Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
ЖАНЫМДЫ ҚАРЫП ӨТКЕН СОЛ БІР КҮЙІК

БЛОГТАР

14 қаңтар 2022
5
0

ЖАНЫМДЫ ҚАРЫП ӨТКЕН СОЛ БІР КҮЙІК

«Әкем... - тарылған тыныстан сығылып түскен жас моншақтары жоси жөнелді. Басың қара жерге жетсе де естен кетпейтін сәт болады... Ойға алсамақ болды дәл сондағыдай...» - Нәдия Сейітбатталқызы балаша еңкілдеп қоя берді.

***

Әкем Сейітбаттал Мұстафин 1892 жылы Көкшетау облысына қарасты Еңбекшілдер ауданының 3-ауылында дүниеге келген. Он алты жасында Түркияға сапар шегіп, Ыстамбул қаласындағы мұғалімдік семинарға түсіп, оны 1913 жылы бітірген соң Семей қаласына келеді де, мектепте және «Алашорда» ұйымының курсында қазақ тілі мен геогрфия пәндерінен сабақ береді. Осында «Алаш» партиясының көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаевтармен танысып, Ж.Аймауытов, М.Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығаруға белсене араласады. Оның: «Архимедтің заңы мен әңгімесі», «Қалай көндіру керек?», «Стамбулға саяхат», «Көшу турасында», «Бұрынғыны айтпай, соңғы еске түспейді», «Қалың малдан пайда бола ма?» атты әңгіме, мақалаларынан жұртты, қазақ жастарын оқу, білімге үндегенін түсіну қиын емес. Анамның айтуынша, ол Семейде жүргенде жиі-жиі ел арасына шығып, ондағы жетім балаларды жиып, оқуларына жағдай жасапты.

Анам Үміш Айыпқызымен Семейде танысып үйленіпті. Айып «Алаш» партиясының мүшесі, Петербор қаласында заң факультетін бітірген Райымжан Марсекевтың ағасы. Шешем осы Райымжанның қолында тәрбиеленіп, орыс гимназиясында оқып, мектептерде орыс тілінен сабақ берген.

Әкем 1920-22 жылдары Көкшетауда халыққа білім беру бөлімінде, одан соң 1922-30 жылдары Петропавлда педтехникумда сабақ беріп жүргенде М.Жұмабаеа, С.Мұқанов, Ж.Сыздықов, С.Бекмұхамедовпен достасып, әдебиетке көңіл қойып, түрік тілінен «Көксанжақ» деген романды аударып, ауыз әдебиті өкілдерінің шығармаларын жинайды. Оның ішінде Төле бидің өсиеттері, Қали би мен жазушы Өскеннің, Орынбай мен Шортанбай ақындардың айтыстары бар. Кейінгі жылдары «Шернияз» ақын жайлы еңбегі және «Зуфнун» романы табылады.

Ол бар санасын жастарды тәрбиелеуге арнап, ашаршылық жылдары жетім балалардың қаңғып қалмауына сеп боп, оларды оқуға, жетімдер үйіне орналастыруға көп көмек жасапты.

Бірақ кейде жасаған жақсылық алдан шықпай, жылан боп шағатыны да бар. Оны ұлтшыл, «Алашорданың үгітшісі» деп танып, 1937 жылы сәуір айының 25-інде «халық жауы» деп ұстап айыптағанда өз оқушыларының бірі «мені «Алашорда» ұйымына кіруге үгіттеді», - деген анықтама беріпті.

Өнбой ұйып, көзден жас ағар, естен еш кетпейтін сәт мынау.

Сол жылы он үште едім. Ұстауға келгендер үйдің астан-кестеңін шығарып тінтіп, әкемді сұрақ астына алды. Үн жоқ. Тек тәркіленген заттарды айғақтаған қол ғана дірілдейді.

Кенет қысылшаңда да ата-атабаба ырымын ұмытпаған әжем: «Батталжан, ас ауыз тиіп кетсейші», - деді. Әкем ақырын ғана «бола ма» дегендей «үштікке» қарады.

Әншейінде өз ісіне сенімді, өте сырбаз, ақылды, білгір жанның өзіндей пенде адында күйреп, амалсыз жалтақтаған дәрменсіз мүсәпір кейпі, менің бала жүрегімді қаң-қақсатып, өзек өртеген, шар етіп:

- Жалтақтама, тамағыңды іш! - Деп шырқырап барып бас салдым.

Надия апай тағы да еңіреп қоя беруден қысылды ма, толқуын тежеп, үнсіз қалған, сәлден соң әңгімесін қайыра сабақтады.

Жанымды қарып өткен сол күйікті өмір бойы толқымай еске ала алмаймын. Әкем ақырын орнымнан сүйеп тұрғызып, маңдайдан иіскеген, анама қарап: «Үмеш, жалғыз ботамды көз қарашығыңдай сақта», - дей бергенде үзіліп түскен жасын қолымен көлегейлеп, шығып кетті.

Артында боздап қалғандарға оны қайта көру жазбай, сол 1937 жылы қыркүйектің 16-сында атып тастапты.

Көп ұзамай әжем дүние салды, анамды «халық жауының» әйелі ретінде мектептен шығарып тастады.

Елдің қысы тым суық, балажан әкем кішкене кезімде далаға шықсам да, мектепке барсам да бет-ауызды қымтап өбектеуден жалықпайтын. Ал аялы алақаннан айырылған жылы қақаған үскірікте мектепке кетіп бара жатып, қол мен бетті қарып алып, енді қамқорлықтың біржола жоғалғанын ұғып, ағыл-тегіл жыладым.

Иә... одан кейінгі жылау санынан жаңылдық десем өтірік болмас. Ең құрығанда бірнәрсеге айыпты боп жазалансаң жақсы, қараптан-қарап көз түрткі болу неткен азап. Далаға шықсаң өзің қатарлы балалар, мектепке барсаң мұғалімдер «халық жауының баласылап» түрткілеп жүргізбей, жерге кіргізеді. Өмірдің ойқы-шойқысын ұқпаған тұста одан асқан қорлық болар ма?..

Сабақты үздік оқысам да, жақсы оқитындарға берілетін сыйлықтан шеттетіліп, үйге еңіреп келемін. Ақыры сегізінші классты бітірмей тастауға тура келді. Оның үстіне бір жерде тұра беру өте қауіпті. Өйткені, «халық жауының» отбасыларын бірінен соң бірін әкетіп жатыр. Сондықтан анам бір орынға тұрақтамай мені біресе ана ауылға, біресе мына ауылға сүйрелеп, аман алып қалды.

Ес жиғанда Шортандыдағы тау-кен техникумына түсіп, техник-металлург мамандығын алғанда, ер жетіп, маман болғаныма әке аруағы риза боларына сеніп, қуандым. Бірақ ойдағыны іске асыру мүмкін болмады. Қайда барсаң баяғы «халық жауының» баласы алдан шығып, жол кесілді. Кім екенімді айтпайын десем, өмірбаянды толық, анық жазуға міндеттісің. Амал не...

«Қырық жамандықтың - бір жақсылығы бар», - деген рас болса керек. Сатыбай Хасенов атты жігітке жолығып, тұрмыс құрдым. Мамандығы теміржолшы Сатыбай әуелі Жаңаарқа, одан соң Алматы теміржолы бөлімшелерінің бірінің бастығы боп, менің де ел қатарлы жұмыс істеп, еліме еңбек сіңіруіме мүмкіндік туғызды. Автотранспорт министрлігінің техникалық басқармасында көп жыл аға-инженер болдым. Адал еңбек «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, үш рет Совет ауданына депутат боп сайландым. Жолдасым екеуміз бес бала тәрбиелеп өсірдік.

Алла маған Сатыбай сынды адал, нағыз азамат жар беріп, жастай тартқан жан азабынан құтқарды. Оның өзіме деген шынайы қамқор құрметінің арқасында нағыз бақыт дегеннің не екенін сезініп, алаңсыз ғұмыр кештім.

Ол 1984 жылы дүние салды. Әнші, домбырашы, серілеу еді, жатқан жері жайлы, жарық болсын. Балаларының бәрі жоғары білім алған, атақ-даңқтарға ие. Он екі немере бар. Әкем шешеме қызын сақта дегенде артынан ерер ұрпағына алаңдаса керек. Жарықтық, бір қыздан-ақ халқының санына дүйім жұрт қосыларын білген де.

Осындайда ойға «Әкесі Ертөстікті үйлендіріпті. Келіні тоғыз ұл туыпты. Тоғыз ұлдың әрқайсысынан тоғыз немере, тоғыз немеренің әрқайсысынан тоғыз шөбере тарапты...» деп шұбатып, адам санының қалай сатылап көбейетінін түсіндіретін халық даналығы еске оралады.

Анам 1970 жылы дүние салды. Екеуміз де оның аманатын орындағандаймыз. Әкемнің маған арнаған мынадай өлеңі бар.

Көзім нұры - қарағым,

Бір өзің сен жалғызсың.

Көп балаға баладым.

Кітап алшы, қағазбен

Қайырлы болғай талабың.

Гүлденіп өссең торғындай,

Жемісін татар алабың.

Қазіргі жол - жаңа жол,

Байқап қара оң мен сол.

Білім алып әр пәнен,

Кейінгіге басшы бол.

Кезі келсе дер істің

Білімдіге қосшы бол.

Бұзық болмай дұрыс бол.

Өз тобыңа ырыс бол.

Еңбек, талап жолдасың

Жалқаулықтан бұрыс бол.

Қарсы келген жауызға

Өткір алмас қылыш бол.

Қараңғыға шырақ боп,

Надандықтан жырақ боп,

Тәрбиелі жас атансаң,

Ертелі-кеш сұрақ сол.

(5.IX – 1932ж.)

Марқұм ақтық демі біткеше мені - жалғызын аузынан тастамаған екен. Оны анама әкеммен қамауда бірге отырған, уақытша ақталып, іле-шала қайыра ұсталып кеткен Түкібаев деген кісі айтыпты. Әкемді жабылған жаланы мойынға алу үшін әбден қинаған.

Қазір құдайға шүкір, ел жағасы түзу, бірақ тастанды атанып, әке-шеше мейірінен шеттелген балаларға қарап жан ауырады. Қолтықтан демер, арқа сүйер қорғаның әкенің болмауы, оның жоқтығын сезініп көкіректі жетімдіктің көк бізі тесуінен артық қорлық жоқ. Өз қанынан жаралған сәбиінің бір жерде жетім қозы, тасбауыр боп өсіп келе жатқанын біле тұра, қандай жан жайбарақат ғұыр кеше алады. Әкелік борышын өтеуден безіп, балаға қамқор, анаға сүйеу бола алмағандарды қалай айыптаса да болады.

Қазір көп әйел алу жайлы түрлі дау-дамай естіледі. Әрине, бұл күндері ата салттың жаңғырғандары аз емес. Сонда да «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенді айтқан тағы біз емес. Яғни өмір озып, қоғам жаңара келе дәстүрдің де алға өтетіні, құрдымға кететіні бар. Ақылға салып көрейік. Ескіні қанша жаңартсаң да ол бәз қалпына келе алар ма?..

Бүгінгі қазақ халқының, одан өзге жұрттың сатының қай басқышына ауысқанын білмегенсіп өзеуреу неге қажет. Күлкілі емес пе?.. Оны айтатындар қазіргі қоғамдық сана мен бүгінгі қазақ әйелінің психологиясын ұқпайтындар екені белгілі. Және: «Күндестің күлі де күндес», - дейді халық. Күндестік тәрбиені анасынан алып өскен адамнан ештеме күтпе. Ол айналасының бәрімен күндес. Яғни күндестікке толы қоғам - күнде егес. Дұрысы - сүйіспеншілік пен көп әйел алуды шатастырмау ләзәм.

Ал шынына келер болсақ, мәселе көп әйел алуда емес - ұрпақ тәрбиелеуде. Өмірін бір мақсатқа арнай алмаған жанның құлқынын ештеме де, еш нәрсе де толтыра алмас. Ондайлардың ойлағаны жанының рақаты ғана.

Ананың да, әкенің де басты мақсаты - өз халқына саналы ұрпақ тәрбиелеп беру. Жаңағы өлеңді ғұмырын қазақ балаларының тәрбиесіне арнаған жан тек маған ғана қаратпаған шығар. Ол бәрімізге қатысты. Сол ақ тілеу ылайым санамызға жетіп, өміріміздің мақсатына айналғай!

Қазіргі жұмыссыздық жайлаған тұста туған Отанының керегіне жарасам деген қаншама жас өз орнын таппай қор боп жүр екен?.. Жастардың жалынын дер кезінде мемлекет игілігіне асырмау - қолдағы байлықтың қадіріне жетпеу емес пе?.. Еңбегі дұрыс қолданылса әрбір азаматтың халқына берері де, тигізер пайдасы да жетерлік. Адам күші - мемлекетке қажет ресурстарды іске қосушы механизм. Тек соны дер уақтында ұғыну керек-ақ. Халықтың саналы азаматтары сол үшін тер төккен жоқ па?..


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha