Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
ӘКЕ АРМАНЫ ЖЕТЕЛЕП...

БЛОГТАР

25 желтоқсан 2021
34
0

ӘКЕ АРМАНЫ ЖЕТЕЛЕП...

Ес білген шақта радиодан жиі берілетін әнші әуенінің шуағына елтімеген, ынтызарлықпен тыңдамаған кезім болмаған шығар. Өйткені, ондағы толқын тербелісі, тұна қалған айдын дірілі, тұңғиық тылсым, желдің желбірі, күмістің сылдыры, жапырақ сыбдыры, сағыныш сазы балалық жүрекпен ғана түйсінетін, бірақ ешкімге айтып бере алмайтын ғажайып сиқырлы сыр еді. Сол бір бойға шымыр... шымыр-шымырлап құйылатын әуез, нағыз тылсым тұнық ғой.

Ол құдірет кейде, тіпті, жанымды әбден баурап алатыны соншалық, ән жетегінде жаймашуақ бір таңғажайып дүние әлеміне барып, ондағы рақатқа тамсанып келе жатып, өзім де үздігіп жетуге асығатын бағытқа қарай бет бұрып, не бір қол жетпес қияға өрлеуді қиялдай бастаушы едім.

Әншіні тыңдағандардың талайы-ақ осындай сезімді басынан өткергеніне, өткереріне еш күмән жоқ. Олай деуге: «Ой, даусыңнан, үлбіреген үніңнен айналайын, құдіреттің келістіріп жаратпайтыны жоқ шығар-ау, сірә!» - деп әнге құлақ қойып, алғыстан жүзі жадырай қалатын қариялардың ақ жарылып айтқан сөзіне талай куә болғанмын. Мен сол сәтте осы бір қошеметті дәп өзіме арнап айтқандай сезініп, күлмеңдеп қоятынмын. Енді ше?.. Ол - Бибігүл Төлегеноваға арналды ғой.

Кейін сол өзім табынатын әнші туралы тебіреніп жазуға талай ниеттенсем де, еш реті келмей ой бұқанымен, ол анда-санда сыртқа шыққысы кеп, бұлқынғанын қойған емес-тін.

Енді ойламаған жерден бала кезден көкей тескен тақырыпқа болмаса да, Бибігүл Төлегенова жайлы қалам тартатыныма мұндай қуанбаспын. Оған себеп, «репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорында редактор боп істеуім.

Осы қордың президенті Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнестің атқарар жұмысқа қатысты тақырыптардың бірі ретінде «Әкелері «халық жауы» боп асылып, атылғандардың жазықыз қуғын-сүргінге түскен отбасы қыздарының тағдыры туралы жазсақ қайтеді», - деген өтінішін ескеру болды.

Әуелі іске кіріскенде тағдыры аянышты, азапты жылдардың қасіретін естен шығара алмаған арулардың өмірде құр өксіп жүре бермей, алға қойған мақсаттарына жетіп, діттеген биікке шыға алуы таңдандырған еді. Олардың қатарында Бибігүл Ахметқызы Төлегенова да бар деген ой маған қайдан келсін. Менімше ол «жарық жұлдыз» боп туа қалған. Бірақ, олай емес, мәдениеттің, әдеміліктің «Гауһартасы», қайталанбас дарын-таланттың да басынан өткергені аз емес көрінеді.

* * *

Қазір ойлап қарасам, әке бейнесін көкіректе өзім сақтап келдім бе, әлде анамның айтуымен байлап алдым ба, әйтеуір оның галифе мен гимнастерка, әскери қалпақ киген қалпы мен скрипкада ойнайтын шеберлігі ешқашан естен шықпаған.

Ал жылдар өткен сайын жадыңда ұзақ сақталған нәрсе айқындала түсетін сияқты. Әйтеуір қол созған арманға, мақсатқа жеткен шақта өзімді оған қатты ұқсатып, оның көксегенін іске асырушыдай боп көрінемін. Бұлай дейтін себебім бар.

Әкем Ахмет ерте жетім қап, бай көпестің есігінде жалшылықта жүріп, тез есейіпті. Адамның табиғи жарытылысы оның кім екеніне байланысты емес, бірақ дараны танып, бағалай алу кез келгеннің еншісіне тимеген. Өйткені, мүмкіндігі бар кісі әуелі өзгені емес, өзін дәріптеуді жөн көретіні атам заманнан ұғынықты және қалыпқа айналған жай. Сондықтан, біреудегі қасиетті көру - тек көкірегінің көзі барға ғана тән нәрсе. Ондай жан жаңағы өзі аңдап қалған жылт еткен ұшқынның жанбай жатып өшіп қалмауын, жастың аяқ асты, көптің бірі боп кетпеуін қалап қол созады. Бірақ, өкінішке орай, ондайлар миллионнан біреу ғана шығар.

Ахмет жалшылықта жүрген көпес саналының бірі сияқты, әкеме барып жүрген жағынан скрипка әкеп берген екен. Ол менің көз алдымда қалған домбыра мен гармонь, пианиноның бастауы болған. Қазір сол бір ықыласпен ұсынылған аспаптан төгілген үн мүмкін менің балалық санама қатты әсер етіп, жаныма әннің нәрін еккен шығар деп ойлаймын. Солай болуы да ғажап емес, өйткені ешнәрсе аспаннан түспейді. Тек бір өкініштісі – әкем ұстаған аспаптардың бірде-біреуінің сақталып қалмауы. Қайдан... Елде ес қалды ма...

Ал мен әкемнің көксеген арманының белгісіндеймін десем болар. Өйткені, ол дүниеге келерімде ұл болуын қалағанымен, қыз болсам да үлкен үміт күтіп, кез келген жерде жақ жаппай өлең айтқыштығымнан әлденені көргендей: «Көрерсіңдер, менің қызым атақты әнші болады», - деп мақтанышпен тебіренеді екен. Шамасы, баласы арқылы өзінің өнерге деген құштарлығын жалғап, жете алмаған биігін алғысы келген шығар.

Ахмет жасында жалынды, тынымсыз, әрекетшіл болса керек. Жалшылықта жүре бермей, әуелі зауытта, диірменде, содан соң өрт сөндіретін орында жұмыс істеп, сонда басшылыққа тағайындалады да, одан ауылдық кеңеске, көп ұзамай Семей қалалық партия комитетіне ауыстырылып, Алматыға Марксизм-ленинизм институтына жіберіледі.

Әрине, астанаға оқуға кетуі үлкен қуаныш, бірақ онсыз өтетін күндер өте көңілсіз еді. Сондықтан оның Алматыдан әр келгені біз үшін нағыз мереке. Үлендер: «Ата-анаға бар баласы бірдей болса да, бір баласы ерекше», - дейді ғой. Сол рас шығар, әкем мені қыздарының ішінде ерекшелеу көрген сыңайлы, әйтеуір жұмыстан қолы қалт етсе жанынан тастамай, тіпті су әкелуге бара жатып мойнына мінгізіп алатын.

Оның бейнесі мен үшін қай уақытта да – балапанын аялап көкке көтерген жан, теңдесі жоқ мақтаныш, асқар таудай айбынды!

Ал сол кезде оның қасында айналсоқтап ойнаудың өзі жер шарының бар қызығы ортасында тұрғанмен бірдей-тін.

Әке, сен барда қам жоқ, алаң жоқ еді-ау! Сенің үйде де, өмірде де үңірейген орныңды кім толтырып, кім бүтіндей алды?!.

Басшылықта болған соң, ел іші, ер адамның су тасығаны ауыл-аймаққа ерсі көрінбесін дейтін болса керек, өзенге үнемі ымыртта баратынбыз. Мұнысы жас босанып, балаларының тірлігінен қолы босамайтын зайыбына көмектесуді жөн көргені.

Кейін ер жетіп, өмірдің түрлі соқпағына соғылғанда әкенің еркелетіп мойынға көтерген мейірімін аңсап, талай жыладым.

Жыладық... Өйтпеуге, өксімеуге тіршілік кешкен орта қойды ма... Оны біреулер бізге лайықтап таңды...

... 1933 жылы қаңтарда әкем Бесқарағай ауданындағы Мостық ауылында, одан соң Катон-Қарағайда аудандық партия комитетінің екіші хатшысы боп істеді. Ол шамада мен үштердемін, бірақ сондағы суреттер: сіңлімнің қалай дүниеге келгені, әйел босандыратын дәрігер боп істейтін нағашы әжемнің оны қалай орап төсекке жатқызғаны, екі қабатты үйдің үш бөлмесі, ас бөлмесі, дәлізі, есік алдыдағы жазғы үйшік, сауғанда бұзауын қасына тақамаса исініп кететін қасақылау сиыр, бұзауқанның әукесін қасып еркелетіп мәз болатын әкенің бет-пішіні, анамның қаймаққа илеп дайындап, алдымызға қоятын самсасы, қомпайтып пісіретін ақ бөлкенің қыртысын мен, жұмсағын әкем жеуге құмарлығы – бәрі-бәрі дәп күні кешегідей көз алдымнан өтеді. Яғни, сәби жадымнан әкеге қатысты көріністің шықпай сақталуы, оған деген балалық сүйіспеншіліктің ерекше боп, соны үнемі сағынышпен аңсаудан шығар.

Біздің балалығымыз ел тұрмысының ауыр, әл-ауқаттың нашар кезеңінде өтті ғой. Ол кезде қазіргідей шіреніп отыратын машина жоқ, іс басындағылар шаруаларын атпен сабылып жүріп тындыратын.

Тұратын жер шекара. Партия қызметкерлерінің қай-қайсысы болса да қару-жарақ ұстайды. Сондықтан жұбайы есіктен аттап шығарда анам үнемі: «Наганыңды ұмытқан жоқсың ба?» - деп пысықтаудан жалықпайтын. Жол жөнекей бір нәрсеге ұрынып қалар ма екен деген сақтығы.

1937 жылы Катон-Қарағайда тұрдық. Анам мамыр айында босанған, емшекте жас нәрестесі бар. Сол жылы ауылда балалар арасында қызылша жапай белең алып, біз де ауырып жатқанбыз. Әкем әдетінше маңдайымнан бір иіскеп, жұмыс бабымен шығып кетті. Қайда бара жатқанын білмеймін, есіктен шығысымен орнымнан тұрып, терезеден атқа қалай отырғанын, желе жөнелгенін бағып, көрінбей кеткенше ұзатып салдым.

Оның қасымыздан сыртқа кеткенін онша қаламайтындықтан, бір жаққа бара жатса артынан қимастықпен қарайтынмын. Бірақ осы жолы қалыпты әдеттің мәңгілік сағынышқа айналып, сүйікті бейнеге ендігәрі дәп осылай қарау бұйырмайтынын қайдан білейін...

Ол түн ортсына қарай келді. Астында бағанағы аты жоқ, арбаға өгіз жегілген, қасында екі-үш еркек, өңі сұлық. Мұндайда анам сары самауырынын ала жүгіретін, бүгін бүгежіктеп қалыпты.

Біз не ұға қояйық, бірақ әлденеден үркіп, үрпиісіп тұрмыз. Көп кешікпей келгендер кететін болды. Әкем бізді үрейлендірмейін деді ме, аттанарында сабырмен: «Әншейін бір түсінбестік шығар, бәрі орнына келеді», - деп жайшылықтағы жұмысқа кетіп бра жатқанындай басын изеп, шығып кетті.

Шығып кетті... бірақ біржола. Артындағылар күтумен күн кешіп, сарғайдық. Сағыныштың да ауру екенін кім білген. Әкенің көз алдыңнан түсініксіз ғайып болуы жүректі жаралап, жүйкеге әсер етсе керек, есім танып, жиі құлап қала беретін болғанмын, денсаулықтың нашарлыуынан сол жылы оқи алмай қалдым.

Енді әлдекімдер бізге тыныштық бермейтін болды. Үй ішінің астан-кестеңін шығарып, қуыс-қуысына дейін тінткілу әдетке айналды. Не іздейтіндері түсініксіз.

Өмірде қайғы-қасіреттен, тасырлықтан күлкі туатынын кім білген. Ахмет баяғы Алматыда жоғары партия мектебінде оқыған кезінде курстастарымен суретке түспей ме, сонда қасында бір көрікті келіншек тұрыпты. Ауылға келген соң шешем көріп қызғанып, жаңғағы байғұстың бетін тырнап тастаған екен.

Ал керек болса, тінткілеушілер содан саяси астар іздеп: «Бұл кім? Неге тырналған, не себепті? Айт та, айт, мойында!» - деп қырына алсын. Ол бар шынын, қызғанғанын айтса нанбай: «Яғни сенің күйеуіңнің басқа да «халық жауларымен» байланысы бар, мынау соның бір дәлелі!» - деп қинап, ақыры төлқұжатын алып қойып, шешем документсіз қалды.

Ал ол кезде төлқұжаттың болмауынан «халық жауы» боп шыға келу қиын емес. Кейін біз қыздар өзара: «Байқаңдар, ешқашан күйеу қызғанушы болмаңдар», - деп күлуші едік.

Бибігүл Ахметқызының айтқаны еріксіз езу тартқызар. Дәл осы іспетті, ел ішінде сол жылдардың көрінісін беретін күлкілі әңгімелер баршылық екен.

... Жалғыз сауын сиыры бар бір сауатсыз кедей күншуақтаған бұзауына риза боп:

Шіркіннің маңқиып тұрысын! Тура күн көсемнің басындай-ау! - Деп сүйсініп, итжеккенге айдалып кетіпті.

... Алдына келген табақ етке ашқарақтанып, күпінген отағасы:

- Оһ! Мынаны бұйырса да, бұйырмаса да жейміз! - Деп турауға білек сыбанса «үштік» жетіп кеп, алды-артына қаратпай алып кетіпті.

... Көп жыл өткен соң ақырын тырсылдаған терезеге барып, ептеп перде шетін көтерген әйел:

- Бұл кім?.. - деп дыбыстаса, ар жағынан:

- Бұйыртса, күйеуіңіз боламыз... - депті бәсең үн.

- Әрине, өмір өткен соң жобасыз одырлық күлкі тудыратыны заңды. Бірақ сол кездегі жалпы халық тап болған қасірет; адам жанын жаралау, кінәсіз жазалау, жазықсыз қаралау – нағыз қайғы еді. Ал шын мәнінде біз әкенің неге ұсталғанын, өзіміздің неге «халық жауының, фашистің баласы» атанғанымызды ұқпайтынбыз, «репрессия» деген сөздің де мән-мағынасын түсінбейтінбіз. Амал не, бірақ қарапайым халықтан кім не сұраған.

Әкем ұсталардың алдында үйге күйеуі айдалып келген ауылдас әйелдің бірі кеп: «Алыстағы туған-туыстың қасына жетуіме көмектес», - деп ағыл-тегіл жылаған соң, оған ат-шана берген болатын. Сонда анам: «Неге олай істедің, ертең осы өзіңе пәле боп жабыспасын», - деп күмәнданып еді, айтқандай-ақ соны біреулер тиісті жаққа жеткізе керек, өйткені бір үйден біреу ұсталса, ешкім ол маңайға жуымауға тырысатын, себебі, қараптан-қарап «халық жауы» атануың оп-оңай.

Анамның іш тартуы дұрыс болды, әйел адам алды-артқа зер салғыш, сұңғылылау болады, «өгізге туған күн, бұзауға да туып» енді жаңағылардың кебін біз кидік. Алмағайып қара құйыннан бас сауғалау мүмкін бе?.. Нәубет те екпіні бәсеңсігенше жолындағының бәрін үйіріп ала кететін ышқынып соққан зарқын құйын.

Катон-Қарағайда тұрғанда аудандық Халықтық ішкі істер комитетінің (НКВД) бастығы Кулаковтың және аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Герасимовтың отбасымен жақын араласатынбыз. Енді басқа зобалаң туғанда олардан жұмбақ істің анық-қанығын білуге тырыстық. Бірақ жанашырлық білдіретін біреу болсайшы, ешкім есігін ашпады. Не істерсің, күйініп кейін қайттық.

Осы жерге «Роза Люксембург» атты үлкен параходпен келген едік. Сондағы мөп-мөлдір судан ескен самалға бет төсеп, шаттанудан шарықтаған көңілдің құс боп ұшқысы келген әсерді айтсайшы! Табанына қалы кілем төселген жайлы бөмелер ше?.. Жұмаққа тап болғандай сезінгеміз.

Ал енді... «Семга» деген шағын параходтағы иін тірескен жұрт арасында қысылып-қымтырылып Семейе әзер жетіп, әйтеуір қалай да туған қалаға аяқ басқанға шүкіршілік жасадық. Бірақ мұнда да көңіл қор. Өйткені, арқа тұтып келген әкемнің жалғыз ағасының қазасы үстінен шықтық. «Күн бір жауса, терек екі жауады», - деген осы шығар. Жылау-сықтау...

Құрығы ұзын өкімет Семейде де бізді өз еркімізге жібере қоймады. «Халық жауының» әйелі шешем - екі күннің бірінде тергеуге шақырылып, одан көгала қойдай боп есеңгіреп келеді.

Ел еңіреп жүргенде сорымызға соғыс басталды. Енді елдегі ерқара майданға аттанып, бар бейнетті тағы да бейшара әйелдер арқалап қала берді.

Әрине, қазір мұның бәрін айтсаң жай бір әңгіменің желісіндей боп көрінуі ғажап емес, бірақ біз аналардың тауқыметтен қажып, сорғалаған көз жасын қалай ұмыта салмақпыз. Олардың он сегіз сағат жұмыс істеп, алатын мардымсыз жалақыларына қалт-құлт етіп көрген күн қалай естен шығар.

Анам жұмысқа таңісәріде кетіп, түн ортасында оралатын. Шаршап келгенде төсекке көсіліп жата кету де бір рақат қой, ал ол болса жертөлеге барып қисаяды. Азапты тұрмыс, ауыр жұмыстан қажыған әйел қол-аяғын жаза алмайды. Түйсінсең, жүрек шанышқылап қоя беретін не деген аянышты хал еді.

Құжаты жоқ, ал тексеріс екі күннің бірінде жүретін болғандықтан солай істеуге мәжбүр.

Алла сақтасын, оған тап болса ұсталып кетті дей бер. Онда шиттей біз қайда қаламыз... Онсыз да жетімбіз, маңдайдан сипар біреу табыла қояр ма екен. Қайда барсақ та, тіпті мектепте де қағажу көреміз.

«Халық жауының» балалары «жаудың» бірі. Сондықтан әкелері Отан соғысына қатысқандардың балаларына тиесілі азын-аулақ нәпақаға бізді жолатпайды. Қойшы әйтеуір, ескі-құсқы газет шетіне жазып жүріп, ел қатарлы білім алып шықтық-ау.

1942 жылы шешемді тағы да тергеу жүретін жұртқа әйгілі 3-бөлімшеге алып кеткен. Біз үрейден әбден зәрезап болсақ та іштен тындық. Ол жуық арада орала қоймады, «неде болса тауып алайын» деп іздеп келе жатыр едім, жолдағы жетім балалар үйінің жанына жеткенде қақпаға асылып ішке қарадым. Ондағылардың хал-ахуалы жайлы еш түсінік жоқ, дәп сонда, тұл жетім болса да олардың жағадайы бізге қарағанда әжептеуір боп көрінді.

Өйткені, аяқтарында үлкен пимасы, қолдарында қолғабы бар екен. Қастарында тәрбиеші жүр, көп кешікпей тамақ ішуге баратын сыңайлы. Сезіну мұң екен, қарын тойып тамақ ішпейтін аш өзек өртеніп, тұл жетім болмағаныма налыдым. Сонда қазір мен де ас ішер едім, жұтынып, жұтынып қойдым.

Қайран, балалық-ай, десейші! Олай күпірленуге - көп нәрсенің байыбына жете алмайтын бала емес, оны соған жеткізгендер кінәлі шығар! Әрине, ол кезде мұндай кепті киген балалар аз емес еді, кейін есейгенде де сол жоқшылықтың құқайын талай тарттық.

Ал соғыс жылдары нан үшін иін тіресуде тұрып, дәл кезек жеткенде әлдекімдердің «халық жауының күшіктерін» сыртқа лақтырып жіберетінін не деп жеткізейін. Ол – жер болу, өзіді мүсәпір, сорлы сезіну!

Нансыз еңіреп келсең, үйдегілер соны тосып отырады ғой, ашынған ана ашуын сенен ап, ұрса жөнеледі. Көз жасын сүрте сап, қайыра жүгіресің.

Қайран балалық дәурен, панасыз, азынаған азапта өтті-ау! Қасірет дегеніміз - өзіңдей адамның жазықсыз қорлап, жан дүниеңді қансыртау екен. Ол жараның бітуі екіталай.

Бірде сондай сығылысуда нан алуға бір айға беретін карточканы жоғалтып шыр-пыр болдым. Не істеу керек?.. Қорыққаннан ес шыққан. Сасып-салбырап, аштан өлмеу жолын табуға жан салдым.

Қаладағы асханалардың бірінде жатып қалған бауырды сататын, соны қолымдағы азын-аулақ тиынға күнде барып сатып алып, дүкендерге апарып өткізетін болдым.

Сарыарқаның қысын білетіндер түсінер. Таңғы алтыдағы қақаған, ашылып қалған маңдайды шытынатып жіберетін шұнақ аязда көзімнен басқа тесік қалдырмауға тырысып, қолға іліккеннің бәрін үстіге артып күртік қарда малмаңдап бір жапырақ нан табу үшін бір ай бойы жүгірдім.

Сарыарқа, туған дала! Кеңдігің қандай болса, қытымырлығың да сондай-ау! Сенің дүлейіңде қисынын тауып мал өрбітіп, ұрпағын аман-есен осы күнге жеткізген ата-баба нетен шыдамды, неткен жігерлі, неткен батыр еді! Қазір жылы жақта жүргенде сондай қайсарлықты ерекше түйсініп, бас иемін! Қиындыққа мойымайтындарыңды мақтан етемін! Сендердің сондай ұлы қасиеттеріңді әлдекімдер аяқ асты етіп, ұрпақтарыңның басын шырғалаңға салғаны қандай өкінішті!

Сол тәлкекке түскен тағдыр салдарынан жұмысты он үш жастан бастадым. Әуелі ет комбинатының өнімдерін салатын жәшік жасайтын жерде істеп, одан соң сондағы кино жүргізушінің көмекшісі боп орналастым. Онда да тындыратын қара жұмыс болса да, өзімше мәдениетке тақау.

Жүрек, жан соны қалайды, көкейді тескен - ән! Шіркін, орындасам дегенім – әке арманы. Мұндағы айлық тым мардымсыз. Қайыра ақшасы жоғарылау комбинаттың консерві-сүт дайындайтын цехына ауыстым.

Қайда жүрмейін, қандай ауыр жұмыс істемейін, әйтеуір ән айтудан ауыз жаппаймын, өйтпесем өлең мүлдем тоқтап қалатындай көрінеді. Комбинаттың көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, жұрт алдына шықтым, осылай шырқай берсем ғой, шіркін!

Ол арман соғыстан кейін ғана жүзеге асты. Жоқ-жітіктен шыққан замандастарыммен бірге кедергі болған бар қиындықты жеңе жүріп, мен де өрге ұмтылдым. Маған келеңсіз тіршіліктің шуағы әнде, өмірдің мәні халықтың өнерінде боп көрінді.

Анам баяғы қолды болған төлқұжатын 1950 жылы ғана алды. Ал әке жайлы ешнәрсе біле алмадық. Тым-тырыс. Тек 1958 жылы жазықсыз «халық жауы» аталғандарға рақымшылық басталғанда тәтем Бибінұр Мәскеуге хат жазған еді, ол жақтан «ақталғаны, қайтадан партия қатарына тіркелгені» туралы хат алдық.

Ал нағыз шындықты – 70 жылдық мерей тойымда елге, Семейге барғанда әкемнің жеке іс қағазын әкеп тапсырғанда білдім. Ол ұсталғаннан кейін бір тәулік ішінде № 58-3 статья бойынша Алматы қаласында атылыпты.

Жастайдан өмірден не көрмедік, нені ұқпадық. Ерте есейіп, біраз нәрсенің жайына қанығып, пісіп те кеттік. Енді жас ұлғайғанда, тіпті өткеннің бәрін ысырып, бейғам күйге түскендей едік. Бірақ, олай деу алдамшылау сезім екен, жан Әкенің өлімі жайлы нақты мәліметке көз жеткенде көкіректе әлдеқашан қатып қалған мұз - бұршақ боп үзіліп түсті. Ылайым осындай желісі ұзаққа созылған зәбірді кейінгілер көрмесін. Беті аулақ! Халықтың талантты ұл-қыздары даңғыл жолмен жүріп кеп, армандарына жете берсін.

* * * 

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері, ұстаз, профессор, академик, халқының бұлбұлы, сүйікті, парсатты қызы Бибігүл Ахметқызы өрге талмай өрлеп, өнердің де, білімнің де ең жоғарғы атақ-даңқының иегері болды. Атқаратын ісінен гөрі созбұйдасы ұзын ортадағы әйелдің мұншама жетістікке жетуі оңай ма?..

Адам аласалау тауға шығу үшін де біраз қажыр-қайрат, ұстамдылық пен шыдамдылық, айла-әрекет жұмсайды емес пе? Ал шыңға бет алсаң ше?..

Бибігүл Ахметқызы өнер деген әлемнің шырқауына жете алды. Сол ұшардағы жарқыраған гауһартас - қазақ мәдениетінің теңдесі жоқ шоқтығы биік үлгілерінің бірі; «Нұрлы күннің» шуағы тамылжып кеп, жүректерге нұр шашуын шаша береріне еш күмән жоқ.

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha