәрат табу қиын. Ол бейне - биік шынар - ДАРА ТҰЛҒА!

Әкесінен іште қап, жүзін ешқашан көрмеген жанды жүрегіне тұмар етіп қадап, аялап, азалап өткен, оның атын аузына алса-ақ көз жасы моншақтай жөнелетін Клара Асылбекқызы Сейітованың перзенттік ақ махаббатына қалай шек келтіруге болады?!


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha