Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
ТАҚСІРЕТ ТАРТҚЫЗА КӨРМЕСІН

БЛОГТАР

25 наурыз 2022
105
0

ТАҚСІРЕТ ТАРТҚЫЗА КӨРМЕСІН

Көрікті әрі оқымысты әйел көзге қалай көрінеді?.. Әрине оқшаулау болғандықтан бірден сымбатқа көңіл толып, «осындай болу керек ғой» деп түйесің. Өйткені, парасаттылық пен әдемілік егіз ұғым. Әрине, ол ылғи да дәл солай бола беруі мүмкін болмаса да, әйтеуір ақыл мен сұлулықтың қатар тұрғаны келісті-ақ! «Ақылына көркі сай», - деп тегін айтылған ба?..

Рабиға Сыздықовадан табиғат бәденді де, ақылды да аямаған. Жастау кезде осы апайды сыртынан не кездесулерде көргенде әуелі оның шашына назар аударатын едім.

Артқа қайыра салатын қайратты қою қара шаш, ізгілікті аппақ жүз, тектілік пен ақыл, сұлулықтың айқындауышындай. Ал енді жасы ұлғайып, шашы бурыл тартса да, бұрынғы әдемілігінен айырылмағаны қайран қалдырып, сол ерекше әсер тудыратын қалыптың әлі күнге дейін сақталуы көңілге кәдімгідей қуаныш әкелді.

Рабиға Сыздықовамен Шахан Мусиннің кітабына редактор болғанда жақынырақ танысуға мүмкіндік туды.

... Айтқан уақытта қоңырау бастым, кілттеусіз есікті өзі кеп ашты.

- Апай, мына алмағайыпта ашық жатқанға жол болсын, ұры-дегендейін... кіріп кетсе қайтесіз? Тым батыр екенсіз.

- Енді, қалай да жұрт есік құлыптамайтын кезде өскен ұрпақтан емеспін бе. «Ауру қалса да, әдет қалмайды», – деген. Апай күлімдеп ішке өткізіп, сырт киімімді өзі ілді.

- Жоғары шық, қазір шай жасаймын. Содан соң асықпай әңгімелесеміз.

- Әуре болмаңыз, Жұмыспен келдім, соны бітіремін де кетемін.

- Жоғ-ә, о не дегенің. Жайғаспай болмайды.

Адам жатсынбайтыны ақ жарылған ашық дауыстан аңғарылады.

Жаюлы дастарқанға әп-сәтте шай келіп, турай басталған самсадан ішіне қосылған құйрықтың хош иісі аңқыды.

- Әуелі жылыдай мынаны ал!

Айтқанын екі етпей қиындының біреуінен ауыз тидім, тіл үйірерлік. Тек ғалым емес, үй шаруасын шыр айналдыра білген әйел екенін бөлмедегі әр заттың өз орнында шашаусыз тұрғанынан аңғарған едім, асты да дәмді дайындайтын болғаны ғой.

- Апай, мұның аты қалай?

- Аты жоқ.

- Шет елдер тәтті тағамның бағасын арттырып, көтермелеу үшін ұлылардың есімін таңады, онда мұны; «Р а б и ғ а» самса деп атайық.

- Пәлі! - Күліп алдық.

Шай үстінде Рабиға Сәтіғалиқызына құлақ қойдым.

 

* * *

 

Түрме күңгірт,

Түн де жым-жырт,

Уақыт демі тынғандай.

Түнерген бұлт,

Түңілген жұрт,

Сенім сағы сынғандай.

 

Осы бір өлең тарихтың бір күңгірт кезеңінде ғұмыр кешкен адамдардың түйсінгені мен көрген құқайындай естіледі. Шындығында ол солай да. Өлеңнің авторы Шахан Мусин түрмеде торығып, жазықсыз жапа шегудің не екенін өз басынан өткеріп, он сегіз жыл Сібірдің суығына тоңып, тағдырдың қатыгездігінен азап шеккен жан.

Ал мен әкем Сәтіғалидың қай түрмеде отырып, оған Алла қайдан топырақ бұйырғанын тк 1994 жылы ғана білсем де, бірақ оның да Шахан тәрізді ешкімге жазығы жоқтардың бірі болғанына еш күмәнім жоқ.

Әкем Сәтіғали Құтқожин 1888 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданының 4-ауылында туып, сондағы орыс-қырғыз (қазақ) училищесін, одан соң 1906 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген. Мұсылманша да, орысша да сауатты болады. Ұсталғанға дейін Ақтөбе облысының Ойыл, Темір (Байғанин), Арал аудандарында байланыс (почта, телегрф, телефон) бөлімдерін басқарады.

Анам Жеміс Қалуқызының айтуынша, ол Халел Досмұхамедов, Шынтас Қаратаев, Иса Қашқынбаев, Жанша Досмұхамедов, «Алаш» партиясының кеңсе қызметіне араласқан туысы Рахметолла Қаржаубаевтармен жиі араласқан. Айыпты боп ұсталуына алашордалықтармен қарым-қатынаста болғаны себеп болса керек.

... Анам әдетінше сіңлім екеумізді дүкенге жұмсаған. Асықпай оны-мұны алып, үйге беттей бергенде есік алдынан аттанған тарантаста (арбада) әкем отыр екен. Ол бас иіп қоштасты. Ойда алаң жоқ, болған жайдан хабарсызбыз, «қайда кетіп барады» деп сәл аңтарылып, суық бірдеменің болғанын сезіп, тұра жүгірдік.

Үй іші астан-кестен. Ортада аңыраған ана. «Ой бауырымдағандай» қосыла кеттік. Қанша жыласаң да қолдан келер шара жоқ, ақыры өксіп-өксіп басылдық.

Бірақ сол күннен бастап үрей биледі. Далада бірдеме тырс етсе, үрпиіп, жүгіріп барып етекке жармасамыз. Шошындыратыны - енді анамызды алып кетеді. Бұл қылыққа шеше көз жасын сығады.

Шамасы, «егер ұстап әкетсе, мыналардың күні не болады» уайымы қажитын болу керек. Бірақ, әйтеуір, Алла жар боп, аман қалды. Әкем партия қатарында жоқ болатын, соның пайдасы тиген шығар.

Естен кетпейтіні анамның түрмеге тамақ алып барып, одан еңіреп қайтатыны. Әкемді әуелі Темірде қамауда ұстап, одан соң Ақтөбенің түрмесіне әкеткен, анам артынан іле-шала барып, таба алмай келді.

Енді «халық жауының» әйелі, баласы деген көз түрткіге қалдық. Қайда барсаң да басқалардан бағың кем. Бірде ауылдағы шіркуді (орыстардікі) талқандауға орыстар тырп етпей, оны қазақтарға бұздырған. Ондай ауыр жұмысқа «халық жауының» әйелін салатыны белгілі, өйткені оларға ақшаның жартысы ғана төленеді. Шешем тырнағы көбесінен қара қан ағып, сол бейнетті атқарды.

Біреудің соңына түскен қоя сала ма, әкем үйді қызметіне байланысты алған еді, одан қуылдық. Қайда барарымызды білмей, ауылағы бір ескі мыжырайған кепені паналадық. «Үш күннен соң көрге де үйренеді» дейді, біртіндеп жаңа жайға да, жетіспеушілікке де, үнемдеуге де бейімделе бастадық.

Көбіне отқа картошка көміп жейміз. Өмір талқысына ерте түссең, ерте есейесің. Отбасы үшін жұмыс істеуге кірістім. Мектепке орналасқанмын, 1954 жылы Ақтөбеден республикалық мұғалімдер жиналысына делегет боп, әрі қарай жоғары оқу орнына түсуді мақсат еттім.

1947 жылы КазПИ-ге түсіп, одан әрі аспирантураны 1951 жылы бітірдім. 1948 жылы Мақаш Сыздықовпен тұрмыс құрғанмын, ол Мәскеуде арнаулы оқу орнын бітірген қазақтың алғашқы даярланған дипломаты, бірнеше тілді жақсы меңгрген. Орталық партия комитетінде, Жоғары партия мектебінде істеді. Тату-тәтті өмір кешсек те, бізге ұзақ бірге болуды жазбапты. Мақаш 1954 жылы ауырып қайтыс болды. Одан қалған жалғыз ұл - Әсет ер жетті, жоғары оқу орнынан кейін шет елдерде елші қызметінде болған еді, қазір Москвадағы елшілікте.

Ұзын етектіге жалғыздық оңай емес. Алланың бұйрығымен жеті-сегіз жылдан соң Қазақ ССР-інің халық артисі Шахан Мусинмен отастым.

Шахан алғашқы кездескеннен ұнаған. Бірден іштартуға - әкеммен тағдырластығы себеп болды-ау деймін. Өйткені, оның жазықсыз жәбірленген жанын ұғып, есіркегім, басынан өткерген азапты жылдардың тауқыметін бөліскім келген, сол байлам соңындағы үш баласына да қаратпады.

Баланың екеуі ересектеу де, Мақпал тым кішкентей. Шешесі тірі топты өзіңе сіңіру оңай ма?.. Бала тәриесі жеңіл шаруа емес, жүрексінерлік нәрсе. Кішкентайдың анасы бауырында болғанын қалап, сонда жібердім. Ол жиі келіп тұратын. Бір күні қайтуға асықпай жүріп: «Мама, мен сенің қасыңда боламын», - дегенде жүрек дір ете түсті. Айналайын, ол менің туған қызым, сол «мамалауынан» жазбады.

Мақпал, қытай, жапон тілінің маманы. Қазір Ленинградта тұрады. Өз алдына үйлі-жайлы боп кетсе де, есінен бір шығарған емес. Елден біреуді кездестірсе сәлем-сауқат жіберіп, мүмкіндік болса шапқылап кеп, қуантып кетеді.

Шаханмен қырық жыл отастым. Ол салақтық, ашқарақтық, күндеу, көреалмаушылық, отбасының ұсақ-түйегіне араласу, тиын санап тықыраңдау сияқты қылықтардан ада, жаратылысы ақ сүйек адам еді, еш жамандық көрген жоқпын. Әріптестеріммен еркін араласуға кедергі де болмады.

Мақаштың туыстарына өз туғанындай қарады. Балама әке болды. Мен оның азаматтығын бағалап, бағып-қағып, әке алдындағы перзенттік борышты өтегендеймін.

Шіркін, балалық борышты өтесек деген көкей - ер жетіп, өз қолымыз аузымызға жеткенде біздің, ағаларым - Шафхат пен Хамит, сіңлім Розаның арманы еді. Мен жарымды құрметтеп, сол арманның бір парасын іс жүзне асырдым деп, көңілге кәдімгідей медет қылам.

Әкесіз кешкен ғұмыр жанға қаяу түсірсе де, ел қатарлы болуға тырысып бақтық. Сіңлім Роза да жоғары оқу орнын бітірді. Ағам Хамит Құтқожин ұзақ жыл оқу-ағарту саласының ірі маманы боп қызмет істеді.

Әке жайлы нақты мәліметті 1994 жылы алдық. Ресми мәліметтерге қарағанда, 1937 жылы 10 қыркүйекте ұсталғанда таққан айыбы: Темір ауданындағы ұлтшыл контрреволюциялық, көтерісшіл-террористік, диверсиялық-шпиондық топтың басшысы болыпты-мыс. 1937 жылы 14 қырүйекте Ақтөбе қаласында атылғандардың бірі. Ал 1956 жылы ақталғанда ізденіп сұраған хатқа: «С.Құтқожин 1942 жылы 5-ші майда өкпесіне салқын тиіп мерзімін өтеп жатқан жерінде қайтыс болды», - деп жауап бергенде. оның мерзімді қайда өтеп, қай жерде қайтыс болғанын біле алмай қор болғанбыз. Анығына кейін жеттік.

Әрине, одан бері арада көп жыл өтті. Бірақ өмір тауқыметін ерте тарту жүрекке салмақ салмай кеткен жоқ, сол ауырлықты ғылымдағы ізденуде жеткен жетістігіммен жеңілдеткендеймін бе қалай?.. Ылайым біз сезініп, түйсінгеннің тек жақсы жағын ғана берсін ендігілерге. Жамандық, жалақорлықтан аулақ!.. Шаханның мына бір өлеңіне назар салайық:

 

 

Жасымнан не кешпедім, не көрмедім,

Ер жеттім, ерте солдым, көгермедім.

Сол кездің сыбағасы енді оралса,

Білмеймін сақтар ма едім, төгер ме едім.

 

Рас сөз «иттер үрмек, керуен көшпек»,

Күн санап біреу жанбақ, біреу өшпек.

Сонда да аз өмірдің мазасын ап,

Біреудің арман жолын біреу кеспек.

 

Алқынған біреулерде құрғақ кеуде,

Арманы біреулердің ішіп-жеуде.

Қоғамды «өз еншім» деп беттің арын

Безеріп түйгендер көп кір белбеуге.

 

Өмір бар, өнер-білім, өнеге бар,

Болса да кім неге ынтық, кім неге зар.

Әркімнің өз еркімен өсуіне

Көңілі кейбіреудің неге тым тар?

 

Есімде сар аяздан үсінгенім,

Аштықтан күптей болып ісінгенім.

Есімде өлімшілер азасынан

Зар жылап өмір сырын түсінгенім.

 

Себепсіз көз жасымды төгер ме едім,

Күңіреніп, күні бұрын шөгер ме едім.

«Қара қыл қақ жарылған» заман болса,

Айыптап әлдекімді сөгер ме едім.

 

Көрдім мен бірдің мыңды жерлегенін,

Есіріп, ешкімге ерік бермегенін.

Азалы қандай ауыр күн туса да,

Есімде әзәзілге ермегенім.

 

Талай жыл бірге шегіп зар мен мұңды,

Сорлаған неше миллион, неше мыңды.

Өзге емес, өз көзіммен көре тұра,

Қайтіп мен жасырайын кешегімді.

 

Тағдыр тақсіретін біреудей-ақ тартқан адам ғой. Халық көрген нәубәтті дәп Шахандай ғып айтып беру екіталай шығар. Дүниеден өтерінде: «Саған жолықтырған Аллаға рақмет, қалай да мен баққытты екенмін», - деген еді.

Басын бағалап едім, оның да бағамды аспандатқанына ризамын. Жасында ата-анасы үкілеп тайға мінгізген жалғыз ұл екен, мен сол үміт үкісінің үлпілдеп тұруын қалап, текті әкенің атына кір келтірмейтін қазақ қызының бірі боп, арынды да дарынды азаматқа жар болуға тырыстым.

 

* * *

 

Рабиға Сәтіғалиқызы «Абай қара сөздерінің» тіл ерекшелігінен кандидаттық диссертация қорғаған. Қазақ ССР Ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімін басқарады. Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогтік университетінде «Абай поэтикасы» деген тақырыпта арнаулы курс жүргізеді. Республикалық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған «Тіл тағылымы» университетінің қоғамдық негіздегі ректоры.

Ғалым жүзден астам ғылыми-зерттеу, көптеген құнды кітаптың, монографиялық еңбектің авторы. Олардың ішінде – Абай тіліне арналған екі монография, Ахмет Байтұрсынов пен Құдайберген Жұбанов туралы кітаптар, «XVIII - XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті тілінің тарихы» атты филология факультеттеріне аралған оқулық бар, XVI ғасырда өмір сүрген Қадырғали Жалаири шажіресінің тілін зерттеген.

Ғылымда өз орны бар көрнекті ғалымның қазақ тілінің тарихы мен сөз байлығын (лексикология) және тіл мәдениеті туралы сүбелі зерттеулері тіл білімі саласында да аса құнды дүниелер.

Рабиға Сыздықова «Құрмет белгісі» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Қазақ ССР-інің ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» деген атағы да бар.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha